Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

7-ТАРАУ

Уағыздау әдістері. Ізгі хабарды тарату үшін түрлі әдістерді қолданамыз

Уағыздау әдістері. Ізгі хабарды тарату үшін түрлі әдістерді қолданамыз

ТАРАУДЫҢ ӨЗЕКТІ ОЙЫ:

Құдай халқы ізгі хабарды қалың жұртқа жеткізу үшін түрлі әдіс-тәсілдерді қолданады

1, 2. а) Айтқан сөздері көп адамға естілу үшін Иса не істеді? ә) Адал шәкірттері Исаға қалай еліктейді және неге?

 ТЕҢІЗ жағасында отырған Исаның қасына көп халық жиналды. Сонда ол қайыққа отырып, жағадан әрірек жүзіп барды. Не үшін? Өйткені Иса даусы су бетіне жанасқанда, жаңғырып шығатынын, сондықтан айтқан сөздері көп адамға анық естілетінін білді (Марқа 4:1, 2 оқыңыз).

2 Патшалық орнағанға дейін де, одан кейін де Мәсіхтің адал шәкірттері Исаға еліктеген. Патшалық туралы хабарды көп адамға жеткізу үшін олар ондаған жылдар бойы алдыңғы қатарлы технологияны қолданды. Патшаларының жетекшілігімен Құдай халқы жаңа технологияларды игеріп, жаңа жағдайларға бейімделуді жалғастыруда. Мына дүниенің ақыры келгенше біз мүмкіндігінше көп адамға шындықты жеткізгіміз келеді (Мат. 24:14). Ал енді ізгі хабар дүниежүзіне таралу үшін, кезінде қолданған және бүгін қолданып жатқан әдіс-тәсілдеріміздің кейбірін ғана қарастырып көрейікші. Қарастыру барысында ертеректе ізгі хабарды жариялағандардың сеніміне қалай еліктеуге болатынын ойлана отырайық.

Қалың бұқараға уағыздау

3. Неге газеттерді қолданғанымыз шындыққа қарсы адамдардың шымбайына батты?

3 Газеттер. Расселл бауырлас пен серіктері Патшалық туралы хабарды жұртқа жеткізу үшін 1879 жылдан бастап “Күзет мұнарасы” журналын шығарған. Бірақ ізгі хабарды анағұрлым көп адам есту үшін, Мәсіх 1914 жылға дейін де оқиғалардың өрбу барысына ықпал еткенге ұқсайды. Бұл 1903 жылы байқала бастады. Сол жылы Пенсильваниядағы протестанттар шіркеуінің өкілі И. Л. Итон Расселл бауырласқа Киелі кітап ілімдеріне қатысты пікірталастар өткізуді ұсынды. Ол Расселл бауырласқа: “Меніңше, ойымыз бір жерден шықпайтын сол жайттарға қатысты ел алдында пікірталастар өткізсек... бұған жұрттың қызығушылығы зор болады”,— деп жазды. Расселл мен серіктері де сондай ойда болды, сондықтан сол пікірталастардың қаланың көш бастап тұрған басылымы — “Питтсбург газетт” басылымында жариялануына қам жасады. Мұндай мақалаларға көпшілік мейлінше қызығушылық танытқандықтан, әрі Расселл бауырлас Киелі кітаптағы шындықты мейлінше ұғымды түсіндіретіндіктен, газет редакциясы Расселлдің уағыздарын апта сайын басуды ұсынды. Бұл үрдіс шындыққа қарсы адамдардың қатты шымбайына батты!

1914 жылы Расселл бауырластың уағыздары 2000-нан аса газетте басылып жатты

4, 5. Расселл бауырлас қандай қасиет танытты және жауапты бауырластардың оған қалай еліктеуіне болады?

4 Көп ұзамай Расселл бауырластың уағыздарын жариялағысы келетін газеттердің саны көбейе бастады. 1908 жылы “Күзет мұнарасында” бұл уағыздардың 11 газетте үздіксіз басылып тұратыны айтылды. Бірақ баспа ісінен хабары бар бауырластар Расселл бауырласқа кеңес беріп, Қоғамның басқармасы Питтсбургтен танымалдау қалаға көшсе, Киелі кітапқа негізделген мақалаларды анағұрлым көп газеттің басатынын айтты. Осы кеңес пен басқа да жайттарды салмақтап-саралаған соң, 1909 жылы Расселл бауырлас басқарманы Бруклинге (Нью-Йорк) көшірді. Бұның нәтижесі қандай болды? Бір ай өтпей-ақ оның уағыздары 400-дей газетте басылып жатты, әрі бұл сан өсе берді. Ал 1914 жылы Патшалық орнағанда, Расселл бауырластың уағыздары мен мақалалары 2000-нан аса газеттерде төрт тілде жарияланып жатты!

5 Біз үшін бұл оқиғадан алар тәлім-тәрбие бар ма? Құдайдың ұйымында белгілі бір жауапкершілік жүктелген бауырластардың Расселлдің кішіпейілділігіне еліктегені абзал. Қай мағынада? Маңызды шешімдер қабылдағанда, өзгелердің кеңесіне құлақ асқан дұрыс (Нақыл сөздер 15:22 оқыңыз).

6. Газет беттерінде жарияланған шындықтар бір әйелге қалай әсер етті?

6 Газет беттерінде жарияланған Патшалық туралы шындық талай адамның өмірін өзгертті (Евр. 4:12). Сондай мақалалар арқылы шындықты білгендердің бірі — 1917 жылы шомылдыру рәсімінен өткен Ора Хетцель. Ол былай деді: “Тұрмыс құрғаннан кейін, Миннесота штатының Рочестер қаласында тұратын анамның халін білуге бардым. Мен келгенде, ол газеттен бір мақалаларды қиып алып жатыр екен. Бұл Расселлдің уағыздары еді. Анам сол мақалалардан білгендерін маған түсіндірді”. Осылай Ора шындықты қабылдап, 60 жылдай Құдай Патшалығы туралы талмай жариялады.

7. Неге жауапты бауырластар газеттерді қолданбауды шешті?

7 1916 жылы елеулі екі жайт орын алды, әрі бұлар жауапты бауырластардың ізгі хабарды газеттер арқылы тарату әдісінен бас тартуына себеп болды. Біріншіден, сол жылдары жүріп жатқан І дүниежүзілік соғыстың кесірінен баспаға қажетті шикізат тапшы болды. Британиядағы газет бөлімі 1916 жылы мынадай есеп берді: “Бүгінде уағыздарды небәрі 30-дан аса газет басып жатыр. Барған сайын қағаздың құны өсіп жатқандықтан, бұл сан күрт төмендеуі мүмкін”. Ал, екіншіден, 1916 жылдың 31 қазанында Расселл бауырлас дүниеден қайтты. “Күзет мұнарасының” 1916 жылдың 15 желтоқсанындағы санында келесідей хабарландыру болды: “Енді Расселл бауырлас жоқ, сондықтан бұдан былай [газеттерде] уағыздар жарияланбайды”. Бұл әдіс енді қолданылмайтын болғанмен, басқа әдістер зор нәтиже берді. Солардың бірі — уағызда “Жаратылыс фотодрамасын” қолдану.

8. “Жаратылыс фотодрамасын” шығару үшін қандай еңбек атқарылды?

8 Фотодрама. 1914 жылы жарық көрген “Жаратылыс фотодрамасын” шығару үшін Расселл мен оның серіктері үш жылдай тер төкті (Нақ. с. 21:5). Жылжымалы бейнелерден, аудиожазбалар мен түрлі түсті шыны слайдтардан құралған бұл “Фотодрама” ол кезде жаңашылдық еді. Киелі кітапқа негізделген қойылымдардың түсіріліміне жүздеген адам қатысты, тіпті жануарлар да шет қалмады. 1913 жылғы бір есепте былай делінді: “Дыбысталған фильмдегі Нұхтың заманы туралы көріністі түсіру үшін ірі зообақтардың біріндегі жануарлардың көбісі қатыстырылды”. Ал жүздеген шыны слайдтардың әрқайсысын Лондон, Нью-Йорк, Париж, Филадельфия суретшілері қолдан бояды.

9. “Фотодраманы” шығару үшін неге соншама уақыт пен қаражат жұмсалды?

9 “Фотодраманы” шығару үшін неге соншама уақыт пен қаражат жұмсалды? 1913 жылы өткен конгрестерде қабылданған қарарда бұл былай түсіндірілді: “Америка газеттерінің комикстер мен суреттер арқылы көпшіліктің көзқарасын қалыптастырудағы зор жетістіктері, сондай-ақ кинематографтың кең танымалдығы мен мүмкіндіктері бізге — жаңашыл уағыздаушылар мен Киелі кітап топтарының тәлімгерлеріне — ізгі хабарды жариялау мен тәлім беру ісінде кинематограф пен слайдтарды жемісті де лайықты әдіс ретінде қолдануға толық негіз береді”.

Үстінде: “Фотодраманы” көрсететін проектор орналасқан бөлме; Астында: “Фотодраманың” шыны слайдтары

10. “Фотодраманың” көрсетілімі қаншалықты ауқымды болды?

10 1914 жылы “Фотодрама” күн сайын 80 қалада көрсетіліп отырды. Құрама Штаттар мен Канадада оны 8 000 000-ға жуық адам көрді. Сол жылы “Фотодрама” Австралия, Британия, Германия, Дания, Жаңа Зеландия, Норвегия, Швейцария мен Швецияда көрсетілді. Ал кішкентай қалашықтарда көрсетілу үшін “Фотодраманың” ықшамдалған нұсқасы, кинокадрлары алынып тасталған “Эврика драмасы” жасалды. Бұл нұсқаны жасауға көп қаражат кетпейтін, әрі оны тасымалдау да оңай еді. 1916 жылы “Фотодрама” мен “Эврика драмасы” армян, грек, испан, итальян, неміс, норвег, поляк, француз, швед және өзге де тілдерге аударылды.

1914 жылы “Фотодрама” көрсетілімдерінде ине шаншыр жер болмады

11, 12. Бір жігітке “Фотодрама” қалай әсер етті және одан қандай үлгі алуға болады?

11 “Фотодраманың” француз тіліндегі нұсқасы 18 жасар Шарль Ронерге қатты әсер етті. Ол былай деді: “Драма” Францияның Эльзас аумағында орналасқан туған қалам Кольмарда көрсетілді. Көрсетілім басталысымен-ақ, мен Киелі кітаптағы шындықтың қаншалықты анық жеткізілгеніне қайран қалдым”.

12 Содан Шарль шомылдыру рәсімінен өтіп, 1922 жылы толық уақытты қызмет ете бастады. Алғашында оған “Фотодрама” Францияда көрсетіліп жатқанда көмектесу тапсырылды. Шарль өзіне жүктелген міндет жайлы былай деді: “Маған скрипкада ойнау, қаржы мен әдебиет есебін жүргізу сияқты бірнеше іс тапсырылды. Сондай-ақ бағдарлама басталарда, көрермендерді тыныштыққа шақыратынмын. Ал үзіліс кезінде біз әдебиет тарататынбыз. Әр бауырлас залдың өзіне берілген бөлігінде қызмет көрсететін. Біз қолымызға сыйғанша әдебиет алып, сол жерде отырғандардың әрқайсысына ұсынатынбыз. Залдың кіреберісінде де әдебиеттер қойылған үстелдер тұратын”. Шарль 1925 жылы Бруклиндегі (Нью-Йорк) Бетелге шақырылды. Бетелде ол ұйымның жаңадан ашылған радиостансысында (WBBR) ойнайтын оркестрге дирижёр болып тағайындалды. Шарль Ронер бауырластың үлгісі жайлы ойлана отырып, өзімізден былай деп сұрап көрейікші: “Мен де Патшалық туралы хабарды таратумен байланысы бар кез келген істі атқаруға дайынмын ба?” (Ишая 6:8 оқыңыз).

13, 14. Ізгі хабарды тарату ісінде радио қалай қолданылды? (“ WBBR радиосындағы бағдарламалар”, “ Тарихи конгресс” деген қоршауларды да қараңыз.)

13 Радио. 1920 жылдары “Фотодраманың” заманы өтіп, Патшалық туралы ізгі хабарды таратудың негізгі әдісі радио бола бастады. 1922 жылы 16 сәуірде Рутерфорд бауырластың Пенсильвания штатының Филадельфия қаласындағы опера театрында айтқан баяндамасы радиодан берілді. “Қазір өмір сүріп жатқан миллиондаған адам ешқашан өлмейді” деп аталатын бұл баяндаманы шамамен 50 000 адам тыңдады. Ал 1923 жылы радиодан алғаш рет конгресс бағдарламасы трансляцияланды. Жауапты бауырластар коммерциялық стансыларды қолданып қана қоймай, өз стансымызды соққан да дұрыс деген шешімге келді. Содан Нью-Йорк қаласының Статен-Айленд ауданында WBBR деген атаумен белгілі болған стансы салынды. Ал 1924 жылдың 24 ақпанында өз стансымыздан алғаш рет радиохабар берілді.

1922 жылы “Қазір өмір сүріп жатқан миллиондаған адам ешқашан өлмейді” деген баяндаманы радио арқылы шамамен 50 000 адам тыңдады

14 1924 жылы “Күзет мұнарасының” 1 желтоқсандағы санында радиостансымыздың мақсаты жөнінде мынадай сөздер айтылды: “Біздің ойымызша, шындықты жұртқа жеткізу үшін осы күнге дейін қолданылған әдістердің ең үнемдісі әрі тиімдісі — радио”. Әрі қарай былай делінді: “Шындық таралу үшін Иеміз өзге радиостансылардың соғылуын жөн көрсе, өзі дұрыс көрген жолмен қаражат тауып береді” (Зәб. 127:1). Осылай 1926 жылы Құдай халқының алты радиостансысы болды. Олардың екеуі Құрама Штаттарда орналасты: Нью-Йоркте — WBBR, Чикагоның маңында — WORD стансысы. Ал қалған төртеуі Канаданың мына жерлерінде болды: Альберта провинциясы, Британ Колумбиясы, Онтарио, Саскачеван.

15, 16. а) Радиохабарларымызды Канададағы дінбасылар қалай қабылдады? ә) Радиодан берілген баяндамалар мен үйме-үй уағыздау бір-бірін қалай толықтырды?

15 Шындықтың радио арқылы кең таралып жатқанына мәсіхшілер әлемінің дінбасылары қарап отырмады. Канаданың Саскачеван қаласындағы радиостансыда атқарылған жұмыспен жақсы таныс болған Альберт Хоффман былай деді: “Киелі кітап зерттеушілері жайлы [ол кезде Ехоба куәгерлері осылай аталатын] барған сайын көп адам біле бастады. Осылай керемет куәлік беріліп жатты. Бірақ 1928 жылы дінбасылары билік иелеріне қысым жасап, Киелі кітап зерттеушілерінің Канададағы барлық радиостансылары лицензиясынан айырылып қалды”.

16 Канададағы стансыларымыз жабылғанмен, Киелі кітапқа негізделген баяндамалар коммерциялық стансылардан хабарлана берді (Мат. 10:23). Сондықтан жұртшылықты хабардар ету үшін, “Күзет мұнарасы” мен “Алтын ғасыр” (қазіргі “Ояныңдар!”) журналдарында қай коммерциялық стансылардың толқынында баяндамалар берілетіні көрсетілетін болды. Жариялаушылар үйме-үй жүргенде, жұртты сол толқындардан баяндамаларды тыңдауға шақыратын. Бұның нәтижесі қандай болды? 1931 жылдың қаңтарындағы “Бюллетеньде” былай деп жазылды: “Үйме-үй жүріп, радиохабарлар жайлы айту бауырластардың бойына жігер құйды. Бізге келіп жатқан есептерге қарағанда, көп адам Рутерфорд бауырластың баяндамаларын радиодан тыңдайтындықтан, жариялаушылар ұсынып жүрген кітаптарды қуана-қуана алады екен”. “Бюллетеньде” радиохабарлар мен үйме-үй жүру ізгі хабарды жариялаудың басты әдістері ретінде сипатталды.

17, 18. Неге жағдай өзгергенімен, радио маңызды рөл атқара берді?

17 1930 жылдары коммерциялық радиостансыларды қолданып жатқанымызға қарсы болушылар табылды. Сондықтан 1937 жылдың аяғына таман Ехобаның халқы жағдайға бейімделіп, коммерциялық стансыларды қолданудан бас тартты. Есесіне бар назарларын үйме-үй уағыздауға аударды a. Әйтсе де шалғай аймақтарға не саяси ахуалдың салдарынан уағыздау қиын елдерге Патшалық туралы хабарды жеткізуде радионың маңызы әлі де зор еді. Мысалы, Батыс Берлиннің (Германия) бір стансысынан 1951 жылдан 1991 жылға дейін Киелі кітапқа негізделген баяндамалар беріліп тұрды. Соның арқасында Шығыс Германия тұрғындарының Патшалық туралы хабарды тыңдауға мүмкіндіктері болды. Ал Суринамның (Оңтүстік Америка) ұлттық радиостансысынан 1961 жылдан бастап 30 жылдан аса уақыт бойы апта сайын Киелі кітаптағы шындықтар талқыланатын 15 минуттық хабар беріліп тұрды. 1969 жыл мен 1977 жылдар аралығында ұйым “Киелі жазбалардың бәрі тиімді” деген атаумен шығатын 350-ден аса радиохабар дайындады. Олар АҚШ-тың 48 штатының 291 радиостансысынан трансляцияланды. 1996 жылы Батыс Самоаның астанасы Апиа қаласының радиостансысынан апта сайын “Киелі кітапқа негізделген сауалдар мен жауаптар” деген бағдарлама беріліп тұрды.

18 Ал ХХ ғасырдың аяғына таман ізгі хабарды таратуда радио маңызды орын алудан қалды. Бірақ хабарды қалың бұқараға жеткізуге мүмкіндік беретін технологияның өзге бір жетістігі пайда болды.

19, 20. Құдай халқының jw.org сайтын жасауына не себеп болды және сайт қаншалықты кең пайдаланылуда? (“ JW.ORG.” деген қоршауды да қараңыз.)

19 Интернет. 2013 жылғы мәліметке сай, Жер шары тұрғындарының 40 пайызға жуығы, яғни 2,7 миллиардтан аса адам, интернетті пайдаланады екен. Ал бір есеп бойынша, 2 миллиардтай адам интернетке смартфон, планшет сияқты құрылғылар арқылы қосылатын көрінеді. Бұл көрсеткіш дүниежүзі бойынша өсіп барады. Мобильді интернет тұтынушыларының өсімі әсіресе Африкада байқалады. Ондағы тұтынушылар саны 90 миллионнан асып құлады. Бұл үрдістен қалың жұртқа мәлімет жеткізудің жолы мүлдем өзгергені байқалады.

20 Ехобаның халқы бұқараға ақпарат таратудың осы әдісін 1997 жылдан бері қолдануда. 2013 жылы jw.org сайты 300-ден аса тілге аударылды, ал ондағы Киелі кітапқа негізделген мәліметті 520-дан аса тілде жүктеп алуға болатын. Күн сайын сайтқа кіру көрсеткіші 750 мыңнан асты. Сондай-ақ бейнежазбалар көрумен қатар, 3 миллионнан аса кітап, 4 миллион журнал, 22 миллион аудиожазбалар жүктелді.

21. Сина деген кісімен болған жағдайдың ерекшелігі неде?

21 Бүгінде сайтымыз Құдай Патшалығы туралы хабарды тарату ісінде пәрменді құралға айналды. Сайтымыз уағыз ісіне тыйым салынған елдерде де хабардың таралуына септігін тигізуде. Мысалы, 2013 жылдың басында Сина деген кісі сайтымызға кірген соң, Құрама Штаттардағы дүниежүзілік бас басқармамен хабарласып, Киелі кітап жөнінде көбірек мәлімет сұрады. Бұл оқиғаның ерекшелігі неде? Мұсылман отбасында туған бұл кісі Ехоба куәгерлерінің ісіне қатаң тыйым салынған елдің шалғайдағы бір ауылында тұрады екен. Құрама Штаттарда тұратын бір Куәгер Синамен аптасына екі рет Киелі кітапты зерттеді. Зерттеу сабақтары интернеттегі бейнебайланыс арқылы өткізілді.

Әр адамға жеке тәлім беру

22, 23. а) Хабарды қалың бұқараға жеткізуге арналған әдістер үйме-үй уағызды алмастыра ма? ә) Патша бізді қалай қолдауда?

22 Газеттер, “Фотодрама”, радиохабарлар, сайтымыз сияқты қалың бұқараға хабар жеткізуге арналған әдістердің ешқайсысы үйме-үй уағызды алмастырмайды. Неге бұлай дейміз? Өйткені Ехобаның халқы Исаның үлгісіне еліктейді. Ол тек қалың жұртқа уағыздаған жоқ, әр адамға жеке көңіл бөлген (Лұқа 19:1—5). Иса шәкірттерін де соған үйреткен, әрі таратулары тиіс хабардың төркінін де түсіндірген (Лұқа 10:1, 8—11 оқыңыз). 6-тарауда қарастырғанымыздай, жауапты бауырластар Ехобаның барлық қызметшілерін әр адаммен жеке сөйлесуге талпындырған (Ел. іс. 5:42; 20:20).

23 Патшалықтың орнағанына 100 жыл толып отырған бүгінгі күні сегіз миллионға жуық жариялаушы Құдайдың еркі жайлы талмай уағыздауда. Патшалық туралы жариялау үшін қолданып жүрген әдіс-тәсілдерімізді Патшаның қолдап отырғаны даусыз. Келесі тараудан көретініміздей, ол ізгі хабар әрбір ұлт, ру, тіл және халыққа жариялану үшін қажетті құралдармен де қамтамасыз етуде (Аян 14:6).

a Жауапты бауырластардың шешімі бойынша, 1957 жылы соңғы стансымыз — Нью-Йорктегі WBBR радиостансысы жабылды.