Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

8-ТАРАУ

Уағызға арналған құралдар. Дүниежүзілік танапқа арналған әдебиеттер

Уағызға арналған құралдар. Дүниежүзілік танапқа арналған әдебиеттер

ТАРАУДЫҢ ӨЗЕКТІ ОЙЫ:

Түрлі ұлт пен халықтан шыққан, түрлі тілде сөйлейтін адамдарға тәлім беруіміз үшін, Ехоба әрқашан қажетті құралдармен қамтамасыз етеді

1, 2. а) І ғасырда ізгі хабар бүкіл Рим империясына ненің арқасында таралды? ә) Бүгінде Ехобаның бізді қолдап отырғаны неден көрінеді? (“ Ізгі хабар 670-тен аса тілде уағыздалуда” деген қоршауды да қараңыз.)

 ИЕРУСАЛИМ. Б. з. 33 жылының Елуінші күн мейрамы. Қалаға келгендер өз құлақтарына өздері сенер емес: ғалилеялықтар өзге ұлттардың тілдерінде судай сөйлеп жатыр, ал жұрт ұйып тыңдауда. Құдайдан керемет түрде сый алып, өзге ұлттардың тілінде сөйлеп жатқандар — Исаның шәкірттері. Ал олардың мұндай қабілеті — Құдайдың қолдауына ие болғанының белгісі (Елшілердің істері 2:1—8, 12, 15—17 оқыңыз). Шәкірттердің сол күні айтқан ізгі хабарын түрлі ұлт пен халықтан шыққан адамдар естіді, сосын бүкіл Рим империясына таратты (Қол. 1:23).

2 Бүгінде Құдай бізге керемет түрде өзге тілдерде сөйлеу қабілетін бермейді. Сөйтсе де Патшалық туралы хабар 670-тен аса тілге аударылып, бірінші ғасырға қарағанда анағұрлым көп тілде таралуда (Ел. іс. 2:9—11). Құдай халқының әдебиеттерді көп көлемде әрі көп тілде шығаратыны соншалық — Құдай Патшалығы туралы хабар дүниенің түкпір-түкпіріне тарады a. Бұдан да Патшамыз Иса Мәсіх арқылы Ехобаның уағыз ісіне бағыт беріп отырғаны анық көрінеді (Мат. 28:19, 20). Ендеше осы істі атқару үшін соңғы 100 жылда қолданған құралдарымызды еске алайық. Ал тарауды оқу барысында Патшаның бізге жеке адамдардың қажеттілігін ескеруді қалай үйреткенін және Құдай Сөзінің тәлімгері болуға қалай талпындырғанын байқауға тырысайық (Тім. 2-х. 2:2).

Патша қажеттінің бәрімен қамтамасыз етуде

3. Неге біз уағыз ісінде алуан түрлі құралдар қолданамыз?

3 Иса “Патшалық туралы сөзді” тұқымға, ал адамдардың жүрегін топыраққа теңеген (Мат. 13:18, 19). Диқанның топырақты қопсытып, тұқым себуге дайындау үшін әртүрлі құрал-сайман қолданатыны сияқты, Құдай халқы да алуан түрлі құралдардың көмегімен миллиондаған адамның жүрегін Патшалық туралы хабарды қабылдауға дайындайды. Мұндай құралдардың кейбірі қысқа уақыт қолданылған. Ал кітаптар мен журналдар сияқты өзге біреулері уағыз ісінде әлі де маңызды орын алады. Алдыңғы тарауда біз қалың бұқараға ақпарат тарату әдістері туралы әңгімелескен едік. Ал бұл тарауда жариялаушыларға адаммен бетпе-бет әңгімелесуге көмектескен құралдар туралы сөйлесеміз (Ел. іс. 5:42; 17:2, 3).

Патефондар мен дыбыс жабдықтары жасалуда (Канада, Торонто қаласы)

4, 5. Күйтабаққа жазылған баяндамалар қалай қолданылды, бірақ бұл құралдың қандай кемшілігі болды?

4 Күйтабаққа жазылған баяндамалар. 1930 және 1940 жылдары жариялаушылар күйтабаққа жазылған баяндамаларды патефонда ойнататын. Ұзақтығы төрт минуттан асатын мұндай баяндамалардың кейде “Үштік”, “Патшалық” деген сияқты қысқаша атаулары болатын. Мұндай жазбалар қалай қолданылды? 1930 жылы Құрама Штаттарда шомылдыру рәсімінен өткен Клейтон Вудворт бауырлас былай дейді: “Мен шабадан тектес шағын патефон алып жүретінмін. Оның серіппелі жетегі мен дыбыс түсіргіші болатын. Күйтабақ дұрыс ойнау үшін дыбыс түсіргіштің инесін жазбаның басына туралап қою керек еді. Мен есік алдына келген соң, шабаданды ашып, дыбыс түсіргіштің инесін туралап қоятынмын да, қоңырауды басатынмын. Ал үй иесі есігін ашқанда: — Сізге айтар маңызды хабарым бар,— дейтінмін”. Жұрт бұны қалай қабылдайтын? Вудворт бауырлас былай деп түсіндірді: “Көп жағдайда жұрт ықыласпен тыңдайтын. Есігін тарс еткізіп жаба салатындар да болатын. Ал кейбіреулер мені патефон сатып жүр деп ойлап қалатын”.

1940 жылға таман 90-нан аса баяндама жазылып, миллионнан аса күйтабақ шығарылды

5 1940 жылға таман 90-нан аса баяндама жазылып, миллионнан аса күйтабақ шығарылды. Сол жылдары Британияда ізашар, ал кейінірек Басқарушы кеңестің мүшесі болған Джон Барр бауырлас былай деді: “1936—1945 жылдар аралығында патефон менің ажырамас серігім еді. Онсыз өзімді біртүрлі сезінетінмін. Есік алдында тұрып Рутерфорд бауырластың даусын естігенің бойыңа жігер құятын. Ол тап қасыңда тұрып сөйлеп жатқандай әсерде болатынсың. Бірақ патефонмен қызмет еткенде, адамға тәлім беріп, жүрегіне жол таба алмайтынсың”.

6, 7. а) Куәлік беру парақшаларының қандай артықшылықтары мен кемшіліктері болды? ә) Қай мағынада Ехоба “сөздерін аузымызға салды”?

6 Куәлік беру парақшалары. 1933 жылдың басында жариялаушылар үйме-үй жүргенде куәлік беру парақшаларын қолдануға шақырылды. Ені 7,5 сантиметр, ал ұзындығы 12,5 сантиметр бұл парақшада Киелі кітаптағы хабар қысқаша түсіндірілетін, сондай-ақ үй иесінің алуына болатын әдебиеттер тізімі жазылатын. Жариялаушы парақшаны үй иесіне беріп, оқып шығуды өтінетін. Қызметтің осындай түріне қатысқан, ал кейінірек Пуэрто-Рико мен Аргентинада миссионер болған Лилиан Каммеруд: “Маған куәлік беру парақшасымен қызмет ету ұнайтын”,— деді. Бұл оған неге ұнады? Ол былай түсіндірді: “Қызметте ұсынысты бәріміз бірдей жақсы айта алмайтынбыз. Сондықтан парақшалар маған адамдармен әңгімелесуді әдетке айналдыруға көмектесті”.

Итальян тіліндегі куәлік беру парақшасы

7 1918 жылы шомылдыру рәсімінен өткен Дейвид Рюш бауырлас: “Куәлік беру парақшалары бауырластарға зор көмек болды, себебі дұрыс сөйлеп жүргеніне сенімді бауырластар некен-саяқ еді”,— деп өзі байқаған жайттарды баяндады. Әйтсе де парақшалармен уағыздаудың кемшіліктері де болды. Әрі қарай Рюш бауырлас былай деді: “Кейбіреулер бізді сөйлей алмайды деп ойлайтын. Қандай да бір мағынада біразымыз сөйлей алмайтынбыз. Бірақ Ехоба халқын өз атынан сөйлеуге дайындап жатты. Көп ұзамай ол бізге есік алдында Жазбаларды қолданып сөйлеуді үйретіп, сөздерін аузымызға салды. Ол мұны 1943 жылы басталған теократиялық қызмет мектебі арқылы істеді” (Еремия 1:6—9 оқыңыз).

8. Мәсіхтің сізді жақсы тәлімгер етуіне қалай жол беруіңізге болады?

8 Кітаптар. 1914 жылдан бері Ехобаның халқы Жазбаларға негізделген 100-ден аса кітап шығарды. Осы кітаптардың кейбірі жариялаушыларға жемісті қызмет етуді үйрету мақсатымен арнайы басылды. Патшалық туралы хабарды жариялап жүргеніне 70 жылдай болған даниялық Анна Ларсен былай дейді: “Теократиялық қызмет мектебі мен оған арналған оқулықтар арқылы Ехоба бізге жақсы жариялаушы болуға көмектесті. Сондай кітаптардың алғашқысы 1945 жылы шыққан “Патшалық жариялаушыларына теократиялық көмек” деген кітап еді. Бұдан кейін 1946 жылы “Кез келген игі іске даярмыз” деген кітап шықты. Ал бүгінде біз 2001 жылы жарық көрген “Теократиялық қызмет мектебінде білім аламыз” кітабын қолданып жүрміз”. Иә, Ехоба бізді “қызметшісі болуға жарамды” етіп отыр. Осы орайда теократиялық қызмет мектебі мен оған арналған оқулықтардың алар орны ерекше болды (Қор. 2-х. 3:5, 6). Бүгінде біз апта ішінде өтетін кездесуде қызметімізді жақсартуды үйренеміз. Ай сайын біз “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптерін аламыз. Сіз оны барынша пайдаланып жүрсіз бе? Солай етіп жүрсеңіз, Мәсіхтің сізді жақсы тәлімгер етуіне жол бергеніңіз (Қор. 2-х. 9:6; Тім. 2-х. 2:15).

9, 10. Шындық тұқымын себу мен суаруда кітаптардың алатын орны қандай?

9 Ехоба бізге көмектесу үшін, өз ұйымы арқылы Киелі кітаптың негізгі ілімдерін түсіндіретін кітаптар да шығаруда. Қызметте көмегі зор болған кітаптардың бірі — “Мәңгілік өмірге алып баратын шындық” (ағыл.) кітабы. Алғаш рет 1968 жылы жарық көрген бұл кітап бірден үлкен сұранысқа ие болды. 1968 жылы “Патшалық қызметіміздің” қарашадағы санында былай делінді: “Шындық” кітабына тапсырыс берушілердің көптігі сонша — Бруклиндегі баспаханамызда қыркүйек айында арнайы түнгі кезек ендірілді”. Әрі қарай мақалада: “Бірде тамыз айында “Шындық” кітабына жасалған тапсырыс қолда бардан 1,5 миллионға асып түсті!”— делінді. 1982 жылға таман аталмыш кітап 116 тілге аударылып, 100 миллионнан аса данасы басылды. Осылай 1968—1982 жылдар аралығында, яғни 14 жыл ішінде, “Шындық” кітабының арқасында жариялаушылар саны бір миллионнан аса адамға артты b.

10 Ал 2005 жылы “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” деп аталатын зерттеуге арналған керемет кітап жарық көрді. Қазірдің өзінде бұл кітап 256 тілге тәржімеленіп, 200 миллионға жуық данасы басылды. Мұның нәтижесі қандай болды? Небәрі жеті жылда, яғни 2005—2012 жылдар аралығында, 1 200 000-дай адам ізгі хабардың жариялаушысы болды. Ал Киелі кітапты зерттейтін адамдардың саны 2005 жылы 6 000 000-дай болса, 2012 жылы 8 700 000-нан асты. Иә, шындық тұқымын сеуіп, оны суарып жүрген біздерге Ехоба батасын молынан беруде (Қорынттықтарға 1-хат 3:6, 7 оқыңыз).

11, 12. Абзацтарда көрсетілген тармақтарға сай, біздің журналдарымыз кімдер үшін шығарылды?

11 Журналдар. Әуел баста “Күзет мұнарасы” журналы негізінен “көкке шақырылған” “кішкене отарға” арнап шығарылды (Лұқа 12:32; Евр. 3:1). 1919 жылдың 1 қазанынан бастап Ехобаның ұйымы тағы бір журнал шығара бастады. Бұл журнал қалың бұқараға арналған еді. Ол Киелі кітап зерттеушілерінің де, өзгелердің де сүйіп оқитын журналына айналды. Сондықтан ұзақ жылдар бойы оның таралымы “Күзет мұнарасынан” әлдеқайда көп болды. Бастапқыда бұл журнал “Алтын ғасыр” деп аталды. Сосын, яғни 1937 жылы, “Жұбаныш” деген атаумен шықты. Ал 1946 жылдан бері “Ояныңдар!” деген атаумен танымал.

12 Жылдар өте “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналы азды-көпті өзгерді. Бірақ олардың мақсаты әлі де — Құдай Патшалығын жариялау және адамдардың жүрегіне Киелі кітапқа деген сенім ұялату. Бүгінде “Күзет мұнарасының” зерттеуге және көпшілікке арналған нұсқасы бар. Журналдың зерттеуге арналған саны “үйдегі басқа құлдар”, яғни “кішкене отар” мен “басқа қойлар” үшін басылады c (Мат. 24:45; Жох. 10:16). Ал көпшілікке арналған саны шындықты естімеген, бірақ Құдайдан қорқып, Киелі кітапты құрмет тұтатын адамдар үшін шығарылады (Ел. іс. 13:16). “Ояныңдар!” журналы болса Ехоба Құдайды да, Киелі кітапты да білмейтін адамдарға арналған (Ел. іс. 17:22, 23).

13. Біздің журналдарымыз жайлы не айтар едіңіз? (“ Әлемдік рекорд орнатқан басылымдар” деген кесте де талқылансын).

13 2014 жылға таман “Ояныңдар!” журналының ай сайын 44 миллионнан астам данасы, ал “Күзет мұнарасының” 46 миллиондай данасы басылды. “Ояныңдар!” 100-ге жуық, ал “Күзет мұнарасы” 200-ден астам тілге аударылады. Осылай аталмыш журналдар дүниежүзі бойынша ең көп тілге аударылып, ең көп таратылатын журналдар болып отыр! Әрине, бұл қайран қалдырады, бірақ біз бұған таңғалмаймыз. Өйткені солар арқылы жарияланып жатқан хабар, Исаның сөздеріне сай, бүкіл жержүзіне уағыздалу керек қой (Мат. 24:14).

14. 1896 жылы қандай өзгеріс жасалды және біз бар ынтамызбен не істедік?

14 Киелі кітап. 1896 жылы Расселл бауырлас пен серіктері әдебиеттерді басуға қолданылған заңды тұлғаның атауына “Киелі кітап” сөзін қосты. Содан ол Күзет мұнарасы, Киелі кітап және трактаттар қоғамы деп аталатын болды. Мұндай өзгеріс орынды еді, өйткені Патшалық туралы ізгі хабарды таратуда Киелі кітап негізгі құрал болып табылады ғой (Лұқа 24:27). Біз ұйымымыздың заңды атауына сай бар ынтамызбен жұртқа Киелі кітап таратып, оны оқуға шақырдық. Мысалы, 1926 жылы өз баспа машинамызда Бенджамин Уилсонның “Эмфэтик Дайаглотт” деп аталатын Грек жазбаларының тәржімесін басып шығардық. 1942 жылдан бастап “Король Яковтың аудармасын” басып, 700 000-ға жуық данасын тараттық. Ал небәрі екі жылдан кейін Ехобаның есімі 6823 рет кездесетін “Америкалық стандартты аударманы” бастық. 1950 жылға дейін бұл аударманың 250 000-нан аса данасы таратылды.

15, 16. а) “Жаңа дүние аудармасын” сіз не үшін бағалайсыз? (“ Киелі кітап аудармасын жылдамдатудамыз” деген қоршау да талқылансын.) ә) Ехобаның жүрегіңізге әсер етуіне қалай жол беруіңізге болады?

15 1950 жылы ағылшын тілінде “Мәсіхшілердің грек жазбалары. Жаңа дүние аудармасы” жарық көрді. Ал 1961 жылы “Жаңа дүние аудармасының” толық нұсқасы шықты. (Қазақ тілінде “Мәсіхшілердің грек жазбалары. Жаңа дүние аудармасы” 2011 жылы, ал толық Киелі кітап 2014 жылы шықты.) Осы аударма арқылы Ехоба дәріптелді, себебі Еврей жазбаларында оның есімі түпнұсқада кездесетін жердің бәріне қойылды. Грек жазбалары да шет қалған жоқ. Құдай есімі онда 237 рет жазылды. Барынша тура әрі оқуға жеңіл болу үшін аударма бірнеше рет қайта қарастырылды. Соңғы қарастырылған нұсқасы 2013 жылы шықты. Сол жылы “Жаңа дүние аудармасының” толықтай не кейбір бөліктері 121 тілде 201 миллионнан аса данасы басылды.

16 Ана тілдеріндегі “Жаңа дүние аудармасын” жұрт қалай қабылдады? Непалдық бір кісі былай деді: “Непал тіліндегі бұрынғы Киелі кітап көне тілде жазылғандықтан, адамдар оны түсіне бермейтін. Ал қазіргі Киелі кітапты еш қиналмай түсінесің, өйткені ол жалпақ тілде жазылған”. Орталық Африка Республикасында тұратын бір әйел болса санго тіліндегі аударманы оқығанда, көзіне жас алып: “Бұл — менің жүрегімнің тілі ғой”,— деді. Біз де осы әйел сияқты Ехобаның Сөзін күн сайын оқып, жүрегімізге әсер етуіне жол берейік (Зәб. 1:2; Мат. 22:36, 37).

Патша беріп отырған құралдар мен тәлімді бағалаймыз

17. Алып жатқан құралдар мен тәлімдерді бағалайтыныңызды қалай көрсетесіз және мұның жемісі қандай болады?

17 Сіз Патшамыз Иса Мәсіхтің беріп отырған құралдары мен тәлімін бағалайсыз ба? Құдайдың ұйымы шығарып жатқан әдебиеттерді оқып, оларды өзгелерге көмектесу үшін қолданып жүрсіз бе? Солай етіп жүрсеңіз, 1914 жылдың 4 қазанында шомылдыру рәсімінен өткен Оупал Бетлер бауырластың сөздерімен келісерсіз. Ол былай деді: “Күйеуім [Эдвард] екеуміз біраз жылдар бойы патефонмен, куәлік беру парақшаларымен уағыздадық. Үйме-үй жүріп, кітаптар, кітапшалар мен журналдар тараттық. Науқандар мен шерулерге қатыстық, трактаттар үлестірдік. Кейінірек, қызығушыларға қайта баруды, үйлерінде Киелі кітап зерттеу сабақтарын өткізуді үйрендік. Біз қызықты да бақытты өмір кештік”. Иса өз шәкірттерінің бәрі бірге қуана тұқым сеуіп, өнім жинайтынын уәде еткен. Оупал сияқты миллиондаған бауырлас бұл уәденің жүзеге асып жатқанын растай алады (Жохан 4:35, 36 оқыңыз).

18. Бізге қандай мәртебе берілген?

18 Ехобаны әлі танымайтындар оның халқын “білімі жоқ қарапайым адамдар” деп есептейтін шығар (Ел. іс. 4:13). Бірақ ойлап қараңызшы, Патшаның арқасында Құдайдың қарапайым қызметшілері өте ауқымды баспа ісін ұйымдастырып, тарихтағы ең көп тілге аударылатын әрі ең көп таратылатын әдебиеттер шығаруда! Ал ең бастысы, барлық халықтар ізгі хабарды есту үшін, Иса оларға осы құралдарды қолдануды үйретуде. Мәсіхпен бірге шындық тұқымын сеуіп, шәкірт жинау неткен мәртебе!

a Соңғы он жылдың өзінде Ехобаның халқы 20 миллиардтан аса әдебиет шығарды. Бұған қоса, jw.org сайты дүниежүзі бойынша 2,7 миллиардтан астам адам үшін қолжетімді.

b Жариялаушылар Киелі кітап зерттеу сабағын өткізу үшін қолданған өзге кітаптар: “Құдайдың арфасы” (1921 жыл), “Құдай шыншыл” (1946 жыл), “Сен жер бетінде жұмақта мәңгі өмір сүре аласың” (1982 жыл), “Мәңгілік өмірге алып баратын білім” (ағыл. 1995 жыл, қаз. 1999 жыл).

c “Үйдегі басқа құлдарға” кімдер жататынына қатысты айқындалған түсінікті “Күзет мұнарасының” келесі санынан таба аласыз: 2013 жыл, 15 шілде, 23-бет, 13-абзац.