Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

9-ТАРАУ

Уағыз ісінің жемісі. Егін пісіп, жинауға дайын тұр

Уағыз ісінің жемісі. Егін пісіп, жинауға дайын тұр

ТАРАУДЫҢ ӨЗЕКТІ ОЙЫ:

Ехоба Патшалық туралы шындық тұқымын өсіруде

1, 2. а) Неге шәкірттері Исаның сөздерін түсінбеді? ә) Иса қандай науқан жөнінде айтты?

 ИСА шәкірттеріне: “Бастарыңды көтеріп, егіндікке көз салыңдар, ол пісіп, жинауға дайын тұр”,— деді. Бірақ олар ештеңе түсінер емес. Өйткені Иса нұсқаған жаққа қарағанда, олардың көргені — пісіп тұрған егін емес, енді ғана көктеп шыққан арпа. Шәкірттер іштей: “Жинауға дайын тұрған егін қайсы? Науқанға дейін әлі бірнеше ай бар ғой”,— деп ойлаған шығар (Жох. 4:35).

2 Алайда Иса кәдімгі егін жинау науқаны жайлы айтқан жоқ еді. Ол осы жағдайды пайдаланып, шәкірттеріне рухани науқан — адамдарды жинау науқаны жөнінде маңызды екі жайтты түсіндірді. Бұл қандай жайттар? Мұны білу үшін осы оқиғаға үңіліп көрейік.

Іске кірісуге талпындыру және қуаныш туралы уәде

3. а) Исаны: “Егіндік... пісіп, жинауға дайын тұр”,— деуге не талпындырған болуы мүмкін? (Сілтемені де қараңыз.) ә) Ол айтқан сөздерін қалай түсіндірді?

3 Иса мен шәкіттерінің арасындағы әңгіме б. з. 30 жылының соңына таман Самариядағы Сихар деген қаланың маңында болған еді. Шәкірттері қалаға кеткенде, Иса құдықтың басында қалып, бір әйелге рухани жайттарға қатысты шындықты айтты. Әйел болса оның тәлімдерінің маңыздылығын бірден ұқты. Шәкірттер қайтып келгенде, ол өзі естіген керемет хабарды көршілеріне айту үшін асығыс қалаға беттеді. Оның айтқандары қала тұрғындарына қатты әсер етіп, Исаны көру үшін олар құдыққа қарай асықты. Сірә, Иса “егіндікке көз салыңдар, ол пісіп, жинауға дайын тұр” деген сөздерін егіндік жақтан өзіне қарай келе жатқан самариялықтарды көргенде айтса керек a. Сосын ол кәдімгі емес, рухани мағынадағы егін жинау туралы айтқанын түсіндіру үшін: “Егін орушылар... мәңгілік өмірге арналған өнімді жинап жатыр”,— деді (Жох. 4:5—30, 36).

4. а) Иса орақ ісіне қатысты қандай екі жайтқа нұсқады? ә) Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?

4 Иса рухани орақ ісіне қатысты маңызды екі жайтқа нұсқады. Біріншіден, бұл — қауырт іс. Иса егін пісіп, “жинауға дайын тұр” деуімен шәкірттерін әрекетке талпындырған. Ол істің қауырт екенін көрсету үшін: “Қазірдің өзінде егін орушылар жалақыларын алып... жатыр”,— деді. Иә, науқан басталып қойған еді, сондықтан кідіруге болмайтын! Екіншіден, бұл — қуанышқа бөлейтін іс. Иса егінді еккендердің де, жинағандардың да “бірге қуанатынын” айтқан (Жох. 4:35ә, 36). “Самариялықтардың көбісі” өзіне сенгенін көргенде, ол қуанған болу керек. Бар жан-тәндерімен орақ ісіне қатысқан Исаның шәкірттері де зор қуанышқа бөленбек еді (Жох. 4:39—42). Бірінші ғасырда болған бұл оқиғаның біз үшін ерекше мәні бар, өйткені ол бүгінгі таңдағы бұрын-соңды болмаған орақ ісіне нұсқайды. Бұл іс қашан басталды? Оған кімдер атсалысуда және ол қандай жеміс әкелуде?

Патшамыз тарихтағы ең зор орақ ісіне жетекшілік етуде

5. Дүниежүзілік орақ ісіне кім жетекшілік етуде және бұл істің қауырт екені Жохан алған аяннан қалай көрінеді?

5 Ехоба елші Жоханға берген аянында Исаны дүниежүзілік орақ ісіне, яғни адамдарды жинау ісіне, жетекшілік етуге тағайындағанын көрсетті (Аян 14:14—16 оқыңыз). Аянда Иса басына тәж киіп, қолына орақ ұстап тұрды. “Алтын тәж” оның билік құрып отырған Патша екеніне, ал “өткір орақ” Орақшы ретіндегі рөліне нұсқайды. Ехоба періштесі арқылы “жер бетіндегі өнім түгел пісті” деуімен орақ ісінің қауырт іс екеніне назар аударған. Иә, “орақ уақыты басталды”, енді кідіруге болмайды! Иса Ехобаның “егінге орағыңды сал” деген бұйрығы бойынша оны жерге қарай сілтеді де, жер бетінде орақ ісі, яғни адамдарды жинау ісі басталды. Көңіл толқытарлық бұл аян егіннің пісіп, жинауға дайын тұрғанын есімізге салады. Ал одан дүниежүзілік орақ ісінің қашан басталғанын анықтауға бола ма? Иә!

6. а) “Орақ кезі” қашан басталды? ә) “Жер бетіндегі орақ” ісі қашан басталды? Түсіндіріңіз.

6 Аян кітабының 14-тарауының 14-тармағында Исаның, Орақшының, тәж киіп тұрғаны айтылған. Демек, Жохан оның 1914 жылы Патша болып тағайындалып қойғанын көрген (Дан. 7:13, 14). Біраз уақыттан кейін Ехоба Исаға егінге орақ салуды бұйырады (15-тармақ). Исаның бидай ору науқаны туралы астарлы әңгімесінде де оқиғаның өрбу тәртібі осындай. Бұл оның: “Орақ кезі — осы заманның ақыры”,— деген сөздерінен көрінеді. Бұдан шығатын қорытынды — орақ кезі мен осы заманның ақыры бір мезгілде, яғни 1914 жылы басталған (Мат. 13:30, 39). Бірақ тарихқа үңілер болсақ, орақ ісінің өзі Иса таққа отырған соң бірнеше жылдан кейін басталғанын көреміз. Алдымен, Иса 1914 жылдан 1919 жылдың бірінші жартысына дейін майланған ізбасарларын тазартты (Малх. 3:1—3; Пет. 1-х. 4:17). Сосын, 1919 жылы, “жер бетіндегі орақ” ісі басталды. Сонда Иса кідірместен жаңа тағайындалған адал құл арқылы бауырластарға уағыз ісінің қауырт екенін түсінуге көмектесуге кірісті. Оқиғаның қалай өрбігенін көрейік.

7. а) Бауырластарға уағыз ісінің қауырт іс екенін түсінуге не көмектесті? ә) Бұл оларды не істеуге талпындырды?

7 1920 жылы “Күзет мұнарасының” шілде айындағы санында былай делінді: “Жазбаларды зерттей келе, шіркеуге Патшалық туралы хабарды тарату мәртебесі берілгенін анық көруге болады”. Мысалы, Ишаяның пайғамбарлығы бауырластарға Патшалық туралы хабардың дүниежүзі бойынша жариялануы тиіс екенін түсінуге көмектесті (Ишая 49:6; 52:7; 61:1—3). Олар бұл істің қалай жүзеге асатынын білмеді, бірақ Ехобаның жол көрсететініне сенімді болды (Ишая 59:1 оқыңыз). Уағыз ісінің қауырт екенін жақсы түсінгендіктен бауырластар білек сыбана іске кірісті. Мұның жемісі қандай болды?

8. Бауырластар 1921 жылы қандай екі жайтты түсінді?

8 1921 жылы “Күзет мұнарасы” журналының желтоқсан айындағы санында: “Үстіміздегі жыл ең керемет жыл болды. 1921 жылға дейін шындық туралы хабарды мұншалықты көп адам естіген емес”,— деген сөздер жазылды. Әрі қарай мақалада: “Әлі де жұмыс шаш етектен... Оны қуана атқарайық”,— делінді. Байқасаңыз, уағыз ісіне қатысты Исаның елшілеріне айтқан маңызды екі жайтты бауырластар да түсінді: бұл — қауырт, әрі қуанышқа бөлейтін іс.

9. а) 1954 жылы “Күзет мұнарасы” журналында орақ ісі туралы не делінді және неге? ә) Соңғы 50 жылда дүниежүзі бойынша жариялаушылар санының өсімі қандай болды? (“ Дүниежүзілік өсім” деген кестені қараңыз.)

9 1930 жылдары бауырластар Патшалық туралы хабарға “басқа қойлардың” көптеп құлақ асып жатқанын көріп, уағыз ісін қарқындата түсті (Ишая 55:5; Жох. 10:16; Аян 7:9). Мұның нәтижесі қандай болды? 1934 жылы Патшалық туралы хабарды жариялаушылардың саны 41 000 болса, 1953 жылы 500 000-ға жетті! 1954 жылы “Күзет мұнарасының” 1 желтоқсандағы санында келесідей орынды қорытынды жасалды: “Төрткіл дүниеде жүріп жатқан бұл ұлы науқан Ехобаның рухы мен Сөзінің құдіретінің арқасында жүзеге асуда” b (Зәк. 4:6).

 

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ӨСІМ

Елі

1962

1987

2013

Австралия

15 927

46 170

66 023

Бразилия

26 390

216 216

756 455

Франция

18 452

96 954

124 029

Италия

6929

149 270

247 251

Жапония

2491

120 722

217 154

Мексика

27 054

222 168

772 628

Нигерия

33 956

133 899

344 342

Филиппин

36 829

101 735

181 236

АҚШ

289 135

780 676

1 203 642

Замбия

30 129

67 144

162 370

КИЕЛІ КІТАПТЫ ЗЕРТТЕП ЖҮРГЕНДЕРДІҢ ӨСІМІ

1950

234 952

1960

646 108

1970

1 146 378

1980

1 371 584

1990

3 624 091

2000

4 766 631

2010

8 058 359

Орақ ісінің жемісі бейнелі сөздермен пайғамбарлық етілді

10, 11. Қыша дәні туралы астарлы әңгімеде дән өсімінің қандай қырларына көңіл бөлінеді?

10 Патшалық туралы астарлы әңгімелерінде Иса орақ ісінің жемісі қандай болатынын көркем сөздермен сипаттаған. Осы орайда қыша дәні және ашытқы туралы астарлы әңгімелерді қарастырып, олардың осы заманның ақырында қалай орындалып жатқанына назар аударып көрейік.

11 Қыша дәні туралы астарлы әңгіме. Бір кісі қыша дәнін егеді де, ол үлкен ағашқа айналып, бұталарын құстар саялайды (Матай 13:31, 32 оқыңыз). Астарлы әңгімеде дән өсімінің мынадай қырларына көңіл бөлінеді: 1) Өсімнің ауқымы. “Тұқым атаулының ең кішкентайы” ағашқа айналып, “бұтақтарын кең жаяды” (Мар. 4:31, 32). 2) Өсім болатынына кепілдік. Иса жерге себілген дәннің “өсіп шығатынын” айтты. Ол: “Өсіп шығуы мүмкін,— деген жоқ,— өсіп шығады”,— деді. Дәннің өсімін тоқтату мүмкін емес. 3) Өсіп жатқан ағаш бұталары пана болады. “Оған аспан құстары қонақтап, саясын паналайды”. Өсімнің осы үш қырын бүгіндегі рухани орақ ісімен байланыстыруға бола ма?

12. Қыша дәні туралы астарлы әңгіменің бүгіндегі рухани орақ ісімен қандай байланысы бар? (“Киелі кітапты зерттеп жүргендердің өсімі” деген кестені де қараңыз.)

12 1) Өсімнің ауқымы. Астарлы әңгімеде Патшалық туралы хабардың кең таралуы мен қауымдардың өсіміне көңіл бөлінген. 1919 жылдан бері қайта жанданған мәсіхшілер қауымына еңбекқор орақшылар ағылуда. Бастапқыда олар көп емес еді, бірақ қарқындап өсті. Расында да, 1900 жылдың басынан бері ерекше зор өсім болды (Ишая 60:22). 2) Кепілдік. Қауымдардың өсімін тоқтату мүмкін емес. Кіп-кішкентай дәннің өсуіне таудай кедергілер жасалғанмен, ешқайсысы сәтті болмады (Ишая 54:17). 3) Пана. Ағаштың саясын паналаған “аспан құстары” миллиондаған ақжүректі адамдарды бейнелейді. Шамамен 240 ел мен аумақта тұратын олар Патшалық туралы хабарға құлақ асып, қауымдарымызға қосылды (Езек. 17:23). Сол жерде олар рухани ас-суға тойынады, жандарына жай, көңілдеріне сая табады (Ишая 32:1, 2; 54:13).

Қыша дәні туралы астарлы әңгімеден қауымға келгендер сол жерден жандарына жай, көңілдеріне сая табатыны көрінеді (11, 12-абзацтарды қараңыз)

13. Ашытқы туралы астарлы әңгімеде өсімнің қандай ерекшеліктеріне көңіл бөлінген?

13 Ашытқы туралы астарлы әңгіме. Әйел қамырға ашытқы қосып илегенде, бүкіл қамыр ашиды (Матай 13:33 оқыңыз). Бұл астарлы әңгімеде өсімнің қандай ерекшеліктеріне көңіл бөлінген? Екеуін қарастырып көрейік. 1) Өсімнің әсерінен өзгеріс болады. Ашытқының әсерімен қамыр ашиды. 2) Өсімнің әсері тұтастай болады. Ашытқы “үш тегеш ұнның” бәрін, бүкіл қамырды ашытады. Осы екі ерекшеліктің бүгіндегі орақ ісімен қандай байланысы бар?

14. Ашытқы туралы астарлы әңгіменің бүгіндегі орақ ісімен қандай байланысы бар?

14 1) Өзгеріс. Ашытқы Патшалық туралы хабарды, ал қамыр адамзатты білдіреді. Қамырға ашытқы қосқанда, ол қамырдың құрамын өзгертеді. Сол сияқты Патшалық туралы хабар оған құлақ асқандардың жүрегін өзгертеді (Рим. 12:2). 2) Тұтастай әсер. Қамырдың ашу процесі Патшалық туралы хабардың таралуын бейнелейді. Ашытқының бүкіл қамырға тұтас әсер ететіні сияқты, Патшалық туралы хабар да “жердің қиыр шетіне дейін” таралуда (Ел. іс. 1:8). Астарлы әңгіменің осы тұсы Патшалық туралы хабардың ісімізге тыйым салынған елдерге де тарайтыны әрі мұндай жерлерде уағыз ісінің көпшілікке байқалмай жүретініне нұсқайды.

15. Ишая 60:5, 22-дегі сөздер қалай орындалуда? (93-беттегі “ Ехоба үшін мүмкін емес нәрсе жоқ”, сондай-ақ 96, 97-беттердегі “ Азғантай адамнан... мықты халық шықты” деген қоршауларды да қараңыз.)

15 Исаның осы астарлы әңгімелерді айтқанынан 800 жылдай уақыт бұрын Ехоба бүгіндегі өсімнің ауқымы мен орақ ісінен келер қуанышты аса көркем сөздермен алдын ала айтқан c. Ол адамдардың “шалғай жерлерден” ұйымына ағылып келіп жатқанын суреттеген. Ехоба бүгіндегі майланғандардың тамтығын бейнелейтін “әйелге” сөзін арнап, былай деді: “Мұны көргенде, жүзің жайнап, Жүрегің аттай тулап, шат-шадыман боласың. Өйткені теңіздің байлығы саған ағылады, Ұлттардың қазыналары сенікі болады” (Ишая 60:1, 4, 5, 9). Бұл сөздер айны-қатесіз орындалуда! Ехобаға ұзақ жылдар қызмет етіп келе жатқан бауырластардың, расында да, жүздері жайнап жүр. Себебі олар елдеріндегі жариялаушылардың саны бірнеше адамнан мыңдаған адамға жеткенін өз көздерімен көруде.

Ехобаның барлық қызметшілері үшін қуануға себеп бар

16, 17. Егінді еккендер мен жинағандардың бірге қуануының бір себебін атаңыз. (“ Амазона өңірінде екі буклет екі адамның жүрегіне әсер етті” деген қоршауды да қараңыз.)

16 Есіңізде болса, Иса елшілеріне: “Егін орушылар... мәңгілік өмірге арналған өнімді жинап жатыр. Осылай егінді еккен де, жинаған да бірге қуанады”,— деген еді (Жох. 4:36). Дүниежүзілік орақ ісінде қалай бәріміз “бірге қуанамыз”? Мұның бірнеше себебі бар, солардың үшеуін қарастырып көрейік.

17 Біріншіден, біз орақ ісіне Ехобаның өзі қатысып жатқанына қуанамыз. Патшалық туралы хабарды уағыздағанда, біз шындық тұқымын себеміз (Мат. 13:18, 19). Біреуге мәсіхші болуға көмектескенде, өнім жинаймыз. Ал бәрімізді қуантатын жайт — тұқымның “көктеп шығып”, “өсуіне” Ехобаның ықпал етіп жатқанын көру (Мар. 4:27, 28). Кейде сепкен тұқымымыз кейінірек көктеп, өнімін басқалар жинауы мүмкін. 60 жыл бұрын шомылдыру рәсімінен өткен британдық Джоан бауырластың басынан өткен жағдай сізге де таныс болар. Ол былай деді: “Кейбір бауырластар біраз жылдар бұрын шындық тұқымын жүректеріне менің сепкенімді айтады. Кейінірек басқа Куәгерлер олармен Киелі кітапты зерттеп, Ехобаның қызметшісі болуларына көмектескен екен. Мен мұны білген де жоқпын. Мен себілген тұқымның өсіп, өнім бергеніне қуаныштымын” (Қорынттықтарға 1-хат 3:6, 7 оқыңыз).

18. Қорынттықтарға 1-хат 3:8-дегі сөздерге сай, қуануымызға қандай себеп бар?

18 Екіншіден, Пауылдың келесі сөздерін есте ұстағанымыз қуанышқа бөлейді. Ол: “Әрқайсысы еңбегіне қарай өз сыйын алады”,— деген (Қор. 1-х. 3:8). Демек, сый еңбегіміздің нәтижесіне қарай, яғни біздің арқамызда қанша адамның шындықты қабылдағанына қарай емес, атқарған еңбегіміздің өзі үшін беріледі. Адамдар ізгі хабарға құлақ аса бермейтін аумақтарда қызмет ететін бауырластарға бұл зор жігер береді емес пе!? Шындық тұқымын себу ісіне жан-тәнімен атсалысып жүрген әрбір қызметшісін Ехоба “мол жеміс беріп” жатыр деп есептейді. Ал бұл — қуана қызмет етудің пәрменді себебі (Жох. 15:8; Мат. 13:23).

19. а) Матай 24:14-тегі Исаның пайғамбарлығы неге бізді қуанышқа бөлейді? ә) Шәкірт дайындау ісінде жемісті бола алмай жүрсек, нені есте ұстауымыз керек?

19 Қуанышты болуымыздың үшінші себебі — уағызға қатысқанда, біз пайғамбарлықтың орындалуына үлес қосамыз. Елшілері Исадан: “Сіздің осында болуыңыз бен осы заманның аяқталып қалғанын қандай белгі білдірмек?”— деп сұрағанда, оның не дегеніне көңіл бөлейікші. Исаның айтуынша, белгіні құрайтын жайттардың бірі дүниежүзі бойынша ізгі хабардың уағыздалуы болмақ еді. Ол шәкірт дайындау ісі туралы айтты ма? Жоқ. Иса: “Патшалық жайлы осы ізгі хабар барлық халықтар есту үшін бүкіл жер бетінде уағыздалады”, — деді (Мат. 24:3, 14). Көріп отырғанымыздай, белгінің құрамдас бөлігі — Патшалық жайлы хабарды уағыздау, яғни шындық тұқымын себу. Сондықтан біз мынаны есте ұстаймыз: шәкірт дайындау ісінде жемісті бола алмай жүрсек те, куәлік беру ісінде жемістіміз d. Иә, жұрт ізгі хабарды қабылдай ма, жоқ па — біз Иса айтқан пайғамбарлықтың орындалуына үлес қосып жүрміз, әрі “Құдаймен қызметтес” болуды мәртебе санаймыз (Қор. 1-х. 3:9). Бұл қуанышқа бөлейді емес пе?!

“Күн шыққаннан батқанға дейін”

20, 21. а) Малахи 1:11-дегі сөздер бүгінде қалай орындалуда? ә) Сіз не істеуге бел будыңыз және неге?

20 Бірінші ғасырда Иса елшілеріне орақ ісі қауырт іс екенін түсінуге көмектесті. Ал 1919 жылдан бастап ол мұны бүгінгі таңдағы шәкірттеріне ұғынуға көмектесуде. Содан бері олар уағыз ісін білек сыбана атқаруда, әрі ол ешқашан тоқтаған емес. Малахи пайғамбар айтқандай, бүгінде уағыз ісі “күн шыққаннан батқанға дейін” атқарылуда (Малх. 1:11). Иә, таң атқаннан күн батқанға дейін — шығыстан батысқа дейін, яғни төрткіл дүниеде — егінді еккен де, жинаған да бірге қызмет етіп, бірге қуанып жүр. Сондай-ақ біз таң атқаннан күн батқанға дейін, яғни күні бойы, уағыз ісін қауырт атқарудамыз.

21 100 жылдан асқан тарихымызға үңіліп, Құдай халқының бір шөкім адамнан “мықты халыққа” айналғанын көргенде, “жүрегіміз аттай тулап, шат-шадыман боларымыз” сөзсіз (Ишая 60:5, 22). Осы қуанышымыз бен “егіннің Иесі” Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз тарихтағы ең ұлы орақ ісіне аяғына дейін атсалысуға қозғау салсын! (Лұқа 10:2).

a Түпнұсқада: “[Егін] ағарып, жинауға дайын тұр”,— делінген. Исаның бұлай деуінің себебі — оған қарай келе жатқан самариялықтардың киімі ақ болған болуы мүмкін.

b Орақ ісі 1919—1992 жылдар аралығында қалай жүргеніне қатысты көбірек мәліметті “Ехоба куәгерлері Құдай Патшалығын жариялайды” (ор.) деген кітаптың 425—520 беттерінен табуға болады.

c Ишаяның осы пайғамбарлығына қатысты толығырақ мәліметті мына жерден оқыңыз: “Күзет мұнарасы” 2002 жыл, 1 қыркүйек, 19—29 беттер.

d Бұл маңызды шындықты алғашқы Киелі кітап зерттеушілері сол кездің өзінде түсінген. 1895 жылы “Сион күзет мұнарасы” журналының 15 қарашадағы санында былай делінді: “Азғантай бидай жиналғанмен, шындық туралы зор куәлік берілуі мүмкін... Ізгі хабарды бәрі де уағыздай алады”.