Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

12-ТАРАУ

“Татулықтың Құдайына” ұйымдаса қызмет ету

“Татулықтың Құдайына” ұйымдаса қызмет ету

ТАРАУДЫҢ ӨЗЕКТІ ОЙЫ:

Ехоба өз халқының ұйымында бірте-бірте өзгерістер жасайды

1, 2. 1895 жылы қаңтарда шыққан “Сион күзет мұнарасында” қандай өзгеріс болды және бұл бауырластарға қалай әсер етті?

 ЖАЛЫНДЫ Киелі кітап зерттеушісі Джон Бонет 1895 жылдың қаңтар айында шыққан “Сион күзет мұнарасын” алғанда, таң-тамаша болды. Журналдың мұқабасы мүлдем өзгеше еді: долданған теңіз толқындарының арасында қараңғы аспанға шуағын шашқан шамшырақ тұр. Бұл өзгеріске қатысты журналда “Біздің жаңа келбетіміз” деген атаумен хабарландыру шықты.

2 Қатты әсер алған Бонет бауырлас Расселл бауырласқа жазған хатында: “Мұнарамыздың” келбеті өзгергеніне қуаныштымын. Көрінісі әдемі екен”,— деді. Адал Киелі кітап зерттеушілерінің тағы бірі Джон Браун болса: “Дауыл тұрып, толқын соққылағанына қарамай, мұнара мызғымай тұр. Мұндай көрініс адамға қатты әсер етеді”,— деп жазды. Бұл сол жылы жасалған алғашқы өзгеріс болды, бірақ соңғысы емес еді. Қараша айында тағы бір үлкен өзгеріс жасалды. Көңіл қоярлық бір жайт — бұл өзгеріс те дауылды теңізге теңеуге болатын жайтқа қатысты еді.

3, 4. 1895 жылы “Күзет мұнарасының” 15 қарашадағы санында қандай мәселе талқыланды және ұзағынан сүйіндіретін қандай өзгеріс жасалатыны хабарланды?

3 1895 жылы “Күзет мұнарасының” 15 қарашадағы санында ауқымды мақала шықты. Мақалада келесі маңызды мәселе талқыланды: долы толқын іспетті қиындықтар Киелі кітап зерттеушілерінің ұйымындағы татулықты бұзып жатыр. Жергілікті қауымдарда кім басшылық ететініне қатысты бауырластар арасындағы дау ушығып бара жатты. Оларға жікке бөлетін бақталастық рухынан арылу керектігін түсінуге көмектесу үшін, мақалада ұйым кеме ретінде сипатталды. Сосын басшылықты қолға алғандардың ұйымды “дауылға” дайындай алмағаны ашық айтылды. Мұндайда не істеу керек еді?

4 Сонымен қатар мақалада жақсы капитанның мынаған көз жеткізетініне көңіл бөлінді: бортта адамдарды құтқаруға қажеттінің бәрі болу керек және команда дауыл алдында люктерді жабуға дайын тұруы тиіс. Тап солай ұйымда басшылықты қолға алғандар да бүкіл қауымдардың “дауылға” дайын екенін қадағалауы тиіс еді. Бұған қол жеткізу үшін, мақалада ұзағынан сүйіндіретін өзгеріс жасалатыны хабарланды. Сондай-ақ отарды бақылау үшін, әр қауымда тез арада ақсақалдар таңдалу керек деген басшылық берілді (Ел. іс. 20:28).

5. а) Қауымдарда ақсақалдардың болатыны неге уақтылы жасалған қадам болды? ә) Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?

5 Осы алғашқы өзгеріс қауымдардың нығаюына ықпал еткен уақтылы жасалған қадам болды. Осының арқасында бауырластар І дүниежүзілік соғыстың “алып толқындарына” төтеп бере алды. Ұйымда кейінгі ондаған жылдарда жасалған өзгерістер де бауырластарды Ехобаға жақсырақ қызмет етуге дайындады. Оқиғаның бұлай өрбитіні қандай пайғамбарлықта айтылған еді? Сіз ұйымдағы қандай өзгерістердің куәсі болдыңыз? Олардың қандай игілігін көрдіңіз?

“Тыныштықты бақылаушың етіп тағайындаймын”

6, 7. а) Ишая 60:17-гі сөздерді қалай түсінуге болады? ә) “Бақылаушы”, “жетекші” деген сөздер неге нұсқайды?

6 Тоғызыншы тарауда талқылағанымыздай, Ишаяның пайғамбарлығына сай Ехоба халқына батасын төгіп, санын көбейтпек еді (Ишая 60:22). Бірақ ол халқы үшін бұдан да көп нәрсе істеуді уәде еткен. Ишаяның пайғамбарлығында мынадай сөздер де бар: “Мен саған мыс орнына алтын, Темір орнына күміс, Ағаш орнына мыс, Ал тас орнына темір әкелетін боламын. Тыныштықты бақылаушың, әділдікті жетекшің етіп тағайындаймын” (Ишая 60:17). Бұл сөздерді қалай түсінуге болады? Оның бізге қатысы бар ма?

Бұл — жаманды жақсыға емес, жақсыны одан да жақсысына алмастыру

7 Пайғамбарлықта бір заттың екіншісіне алмастырылатыны айтылған. Бірақ, байқасаңыз, мұнда жаманды жақсыға емес, жақсыны одан да жақсысына алмастыру жөнінде айтылып тұр. Мысты алтынға алмастыру — жақсарту деген сөз. Темір, ағаш, тас жөнінде де солай деуге болады. Демек, осындай бейнелі сөздермен Ехоба өз халқының ахуалы бірте-бірте жақсара түсетінін айтқан. Әңгіме қандай жақсарту жөнінде болып отыр? “Бақылаушы”, “жетекші” деген сөздерді қолдануымен Ехоба өз халқына жасалатын қамқорлық пен ұйымдастыру ісінің бірте-бірте жақсаратынына нұсқаған.

8. а) Ишаяның пайғамбарлығында айтылған жақсартуларды кім жүзеге асырып жатыр? ә) Бұл өзгерістердің біз үшін пайдасы бар ма? (“ Ол кішіпейілділікпен кеңеске құлақ асты” деген қоршауды да қараңыз.)

8 Ұйымдағы өзгерістердің жасалуына кім себепші болып отыр? Ехоба Ишая арқылы алтын мен күмісті әкелетін де, тыныштықты бақылаушы етіп тағайындайтын да өзі екенін айтқан. Иә, қауымның құрылымындағы өзгерістерді адамдар емес, Ехобаның өзі жасап жатыр. Иса Патша болып тағайындалғаннан бері Ехоба мұны сол арқылы жасайды. Мұндай өзгерістердің біз үшін пайдасы бар ма? Жоғарыда келтірілген тармақта олардың “тыныштық” пен “әділдікке” жеткізетіні айтылған. Демек, Құдайдың басшылығына мойынсұнып, өзгеретін болсақ, арамызда тыныштық орнайды. Ал әділдікті жақсы көргеніміз елші Пауыл “тыныштықтың Құдайы” деп атаған Ехобаға қызмет етуге талпындырады (Філіп. 4:9).

9. Қауымдағы тәртіп пен бірліктің іргесі не нәрсеге қалану керек?

9 Ехобаға қатысты Пауыл келесідей сөздер де айтқан: “Құдай — тәртіпсіздіктің емес, татулықтың Құдайы” (Қор. 1-х. 14:33). Байқасаңыз, ол тәртіпсіздікті тәртіпке емес, татулыққа қарама-қарсы қойған. Неге? Себебі тәртіп бар жерде міндетті түрде татулық бола бермейді. Мысалы, бір топ сарбаз ұрыс шебіне тәртіппен, сап түзеп баруы мүмкін, бірақ мұның арты татулыққа емес, соғысқа ұласады. Олай болса, мынаны есте ұстайық: тәртіп болғанмен, татулық жоқ жерде кез келген ұжым ерте ме, кеш пе — бытырап кетеді. Ал Құдайдан келген татулық бар жерде мәңгіге ұласатын тәртіп орнайды. Сондықтан ұйымымызды “тыныштық сыйлайтын Құдай” Ехобаның өзі жетелеп, тазартып отырғанына біз дән ризамыз! (Рим. 15:33). Дүниежүзіндегі қауымдарымызда орнаған өзіміз бағалайтын игілікті тәртіп пен жарасымды бірліктің іргесі Құдайдан келетін тыныштыққа қаланған (Зәб. 29:11).

10. а) Бастапқы жылдары ұйымда қандай игілікті өзгерістер жасалды? (“ Қауымдардағы игілікті өзгерістер” деген қоршауды қараңыз.) ә) Әрі қарай біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?

10 Қауымдардағы игілікті өзгерістер” деген қоршауда бастапқы жылдары ұйымда жасалған игілікті өзгерістерге шолу жасалды. Ал кейінгі жылдар жөнінде не деуге болады? “Мысты” “алтынға” ауыстыру үшін Ехоба қауымдағы басшылыққа қатысты Патша арқылы қандай өзгерістер жасады? Бұл өзгерістер дүниежүзіндегі қауымдардың татулығы мен бірлігін қалай нығайтты? Олар “татулықтың Құдайы” Ехобаға қызмет етуіңізге көмектесіп жатыр ма?

Мәсіхтің қауымға жетекшілік етуі

11. а) Жазбалардың жіті зерттелгенінің нәтижесі қандай болды? ә) Басқарушы кеңестегі бауырластар не істеуге бел буды?

11 Басқарушы кеңестің тапсыруымен 1964—1971 жылдар аралығында Киелі кітапты жіті зерттеу жобасы іске қосылып, басқа жайттармен қоса, бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қауымының құрылымы зерттелді a. Зерттеу барысында бірінші ғасырдағы қауымдарда басшылықты бір ақсақал не бақылаушы емес, ақсақалдар кеңесі жүзеге асырғаны байқалды (Філіпіліктерге 1:1; Тімөтеге 1-хат 4:14 оқыңыз). Басқарушы кеңес осыны жақсы түсінгенде, мұны ұйымның құрылымына қатысты өзгерістер жасалу үшін Патшалары Исаның берген басшылығы деп қабылдап, оған мойынсұнуға бел буды. Содан олар ақсақалдар өз қызметтерін мүмкіндігінше Жазбалардағы үлгіге сай атқару үшін, ұйымда бірден өзгерістер жасады. 1970 жылдардың басында жасалған сондай өзгерістердің кейбірін қарастырып көрейік.

12. а) Басқарушы кеңеске қатысты қандай өзгеріс жасалды? ә) Бүгінде Басқарушы кеңестің жұмысы қалай ұйымдастырылған? (130-беттегі “ Басқарушы кеңес Патшалықтың мүддесін ойлайды” деген қоршауды қараңыз.)

12 Алғашқы өзгеріс басқарушы кеңестің өзіне қатысты жасалды. Бұған дейін басқарушы кеңес жеті майланған бауырластан тұратын. Осы бауырластар Күзет мұнарасы, Киелі кітап және трактаттар қоғамының (Пенсильвания) директорлар кеңесін де құрайтын. Бірақ 1971 жылы басқарушы кеңестің саны 7-ден 11 адамға дейін көбейтілді. Сондай-ақ басқарушы кеңес пен директорлар кеңесі бұдан былай бір болып есептелмейтін болды. Басқарушы кеңестің мүшелері өзара тең саналып, содан бері оның төрағасы әліпби тәртібімен жыл сайын ауысып отырады.

13. а) 1932—1972 жылдар аралығында қауым істерін қадағалау кімнің мойнында болды? ә) Басқарушы кеңес 1972 жылы не істеді?

13 Ал келесі өзгеріс барлық қауымдарға қатысты болды. Қай жағынан? 1932 жылдан 1972 жылға дейін қауым істерін қадағалау негізінен бір ғана бауырластың мойнында еді. 1936 жылға дейін мұндай бауырлас қызмет жетекшісі деп аталды. Бұдан кейін ол серіктестік қызметшісі, сосын қауым қызметшісі, ал соңында қауым бақылаушысы деп аталатын болды. Аталмыш қызметке тағайындалған бауырластар отардың рухани игілігі үшін аянбай еңбек ететін. Әдетте қауым бақылаушысы қауымға қатысты шешімдерді басқа бауырластармен ақылдаспай-ақ қабылдай беретін. Бірақ 1972 жылы Басқарушы кеңес тарихи өзгеріс жасауға дайындалып жатты. Бұл қандай өзгеріс?

14. а) 1972 жылы 1 қазанда қандай өзгеріс күшіне енді? ә) Ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі Філіпіліктерге 2:3-тегі кеңесті қалай қолданады?

14 Бұдан былай қауымдағы басшылық ісі жалғыз қауым бақылаушысына емес, Жазбалардағы талаптарға сай келетін әрі теократиялық жолмен тағайындалған басқа да ақсақалдарға тапсырылатын болды. Бұл бауырластар ақсақалдар кеңесін құрады. Қауым құрылымындағы мұндай өзгеріс 1972 жылдың 1 қазанында күшіне енді. Бүгінде ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі өзін басқа ақсақалдардан жоғары қоймайды, қайта, “кіші тұтады” (Лұқа 9:48). Дүниежүзіндегі бауырластар үшін мұндай кішіпейіл ақсақалдар — нағыз бата! (Філіп. 2:3).

Иә, көреген Патшамыз қажетті бағушыларды дер кезінде беріп отыр

15. а) Қауымдарда ақсақалдар кеңесінің құрылуы қай жағынан игілікті? ә) Патшамыздың көреген екені неден байқалады?

15 Ақсақалдар кеңестерінің қауымдағы жауапкершіліктерді бөлісіп атқаратындары өте игілікті болды. Бұның үш пайдасын қарастырайық. Бірінші әрі ең маңызды пайдасы — міндеттерінің қаншалықты ауыр екеніне қарамай, барлық ақсақалдар қауымның Басы Иса екенін жақсы түсінетін болды (Ефес. 5:23). Екіншіден, Нақыл сөздер 11:14-те айтылғандай, “кеңесшілер көп болса, [ел] жетістікке жетеді”. Қауымның рухани игілігіне әсер ететін мәселелерді қарастырғанда, ақсақалдардың бір-бірінің ойына ден қойғаны Киелі кітаптағы принциптерге сай келетін шешімдер қабылдауға ықпал етеді (Нақ. с. 27:17). Ехоба мұндай шешімдерге батасын береді, ал бұл жетістікке жеткізеді. Үшіншіден, ақсақалдардың көп болғаны күн санап өсіп жатқан қауымдардың ісін жақсы қадағалауға, сондай-ақ бақташылық ісін жақсы ұйымдастыруға мүмкіндік береді (Ишая 60:3—5). Ойлап көріңізші, 1971 жылы дүниежүзі бойынша 27 000 қауым бар еді, ал 2013 жылы 113 000-нан асып жығылды! Иә, көреген Патшамыз қажетті бағушыларды дер кезінде беріп отыр (Миха 5:5).

“Отарға үлгі-өнеге болыңдар!”

16. а) Ақсақалдарға қандай міндет жүктелген? ә) Киелі кітап зерттеушілері Исаның “қозыларымды бақ” деген тапсырмасын қалай қабылдады?

16 Киелі кітап зерттеушілері бауырластарына Құдайға қызмет етуді доғармауға көмектесуге міндетті екендерін әуел баста-ақ түсінген (Ғалаттықтарға 6:10 оқыңыз). Мысалы, 1908 жылы “Күзет мұнарасында” Исаның “қозыларымды бақ” деген тапсырмасы талқыланды (Жох. 21:15—17). Мақалада ақсақалдарға арнап мынадай сөздер жазылды: “Иеміздің отарға қатысты тапсырмасына жүрегіміздің төрінен орын бергеніміз өте маңызды, біз Қожайынның ізбасарларын бағу мен қамқорлауды зор мәртебе ретінде бағалауымыз керек”. 1925 жылы “Күзет мұнарасы” журналында отарды қамқорлау өте маңызды екеніне тағы да назар аударылып, мына жайт ақсақалдардың есіне салынды: “Құдайдың шіркеуі — оның өз меншігі... сондықтан бауырластарына қызмет ету мәртебесіне ие болғандардың бәрінен ол есеп беруді талап етеді”.

17. Ақсақалдар бағушы ретінде машықтана түсу үшін Ехобаның ұйымы не істеуде?

17 Ехобаның ұйымы “темірдің” “күміске” ауыстырылуына, яғни ақсақалдардың бағушы ретінде машықтана түсуіне қалай көмектесуде? Арнайы оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру арқылы. Мысалы, 1959 жылы бақылаушыларға арналған ең алғашқы Патшалық қызмет мектебі өткізілді. Мектепте “Әр адамға жеке көңіл бөліңдер” деген тақырып қарастырылып, жауапты бауырластар “жариялаушылардың үйіне барып, хал сұрау үшін арнайы кесте жасап алуға” шақырылды. Сондай-ақ сабақтардың бірінде бақташылық сапарға барғанда бауырластарды жігерлендірудің түрлі жолдары талқыланды. Ал 1966 жылдан бастап Патшалық қызмет мектебі жаңартылған бағдарламамен өтетін болды. Онда “Бақташылық істің маңыздылығы” деген тақырып бар еді. Бұл сабақтың басты ойы мынау болды: басшылықты қолға алғандар “Құдайдың отарын сүйіспеншілікпен қамқорлауға тиіс, бірақ өз отбасының қамы мен уағыз қызметі де елеусіз қалмау керек”. Соңғы жылдары ақсақалдарға арналған басқа да мектептер өткізілді. Ехобаның ұйымы үнемі өткізіп отыратын мұндай мектептердің жемісі қандай? Бүгінде мәсіхшілердің қауымдарында жақсы дайындықтан өткен мыңдаған рухани бағушы бар.

Филиппинде өткен Патшалық қызмет мектебі (1966 жыл)

18. а) Ақсақалдарға қандай жауапты міндет жүктелген? ә) Ехоба мен Иса аянбай еңбек етіп жүрген ақсақалдарды не үшін жақсы көреді?

18 Ақсақалдарды Патшамыз Иса арқылы Ехобаның өзі тағайындайды, әрі оларға жауапты тапсырма береді. Бұл қандай тапсырма? Оларға тарихтағы ең қиын кезеңде Құдайдың қойларын бастап жүру тапсырылған (Ефес. 4:11, 12; Тім. 2-х. 3:1). Ехоба мен Иса аянбай еңбек етіп жүрген ақсақалдарды өте жақсы көреді. Себебі олар Жазбалардағы мына сөздерге мойынсұнады: “Бақылаушылар ретінде өздеріңе тапсырылған Құдайдың отарын... шын көңілмен... бар ынта-жігермен бағыңдар... отарға үлгі-өнеге болыңдар!” (Пет. 1-х. 5:2, 3). Ақсақалдар отарға көп жағынан үлгі-өнеге болып, қауымның татулығы мен бірлігіне ықпал етуде. Солардың екеуін ғана қарастырып көрейік.

Ақсақалдардың Құдай отарын қамқорлауы

19. Ақсақалдармен қызметке шыққанда, біз не сезінеміз?

19 Біріншіден, ақсақалдар қауымдағы бауырластармен қызметке шығады. Иса жайлы Лұқа былай деп жазған: “Иса қалалар мен ауылдарды аралап, Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жариялап жүрді. Ал оған 12 елшісі... еріп жүрді” (Лұқа 8:1, 2). Шәкірттерімен бірге уағыздаған Иса сияқты, ақсақалдар да бауырластармен бірге қызметке шығады. Олар бұның қауымның рухани күйіне жақсы ықпал ететінін түсінеді. Мұндай ақсақалдар туралы қауымдағылар қандай ойда? Тоқсандарға келіп қалған Жаннин есімді бауырлас: “Ақсақалмен уағызға шыққанда, жақсылап әңгімелесіп, онымен жақынырақ танысуға болады”,— дейді. Қырықтарға таяған Стевен деген бауырлас болса: “Үйме-үй уағыздап жүргенімізде, ақсақалдың көмектескісі келіп тұратынын байқаймын. Мен оның көмегіне дән ризамын”,— деп өз лебізін білдірді.

Қойшының жоғалған қойын іздейтіні сияқты, ақсақалдар да қауымнан алшақтап кеткендерді табуға тырысады

20, 21. Ақсақалдар Исаның астарлы әңгімесіндегі қойшыға қалай еліктей алады? Мысал келтіріңіз. (“ Жұма сайынғы жемісті кездесулер” деген қоршауды да қараңыз.)

20 Екіншіден, Ехобаның ұйымының арқасында ақсақалдар қауымнан алыстап кеткендердің қамын ойлауды үйренген (Евр. 12:12). Неге олар рухани әлсіреп қалғандарға көмектесу керек? Мұны қалай істеген дұрыс? Бұл сұрақтардың жауабын Исаның қойшы мен жоғалған қой туралы астарлы әңгімесінен табамыз (Лұқа 15:4—7 оқыңыз). Қойшы бір қойының жоқ екенін байқағанда, оны жар дегендегі жалғыз қойындай іздейді. Ақсақалдар сол қойшыға қалай еліктеп жүр? Қойшы жоғалған қойын керексіз санаған жоқ. Тап солай Құдай халқымен қатынаспай кеткендер ақсақалдар үшін бұрынғысынша бағалы болып қала береді. Рухани әлсіреп қалғандарды олар біржола кеткен деп емес, жоғалып қалған қой деп есептейді. Бұған қоса, қойшының жоғалған қойын тапқанша іздеуге бел буғанындай, ақсақалдар да әлсіреп қалғандарды тауып алып, көмектесуге ықыласты.

21 Астарлы әңгімедегі қойшы жоғалған қойын тапқанда не істеген еді? Оны ақырын көтеріп, “иығына салып алады” да, отарға әкеліп қосады. Ақсақалдың да қамқорлықпен айтқан жылы-жылы сөздері рухани әлсіреп қалған адамның рухын көтеріп, қауымға қайта қосылуына ықпал етуі мүмкін. Африкада тұратын Виктор деген бауырлас кезінде қауыммен араласуын доғарған еді. Ол: “Мен уағыздамай жүрген сегіз жылдың ішінде ақсақалдар талай рет келді”,— деп әңгімеледі. Оған ерекше әсер еткен не болды екен? Виктор былай деп түсіндірді: “Бірде Ізашарлық қызмет мектебінде менімен бірге оқыған Джон деген ақсақал келіп, мектепте бірге түскен суреттерімізді көрсетті. Бұл Ехобаға қызмет етіп жүргендегі керемет кезеңдерді есіме салды. Мен сол бір қуанышты сәттерді сағына бастадым”. Джон келіп кеткеннен кейін, көп ұзамай Виктор қауымға қайта оралды. Бүгінде ол қайтадан ізашар болып қызмет етіп жүр. Расында да, қамқор ақсақалдар біздің қуанышымызға қуаныш қосады b (Қор. 2-х. 1:24).

Басшылыққа қатысты өзгерістер Құдай халқының бірлігін нығайтады

22. Әділдік пен татулық қауымның бірлігін қалай нығайтатынын айтып беріңіз. (“ Біз қайран қалдық” деген қоршауды да қараңыз.)

22 Жоғарыда қарастырылғандай, Ехоба өз халқының арасында әділдік пен тыныштықтың өркендейтінін алдын ала айтқан (Ишая 60:17). Осы екі қасиет те қауымдардағы бірлікті нығайтады. Қалай? Әділдік жайында айтар болсақ, “Құдайымыз Ехоба — жалғыз Ехоба” (Мұс. 5-ж. 6:4). Оның әділ талаптары қауымның қай елде екеніне қарай өзгеріп отырмайды. “Қасиеттілердің барлық қауымдары” үшін оның дұрыс пен бұрысқа қатысты қоятын талаптары бірдей (Қор. 1-х. 14:33). Сондықтан қауым Ехобаның талаптарына сай әрекет ететін болса ғана өркендейді. Ал тыныштық пен татулыққа келсек, Патшамыз қауымда татулықтың болғанына қуанғанымызды ғана емес, “татуластырушы” болғанымызды қалайды (Мат. 5:9). Сол себепті біз “өзара тату болуға ықпал ететіннің бәрін істейміз”. Арагідік болып тұратын түсініспеушіліктерді бірінші болып шешуге тырысамыз (Рим. 14:19). Осылай қауымдағы татулық пен бірліктің іргесі шайқалмауына үлес қосамыз (Ишая 60:18).

23. Бүгінде Ехобаның халқы оған қалай қызмет етіп жүр?

23 1895 жылдың қарашасындағы “Күзет мұнарасында” қауымдарда ақсақалдардың болатыны жарияланғанда, жауапты бауырластардың бұған қатысты тілектері де жазылды. Олар нені тіледі? Бауырластар ұйымдағы осы жаңа шараның Құдай халқын “сенім жағынан тезірек бірлікке жеткізуін” тілеп, сол үшін дұға ететіндерін айтты. Бүгінде ұйымның тарихына үңіле отырып, Ехобаның қауымдағы басшылыққа қатысты Патшамыз арқылы бірте-бірте жасаған өзгерістерінің арқасында бірлігіміздің нығайғанын байқаймыз. Бұл жүрегімізді ризашылыққа толтырады (Зәб. 99:4). Қазіргі таңда Ехобаның қызметшілері қайда болмасын, бірдей ниетпен бір жолда жүріп, “татулықтың Құдайына” “иық тіресе” қызмет етуде (Қор. 2-х. 12:18; Софония 3:9 оқыңыз).

a Осы ауқымды зерттеу жұмысының нәтижесі “Киелі кітапты түсінуге көмек” деген еңбекте жарық көрді.

bАқсақалдар “қуанышты болуымыз үшін бізбен қызметтесіп жүр” деген мақаланы қараңыз (“Күзет мұнарасы” 2013 жыл, 15 қаңтар, 27—31 беттер).