Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

15-ТАРАУ

Ғибадат ету бостандығы үшін күрес

Ғибадат ету бостандығы үшін күрес

ТАРАУДЫҢ ӨЗЕКТІ ОЙЫ:

Мәсіх ұйымымыздың ресми түрде мойындалуына және Құдай заңына сай өмір сүру құқымызды қорғауға көмектесуде

1, 2. а) Құдай Патшалығының азаматы екенімізді не дәлелдейді? ә) Құдай заңына сай өмір сүру үшін неге біз кейде күресуге мәжбүрміз?

 СІЗ Құдай Патшалығының азаматысыз ба? Әрине, өйткені Ехоба куәгерісіз ғой! Ал азаматтығымызды не дәлелдейді? Бұны дәлелдейтін — төлқұжат не жеке куәлік емес, Ехобаға қалай ғибадат ететініміз. Шынайы ғибадат сенуден ғана тұрмайды, бұл үшін Құдай заңына мойынсұнып, соған сай өмір сүруіміз керек. Біздің ғибадатымыз өміріміздің барлық саласын, тіпті бала тәрбиелеу мен емшара мәселесін де қамтиды.

2 Біз Құдай Патшалығының азаматы екенімізді қатты бағалаймыз. Бірақ бұл дүниедегілер бізді де, орындайтын талаптарымызды да құрметтей бермейді. Мысалы, кей елдердің үкіметі діни бостандығымызды шектегісі яки ғибадатымызға мүлдем тыйым салғысы келеді. Ал кейде біз Құдай заңына сай өмір сүру құқымыз үшін күресуге мәжбүрміз. Бірақ біз бұған таңғалмаймыз. Себебі Ехобаның ежелдегі қызметшілері де еркін ғибадат ету үшін көп жағдайда күресу керек болған.

3. Естер патшайымның заманында Құдай халқы не үшін күрескен?

3 Осындай оқиғалардың бірі Естер патшайымның заманында болды. Сол кезде Құдай халқына тіпті өмір үшін күресуге тура келді. Өйткені Персия патшасы Ахашвероштың бас уәзірі залым Хаман оған яһуди халқын түптамырымен жойып жіберуді ұсынды. Хаман мұның себебін “олардың заңдары басқалардікінен өзгеше” деп түсіндірді (Ест. 3:8, 9, 13). Осындай ауыр шақта Ехоба өз халқын тастап кетті ме? Жоқ. Естер мен Мардохай Персия патшасынан халықты қорғауын өтінді. Ал Ехоба оларға батасын берді (Ест. 9:20—22).

4. Бұл тарауда не талқыланады?

4 Ал бүгіндегі жағдай қандай? Алдыңғы тарауда зайырлы билік өкілдері кейде Ехоба куәгерлеріне қарсылық көрсететінін талқыладық. Ал бұл тарауда осындай билік өкілдері ғибадат ету құқымызды қалай шектегісі келгенін қарастырамыз. Біз келесі үш жайтқа көңіл бөлеміз: 1) ұйымымыздың ресми түрде мойындалуы мен өзіміз қалағандай ғибадат ету құқымыз; 2) Киелі кітап принциптерін бұзбайтын емшара түрін таңдау еркіміз; 3) балаларымызды Ехобаның талаптарына сай тәрбиелеу құқымыз. Олай болса, бұлардың әрқайсысын жеке қарастырып, Патшалықтың азаматы ретінде өмір сүру құқығы үшін Куәгерлердің қалай күрескенін және Ехобаның оларға қалай батасын бергенін білейік.

Ресми түрде мойындалу мен негізгі бостандықтар үшін күрес

5. Ресми түрде мойындалғандарының шынайы мәсіхшілер үшін қандай игілігі бар?

5 Ехобаға ғибадат ету үшін ұйымымыздың ресми мойындалғаны қажет пе? Жоқ. Әйтсе де бұл діни қызметіміздің атқарылуын жеңілдетеді. Мысалы: Патшалық сарайлары мен Конгресс сарайларында емін-еркін бас қосамыз, діни әдебиеттер басып шығарамыз, жөнелтеміз, ізгі хабарды еркін уағыздаймыз. Көп елде Ехоба куәгерлері заңды тіркеуден өтіп, басқа да ресми діндер сияқты ғибадаттарын еркін атқарады. Ал мемлекет бізді ресми түрде мойындаудан бас тартса немесе негізгі бостандықтарымызды шектеуге тырысса ше?

6. 1940 жылдардың басында Австралиядағы Куәгерлер қандай қиындыққа кезікті?

6 Австралия. 1940 жылдардың басында Австралияның генерал-губернаторы біздің нанымдарымызды әскери экономикаға “зиянды” деп табады. Содан ісімізге тыйым салынып, Куәгерлер ашық кездесе де, уағыздай да алмайды, Бетел қызметін тоқтатады, Патшалық сарайлары тәркіленеді, тіпті үйде әдебиет ұстауға рұқсат етілмейді. Бірнеше жыл жасырын қызмет еткеннен кейін ғана жағдай жақсарады. 1943 жылдың 14 маусымында Австралияның Жоғарғы соты Куәгерлерге салынған тыйымның күшін жояды.

7, 8. Ресейдегі бауырластардың ғибадат ету бостандығы үшін жүргізген күресі жайлы айтып беріңіз.

7 Ресей. Кеңес Одағында Ехоба куәгерлерінің ісіне ондаған жылдар бойы тыйым салынған болатын, бірақ 1991 жылы олар ақыры тіркеуден өтті. Ал Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, олар 1992 жылы Ресей Федерациясында тіркеуден өтті. Бірақ қарқындап өсіп жатқанымыз кейбір қарсыластардың, нақтырақ айтқанда, Орыс православ шіркеуімен байланысы барлардың шымбайына тиді. Содан 1995—1998 жылдар аралығында олар Ехоба куәгерлеріне қарсы қылмыстық іс қозғалуына бес рет әрекет жасады. Алайда бес жағдайда да бұған негіз боларлық қылмыс белгілері табылмады. Сонда табан тірескен қарсыластар 1998 жылы Куәгерлердің үстінен азаматтық шағым түсірді. Бастапқыда іс Куәгерлердің пайдасына шешілді. Бірақ қарсыластар мұнымен келіспей, қарсы шағым түсіргеннен кейін, 2001 жылдың мамыр айында сот шешімінің күші жойылды. Сол жылдың қазан айында сот процесі қайта жалғасып, 2004 жылы Мәскеу қаласында Ехоба куәгерлері қолданған заңды тұлғаны тарату мен қызметін тоқтату туралы шешім шығарылды.

8 Бұл шешім қуғын-сүргінге ұласты (Тімөтеге 2-хат 3:12 оқыңыз). Куәгерлерді келеке-мазақ етті, қорлады, әдебиеттерін тәркіледі, ал ғибадат ететін орындарды жалға алу не соғу барынша қиындап етті. Бастарына осындай қиындық түскенде, бауырластардың не сезінгенін елестетудің өзі қиын! 2001 жылы Ехоба куәгерлері Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Сотқа (АҚЕС) шағым түсіріп, 2004 жылы қосымша мәлімет берді. АҚЕС 2010 жылы аталмыш іске қатысты шешім шығарды. Сот Ресейдегі Куәгерлердің ісіне салынған тыйым діни төзбеушілікке негізделген деген тұжырымға келіп, ешбір Куәгердің кінәсін дәлелдейтін айғақ жоқ болғандықтан, төменгі инстанциялардың шешімдерін күшінде қалдыруға негіз жоқ деген шешім шығарды. Сонымен қатар салынған тыйымның мақсаты Куәгерлерді заңды құқықтарынан айыру болғанын атап өтті. Осылай сот шешімі Ехоба куәгерлерінің еркін ғибадат етуге құқылы екенін растады. Ресей үкіметінің билік өкілдері АҚЕС-тің шешімін орындаған жоқ, бірақ мұндай жеңістер елдегі Құдай халқының жігерін қайрай түседі.

Титос Мануссакис (9-абзацты қараңыз)

9—11. Грекияда Құдай халқы бірге ғибадат ету құқығы үшін қалай күресті, бұның нәтижесі қандай болды?

9 Грекия. Куәгерлердің шағын тобы бірге ғибадат ету үшін 1983 жылы Титос Мануссакис Крит аралындағы Ираклион қаласында бір бөлме жалдады (Евр. 10:24, 25). Бірақ көп ұзамай бір православ священнигі Куәгерлердің бөлмені ғибадат ету мақсатында қолданып жатқанына қарсылық білдіріп, полицияға шағымданды. Не үшін? Бар болғаны Куәгерлердің ілімдері Православ шіркеуінікінен өзгеше болғандықтан! Содан Титос Мануссакис пен тағы үш Куәгерге қарсы қылмыстық іс қозғалды. Оларға айыппұл салынып, бәрі екі айға бас бостандығынан айырылды. Бауырластар сот шешімін діни бостандық құқығын бұзу деп есептеп, қарсы шағым түсірді. Бірақ елдеріндегі соттарда жеңіске жете алмады, сондықтан АҚЕС-ке жүгінді.

10 Ақырында, 1996 жылы АҚЕС таза ғибадаттың пайдасына шешім шығарды. Бұл қарсыластар үшін күтпеген соққы болды. Сот келесі жайттарды атап өтті: “Ехоба куәгерлері Грекия заңында қолданылған “танымал дін” деген анықтамаға сай келеді”, әрі төменгі инстанциялардың шешімдері “арыз берушілердің дін бостандығын шектейді”. Сондай-ақ сот Грекия үкіметінің “діни нанымдарға немесе оларды білдіру жолына заңды не заңсыз деген анықтама” беруге құзыры жоқ деп тапты. Осылай Куәгерлерге қарсы шығарылған үкімдердің күші жойылып, олардың еркін ғибадат ету құқығы қорғалды!

11 Бұл жеңіс Грекиядағы діни ахуалға әсер етті ме? Өкінішке қарай, әсер еткен жоқ. 2012 жылы, шамамен 12 жылға созылған тартыстан кейін, Кассандрея қалашығында тағы да осындай іс қаралды. Бұл жолы қудалауға себепкер болған православ епископы еді. Мемлекет кеңесі, яғни Грекияның жоғарғы әкімшілік соты, істі Құдай халқының пайдасына шешті. Сот Грекияның Конституциясында дін бостандығына кепілдік берілетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ Ехоба куәгерлері танымал дін емес деген жиі қайталанған пікірді жоққа шығарды. Сот кесімі мынадай болды: “Ехоба куәгерлерінің ілімдері құпия емес, сондықтан оларды танымал дін деуге болады”. Бүгінде Кассандреядағы шағын қауым өз Патшалық сарайларында ғибадат ете алатындарына қуанышты.

12, 13. Францияда Құдай халқының жаулары қалай “заңды пайдаланып” оларды пәлеге ұшыратпақ болды, бұл немен аяқталды?

12 Франция. Құдай халқының жауларының арасында “заңды пайдаланып пәлеге ұшыратуды ойлайтындар” да болды (Зәбүр 94:20 оқыңыз). Мысалы, 1990 жылдардың ортасында Францияның салық комитеті Ехоба куәгерлері қолданатын заңды тұлғалардың бірінің, яғни Ехоба куәгерлері бірлестігінің (ЕКБ), қаржы есептемелерін тексере бастады. Қаржы министрінің сөздерінен бұл тексерудің шынайы мақсаты байқалды. Ол: “Бұл тексерудің арты заңды тұлғаның таралуына яки... қылмыстық іс қозғалуына әкеліп, осының салдарынан Бірлестіктің қызметі тұрақты болмауы немесе біздің аумағымыздағы іс-шаралары тоқтатылуы ықтимал”,— деді. Тексеру барысында есеп-қисаптан еш кемшілік табылмағанмен, салық комитеті ЕКБ-ға өте үлкен салық салды. Олардың ойлағаны жүзеге асса, мұндай салықты төлеу үшін бауырластарға Бетелді жауып, ғимараттарын сатудан басқа амал қалмас еді. Бұл пәрменді соққы болды, бірақ Құдай халқының сағы сынбады. Олар әділетсіздікке шыдап отыра бермей, ақырында, 2005 жылы АҚЕС-ке шағым жазды.

13 АҚЕС өз шешімін 2011 жылдың 30 маусымында жариялады. Соттың тұжырымы бойынша, төтенше жағдайларды есепке алмағанда, діни сенім бостандығы туралы заң діни нанымдардың немесе оларды білдіру жолының заңды не заңсыз екенін мемлекеттің анықтауына тосқауыл қояды. Сот шешімінде былай делінді: “Салық Бірлестікті аса қажетті ресурстардан айырады, соның салдарынан оның мүшелері ғибадаттарына кіретін іс-шараларды еркін атқара алмай қалады”. Осылай сот істі бірауыздан Ехоба куәгерлерінің пайдасына шешті! Құдай халқының қуанышына орай, Сот шешімі бойынша Франция үкіметі ЕКБ-ға салынған салықты үстемесімен қайтарды, сондай-ақ филиалдың меншігін талап ету құқынан бас тартты.

Заң мәселелерінде әділетсіздік көріп жүрген бауырластарыңыз үшін үзбей дұға етуіңізге болады

14. Ғибадат ету құқымыз үшін күресте сіз қалай үлес қоса аласыз?

14 Ертедегі Естер мен Мардохай Ехоба талап еткендей ғибадат ету үшін күрескен (Ест. 4:13—16). Бүгінгі күні де Ехобаның халқы сол үшін күреседі. Сіз бұған үлес қоса аласыз ба? Әрине. Заң мәселелерінде әділетсіздік көріп жүрген бауырластар үшін үзбей дұға етуіңізге болады. Мұндай дұғалардың тар жол тайғақ кешіп жүрген бауырластарға тигізер көмегі зор (Жақып 5:16 оқыңыз). Ехоба дұғаларымызға жауап бере ме? Бұған еш дау жоқ. Мұның дәлелі — сот тартыстарындағы жеңістеріміз! (Евр. 13:18, 19).

Киелі кітап принциптерін бұзбайтын емшара түрін таңдау құқы

15. Қан құю мәселесі көтерілсе, Құдай халқы қандай жайттарды ескереді?

15 Бүгінде медицинада қан кеңінен қолданылады. Бірақ, 11-тараудан білгеніміздей, Құдай Патшалығының азаматтарына қаннан аулақ болуға қатысты нақты басшылық берілген (Мұс. 1-ж. 9:5, 6; Мұс. 3-ж. 17:11; Елшілердің істері 15:28, 29 оқыңыз). Біз қан құйдыруға келіспегенмен, өзімізге де, жақындарымызға да мүмкіндігінше ең сапалы әрі Құдай заңын бұзбайтын медициналық көмек көрсетілгенін қалаймыз. Көп елдің жоғарғы соттары кез келген адамның ар-ожданы мен діни сеніміне қарай, медициналық көмек таңдауға не одан бас тартуға құқы бар екенін мойындайды. Сөйтсе де кейбір елдерде Құдай халқы емшара мәселесінде үлкен қиындықтарға кезігеді. Сондай жағдайлардың кейбірін қарастырып көрейік.

16, 17. Жапонияда бір бауырлас қандай күтпеген жайтты бастан кешірді және ол дұғаларына қалай жауап алды?

16 Жапония. 63 жастағы Мисае Такеда деген үй шаруасындағы әйелге күрделі ота жасату керек болады. Ол Құдай Патшалығының адал азаматы еді, сондықтан дәрігеріне қан қолданбай емдегенін қалайтынын анық айтады. Соған қарамастан ота барысында оған қан құйылады. Бұны бірнеше айдан кейін білген Мисае бауырлас төбесінен жай түскендей болады. Өзіне әлімжеттілік жасалғандай, алданғандай сезінген ол 1993 жылдың маусым айында дәрігерлер мен емханаға қарсы сотқа арыз жазады. Мисае бауырлас қарапайым әрі жұмсақ жан болғанмен, сенімі болаттай берік еді. Ол дімкас болғанына қарамай, адамға лық толы сот залында бір сағаттан аса куәлік береді. Сот залына соңғы рет ол өлерінен небәрі бір ай бұрын барған еді. Оның батылдығы мен сенімі қайран қалдырады емес пе?! Мисае бауырлас жүргізіп жатқан күресіне Ехобаның батасын сұрап талай жалбарынған екен. Ол дұғаларының жауапсыз қалмайтынына сенімді болған. Солай болып шықты ма?

17 Мисае бауырлас қайтыс болғаннан кейін үш жыл өткен соң, Жапонияның Жоғарғы соты істі оның пайдасына шешеді. Сот адамның анық айтылған еркіне қарсы қан құюдың дұрыс болмағанымен келісті. 2000 жылдың 29 ақпанында шығарылған бұл шешімде емшара мәселесіндегі “таңдау құқы” адамның “жеке басының құқығы ретінде құрметтелуі тиіс” екені айтылды. Мисае бауырластың Құдай заңы бойынша тәрбиеленген ар-ұжданына қайшы келмейтін емшара таңдау құқығы үшін күрескенінің арқасында Жапониядағы Куәгерлер бүгінде еріктеріне қарсы ешкімнің оларға қан құймайтынына сенімді.

Пабло Альбарасини (18—20 абзацтарды қараңыз)

18—20. а) Аргентинаның Жоғарғы сотында қандай іс қаралды, оның нәтижесі қандай болды? ә) Қан мәселесінде Мәсіхке мойынсұнатынымызды қалай көрсетеміз?

18 Аргентина. Ес-түссіз жағдайда медициналық көмек көрсетілу қажет болса, Құдай Патшалығының азаматтары емшараға қатысты еркін қалай білдіре алады? Мұндай жағдайда біз үшін өз еркімізді білдіретін медициналық құжат сөйлейді. Бұл үшін Пабло Альбарасини бауырлас сияқты, құжатымызды өзімізбен алып жүру керек. 2012 жылдың мамыр айында тонаушыларға тап болған ол оққа ұшып, бірнеше жарақат алады. Пабло ауруханаға ес-түссіз күйде жеткізілгендіктен, қанға қатысты ұстанымын түсіндіре алмайды. Бірақ оның жанынан 4 жыл бұрын толтырылған медициналық құжат табылады. Құжатқа қол қойылған әрі ол дұрыс толтырылған еді. Кей дәрігерлер оны аман алып қалу үшін қан құю керек деп ойлағанмен, аурухана қызметкерлері науқастың еркімен санасуға дайын болды. Алайда Паблоның әкесі, ол Куәгер емес еді, сотқа барып, баласының еркіне қайшы келетін сот шешімін алып келеді.

19 Паблоның жұбайының қорғаушысы бірден апелляцияға береді. Бірнеше сағаттың ішінде апелляциялық сот төменгі инстанцияның шешімін жоққа шығарып, медициналық құжатта көрсетілген науқастың еркі құрметтелуі тиіс деген кесімін айтады. Сонда Паблоның әкесі Аргентинаның Жоғарғы сотына шағым түсіреді. Алайда Жоғарғы сот “[қан құюдан бас тарту туралы еркін білдірген медициналық құжатты Пабло] ақыл-есі дұрыс, біреудің мәжбүрлеуімен емес, саналы түрде толтырғанына күмәндануға еш негіз жоқ” деп табады. Сот мынадай тұжырым шығарады: “Әрекетке қабілетті кез келген ересек адам... денсаулығына қатысты өз еркін білдіріп, белгілі бір емшараға келісе не одан бас тарта алады. Емдеуші дәрігер науқастың еркін ескеруге міндетті”.

Сіз медициналық құжат толтырдыңыз ба?

20 Уақыт өте Пабло бауырлас оңалып кетті. Жұбайы екеуі кезінде оның медициналық құжат толтырғанына қуанышты. Ол осы бір қарапайым, әйтсе де маңызды қадамды жасауымен Құдай Патшалығының Патшасы Мәсіхке мойынсұнатынын көрсетті. Ал сіздің отбасыңыз осы құжатты толтырды ма?

Эйприл Кадорет (21—24 абзацтарды қараңыз)

21—24. а) Канаданың Жоғарғы соты жеткіншектерге және қан мәселесіне қатысты қандай маңызды шешім шығарды? ә) Қалай бұл жағдай жас бауырластардың рухын көтеруі мүмкін?

21 Канада. Әдетте соттар ата-аналардың өз балалары үшін қандай емнің жақсы екенін шешуге құқылы екенін мойындайды. Емшара түрін таңдауға келгенде соттар оң-солын тани білетін естияр жеткіншектің құқы құрметтелу қажет деген шешім шығарған кездер де болған. Солардың бірі — Эйприл Кадореттің жағдайы. 14 жасында ол ішіне көп қан кетіп, ауруханаға түседі. Одан бірнеше ай бұрын Эйприл медициналық құжат толтырып, тіпті төтенше жағдайда да өзіне қан құйылуына қарсы екенін көрсеткен еді. Бірақ емдеуші дәрігер оның анық білдірген еркін елемей, қан құюға рұқсат беретін сот шешімін алады. Осылай ем кезінде оның еркіне қарсы қан құйылады. Кейінірек бұл жайында Эйприл өзін біреу зорлап кеткендей сезінгенін айтты.

22 Эйприл мен ата-анасы әділдік іздеп, сотқа жүгінеді. Содан екі жылдан кейін оның ісі Канаданың Жоғарғы сотында қаралады. Эйприлдің конституциялық құқығы бұзылғанына қатысты жазған арызы қанағаттандырылған жоқ. Десе де Жоғарғы сот оның тартысқа кеткен шығынының орны толтырылуы тиіс, сондай-ақ Эйприл мен оң-солын тани білетін басқа да жеткіншектер емшара түрлерін өз беттерінше таңдауға құқылы деген шешім шығарды. Сот кесімі мынадай болды: “Емшара мәселесіне келгенде 16-ға толмаған жасөспірімдерге белгілі бір емге қатысты ой-пікірлерінің жеткілікті дәрежеде дербес әрі толысқан екенін көрсетуге мүмкіндік берілуі тиіс”.

23 Жоғарғы соттың бұл шешімінің ерекшелігі — ақыл-ойы толысқан жеткіншектердің конституциялық құқықтарына көңіл бөлінді. Бұған дейін Канада соттары қандай да бір емшара 16-ға толмаған баланың игілігіне асады деп ойласа, оны қолдануға қатысты шешім шығара алатын. Ал енді баланың еркіне қарсы мұндай шешім шығармас бұрын, олар оған жеткілікті дәрежеде толысқан екенін дәлелдеуге мүмкіндік беруге тиіс.

“Мен Шайтанның өтірікші екенін дәлелдеп, Құдай есімін мадақтау үшін азын-аулақ үлес қоса алғаныма қуаныштымын”

24 Осы үш жылдық тартыс өзін ақтады ма? Эйприлдің айтуынша, ақтады! Ол: “Мен Шайтанның өтірікші екенін дәлелдеп, Құдай есімін мадақтау үшін азын-аулақ үлес қоса алғаныма қуаныштымын”,— деді. Бүгінде оның денсаулығы жақсы, әрі ол тұрақты ізашар болып қызмет етеді. Көріп отырғанымыздай, жастар да Құдай Патшалығының азаматы екендерін дәлелдей алады (Мат. 21:16).

Баланы Ехобаның талаптарына сай тәрбиелеу құқығы

25, 26. Ерлі-зайыптылар ажырасқанда, қандай мәселе көтерілуі мүмкін?

25 Ехоба ата-аналарға маңызды іс сеніп тапсырған: олар балаларын оның талаптарына сай тәрбиелеу керек (Мұс. 5-ж. 6:6—8; Ефес. 6:4). Бұл — оңай тапсырма емес. Ал ерлі-зайыптылар ажырасатын болса, жағдай одан да қиындай түседі. Өйткені олардың бала тәрбиесіне қатысты көзқарастары мүлдем өзгеше болуы мүмкін. Мысалы, Куәгер ата-ана баласын мәсіхшілерге қойылатын талаптарға сай тәрбиелегісі келсе, Куәгер емес ата-ана бұған қарсы болатын шығар. Ерлі-зайыптылар ажырасқанда некелік одақ бұзылғанмен, ата-ананың бала алдындағы міндеті сол күйі қала беретінін Куәгер зайыбы түсіну керек, әрине.

26 Куәгер емес ата-ана баласының (балаларының) діни тәрбиесін қадағалай алу үшін қорғаншы болуды өтініп, сотқа жүгінуі мүмкін. Кейбіреулер баланы Ехоба куәгері ретінде тәрбиелеу қауіпті деген пікірде. Олардың ойынша, балалар туған күнді тойлау мен басқа да мейрамдардан құр қалады, ал төтенше ем көрсетілуі керек жағдайда оларға “жан сақтайтын” қан құйылмауы ықтимал. Қуанышқа орай, соттардың көбісі ата-ананың діні қаншалықты қауіпті екенін емес, бала үшін ненің жақсырақ екенін анықтауды дұрыс көреді. Осындай жағдайлардың бірнешеуін қарастырып көрейік.

27, 28. Огайо штатының Жоғарғы соты төменгі инстанцияның шешімін қолдады ма?

27 Құрама Штаттар. 1992 жылы Огайо штатының Жоғарғы сотында бала тәрбиесіне қатысты іс қаралады. Куәгер анасының тәрбиесі балаға қауіп төндіреді деп, әкесі сотқа арыз жазған еді. Бұған дейін төменгі сот инстанциясы мұнымен келісіп, әкесін қорғаншы етіп белгілеген болатын. Ал анасы Дженнифер Пейтерге баласы Боббимен көрісуге рұқсат етілгенмен, “қандай түрде болмасын, Куәгерлердің тәрбиесіне баулуға” тыйым салынды. Бұл шешімнің көмескі болғаны сонша — баласына Киелі кітап туралы не ондағы өнегелілік талаптар туралы айтудың өзін заңбұзушылық деп есептеуге болатын. Дженнифердің не сезінгенін ойлап көріңізші? Ана жүрегі қарс айырылды, әйткенмен ол шыдамды болып, Ехобаны күтуді үйренгенін айтты. Ол: “Ехоба әрқашан жанымнан табылып отырды”,— деп есіне алды. Содан Дженнифердің қорғаушысы Ехобаның ұйымының қолдауымен Огайо штатының Жоғарғы сотына жүгінді.

28 Жоғарғы сот төменгі инстанцияның шешімімен келіспей, “ата-ананың балаларына тәлім беруге құқы бар, бұған өзінің өнегелік, діни құндылықтарын үйрету де кіреді” деген кесім айтты. Ехоба куәгерлерінің діни нанымдары баланың дене және психикалық денсаулығына зиян келтіретіні дәлелденбесе, сот діни ұстанымына бола ата-ананы қорғаншылық құқынан айыра алмайтынын атап өтті. Ал қаралып жатқан істе Куәгерлердің діни нанымы баланың психикалық және дене денсаулығына қауіп төндіретініне еш дәлел жоқ болып шықты.

Көп жағдайда соттар Куәгер ата-ананың қорғаншы болу құқығын қорғайды

29—31. Данияда бір Куәгер ана қорғаншы болу құқығынан не себепті айырылды және Жоғарғы соттың шешімі қандай болды?

29 Дания. Анита Хансеннің басына да осындай жағдай түсті. Оның бұрынғы күйеуі жеті жасар қыздары Аманданың қорғаншысы болу мақсатымен сотқа арыз жазады. 2000 жылы аймақтық сот Анита бауырласты қорғаншы етіп белгілегенмен, қыздың әкесі жоғарғы сотқа арыз түсіреді. Жоғарғы инстанция аймақтық соттың шешімінің күшін жойып, қорғаншы етіп әкесін белгілейді. Сот діни ұстанымдарының себебінен ата-ананың өмірге деген көзқарастары кереғар болғандықтан, қыздарының қай дінді ұстанғаны дұрыс екенін отағасы жақсырақ біледі деген тоқтамға келеді. Осылай Анита бауырласты Ехоба куәгері болғаны үшін ғана қорғаншылық құқығынан айырады.

30 Сот тартысының барысында Анита бауырластың қатты ұнжырғасы түсіп, не жайлы дұға етуді білмеген кездері де болған. Бұл туралы ол былай деп әңгімеледі: “Бірақ маған Римдіктерге 8:26, 27-тармақтардағы ойлар зор жұбаныш беретін. Ехобаның көңілімдегіні түсінетінін білетінмін. Ол маған көз қырын салып, қажет кезде үнемі қасымнан табылатын” (Зәбүр 32:8; Ишая 41:10 оқыңыз).

31 Анита бауырлас Данияның Жоғарғы сотына шағым түсіреді. Ал сот келесідей шешім шығарады: “Қорғаншылық мәселесі баланың мүддесі үшін ненің жақсы екеніне қатысты дұрыс берілген бағаға негізделіп шешілуі тиіс”. Бұған қоса, сот қорғаншылық құқы туралы шешім Ехоба куәгерлерінің “ілімі мен ұстанымына” қарай емес, ата-ананың әрқайсысының дауды қалай шешетініне қарай қабылдану керек екенін атап өтті. Анита бауырластың қуанышына орай, сот оның аналық міндетін жақсы атқаратынын мойындап, қызына қорғаншы болу құқығын қайта бекітті.

32. Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Сот Куәгер ата-аналарды дискриминациядан қалай қорғады?

32 Еуропаның басқа да елдері. Кейде балаға қорғаншы болуға қатысты тартыстар елдегі жоғарғы соттармен шектелмей, Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Сотта (АҚЕС) қаралатын кездер болады. Мысалы, екі жағдайда АҚЕС ұлттық соттардың діни нанымдарына бола Куәгер ата-ана мен Куәгер емес ата-анаға екі түрлі қарағанын мойындады. АҚЕС мұны дискриминациялық әрекет деп бағалап, “діндерінің басқа екеніне ғана негізделіп шешім шығаруға жол берілмеу керек” деген шешім шығарды. АҚЕС-тің осындай шешіміне риза болған бір әйел бауырлас: “Мен балаларымды мәсіхші ретінде тәрбиелеуге барымды салдым, бірақ маған оларға зиян келтіріп жатырсың деген айып тағылды. Бұл қатты жаныма батты”,— деді.

33. Куәгер ата-аналардың Філіпіліктерге 4:5-тегі принципті қалай қолдануына болады?

33 Әрине, балаларын Киелі кітаптың талаптарына сай тәрбиелеу құқығы үшін соттарда күресетін Куәгер ата-аналар есті болуға тырысады (Філіпіліктерге 4:5 оқыңыз). Олар Куәгер емес жақ та балаларына тәлім-тәрбие беруге құқылы екенін мойындайды. Ал Куәгер ата-аналар балаларына тәлім-тәрбие беру міндетіне қаншалықты жауапкерлікпен қарайды?

34. Нехемияның заманындағы яһудилер мәсіхші ата-аналарға қай жағынан үлгі бола алады?

34 Нехемияның заманындағы яһудилерден үлгі алуға болады. Олар Иерусалимнің қабырғаларын жөндеп, қайта соғу үшін аянбай тер төккен. Өйткені қала қабырғасы өздерін де, отбасыларын да айналадағы жаудан қорғайтынын білген. Сондықтан Нехемия оларды: “Бауырларың, ұл-қыздарың, әйелдерің мен үйлерің үшін шайқасыңдар”,— деп талпындырған (Нех. 4:14). Сол замандағы яһудилердің еңбегі еш кетпеді. Бүгінгі күні де Куәгер ата-аналар балаларын шындық жолында тәрбиелеу үшін еш аянбайды. Олар мектепте не басқа жерде болсын, балаларына үнемі қысым жасалатынын біледі. Мұндай қысым бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үйде де көрсетілуі мүмкін. Қымбатты ата-аналар, ұл-қыздарыңыз рухани өркендейтін ортада өсу үшін жүргізіп жатқан күрестеріңіз зая кетпейтініне сенімді болыңыздар.

Ехоба әрқашан шынайы ғибадатты қолдайды

35, 36. Ехоба куәгерлері өз құқықтары үшін жүргізген күрестің қандай пайдасы бар және сіз не істеуге бел будыңыз?

35 Халқының жүргізіп жатқан күресіне Ехоба батасын беріп отыр. Бұған еш күмән жоқ. Осындай тартыстарда соттар мен қалың бұқараға куәлік берудің керемет мүмкіндіктері туып жатады (Рим. 1:8). Бұған қоса, біздің жеңістеріміздің арқасында өзгелердің де азаматтық құқықтары қорғалады. Бірақ Құдай халқының мақсаты — қоғамда реформа жасау не өздерінің дұрыстығын дәлелдеу емес. Соттарда өз құқықтарын қорғағанда, олар шынайы ғибадатты заңдастыру мен оның кеңінен таралуына үлес қосуды көздейді (Філіпіліктерге 1:7 оқыңыз).

36 Ехобаға еркін ғибадат ету үшін зор сеніммен күрескендердің үлгісі әрқашан жадымызда болғай! Құдайымыз өз еркін орындауға күш беріп отырғанына сенімді болып, біз де оған адал қызмет ете берейік (Ишая 54:17).