Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

16-ТАРАУ

Ғибадат ету үшін бас қосу

Ғибадат ету үшін бас қосу

ТАРАУДЫҢ ӨЗЕКТІ ОЙЫ:

Қауым кездесулерінің қалыптасуы мен олардың маңыздылығы

1. Исаның шәкірттері бір үйге жиналғанда, оларға не берілді және неге олар бұған мұқтаж еді?

 ИСА қайта тірілгеннен кейін көп ұзамай шәкірттері бір-бірін жігерлендірмек болып бір үйге жиналады. Бірақ дұшпандарынан қорқып, есіктерді бекітіп алады. Алайда олардың қорқынышы ұзаққа барған жоқ, себебі араларында Иса пайда болып: “Киелі рухты қабылдаңдар”,— деді (Жохан 20:19—22 оқыңыз). Содан тағы бір бас қосқандарында, Ехоба оларға киелі рухын төкті. Осының арқасында олар уағыз ісіне батыл кірісуге дайын болды (Ел. іс. 2:1—7).

2. а) Ехоба бізді қалай нығайтады және неге біз бұған мұқтажбыз? ә) Неге отбасылық ғибадат өткізу аса маңызды? (Сілтемені және 175-беттегі “ Отбасылық ғибадат” деген қоршауды қараңыз.)

2 Бірінші ғасырдағы бауырластардың басына түскен қиындықтар бізді де айналып өтпейді (Пет. 1-х. 5:9). Кейбіріміздің адамдардан қорқатын кезіміз болады. Сондықтан сағымыз сынбай уағыздай беру үшін, Ехобаның рухымызды көтеріп, нығайтқанына мұқтажбыз (Ефес. 6:10). Ол бізді негізінен қауым кездесулері арқылы нығайтады. Бүгінде біз білім алу үшін аптасына екі кездесуге барамыз. Біріншісі, көпшілікке арналған және “Күзет мұнарасын” талқылау кездесуі. Екіншісі, “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” деп аталатын аптаның ішінде өтетін кездесу a. Бұған қоса, жыл сайын өтетін аймақтық конгресс пен екі аудандық конгресте, сондай-ақ Еске алу кешінде бас қосамыз. Осы жиындардың ешқайсысынан қалмағанымыз жақсы. Неге? Бүгіндегі жиналыстарымыздың қалыптасу тарихы қандай? Оларға қалай қарайтынымыздан біз жайлы не білуге болады?

Бас қосуымыздың себептері

3, 4. Ехоба өз халқынан нені талап етеді? Мысалдар келтіріңіз.

3 Ехоба атам заманда-ақ өз халқына бас қосып, бірге ғибадат етуді бұйырған. Мысалы, б. з. б. 1513 жылы ол Исраил халқына Заң берген. Ондағы талаптардың бірі Демалыс күніне қатысты болатын. Осы бұйрыққа сай, әр отбасы апта сайын бірігіп ғибадат етуге, Заңның талаптарын орындауды үйренуге тиіс еді (Мұс. 5-ж. 5:12; 6:4—9). Халық осы талапқа сай өмір сүрсе, отбасыларының босағасы берік, ал бүкіл халық рухани таза әрі Ехобамен қарым-қатынасы тығыз болатын. Олар Заңдағы бірігіп ғибадат ету сияқты талаптарға немкетті қараған жағдайда, оның ықыласынан айырылып қалатын (Мұс. 3-ж. 10:11; 26:31—35; Шеж. 2-ж. 36:20, 21).

4 Осы орайда Иса қандай үлгі қалдырды екен? Ол әр Демалыс күні мәжілісханаға баруды дағдыға айналдырған еді (Лұқа 4:16). Оның шәкірттері ұстаздары салған жолмен жүрді. Иса өліп, қайта тірілген соң да, олар үнемі бас қосып тұрды. Демалыс күніне қатысты заң күшін жойса да, олар осы әдеттерінен таймады (Ел. іс. 1:6, 12—14; 2:1—4; Рим. 14:5; Қол. 2:13, 14). Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер нұсқаулар алу не жігерлену үшін ғана жиналмайтын. Олар бас қосқанда дұға етулерімен, ой-пікірлерін ортаға салу, ән салуларымен Құдайды мадақтайтын (Қол. 3:16; Евр. 13:15).

Исаның шәкірттері бір-бірін жігерлендіріп, нығайту үшін бас қосып тұрған

5. Неге біз апта сайынғы жиналыстар мен жыл сайынғы жиындарға барамыз? (176-беттегі “ Құдай халқының бірлігін нығайтатын жыл сайынғы жиындар” деген қоршауды да қараңыз.)

5 Бүгінгі таңда біз де апта сайынғы жиналысқа не жыл сайынғы жиындарға барғанда, Құдай Патшалығының жағында екенімізді көрсетеміз, сондай-ақ киелі рухтан күш аламыз, өз сенімімізбен өзгелерді жігерлендіреміз. Ал ең маңыздысы — дұға ету, талқылауға атсалысу, ән айту арқылы Ехобаға ғибадат етеміз. Қазір біздің жиналыстарымыз исраилдіктердікінен де, ертедегі мәсіхшілердікінен де өзгеше өтетін шығар. Бірақ бұдан олардың маңыздылығы еш кеміген жоқ. Ендеше, қауым кездесулеріміздің қалыптасу тарихымен танысып көрейік.

“Сүйіспеншілік пен игі істерге талпындыратын” апта сайынғы жиналыстар

6, 7. а) Жиналыстарымыздың мақсаты қандай? ә) Жер-жерлерде жиналыстар қалай өткізілген?

6 Чарлз Тейз Расселл Құдай Сөзіндегі шындықты зерттей келе, ниеттес жандармен бас қосып тұрған дұрыс екенін түсінді. 1879 жылы ол: “Мен Питтсбургте бірнеше адамның басын қосып, Киелі кітап тобын құрдым. Біз жексенбі сайын кездесіп, Жазбаларды зерттейміз”,— деп жазды. “Сион күзет мұнарасы” журналының оқырмандары да бас қосып тұруға шақырылды. Сөйтіп, 1881 жылға таман Питтсбург пен Пенсильванияда әр жексенбі мен сәрсенбіде кездесу өткізілетін болды. 1895 жылдың қарашадағы “Күзет мұнарасында” мұндай жиналыстардың мақсаты “мәсіхшілер арасындағы сүйіспеншілік пен бауырмалдықты” нығайту, кездесуге келгендердің бір-бірін жігерлендіру екені айтылды (Еврейлерге 10:24, 25 оқыңыз).

7 Біраз жылдар бойы Киелі кітап зерттеушілері жиналыстарын түрлі тәртіппен өткізді, жиілігі де әртүрлі болды. Мысалы, 1911 жылы Құрама Штаттардағы бір топтан келген хатта: “Біз аптасына, кем дегенде, бес кездесу өткіземіз”,— деп жазылды. Олар дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күні, ал жексенбіде екі рет бас қосып тұрған екен. Ал 1914 жылы жарияланған Африкадан келген хатта: “Біз айына екі рет бас қосамыз. Жиналысымыз жұма күні басталып, жексенбіде аяқталады”,— делінді. Бірақ жиналыстарымыздың өту тәртібі мен жиілігі уақыт өте келе бүгінде өзімізге таныс қалыпқа түсті. Олай болса, әр кездесудің қалыптасу тарихымен танысайық.

8. Алғашқы баяндамалардың кейбірі қандай тақырыпта айтылды?

8 Көпшілікке арналған кездесу. 1880 жылы, “Сион күзет мұнарасының” басылып жатқанына бір жыл болғанда, Расселл бауырлас Иса сияқты жер-жерлерде уағыздау үшін кемемен сапар шекті (Лұқа 4:43). Оның барған жерлерінде өткізген жиындары бүгіндегі көпшілікке арналған кездесудің алғашқы нұсқасы болды. “Күзет мұнарасында” Расселл бауырластың сапары жөнінде хабарланып, оның “көпшілік алдында “Құдай Патшалығына қатысты жайттар” туралы баяндама айтатыны” жазылды. Біраз елдерде Киелі кітап топтары, яғни қауымдар құрылғаннан кейін, 1911 жылы әр қауым айналасындағы аймақтарға лайықты баяндамашылар жіберуге талпындырылды. Олар сот, төлем сияқты тақырыптарға алты баяндама айту керек еді. Әр баяндамадан кейін келесі аптада кімнің қандай баяндама айтатыны хабарланатын.

9. Көпшілікке арналған кездесу қалай өзгеріп отырды және сіз оның өтуіне қалай үлес қоса аласыз?

9 1945 жылы “Күзет мұнарасында” дүниежүзі бойынша көпшілікке арналған кездесу науқаны жүретіні хабарланды. Науқан барысында “заманның өзекті мәселелеріне” қатысты Киелі кітапқа негізделген сегіз баяндама айтылмақ еді. Тағайындалған бауырластар адал құл дайындаған баяндамалармен қатар, өздері де құрастырып айтатын. Ондаған жылдар бойы осылай болды, ал 1981 жылы баяндамаларды қауымдарға жіберілген дайын жоспарлар бойынша ғана дайындау керек екені айтылды b. 1990 жылға дейін жоспарлардың кейбірінде баяндамашыға тыңдаушыларды қатыстыруға не көріністер дайындауға нұсқау берілетін. Бірақ сол жылдан бастап өзгерістер ендіріліп, баяндаманы тек тағайындалған бауырластың өзі айтатын болды. 2008 жылдың қаңтарында тағы бір өзгеріс жасалып, баяндамалардың ұзақтығы 45 минуттан 30 минутқа қысқартылды. Көпшілікке арналған кездесудің кей тұстары өзгергенмен, негізгі мақсаты өзгерген жоқ. Бұл кездесу әлі де Құдай Сөзіне сенімімізді нығайтады, әрі Патшалық жайлы түсінігімізді тереңдетеді (Тім. 1-х. 4:13, 16). Сіз өзгелерді осы маңызды кездесуге шақырып жүрсіз бе?

10—12. а) “Күзет мұнарасын” зерттеу кездесуінің өту тәртібі қалай өзгерді? ә) Қандай сұрақтар жөнінде ойланғанымыз жөн?

10 “Күзет мұнарасын” зерттеу. 1922 жылы “пилигримдер” Күзет мұнарасы қоғамына “Күзет мұнарасы” журналын зерттеу үшін жүйелі кездесулер өткізуді ұсынды. (“Пилигрим” деп қауымдарға баяндамалар айтуға, уағыз ісіне жетекшілік етуге жіберілетін бауырластарды атайтын.) Олардың ұсынысы қабылданып, бастапқыда мұндай кездесу аптаның арасында не жексенбі күндері өткізіліп жүрді.

“Күзет мұнарасын” зерттеу (Гана, 1931 жыл)

11 1932 жылдың 15 маусымындағы “Күзет мұнарасы” журналында бұл кездесудің қалай өтетініне қатысты нұсқау берілді. Үлгі ретінде Бетел отбасында өтетін кездесу тәртібі алынды. Мақаладағы нұсқауға сай, талқылауды ер бауырлас жүргізуі тиіс еді. Сахнада тағы үш бауырлас отырып, кезектесіп абзацтарды оқитын. Ол кезде мақалалардың сұрақтары болмайтын, сондықтан жүргізіп тұрған бауырлас кездесуге келгендерді талқыланып жатқан мәліметке қатысты сұрақтар қоюға талпындыратын. Сосын, көтерілген сұраққа жауап беруге шақыратын. Анықтай түсу керек жайт болса, өзі “қысқа да нұсқа” етіп түсіндіріп беретін.

12 Алғашқыда әр қауымға журналдың қай санын зерттейтінін таңдауға рұқсат етілді. Бұл көпшіліктің қандай тақырыпты талқылағысы келетініне қарай шешілетін. Бірақ “Күзет мұнарасының” 1933 жылғы 15 сәуірдегі санында барлық қауымдарға журналдың ағымдағы санын талқылау ұсынылды. 1937 жылы болса талқылауды жексенбі сайын өткізуге қатысты нұсқау берілді. Кейінгі нұсқаулар “Күзет мұнарасының” 1942 жылғы 1 қазандағы санында берілді. Содан бері бұл кездесу бүгінде өзімізге таныс тәртіппен өтеді. Журналдың сол санында зерттеуге арналған мақаланың әр бетінің төмен жағында сұрақтар берілетіні, талқылау барысында соларды қолдану керек екені айтылды. Сондай-ақ кездесудің ұзақтығы бір сағат болуы тиіс деген нұсқау берілді. Кездесуге келгендер болса абзацтан оқып беріп емес, “өз сөздерімен” жауап беруге шақырылды. Адал құл үшін “Күзет мұнарасын” зерттеу кездесуі уақтылы рухани ас-су берудің әлі де негізгі жолы болып отыр (Мат. 24:45). Олай болса, бәріміздің келесі сұрақтар жөнінде ойланғанымыз жөн: “Апта сайынғы “Күзет мұнарасын” зерттеу кездесуіне дайындаламын ба? Мүмкіндігім болса, жауап беруге тырысамын ба?”

13, 14. Қауымда Киелі кітапты зерттеу кездесуінің тарихы қандай және сізге бұл кездесудің несі ұнайды?

13 Қауымда Киелі кітап зерттеу. 1890 жылдардың басында, “Мыңжылдықтың таң шапағы” еңбегінің бірнеше томы жарық көргеннен кейін, Балтимор қаласында (Мэриленд штаты, АҚШ) тұратын Киелі кітап зерттеушісі Н. Ран осы еңбекті зерттеу үшін, “Таң шапағы топтарын” құруды ұсынды. Көп жағдайда үйлерде өтетін бұл жиын бастапқыда тәжірибе үшін жасалды. Бірақ 1895 жылдың қыркүйегіне таман “Таң шапағы топтарының” жиындары Құрама Штаттардың біраз қалаларында өтіп жатты. Сондықтан сол айдың “Күзет мұнарасы” журналында Киелі кітап зерттеушілерінің бәрі осы жиынды өткізуге шақырылды. Мақалада кездесуді өткізетін бауырластың жақсы оқи білуі тиіс екені айтылды. Ол бір сөйлем оқып, жиынға келгендердің өз ойларын айтқанын күтуі керек еді. Абзацтың әр сөйлемі оқылып талқыланған соң, көрсетілген тармақтарды оқитын. Тарауды қарастырып болғаннан кейін, қатысушылардың әрқайсысы қысқаша шолу жасайтын.

14 Бұл кездесудің атауы бірнеше рет өзгерді. Кезінде ол “Киелі кітапты зерттейтін береялықтар тобы” деп аталды. Бұл атау Жазбаларды мұқият зерттеген береялықтарды еске салатын (Ел. іс. 17:11). Кейінірек “қауымның кітап зерттеу тобы” деп өзгертілді. Ал бүгінде ол “қауымда Киелі кітап зерттеу кездесуі” деп аталады, әрі бауырластар топ-топ болып үйлерде жиналмайды, бүкіл қауым Патшалық сарайында бас қосады. Ондаған жылдар бойы өткізіліп келе жатқан бұл кездесуде түрлі кітаптар, кітапшалар, тіпті “Күзет мұнарасының” мақалалары талқыланды. Оған келетіндердің бәрі о бастан талқылауға атсалысуға шақырылды. Осы кездесудің арқасында біз Киелі кітапты тереңірек түсінетін болдық. Сіз үнемі дайындалып барып, талқылауға атсалысасыз ба?

15. Теократиялық қызмет мектебінің мақсаты қандай болды?

15 Теократиялық қызмет мектебі. 1940 жылдары Бруклиндегі (Нью-Йорк) дүниежүзілік бас басқармада қызмет еткен Кэри Барбер былай деп есіне алды: “1942 жылдың 16 ақпанында, дүйсенбі күні, Бруклиндегі Бетелде қызмет ететін барлық ер адамдар кейінірек теократиялық қызмет мектебі деген атаумен белгілі болған курсқа жазылуға шақырылды”. Бірталай жылдан кейін Басқарушы кеңестің мүшесі болған Барбер бауырлас мектепті “Ехобаның қазіргі таңда өз халқы үшін істеген ең керемет ісі” деп сипаттады. Бұл курстар бауырластарға тәлім беру мен уағыздау шеберлігін арттыруға жақсы көмектесті. Сондықтан 1943 жылдың басында бірте-бірте дүниежүзіндегі барлық қауымдарда “Теократиялық қызмет курсы” деген кітапша қолданылатын болды. Ал “Күзет мұнарасының” 1943 жылғы 1 маусымдағы санында теократиялық қызмет мектебінің құрылғаны хабарланды. Мектептің мақсаты Құдай халқына “Патшалық туралы жақсырақ куәлік етуге” көмектесу еді (Тім. 2-х. 2:15).

16, 17. Теократиялық қызмет мектебі сөйлеу шеберлігіне ғана үйретті ме? Түсіндіріңіз.

16 Бастапқыда қалың жұрт алдында тұрып баяндама айту керек деген ойдың өзінен көп бауырлас шошыды. 1918 жылы Рутерфорд және басқа да бауырластармен бірге әкесі әділетсіз сотталған Клейтон Вудворт 1943 жылы теократиялық мектепке жазылғандағы бастапқы сезімін есіне алып: “Баяндама айту мен үшін қиынның қиыны еді. Тамағым құрғап, тілім аузыма сыймай кететін, даусым біресе гүрілдеп, біресе шиқылдап шығатын”,— деді. Бірақ шеберлігін шыңдай түскен соң, Клейтон бауырлас көпшілік алдында талай баяндама айтты. Мектепте ол сөйлеу шеберлігіне ғана емес, кішіпейіл болу мен Ехобаға арқа сүйеудің қаншалықты маңызды екенін де үйренді. Бұған қатысты ол: “Мен баяндаманы кімнің айтып тұрғаны маңызды емес екенін түсіндім. Ол жақсылап дайындалса, Ехобаға толық арқа сүйесе, жұрт оны ұйып тыңдап, оларға бір пайдасы тисе, міне, осы маңызды”,— деді.

17 1959 жылы теократиялық мектепке жазылуға әйел бауырластар да шақырылды. Конгресте айтылған осы хабарландыруды өз құлағымен естіген Эдна Бауэр былай деді: “Әйел бауырластардың қуаныштары қойындарына сыймай жүргені есімде. Олар үшін енді жаңа мүмкіндік ашылған еді”. Жылдар бойы бауырластар теократиялық қызмет мектебіне жазылып, Ехобадан тәлім алу мүмкіндігін қолдануда. Бүгінде апта ішіндегі кездесуде біз әлі де Ехобадан тәлім алудамыз (Ишая 54:13 оқыңыз).

18, 19. а) Қызмет кездесуі қалай қалыптасты? ә) Неге біз жиындарда ән айтамыз? (“ Шындықты әнге қосып айту” деген қоршауды да қараңыз.)

18 Қызмет кездесуі. Уағыз қызметін ұйымдасқан түрде атқару үшін, 1919 жылдың өзінде арнайы кездесулер өткізілетін. Ол кезде мұндай кездесулерге қауымдағылардың бәрі емес, тек әдебиет тарататын бауырластар ғана келетін. 1923 жылдың басым бөлігінде қызмет кездесуі айына бір рет өткізілді, әрі оған қауымдағылар түгел келіп отырды. 1928 жылы қауымдар қызмет кездесуін апта сайын өткізуге шақырылды. Ал 1935 жылы “Күзет мұнарасы” журналында күллі қауымдар қызмет кездесуін “Басшылықта” (кейінірек “Хабаршы”, одан кейін “Біздің қасиетті қызметіміз” деп аталды) берілген нұсқауларға сай өткізуге талпындырылды. Көп ұзамай бұл кездесу әр қауымда жүйелі өтетін болды.

19 Бүгінде аптаның ішінде өтетін кездесуде бізге уағыз қызметіне қатысты тиімді нұсқаулар беріледі (Мат. 10:5—13). Осы кездесудің жұмыс дәптерін мұқият оқып, берілген кеңестерді қызметте қолданып жүрсіз бе?

Ең маңызды жиын

Б. з. бірінші ғасырынан бері мәсіхшілер Исаның өлген күнін атап өту үшін жыл сайын бас қосады (20-абзацты қараңыз)

20—22. а) Неге біз Исаның өлген күнін атап өтеміз? ә) Жыл сайын Еске алу кешіне барудың қандай пайдасы бар?

20 Иса келгенше, шәкірттері оның өлген күнін кезіндегі Құтқарылу мейрамын сияқты, жыл сайын атап өту керек еді. Еске алу кеші де жыл сайын атап өтіледі (Қор. 1-х. 11:23—26). Жылда бұл жиынға миллиондаған адам келеді. Бұл мейрам майланғандарға Патшалықтың мұрагерлері ретінде қандай мәртебеге ие екендерін естеріне салады (Рим. 8:17). Ал басқа қойларды Құдай Патшалығының Патшасын барынша құрметтеп, адал болуға талпындырады (Жох. 10:16).

21 Расселл мен ниеттестері Иеміздің кешкі асын атап өту өте маңызды әрі ол жылына бір рет қана өткізілу керек екенін түсінді. 1880 жылдың сәуір айының “Күзет мұнарасында” былай жазылды: “Питтсбургтегі көбіміз үшін... Құтқарылу мейрамын [Еске алу кешін] атап өтіп, Иеміздің денесі мен қанын бейнелейтін рәміздерден дәм тату бірнеше жылдан бері дәстүрге айналды”. Көп ұзамай Еске алу кеші кезінде конгрестер өткізілетін болды. Қолда бар есептерге сай, 1889 жылы осындай жиындардың біріне 225 адам қатысып, 22-сі шомылдыру рәсімінен өткен.

22 Бүгінде Еске алу кеші конгресс бағдарламасына кірмейді. Бұл жиын Патшалық сарайында не жалға алынған ғимараттарда өтеді, әрі біз оған айналамыздағы барлық адамдарды шақырамыз. 2013 жылы Исаның өлген күнін атап өтуге 19 миллионнан аса адам жиналды. Еске алу кешіне келіп қана қоймай, өзгелерді осы бір маңызды кешке шақыру — зор мәртебе! Сіз осы іске жыл сайын құлшына атсалысып жүрсіз бе?

Жиындарымызды бағалайық

23. Сізге кездесулеріміз ұнай ма?

23 Ғибадат ету үшін бас қосып тұруға қатысты Ехобаның нұсқауын адал қызметшілері ауыртпалық деп санамайды (Евр. 10:24, 25; Жох. 1-х. 5:3). Мысалы, Дәуіт патшаға киелі шатырға бару, әсіресе Ехобаны жақсы көретіндермен бірге сол жерде бас қосу, қатты ұнайтын (Зәб. 27:4; 35:18). Иса да бала күнінен Әкесінің үйіне барып, ғибадат етуді жақсы көрген (Лұқа 2:41—49).

Бас қосып тұруды қаншалықты қалайтынымыздан Құдай Патшалығының біз үшін қаншалықты шынайы екені көрінеді

24. Жиындарда біз үшін қандай мүмкіндіктер ашылады?

24 Біз Ехобаны жақсы көретінімізді, бауырластарды жігерлендіргіміз келетінін жиындарымызға келгенде көрсетеміз. Сонымен қатар Патшалықтың азаматтарына сай өмір сүруді қалайтынымызды көрсетеміз, себебі біз бұған негізінен жиналыстар мен конгрестерде үйренеміз. Бұған қоса, кездесулерде бүгінде Патшалық арқылы жүзеге асырылып жатқан ең маңызды іске — Патшамыз Иса Мәсіхтің шәкірттерін дайындау ісіне қажетті шеберлік пен күшке ие боламыз (Матай 28:19, 20 оқыңыз). Иә, бас қосып тұруды қаншалықты қалайтынымыздан Құдай Патшалығының біз үшін қаншалықты шынайы екені көрінеді. Ендеше, жиындарымызды әрдайым бағалайық!

a Апта сайынғы жиналыстарға келумен қатар, әр отбасы отбасылық ғибадат, ал бойдақтар жеке зерттеу өткізіп тұруға шақырылады.

b 2013 жылға таман 180-нен аса баяндама жоспары қолданыста болды.