Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

18-ТАРАУ

Патшалық ісін қаржыландыру

Патшалық ісін қаржыландыру

ТАРАУДЫҢ ӨЗЕКТІ ОЙЫ:

Куәгерлердің Патшалық ісін қаржыландыру жолы мен себебі

1, 2. а) Реформаторлық шіркеудің бір қызметшісінің сұрағына Расселл бауырлас қалай жауап берді? ә) Бұл тарауда не қарастырамыз?

 БІРДЕ Расселл бауырластан реформаторлық шіркеудің бір қызметшісі Киелі кітап зерттеушілері іс-шараларын қалай жүргізетінін сұрады. Ол: “Бізде ақша жинау деген жоқ”,— деп түсіндірді. Сонда әлгі қызметші: “Ал ақшаны қайдан аласыздар?”— деп сұрады. Расселл бауырлас былай жауап берді: “Бар шынымды айтсам да, бәрібір сенбейсіз ғой. Жұрт біздің жиындарымызға келгенде, ешкім оларға садақа салатын тәрелке тықпыштамайды. Бірақ олар шығын кеткенін түсінеді. Сондықтан “Мына зал үшін ақша төленген... Шығынды жабу үшін қалай садақа жасауға болар екен?” деп өздері ойлайды”. Бұған әлгі қызметші Расселл бауырласқа сеніңкіремей қарайды. Сонда ол сөзін былай деп жалғады: “Айтып тұрғаным — хақ шындық. Олар: — Шығынды жабу үшін қалай азын-аулақ садақа жасауға болады?— деп жиі сұрайды. Адам Құдайдың жарылқауымен кіріс көрсе, оны Иемізге арнағысы келеді. Ал ақшасы жоқ болса, неге оны садақа жасауға мәжбүрлеуіміз керек?!” a

2 Расселл бауырлас шынымен “хақ шындықты” айтқан еді. Құдай халқы шынайы ғибадатты қолдау үшін байырғы заманнан ерікті садақа жасайтын. Бұл тарауда Киелі кітап заманы мен бүгінгі таңдағы сондай мысалдардың кейбірі қарастырылады. Патшалық ісін замандастарымыздың қалай қаржыландырып жатқаны жайлы оқығанда, әрқайсысымыз өзімізден: “Патшалық ісіне мен қалай қолдау көрсете аламын?”— деп сұрағанымыз жөн.

Әркім сый-тартуын шын жүректен әкелсін

3, 4. а) Ехоба не нәрсеге сенімді? ә) Исраилдіктер шатырдың құрылысына қалай қолдау көрсетті?

3 Ехоба өз қызметшілерінің адалдықтарын дәлелдеуге дайын екеніне сенімді. Мүмкіндік берілсе, олардың мұны садақа жасау арқылы істейтінін де біледі. Тарихта болған екі оқиғаны қарастырып көрейік.

4 Исраилдіктерді Мысырдан алып шыққаннан кейін, Ехоба оларға ғибадат ететін жылжымалы шатыр тұрғызуды тапсырды. Шатырдың өзі мен ішіндегі мүлкіне әжептеуір қаржы қажет еді. Ехоба Мұса арқылы халыққа: “Шын жүректен Ехобаға сый-тарту ұсынғысы келетін адам мыналарды әкелсін...”,— деген хабар айтты. Осылайша оларға құрылысқа үлес қосуға мүмкіндік берді (Мұс. 2-ж. 35:5). Жақында ғана “түрлі қара жұмыс істеп”, азап көрген исраилдіктер мұны қалай қабылдады? (Мұс. 2-ж. 1:14). Олар алтын-күміс сияқты заттарды үйіп-төгіп әкеле бастады. Халық бұларды кезіндегі қанаушылары мысырлықтардан сұрап алған болса керек (Мұс. 2-ж. 12:35, 36). Садақаның көп болғаны сонша — жұртқа “сый-тарту әкелмесін” деген бұйрық беруге тура келді (Мұс. 2-ж. 36:4—7).

5. Дәуіт ғибадатхананың құрылысына садақа жасауға шақырғанда, халық не істеді?

5 Шамамен 475 жылдан кейін Дәуіт патша жерде шынайы ғибадаттың тұрақты орталығы соғылу үшін “жеке қазынасынан” садақа жасады. Сосын өзге исраилдіктерге де осындай мүмкіндік беріп: “Ехобаға арнап өз еркімен сый бергісі келетін тағы кім бар?”— деді. Сонда халық “Ехобаға арнап бар жүректерімен” ерікті сый-тарту әкелді (Шеж. 1-ж. 29:3—9). Дәуіт болса садақаның қайдан келіп жатқанын мойындап: “Барлығы да сенен келді ғой. Өз қолыңмен бізге бергеніңді өзіңе әкеліп отырмыз”,— деп Ехобаға дұға етті (Шеж. 1-ж. 29:14).

6. Неге Патшалықтың ісіне қаржы қажет, осы орайда қандай сұрақтар туындайды?

6 Мұса да, Дәуіт те Құдай халқына қысым жасамаған. Халық сый-тартуды өз еркімен әкелген. Бүгінгі күн жайлы не деуге болады? Біз Патшалықтың ісіне қаржы қажет екенін жақсы түсінеміз. Мысалы, Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттер басып, тарату, жиналатын орындар мен филиалдар соғып, күтіп ұстау, табиғи апаттан зардап шеккен бауырластарға жедел көмек көрсету сияқты шаралардың бәрі қаржыны талап етеді. Сондықтан келесідей маңызды сұрақтар туындайды: осының бәріне қаражат қайдан келеді? Патшалықтың азаматтарын садақа жасауға мәжбүрлеу керек пе?

“Ешқашан адамдардан көмек сұрап, жалынып-жалпаймаймыз”

7, 8. Неге Ехобаның халқы адамдардан ақша сұрап жалынбайды?

7 Расселл бауырлас пен серіктері мәсіхшілер әлемінің шіркеулері сияқты жұртты алдап-сулап ақша жинағылары келмеді. “Күзет мұнарасы” журналының екінші санында шыққан “Сион күзет мұнарасы” журналын алғыңыз келе ме?” деген мақалада Чарлз Расселл былай деді: “Біз “Сион күзет мұнарасының” ЕХОБАНЫҢ қолдауымен шығатынына сенімдіміз. Сондықтан ешқашан адамдардан көмек сұрап, жалынып-жалпаймаймыз. “Күміс те менікі, алтын да менікі” деген Құдай қажетті қаржымен қамтамасыз етпесе, журналды әрі қарай баспау керек деп түсінеміз” (Хаг. 2:7—9). Міне, содан бері 130 жылдан аса уақыт өтті, ал “Күзет мұнарасы” мен оны шығарып отырған ұйым әлі де өркендеп жатыр!

8 Ехобаның халқы қол созып ақша сұрамайды. Садақа жинау үшін шіркеудегідей тәрелке ұсынбайды, қаражат сұрап хат та жолдамайды. Олар пайда көру үшін лотерея ойындарын, қайырымдылық жәрмеңкесін не сатылым ұйымдастырмайды. Қайта, “Күзет мұнарасында” баяғыда-ақ айтылып кеткен келесі қағиданы ұстанады: “Біз өзге шіркеулер сияқты Иеміздің ісі үшін ақша жинауды жөн көрмейміз... Біздің ойымызша, түрлі жолдармен Иеміздің атынан ақша сұрау оны қорлайды, әрі дұрыс емес. Бұдан беруші де, атқарылатын іс те жарылқанбайды” b.

Әркім жүрек шешіміне қарай берсін

9, 10. Ерікті садақа беруіміздің бір себебі қандай?

9 Патшалықтың бүгіндегі азаматтарын садақа жасауға мәжбүрлеудің еш қажеті жоқ. Біз қаражатымызды да, басқа игілігімізді де Патшалық ісі үшін қуана-қуана жұмсаймыз. Неге? Мұның үш себебін қарастырып көрейік.

10 Біріншіден, біз Ехобаны жақсы көреміз, әрі “оған ұнайтынды істегіміз” келеді (Жох. 1-х. 3:22). Шын жүректен беретіндер Ехобаға ұнамды екенінде дау жоқ. Осы орайда елші Пауылдың не дегеніне көңіл бөлейікші (Қорынттықтарға 2-хат 9:7 оқыңыз). Шынайы мәсіхшілер садақаны қынжылып не мәжбүр болғандықтан емес, солай етуге жүректерінде берік шешім қабылдағандықтан береді c. Басқаша айтқанда, қандай қажеттілік бар екенін, оның орнын қалай толтыруға болатынын салмақтап-саралаған соң береді. Ал мұндай адам Ехобаға ұнамды, себебі ол “қуанышпен беретіндерді жақсы көреді”. Басқа бір Киелі кітапта бұл сөздер: “Беруді жақсы көретіндерді Құдай да жақсы көреді”,— деп аударылған.

Мозамбиктегі балақайлар да бергенді жақсы көреді

11. Ехобаға қолымызда бар ең жақсыны беруге не талпындырады?

11 Екіншіден, садақаларымыз арқылы Ехобаның көл-көсір баталарына ризашылық білдіреміз. Мұса Заңындағы жүрегімізді тексеруге көмектесетін принципке назар аударайықшы (Мұсаның 5-жазбасы 16:16, 17 оқыңыз). Жыл сайынғы үш мейрамға келгенде, исраилдік ер кісілердің бәрі Ехобадан алған “батасына қарай сый-тарту әкелуге” тиіс болған. Сондықтан әрбір ер кісі мейрамға бармас бұрын, баталарын санау керек-тін. Сосын жүрегін тексере отырып, өз жағдайында қандай сый-тарту апарғаны лайықты болатынын шешу керек еді. Ехобадан алып жатқан көптеген баталарымыз туралы ойланғанымыз бізді де оған қолымызда бар ең жақсыны беруге талпындырады. Біздің шын жүректен берген сый-тартуларымыз бен садақаларымыз — Ехобаның молынан төгіп жатқан баталарына қаншалықты ризашыл екеніміздің көрінісі (Қор. 2-х. 8:12—15).

12, 13. Патшамыз Иса Мәсіхті жақсы көретініміз садақамыздан қалай көрінеді? Біз қанша садақа беруіміз керек?

12 Үшіншіден, садақаларымыз арқылы Патшамыз Иса Мәсіхті жақсы көретінімізді паш етеміз. Жердегі өмірінің соңғы түні шәкірттеріне оның не дегеніне көңіл бөлейікші (Жохан 14:23 оқыңыз). Ол: “Кім мені сүйсе, менің сөзімді орындайды”,— деді. Ал Исаның “сөзіне” ізгі хабарды уағыздауға қатысты бұйрығы да жатады (Мат. 24:14; 28:19, 20). Қолдан келгенше уағыз ісіне атсалысу арқылы, яғни уақытымыз, күш-жігеріміз бен қаражатымызды жұмсау арқылы, біз оның “сөзін” орындаймыз. Осылай біз Патшаға деген сүйіспеншілігімізді көрсетеміз.

13 Иә, Патшалықтың азаматтары Патшалық ісіне шын жүректен қаржылай қолдау көрсеткісі келеді. Садақаға қанша беру керек? Мұны жағдайына қарай әркім өзі шешуі тиіс. Өзіміз білетіндей, бауырластарымыздың бәрі бірдей ауқатты емес (Мат. 19:23, 24; Жақ. 2:5). Бірақ Ехоба мен оның Ұлы шын жүректен берілген азын-аулақ садақаны да бағалайды. Осыны білгендері бауырластарға зор жұбаныш болады (Мар. 12:41—44).

Қаржы қайдан келеді?

14. Ехоба куәгерлері көп жылдар бойы әдебиеттерін қалай таратқан?

14 Көп жылдар бойы Ехоба куәгерлері әдебиеттері үшін садақа алған. Бірақ олар көп садақа сұрамайтын, сондықтан тұрмысы қарапайым адамдардың да әдебиет алуға мүмкіндігі жететін. Ал ізгі хабарды білгісі келетін адамның ақшасы жоқ болса, жариялаушылар оған садақасыз-ақ қуана-қуана әдебиет беретін. Өйткені олар әдебиеттерімізді оқитын әрі игілігін көретін ақжүректі адамға беруді қалайтын.

15, 16. а) 1990 жылы Басқарушы кеңес әдебиеттерімізді тарату тәртібіне қандай өзгеріс ендіре бастады? ә) Ерікті садақаны қалай жасауға болады? (“ Садақаларымыз қайда жұмсалады?” деген қоршауды да қараңыз.)

15 1990 жылы Басқарушы кеңес әдебиет тарату тәртібіне өзгеріс ендіре бастады. Сол жылдан бастап Құрама Штаттарда бауырластар әдебиет үшін садақа сұрамайтын болды. Бұған қатысты барлық қауымдарға жіберілген хатта былай делінді: “Жариялаушылар мен қызығушылар журналдар мен басқа да әдебиеттерімізді алғанда, садақа жасамауларына болады, тіпті бұл туралы әңгіме де қозғалмайды... Кез келген адам ағарту ісімізді қолдап, садақа беруге ерікті. Бірақ әдебиетті садақа жасаса да, жасамаса да алуына болады”. Осы өзгерістің арқасында мынау анық болды: біздің ісіміз — діни әрі ерікті атқарылатын іс, сондай-ақ біз “Құдай сөзінің саудагері емеспіз” (Қор. 2-х. 2:17). Уақыт өте келе әдебиеттерімізге қатысты осы өзгеріс дүниежүзі бойынша күшіне енді.

16 Ерікті садақаны қалай жасауға болады? Біздің Патшалық сарайларымызда арнайы садақа жәшіктері бар. Садақаны сонда салуға немесе Ехоба куәгерлері қолданатын заңды тұлғалардың біріне жіберуге болады. Садақаны қалай жасауға болатынына қатысты “Күзет мұнарасы” журналында жыл сайын мақала басылып тұрады.

Қаражат қалай жұмсалады?

17—19. Қаражат келесі салаларда қалай жұмсалатынын айтып беріңіз: а) дүниежүзілік істе, ә) дүниежүзі бойынша Патшалық сарайларын соғу ісінде, б) жергілікті қауымның шығындарына.

17 Дүниежүзілік іс. Түскен садақа дүниежүзілік уағыз ісімен байланысты шығынды жабуға жұмсалады. Мысалы: дүниежүзілік уағыз ісіне арнап әдебиет басу, Бетел ғимараттарын соғу мен күтіп ұстау, түрлі мектептер өткізу. Оның үстіне, миссионерлер, аралаушы бақылаушылар мен арнайы ізашарлардың шығынын да садақалар жабады. Табиғи апат кезінде бауырластарға көмек көрсету үшін де садақаға түскен қаражат жұмсалады d.

18 Дүниежүзі бойынша Патшалық сарайларын соғу ісі. Түскен садақаның есебінен Патшалық сарайын соғуға не құрылымын өзгертуге кеткен шығын жабылады. Садақаның түсуіне қарай, басқа қауымдарға көмек көрсетуге қаржы бөлінуі мүмкін e.

19 Жергілікті қауымның шығындары. Садақа Патшалық сарайының жұмысы мен күтіп ұстауына кеткен шығынды жабу үшін қолданылады. Ақсақалдар белгілі бір соманы дүниежүзілік істі ілгерілету үшін филиалға жіберуді ұсынуы мүмкін. Мұндай жағдайда олар қауымдағылар үшін қарар дайындайды. Қарар қабылданса, белгіленген сома филиалға жіберіледі. Қауымның қаржысына жауапты бауырлас ай сайын қауым алдында қаржы есебін береді.

20. Ехобаны “құнды нәрселерімізбен” қалай мадақтауға болады?

20 Иә, уағыздау мен шәкірт дайындау ісі дүниежүзі бойынша жүру үшін қомақты жұмыс атқарылуда. Сол туралы ойланғанымыз бізді “құнды нәрселерімізбен” Ехобаны мадақтауға талпындырады (Нақ. с. 3:9, 10). Құнды нәрселерге қажыр-қайратымыз, ой-санамыз бен қабілеттеріміз жатады. Осының бәрін Патшалық ісін алға жылжыту үшін қолданғымыз келері сөзсіз, әрине. Бірақ құнды нәрсеге қаржы-қаражаттың жататынын да ұмытпайық. Ендеше жағдайымызға қарай садақа жасап тұруға бекінейік. Ерікті садақаларымыз Ехобаның даңқын асырады, әрі Патшаны қолдайтынымызды көрсетеді.

a “Күзет мұнарасы” (ағ.) 15 шілде, 1915 жыл, 218, 219-беттер.

b “Күзет мұнарасы” (ағ.) 1 тамыз, 1899 жыл, 201-бет.

c Бір ғалымның айтуынша, “шешім” деп аударылған грек сөзінің астарында “бекіну деген ой жатыр”. Ол былай дейді: “Беріп жатқанда адам қуанады, әйтсе де бұл жоспарланған, жүйелі әрекет болу керек” (Қор. 1-х. 16:2).

d Зардап шеккендерге көмек көрсету туралы 20-тараудан білуге болады.

e Патшалық сарайларының құрылысы туралы 19-тарауда талқыланады.