Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

19-ТАРАУ

Ехобаның даңқын асыратын құрылыстар

Ехобаның даңқын асыратын құрылыстар

ТАРАУДЫҢ ӨЗЕКТІ ОЙЫ:

Патшалықтың мүддесі үшін жүріп жатқан дүниежүзілік құрылыстар

1, 2. а) Құдай халқы ертеден бері не істеп келеді? ә) Ехоба нені ерекше бағалайды?

 ҚҰДАЙ ХАЛҚЫ ертеден-ақ Ехобаның есімін асқақтататын ғибадат орындарын қуана соққан. Мысалы, исраилдіктер киелі шатырдың тұрғызылуына білек сыбана кіріскен, керек-жарағын да үйіп-төгіп әкелген (Мұс. 2-ж. 35:30—35; 36:1, 4—7).

2 Ехобаның даңқын асыратын тек құрылыс заттары емес. Ол мұндай заттарды ерекше бағалы деп есептемейді (Мат. 23:16, 17). Ең алдымен оның даңқын асыратын — қызметшілерінің ғибадаты мен ықыласы, аянбай атқаратын еңбегі. Ехоба осыны бағалайды (Мұс. 2-ж. 35:21; Мар. 12:41—44; Тім. 1-х. 6:17—19). Мұның себебі неде? Себебі ғимарат атаулы бүгін бар, ертең жоқ. Мысалы, кешегі киелі шатыр мен ғибадатхана бүгінде жоқ. Бірақ Ехоба солардың құрылысына қолдау көрсеткен адал қызметшілерінің жомарттығы мен еңбегін ұмытпады (Қорынттықтарға 1-хат 15:58; Еврейлерге 6:10 оқыңыз).

3. Осы тарауда не қарастырамыз?

3 Ехобаның бүгіндегі қызметшілері де ғибадат орындарын соғу үшін аянбай тер төгеді. Иә, Патшамыз Иса Мәсіхтің жетекшілігімен біз ауыз толтырып айтуға болатын іс атқарып келеміз! Бұған Ехоба батасын беріп жатқанында дау жоқ! (Зәб. 127:1). Бұл тарауда Ехобаның даңқын асырған сондай жобалардың кейбірін қарастырамыз. Сонымен қатар құрылысқа қатысқан кей бауырластардың лебізін білеміз.

Патшалық сарайларының құрылысы

4. а) Неге ғибадат орындарына сұраныс өсуде? ә) Кейбір филиалдар неге біріктірілді? (“ Филиалдар соғу” деген қоршауды қараңыз.)

4 16-тарауда қарастырғанымыздай, Ехоба бізден ғибадат ету үшін бас қосып тұруды талап етеді (Евр. 10:25). Ал жиындарымызда сеніміміз нығаяды, уағыздауға деген ықыласымыз да артады. Соңғы күндердің ақыры таяған сайын, Ехоба уағыз ісін екпіндете түсуде. Осының арқасында мыңдаған адам оның ұйымына ағылуда (Ишая 60:22). Патшалықтың азаматтары көбейген сайын, Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер шығаратын баспаханаларға деген қажеттілік те артуда. Ғибадат орындарына да сұраныс өсуде.

5. Патшалық сарайы деген атау неліктен орынды? (“ Жаңа нұр шіркеуі” деген қоршауды да қараңыз.)

5 Құдай халқының заманауи тарихының басында-ақ Киелі кітап зерттеушілері бас қосып тұратын орындар қажет екенін түсінген. Олардың алғашқы ғибадат орны 1890 жылы Батыс Виргинияда (АҚШ) салынды. Ал 1930 жылдарға таман Құдай халқының жаңадан салынған не жөндеуден өткен бірнеше сарайы бар еді, бірақ олардың арнайы атауы болмады. 1935 жылы Гавайиде филиал мен оған жанастырыла сарай салынған еді. Сол жылы филиалға барған Рутерфорд бауырластан сарайды қалай атауға болатынын сұрағанда, ол: “Біз Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздаймыз ғой, сондықтан оны “Патшалық сарайы” деп атасақ ше?”— деді (Мат. 24:14). Көп ұзамай Гавайидегі сарай ғана емес, төрткіл дүниедегі Құдай халқының қауымдары бас қосатын жерлердің көбісі осылай аталатын болды.

6, 7. Жылдам соғылған Патшалық сарайлары не істеуге мүмкіндік берді?

6 1970 жылға таман Патшалық сарайына деген сұраныс зор қарқынмен өсті. Сондықтан Құрама Штаттардағы бауырластар небәрі бірнеше күнде көзге тартымды әрі ыңғайлы ғимарат соғуға мүмкіндік беретін тиімді әдіс ойлап тапты. 1983 жылға қарай Құрама Штаттар мен Канадада осы әдіспен 200-ге жуық Патшалық сарайы соғылды. Сұранысты қанағаттандыру үшін бауырластар аймақтық құрылыс комитеттерін құра бастады. Аталмыш әдістің тиімді болғаны сонша — 1986 жылы Басқарушы кеңес құрылыс комитеттерін ресми мақұлдады. Сөйтіп, 1987 жылға таман Құрама Штаттарда 60 Аймақтық құрылыс комитеті (АҚК) іске қосылды a. Ал 1992 жылға қарай АҚК Австралия, Аргентина, Германия, Жапония, Испания, Мексика, Оңтүстік Африка, Францияда да құрылды. Патшалық және Конгресс сарайларын соғып жүрген бауырластар қасиетті қызмет атқарып жатыр. Сондықтан оларды бағалайық.

7 Жылдам соғылған Патшалық сарайлары айналадағы тұрғындарға керемет куәлік болды. Мысалы, Испанияның бір газетінде “Сенім тауды да қозғалтады” деген мақала жарық көрді. Мартос қаласында Патшалық сарайының құрылысы жайлы бұл мақалада мынадай сұрақ қойылды: “Елдің түкпір-түкпірінен Мартосқа келген еріктілер ұйымшылдық, жылдамдық пен сапалық жағынан рекорд орнатқан ғимарат салды. Өз қара басын ғана ойлайтын мына заманда осындай жанқиярлықтың болуы мүмкін бе?” Бұл сұраққа жауап ретінде мақалада бір Куәгердің айтқан сөзі келтірілді: “Біз Ехобадан тәлім алып жатқан халықпыз. Мұның бәрі — осының арқасы”.

Дамушы елдердегі құрылыс

8. 1999 жылы Басқарушы кеңес қандай бағдарламаны мақұлдады және неге?

8 XX ғасырдың аяғына таман дамушы елдерде Ехобаның ұйымына адамдар ағыла бастады. Жергілікті қауымдар қолдарынан келгенше бас қосатын орындар соқты. Алайда кейбір елдерде Патшалық сарайлары басқа діндердің ғибадат орындарындай емес, өте жұпыны болды. Сондықтан жұрт бауырластарды алалап, мазақ ететін. Содан 1999 жылдан бастап Басқарушы кеңестің мақұлдауымен дамушы елдерде Патшалық сарайын соғу ісі жылдамдатылды. Осы бағдарламаның аясында дамыған елдердің қаржысы дамушы елдердегі құрылысқа жұмсалатын болды. Бұл “екі жақ та тең болу” үшін істелді (Қорынттықтарға 2-хат 8:13—15 оқыңыз). Ал құрылысқа басқа елдерден бауырластар келіп, ерікті қызмет атқарды.

9. Қандай істі жүзеге асыру мүмкін еместей көрінді, бірақ бұл қандай нәтиже берді?

9 Бастапқыда мұндай ауқымды істі жүзеге асыру мүмкін еместей көрінді. 2001 жылғы есеп бойынша, 88 дамушы елде 18 300-ден аса Патшалық сарайын соғу қажет еді. Бірақ Құдайдың киелі рухы мен Патшамыз Иса Мәсіх қолдайтын болса, мүмкін емес іс жоқ (Мат. 19:26). Осылай шамамен 15 жыл ішінде, 1999—2013 жылдар аралығында, Құдай халқы 26 849 Патшалық сарайын салды b. Алайда Ехоба уағыз ісіне батасын беріп отырғандықтан, 2013 жылғы мәліметке сай, дамушы елдерде әлі де 6500-дей Патшалық сарайына мұқтаждық бар. Бұған қоса, жыл сайын жүздеген сарай қажет болып отыр.

Дамушы елдерде Патшалық сарайларын соғудың өзіне тән қиындықтары бар

10—12. Қалай Патшалық сарайларының құрылысы Ехобаның есімінің даңқын асырады?

10 Қалай Патшалық сарайларының құрылысы Ехобаның есімінің даңқын асырады? Осы орайда Зимбабве филиалынан түскен есепте: “Патшалық сарайы соғылғаннан кейін, бір ай ішінде жиындарға келушілердің саны әдетте екі есеге өседі”,— делінді. Көп елдерде мынадай жайт байқалған: лайықты ғибадат орны болмаса, адамдар бізбен қарым-қатынас жасауға құлықсыз болады. Ал Патшалық сарайы соғылған соң, адамдар ағыла бастайды да, тағы да сарай соғу қажет болып жатады. Бірақ олардың Ехобаға келуіне себеп болатын әсем ғимарат қана емес. Олардың ұйымымызға деген көзқарасына бауырластардың құрылыс кезіндегі өзара сүйіспеншілігі де әсер етеді. Бірнеше мысалды қарастырып көрейік.

11 Индонезия. Патшалық сарайын соғып жатқандардың бәрі еріктілер екенін білгенде, бір кісі: “Сендер ерекшесіңдер! Ешқайсысыңа ақы төленбесе де, шын жүректен, аянбай еңбек етесіңдер. Сендердікінен басқа мұндай діни ұйым жоқ қой деймін!”— деп қайран қалды.

12 Украина. Күн сайын құрылыс жүріп жатқан жерден өтетін бір әйел Ехоба куәгерлерінің Патшалық сарайы соғылып жатқанын түсінеді. Ол былай дейді: “Ехоба куәгерлері туралы мен сіңлімнен естігенмін. Ол да Куәгер. Жұмыстың қалай жүріп жатқанын көріп, мен де осы рухани отбасының мүшесі болуды шештім. Олардың бір-бірін жақсы көретіні байқалып тұрады”. Бұл әйел Киелі кітапты зерттеп, 2010 жылы шомылдыру рәсімінен өтті.

13, 14. а) Патшалық сарайының құрылысы бір ерлі-зайыптыға қалай әсер етті? ә) Өзіңіз барып жүрген Патшалық сарайы Ехобаның даңқын асыру үшін не істеуіңізге болады?

13 Аргентина. Құрылыс бақылаушысына бір ерлі-зайыпты келеді де, отағасы: “Құрылыстың қалай жүріп жатқанын жақыннан көріп жүрміз... біз осы жерде Құдай туралы білім алуды шештік”,— дейді. Сосын: “Осында өтетін жиындарға келу үшін не талап етіледі?”— деп сұрайды. Содан олар Киелі кітапты зерттеуге келіседі, бірақ олардың шарты бойынша, бүкіл отбасымен зерттеу жүргізілу керек еді. Бауырластар бұл шартқа қуана келіседі.

14 Сіз өзіңіз барып жүрген Патшалық сарайының құрылысына қатыса алмаған шығарсыз. Әйтсе де оның Ехобаның есімінің даңқын асыратын орын болуына үлес қоса аласыз. Мысалы, зерттеушілеріңіз бен Киелі кітап туралы әңгімелесіп жүрген адамдарыңызды не басқаларды сол жерде өтетін жиындарға шақыруыңызға болады. Я болмаса оны жинауға, күтіп ұстауға үлес қоса аласыз. Ал жақсылап жоспарласаңыз, өзіңіз баратын сарай үшін не дүниежүзі бойынша соғылып жатқан сарайларға қолдау көрсету үшін садақа бере аласыз (Қорынттықтарға 1-хат 16:2 оқыңыз). Мұның бәрі Ехобаның есімін асқақтата түседі.

Еңбекке дайын жұмысшылар

15—17. а) Құрылыс жұмыстарының басым бөлігін кімдер атқарады? ә) Халықаралық құрылысқа қатысқан ерлі-зайыптылардың сөзінен не көрінеді?

15 Патшалық және Конгресс сарайларының, Бетелдің құрылыс жұмыстарының біразын жергілікті бауырластар атқарады. Десе де көп жағдайда оларға басқа елдерден келген тәжірибелі құрылысшылыр көмек береді. Шетелдегі жобаларға қатысуды шешкендер жеке істерін жоспарларына сай жайғайды. Олардың бірі құрылысқа бірнеше апта қатысса, өзге біреулері бір жобадан екіншісіне ауысып, көп жыл қызмет етеді.

Тимо мен Лина Лаппалайнен (16-абзацты қараңыз)

16 Халықаралық құрылысқа қатысудың өзіне тән қиындықтары бар, бірақ баталары да жоқ емес. Мысалы, Тимо мен Лина Азия елдері мен Еуропа, Оңтүстік Американы аралап, Патшалық және Конгресс сарайларының, Бетел ғимараттарының құрылысына қатысқан. Тимо: “Соңғы 30 жылда шамамен екі жыл сайын жаңа жерге тағайындалып отырдық”,— дейді. Тимомен отасқанына 25 жыл болған Лина былай деді: “Күйеуіммен бірге 10 елде қызмет еттім. Жаңа тағамға, ауа райына, уағыздайтын аумаққа бейімделу, тіл үйрену мен жаңа достар табу үшін біраз уақыт пен күш жұмсау керек” c. Мұның жемісі болды ма? Лина мынаны айтты: “Қиындықтың арты зор батаға ұласады. Біз мәсіхшілік сүйіспеншілік пен қонақжайлылықтың не екенін білдік, Ехобаның аялы алақанын сезіндік. Марқа 10:29, 30-да айтылған Исаның уәдесінің орындалғанын да көрдік. Бізге бауыр, әпке-қарындас пен шеше жүз есе артығымен берілді”. Тимо болса: “Шеберлігімізді ең асқақ мақсатқа — Патшаның меншігін көбейтуге — арнағанымыз зор қанағатқа бөлейді”,— деді.

17 Азия, Африка, Еуропа, Оңтүстік және Орталық Америка, Тұнық мұхиттың оңтүстігіндегі құрылыс жобаларына қатысқан Даррен мен Сара бергендерінен алғандары көп екенін айтты. Біраз қиындыққа кезіккенмен, Даррен былай дейді: “Дүниенің бұрыш-бұрышынан келген бауырластармен иық тіресе қызмет ету — мәртебе. Ехобаға деген сүйіспеншілік — жер шары бойынша бәрімізді жіпсіз байлап, біріктіріп тұрған құдірет”. Сара болса: “Мәдениеті әртүрлі бауырластардан білген-түйгенім өте көп! Олардың Ехобаға қызмет ету үшін жасаған құрбандықтары оған әрқашан қолымдағы ең жақсыны беруге талпындырады”,— деді.

18. Зәбүр 110:1—3 тармақтардағы пайғамбарлық қалай орындалып жатыр?

18 Дәуіт патша Құдай Патшалығының азаматтары қиындықтарға кезіксе де, Патшалықтың мүддесін ілгерілетуге дайын болатынын пайғамбарлық еткен (Зәбүр 110:1—3 оқыңыз). Патшалықтың мүддесі үшін толық уақытты қызмет етіп жүргендердің бәрі осы пайғамбарлықтың орындалуына үлес қосады (Қор. 1-х. 3:9). Төрткіл дүниеде салынған көптеген Бетел ғимараттары, жүздеген Конгресс сарайлары мен мыңдаған Патшалық сарайлары — Құдай Патшалығының шынайы әрі қазір билік етіп жатқанының айқын дәлелі. Ехобаның даңқын арттыратын іске атсалысу арқылы Патшамыз Иса Мәсіхке қызмет ету неткен мәртебе!

a 2013 жылы Құрама Штаттарда 132 АҚК-да қызмет етуге 230 000 ерікті қызметші мақұлданды. Бұл комитеттер жыл сайын 75 Патшалық сарайының құрылысын, 900-ге жуық сарайдың қалпына келтірілу не жөндеу жұмыстарын үйлестіріп отырған.

b Бұл көрсеткішке аталмыш бағдарламадан тыс салынған Патшалық сарайлары кірмейді.

c Халықаралық және ерікті қызметшілер уақыттарының басым бөлігін құрылысқа жұмсағанмен, демалыс күндері не кешкі уақыттарда жергілікті қауымдармен бірге қызметтеседі.