Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

20-ТАРАУ

Жапа шеккендерге көмек көрсету

Жапа шеккендерге көмек көрсету

ТАРАУДЫҢ ӨЗЕКТІ ОЙЫ:

Қиын-қыстау кезінде мәсіхшілер бір-біріне сүйіспеншілік көрсетеді

1, 2. а) Яһудеядағы мәсіхшілердің басына қандай күн туды? ә) Қалай оларға сүйіспеншілік көрсетілді?

 ЯҺУДЕЯ. Шамамен б. з. 46 жылы. Елде аштық үдеп, астық бағасы аспандап тұр. Бір түйір ас алуға шамасы жоқ мәсіхшілер аштан қырылуға шақ. Алайда Ехоба шара қолданды. Бұған дейін мәсіхшілердің ешқайсысына мұндай нәрсе жасалмаған еді. Бұл қандай шара?

2 Антиохиядағы (Сирия) еврей және басқа ұлттан шыққан мәсіхшілер Иерусалим мен Яһудеядағы бауырластарына жаны ашып, қаржы жинап беруді шешеді. Жиылған қаржыны Барнаба және Саул деген екі жауапты бауырласқа Иерусалимдегі ақсақалдарға жеткізуді тапсырады (Елшілердің істері 11:27—30; 12:25 оқыңыз). Антиохиядағы мәсіхшілердің мұндай сүйіспеншілігі Яһудеядағы мұқтаждық көріп жүрген бауырластардың жанына жылы тигені сөзсіз!

3. а) Бүгінде Құдай халқы Антиохиядағы мәсіхшілерге қалай еліктейді? Мысал келтіріңіз. (“ Алғашқы ауқымды көмек” деген қоршауды да қараңыз.) ә) Бұл тарауда қандай сұрақтар талқыланады?

3 Бірінші ғасырда болған бұл оқиға — мәсіхшілердің жердің бір шетінен екінші шетіне гуманитарлық көмек жібергені туралы жазбаша мәліметтердің алғашқысы. Бүгінде біз Антиохиядағы мәсіхшілерге еліктеп, бір жерде бауырластардың жапа шегіп жатқанын естісек, көмекке баруға дайын тұрамыз a. Бұның қызметіміздің басқа түрлерімен де байланысы бар. Ал оның қандай байланыс екенін түсіну үшін келесі үш сұрақты қарастырайық: мұндай көмекті неге қызмет деуге болады? Көмек көрсеткенде, қандай мақсаттарды көздейміз? Бұл қызметтің қандай пайдасы бар?

Жапа шеккендерге көмектесу — “қасиетті қызмет”

4. Елші Пауыл мәсіхшілердің қызметі жөнінде қорынттықтарға не жазды?

4 Қорынттықтарға арналған 2-хатында Пауыл мәсіхшілік қызметтің екі қырын атап өтті. Бұл хат бірінші кезекте майланғандарға арналғанмен, оны “басқа қойларға” да қатысты қолдануға болады (Жох. 10:16). Сонымен, қызметіміздің бірінші қыры —“татуластыру қызметі”, яғни уағыз бен тәлім беру (Қор. 2-х. 5:18—20; Тім. 1-х. 2:3—6). Екінші қырына “қасиеттілерге қызмет ету”, яғни жапа шеккен бауырластарға көмек көрсету жатады (Қор. 2-х. 8:4). “Татуластыру қызметі” мен “қасиеттілерге қызмет ету” деген тіркестердегі “қызмет” сөзі — гректің “диакониа” деген сөзінің аудармасы. Неге бұл бізді қызықтыру керек?

5. Пауылдың жапа шеккендерге көмек көрсету ісін “қызмет” деп атағаны неге көңіл қоярлық жайт?

5 Екі жағдайға қатысты бір грек сөзін қолдануымен Пауыл жапа шеккендерге көмек көрсетуді қауымда атқарылатын басқа қызметтермен бір топқа жатқызған. Сәл ертерек ол әртүрлі қызметтердің барын, бірақ Иеміздің біреу екенін, алуан түрлі әрекеттердің де барын, бірақ олардың бәрін жүзеге асыратын рухтың біреу екенін айтқан (Қор. 1-х. 12:4—6, 11). Басқаша айтқанда, Пауыл “қасиетті қызметке” әртүрлі қызметтің жататынын көрсеткен b (Рим. 12:1, 6—8). Сондықтан оның “қасиеттілерге қызмет етуге” уақыт бөлуді жөн көргені таңғалдырмайды (Рим. 15:25, 26).

6. а) Пауылдың түсіндіруінше, неге көмек көрсету ісі қасиетті қызметке жатады? ә) Бүгінде көмек көрсету ісін жержүзі бойынша қалай жүргізіп жатқанымызды айтып беріңіз. (“ Апатқа дайындық” деген қоршауды да қараңыз.)

6 Пауыл қорынттықтарға мынаны түсінуге көмектесті: жапа шеккендерге көмектесу Ехобаға арналған қызметіміз бен ғибадатымызға жатады. Елші ойын былай өрбітті: мәсіхшілердің жапа шеккендерге көмектесуінің себебі — олар “Мәсіх туралы ізгі хабарға бағынады” (Қор. 2-х. 9:13). Демек, Мәсіхтің тәліміне сай өмір сүргісі келетіндіктен, бауырластарына көмектеседі. Пауылдың айтуынша, мұндай игі істер — сайып келгенде, “Құдайдың шексіз рақымының” көрінісі (Қор. 2-х. 9:14; Пет. 1-х. 4:10). Сондықтан бастарына күн туған бауырластарға қол ұшын беруге қатысты 1975 жылы 1 желтоқсан айының “Күзет мұнарасында”: “Құдай мен оның Ұлы Иса Мәсіх мұндай қызметті аса маңызды деп есептейтініне еш күмән жоқ”,— делінді. Иә, жапа шеккендерге көмек көрсету — қасиетті қызметіміздің аса бағалы түрі (Рим. 12:1, 7; Қор. 2-х. 8:7; Евр. 13:16).

Жапа шеккендерге көмектесудің нақты мақсаттары бар

7, 8. Көмек көрсету ісіміздің бірінші мақсаты қандай? Түсіндіріңіз.

7 Жапа шеккендерге көмектескенде біз қандай мақсаттарды көздейміз? Бұл сұрақтың жауабын Пауылдың Қорынттықтарға жазған екінші хатынан табуға болады (Қорынттықтарға 2-хат 9:11—15 оқыңыз). Ол үш мақсатқа көңіл бөлген. Соларды бір-бірлеп қарастырып көрейік.

8 Біріншіден, Құдай дәріптеледі. Байқасаңыз, жоғарыдағы бес тармақта Пауыл бауырластарының көңілін бірнеше рет Ехоба Құдайға аударған. Ол “Құдайға ризашылық білдіру”, “Құдайға алғыс айтушылардың көп болуы” туралы айтты (11, 12-тармақтар). Сондай-ақ көмек көргендер “Құдайды дәріптейтінін”, “Құдайдың шексіз рақымын” мадақтайтынын атап өтті (13, 14-тармақтар). Пауыл жапа шеккендерге көмек көрсету туралы ойларын: “Құдайға мың да бір рақмет!”— деген сөздермен түйіндеді (15 тармақ; Пет. 1-х. 4:11).

9. Көмек көрсету ісі адамдардың бізге қатысты көзқарасын қалай өзгертуі мүмкін? Мысал келтіріңіз.

9 Пауыл сияқты бүгіндегі мәсіхшілер де жапа шеккендерге көмек көрсетуді Ехобаны дәріптеп, оның тәлімін көркейтудің мүмкіндігі деп біледі (Қор. 1-х. 10:31; Тит. 2:10). Расында да, мұндай көмек адамдардың Ехоба мен оның Куәгерлеріне қатысты пікірін қатты өзгертеді. Мұны келесі оқиғадан көреміз. Дауылдан жапа шеккен аймақта тұратын бір әйелдің есігінде “Ехоба куәгерлері мазаламасын!” деген жазу ілулі тұрған еді. Бірде ол өзінікіне қарама-қарсы тұрған үйді қалпына келтіріп жатқан еріктілерді көреді. Ол жарқын жүзді жұмысшыларды бірнеше күн бақылаған соң, барып кім екендерін сұрайды. Олардың Ехоба куәгері екенін білгенде: “Сендерді бұндай адам деп ойламаппын”,— деп қайран қалады. Осыдан кейін есігіндегі жазуды алып тастайды.

10, 11. а) Көмек көрсету ісінің екінші мақсатына қол жеткізіп жатқанымыз қандай мысалдардан көрінеді? ә) Жапа шеккендерге көмек көрсетіп жүргендерге қандай кітапша көмектесуде? (“ Көмек көрсетушілерге арналған құрал” деген қоршауды қараңыз.)

10 Екіншіден, бауырластардың қажеттіліктері қамтамасыз етіледі. (Қор. 2-х. 9:12а). Біз бауырластардың жапа шегіп жатқанын естісек, бірден көмекке келуге дайынбыз. Неге? Өйткені қауым мүшелері бір денені құрайды, сондықтан “бір мүше азап шексе, онымен бірге бәрі азап шегеді” (Қор. 1-х. 12:20, 26). Сол себепті бауырластары үшін бауыры езілген көптеген Куәгерлер өз тірліктерін тастап, құрал-саймандарын ала сала, апат болған аймаққа асығады (Жақ. 2:15, 16). Мысалы, 2011 жылы Жапонияда цунами болғанда, Құрама Штаттардағы филиал елдегі Аймақтық құрылыс комитеттеріне хат жолдап, Патшалық сарайларын қалпына келтіруге көмектесетін “бірнеше тәжірибелі бауырлас” жіберуін сұрады. Олардан қандай жауап келді? Бірнеше аптаның ішінде 600-ге жуық адам көмек ұсынды, олар тіпті Жапонияға өз ақшасына баруға дайын еді! Филиалдағы бауырластар бұған: “Біз осынша адам көмек ұсынады деп күтпедік”,— деп таңғалды. Бір жапондық бауырлас шетелдік еріктілердің бірінен көмекке келуіне не себеп болғанын сұрағанда, ол: “Жапондық бауырластармен бір денені құраймыз. Біз олардың қайғысы мен қасіретін сезіндік”,— деп жауап берді. Жапа шеккендерге көмек көрсететін жанқияр еріктілер бауырластары үшін кейде бастарын қатерге де тігеді c (Жох. 1-х. 3:16).

11 Жапа шеккендерге көмек көрсеткеніміз Куәгер емес адамдардың да назарынан тыс қалмайды. Мысалы, 2013 жылы АҚШ-тың Арканзас штатында болған апаттан кейін, бір газетте Ехоба куәгерлерінің лезде көмек ұйымдастырғаны турасында: “Ехоба куәгерлері жапа шеккендерге көмектесу ісін ұйымдастыруда шеберліктің шыңына жеткен”,— делінді. Рас, елші Пауыл айтқандай, біз бауырластардың “қажеттілігін жақсылап қамтамасыз етеміз”.

12—14. а) Көмек көрсету ісінің үшінші мақсатына қол жеткізу неге маңызды? ә) Рухани істерден қол үзбеген дұрыс екені неден көрінеді?

12 Үшіншіден, жапа шеккендердің рухани істерге қайта оралуына көмектесеміз. Неге бұл маңызды? Пауыл көмек алғандардың Құдайға көп алғыс айтуға ықыласты болатыны туралы жазған (Қор. 2-х. 9:12ә). Ал Ехобаға алғыс білдірудің рухани істерге тезірек қайта оралудан артық жолы бар ма?! (Філіп. 1:10). 1945 жылы “Күзет мұнарасында” мынадай сөздер жазылды: “Пауыл садақа жиналғанын мақұлдаған... Себебі бұл мұқтаждық көріп отырған... мәсіхшілердің материалдық көмек алып, Ехоба туралы куәлік ісіне еркін қатысуларына мүмкіндік тудырған”. Біз әлі де осы мақсатты көздейміз. Бауырластар уағыз ісіне қайта кіріскенде, қасірет шеккен көршілерін ғана жұбатып қоймайды, өздерінің де рухы нығая түседі (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4 оқыңыз).

13 Көмекке зәру біраз бауырлас қажеттері қамтылғаннан кейін, уағыз ісіне қайта кірісіп, рухтары көтерілген. Солардың бірнешеуін тыңдап көрейік. Бір жариялаушы: “Уағыз айту отбасымыз үшін нағыз бата болды. Өзгелерді жұбатқанда, аз уақытқа болса да өз уайым-қайғымызды ұмыттық”,— деді. Ал бір әйел бауырлас мынаны айтты: “Бар назарым рухани іске ауғандықтан айналамдағы аласапыранға аса көңіл бөлмедім. Уағыз маған қауіпсіздік сезімін сыйлады”. Басқа бір бауырлас былай деді: “Жағдайды өзгерте алмайтын кездеріміз болады. Осындайда уағыз қызметі отбасыма үміт береді. Өзгелермен жаңа дүние туралы сөйлескенде, бәрі де жаңаша болатынына деген сеніміміз нығаяды”.

14 Жапа шеккендер тезірек қайта қолға алуы тиіс тағы бір іс — жиналыстарға бару. Алпысты алқымдаған Киёко есімді бір бауырласпен болған жайтқа көңіл бөлейікші. Цунамиден кейін үстіндегі киімінен басқа мүлкінің бәрінен айырылған ол не істерін білмей абдырап қалады. Сосын оған бір ақсақал көлігінде жиындар өткізілетінін айтады. Бұған қатысты Киёко былай дейді: “Көлікте менен басқа әлгі ақсақал мен әйелі және тағы бір әйел бауырлас болды. Жиынымыз қарапайым өтті. Бірақ бұл бір керемет болды: санамнан цунами туралы ой өшіп қалғандай болды. Оның орнына тыныштық орнады. Сол кездесуден кейін жиындардың құдіреті қандай күшті екенін түсіндім”. Өз елінде болған апаттан кейін жиындарға барып тұрған тағы бір бауырлас: “Жиналыстар маған берік тұруға көмектесті”,— деді (Рим. 1:11, 12; 12:12).

Жапа шеккендерге көмектесу ісі ұзағынан сүйіндіреді

15, 16. а) Қорынттықтар мен басқа жердегі мәсіхшілер көмек көрсету ісіне үлес қосқандарының қандай пайдасын көрді? ә) Бүгінде осындай іске қатысатындар мұның қандай пайдасын көруде?

15 Пауыл қорынттықтарға жапа шеккендерге көмектесу туралы айта келе, бұның оларға да, өзге мәсіхшілерге де әкелер пайдасы туралы да айтқан. Ол былай деді: “Құдай сендерге шексіз рақымын жаудырып жатқандықтан, олар [Иерусалимдегі көмек алған еврей мәсіхшілер] сүйіспеншіліктерін білдіріп, сендер үшін жалбарынуда” (Қор. 2-х. 9:14). Расында да, еврейлер мен басқа ұлттардан құралған Қорынттағы қауымның жомарттығы Иерусалимдегі еврей мәсіхшілерді солар үшін дұға етуге талпындырған, әрі оларға деген сүйіспеншіліктерін арттырған.

16 1945 жылы 1 желтоқсандағы “Күзет мұнарасында” Пауылдың жапа шеккендерге көмек көрсетудің пайдасы туралы айтқан сөздері бізге қатысты қолданылды. Онда келесі сөздер айтылды: “Ойлап көрейікші, Құдайдың қасиетті халқы мұқтаждық көрген бауырластары үшін садақа жасағанда, бұл олардың бірлігін нығайтады емес пе?!” Мұны бүгінде жапа шеккен бауырластарына көмек көрсетіп жүргендер де сезінуде. Мысалы, селден кейін көмек көрсетуге барған бір ақсақал: “Бұған дейін мен ешқашан бауырластарыма мұншалықты жақын болған емеспін”,— дейді. Ал көмек көрсетілген бір әйел бауырлас: “Бауырластар арасында өзіңді жұмақта жүргендей сезінесің”,— деп ризашылығын білдірді (Нақыл сөздер 17:17 оқыңыз).

17. а) Ишая 41:13-тегі сөздердің көмек көрсету ісімен қандай байланысы бар? ә) Қалай көмек көрсету ісі Ехобаны дәріптейді әрі бірлігімізді нығайтады? Мысалдар келтіріңіз. (“ Еріктілер дүниежүзі бойынша көмектесуде” деген қоршауды да қараңыз.)

17 Апат болған аймаққа ерікті қызметшілер келгенде, жапа шеккен бауырластар Құдай мына уәдесін орындағанын айқын сезеді: “Мен, Құдайың Ехоба, оң қолыңнан ұстап тұрмын, Саған: — Еш қорықпа! Мен саған көмектесемін!— деймін” (Ишая 41:13). Жойқын апаттан аман қалған бір әйел бауырлас былай деді: “Айналаның астан-кестен болып жатқанын көргенде, салым суға кетіп еді. Бірақ Ехоба көмек қолын созды. Бауырластардың көрсеткен көмегін сөзбен айтып жеткізе алмаймын”. Ал жойқын зілзала болған аймақта тұратын екі ақсақал өз қауымдарының атынан былай деп жазды: “Зілзала үлкен қасіретке ұшыратты, бірақ Ехоба бауырластар арқылы көмек берді. Бұрын біз жапа шеккендерге көрсетілетін көмек жайлы оқитын едік, ал енді оның куәсі болдық”.

Сіз үлес қоса аласыз ба?

18. Жапа шеккендерге көмек көрсету ісіне қатысқыңыз келсе не істеу керек? (“ Бұл оның бүкіл өміріне бағыт берді” деген қоршауды да қараңыз.)

18 Жапа шеккендерге көмектесуден келер қуанышты сезінгіңіз келе ме? Әдетте мұндай іске Патшалық сарайының құрылысына қатысатын бауырластар шақырылады. Сондықтан жапа шеккендерге көмек көрсететіндерге қосылғыңыз келсе, алдымен құрылысқа қатысу үшін өтініш қағазын толтырыңыз. Оны ақсақалыңыздан сұрауға болады. Осы орайда көмек көрсету ісінде тәжірибесі мол бір ақсақал былай дейді: “Апат болған аймаққа Төтенше жағдайлар комитетінен ресми шақыру алған соң ғана бару керек”. Осы тәртіпті ұстансақ, жапа шеккендерге көмектесу жұмысы ұйымдасқан түрде жүреді.

19. Көмек көрсету ісі Исаның шынайы ізбасары екенімізді қалай дәлелдейді?

19 Иә, жапа шеккендерге көмектесу — Мәсіхтің “бір-біріңді сүйіңдер” деген өсиетін орындаудың керемет жолы. Мұндай сүйіспеншілігіміз Исаның шынайы ізбасары екенімізді дәлелдейді (Жох. 13:34, 35). Бүгінде арамызда Құдай Патшалығының адал азаматтарына қажетті көмек көрсетуге дайын бауырластар өте көп. Олардың Ехобаны осылай даңқтап жүргені неткен ғанибет!

a Бұл тарауда жапа шеккен бауырластарға көрсетілетін көмек жөнінде әңгімеленеді. Бірақ көп жағдайда біз Куәгер емес адамдарға да көмектесеміз (Ғал. 6:10).

b Пауыл диаконос (қызметші) сөзінің көпше түрін “қызмет көмекшілеріне” қатысты қолданған (Тім. 1-х. 3:12).

c “Күзет мұнарасы” (ор.) журналының келесі санындағы мақаланы қараңыз: 1 қараша, 1994 жыл, 23—27 беттер.