Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

21-ТАРАУ

Құдай Патшалығы жауларының көзін құртады

Құдай Патшалығы жауларының көзін құртады

ТАРАУДЫҢ ӨЗЕКТІ ОЙЫ:

Армагеддонға ұласатын оқиғалар

1, 2. а) Патшамыздың 1914 жылдан бері билік құрып отырғанын не дәлелдейді? ә) Бұл тарауда не қарастырылады?

 ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫ жауларының арасында билік етіп отыр. Оның не істегеніне шолу жасағанымыз сенімімізді нығайтады (Зәб. 110:2). Мысалы: Патшамыз жалындаған жариялаушылардан тұратын әскер жинады; ізбасарларын рухани, өнегелілік жағынан тазартты; жауларымыз қанша тырысып баққанына қарамастан, дүниежүзілік бауырластығымыздың бірлігін бұза алмады. Патшалықтың арқасында мүмкін болып отырған осы және көптеген басқа жайттар — Патшамыздың 1914 жылдан бері жауларының арасында билік құрып отырғанының бұлтартпас дәлелі.

2 Жақында Құдай Патшалығы бұдан да керемет істер атқарады. Ол жауларының “бәрін қиратуға” келеді (Мат. 6:10; Дан. 2:44). Бірақ оған дейін де біраз елеулі оқиғалар орын алмақ. Бұл қандай оқиғалар? Бұл сұрақтың жауабын Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардан табуға болады. Ендеше солардың бірнешеуін қарастырып, алда қандай оқиғалар күтіп тұрғанын көрейік.

Кенеттен жойылатын кездің тап алдындағы оқиғалар

3. Біз күтіп жүрген оқиғалардың алғашқысы қандай?

3 Бейбітшіліктің жариялануы. Салоникалықтарға жазған хатында елші Пауыл біз күтіп жүрген оқиғалардың алғашқысы туралы айтқан (Салоникалықтарға 1-хат 5:2, 3 оқыңыз). Пауыл бұл хатында “Ехобаның күні” жайлы айтып өткен. Бұл күн “Ұлы Бабылға” шабуыл жасалғанда басталады (Аян 17:5). Бірақ Ехобаның күні басталғалы тұрғанда, әлемнің көшбасшылары “бейбітшілік пен қауіпсіздік” орнағанын жария етеді. Бұл хабар бір не бірнеше рет шегелеп айтылуы мүмкін. Бұған дінбасылардың қатысы бола ма? Олар да осы дүниенің құрамына кіретіндіктен, “Тыныштық! Бейбітшілік!” деген сөздерді мақұлдайтын болса керек (Ерм. 6:14; 23:16, 17; Аян 17:1, 2). “Бейбітшілік пен қауіпсіздік” орнағанының жариялануы Ехобаның күні басталуға шақ тұрғанының белгісі болмақ. Құдай Патшалығының жаулары “еш құтылмайды”.

4. Бейбітшілік пен қауіпсіздік жайлы пайғамбарлықтың мәнін түсінгеніміздің біз үшін қандай пайдасы бар?

4 Аталмыш пайғамбарлықтың мәнін түсінгеніміздің біз үшін қандай пайдасы бар? Пауыл: “Сендер ұрылар сияқты түнекте емессіңдер, сондықтан бұл күн сендер үшін қапылыста келмейді”,— деген (Сал. 1-х. 5:3, 4). Біз мына дүниедегі адамдар сияқты емеспіз, қазір болып жатқан оқиғалардың арты немен бітетінін білеміз. Бейбітшілік пен қауіпсіздік туралы пайғамбарлық нақты қалай орындалады? Мұны уақыт көрсетеді. Сондықтан “ояу әрі қырағы жүрейік” (Сал. 1-х. 5:6; Соф. 3:8).

Зор алапаттың басталуы

5. “Зор алапаттың” бастапқы сатысында не болады?

5 Дінге шабуыл. Есімізде болса, Пауыл: “Жұрт: — Міне, бейбітшілік пен қауіпсіздік!— деп жүргенде... олардың да жойылатын кезі кенеттен келеді”,— деген. Күн күркірінен кейін артынша найзағай ойнайтынындай, “бейбітшілік пен қауіпсіздік” орнағаны жарияланған бойда, кенеттен жойылатын кез келеді. Сонда не жойылады? Алдымен, “жезөкше” ретінде танымал дүниежүзілік жалған діндер империясы “Ұлы Бабыл” жойылады (Аян 17:5, 6, 15). “Ұлы Бабылдың”, яғни мәсіхшілер әлемі мен жалған дін атаулының басқа да ұйымдарының, жойылуы “зор алапаттың” бастапқы сатысы болады (Мат. 24:21; Сал. 2-х. 2:8). Көп адамдар үшін бұл күтпеген жайт болмақ. Неге? Өйткені сол уақытқа дейін “жезөкше” өзін “патшайым” санап, “ешқашан қайғы-қасірет шекпейтіндей” көреді. Бірақ ол кенеттен мұндай сенімділігінің орынсыз екенін түсінеді. Ол лезде, былайша айтқанда, “бір күннің ішінде” құрып жоқ болады (Аян 18:7, 8).

6. “Ұлы Бабылға” кім шабуыл жасайды?

6 “Ұлы Бабылға” кім шабуыл жасайды? “Он мүйізі” бар “жыртқыш аң”. Аян кітабын зерттей келе, бұл жыртқыш аңның Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ) нұсқайтынын түсінуге болады. Ал он мүйіз болса бүгінде “ал қызыл жыртқыш аңды” қолдап отырған бүкіл саяси күштерге нұсқайды (Аян 17:3, 5, 11, 12). Бұл шабуыл қаншалықты жойқын болады? БҰҰ-ның құрамына кіретін елдер “жезөкшенің” бар байлығын талан-тараж етіп, көзін құртып, “түгелдей өртеп жібереді” (Аян 17:16 оқыңыз) a.

7. Исаның Матай 24:21, 22-дегі сөздері бірінші ғасырда қалай орындалды, ал болашақта қалай орындалмақ?

7 Күндердің қысқартылуы. Патшамыз Иса зор алапаттың осы сатысында не болатынын айтқан. Ол: “Таңдап алынғандар үшін сол күндер қысқартылады”,— деді (Матай 24:21, 22 оқыңыз). Исаның бұл сөздері б. з. 66 жылы кішігірім көлемде орындалды. Ол кезде Ехоба Рим әскерінің Иерусалимге шабуыл жасаған “күндерін қысқартқан” еді (Мар. 13:20). Осының арқасында Иерусалим мен Яһудеяда тұратын мәсіхшілер аман қалды. Ал дүниежүзінде зор алапат болғанда, аталмыш сөздер қалай орындалады? Шынайы дін жалған діндермен бірге жойылып кетпеу үшін, Ехоба тағайындалған Патшасы арқылы БҰҰ-ның шабуылын қысқартады. Осылай жалған діннің барлық ұйымдары құрып кетеді де, жалғыз шынайы дін қалады (Зәб. 96:5). Ал енді зор алапаттың бастапқы сатысынан кейін не болатынын қарастырайық.

Армагеддонға ұласатын оқиғалар

8, 9. Иса қандай құбылыстар жайлы айтқан болуы мүмкін, бұл адамдарға қалай әсер етеді?

8 Исаның соңғы күндер жайлы пайғамбарлығынан Армагеддонға дейін бірнеше елеулі оқиға орын алатынын байқаймыз. Матай, Марқа, Лұқа кітаптарының үшеуінде де біз қарастыратын алғашқы екі жайт суреттелген (Матай 24:29—31 оқыңыз; Мар. 13:23—27; Лұқа 21:25—28).

9 Аспан құбылыстары. Иса: “Күнді қараңғылық басады, ай да жарқырамайды, жұлдыздар аспаннан құлайды”,— деген. Сол кезде дінбасылары жарқырап тұрмайды, яғни жұрт олардан басшылық іздемейді. Иса тура мағынадағы аспан құбылыстары туралы айтқан болуы мүмкін бе? Солай болуы да мүмкін (Ишая 13:9—11; Жоел 2:1, 30, 31). Мұндай құбылыстар адамдарға қалай әсер етеді? Олар “не істерін білмей азапқа түседі” (Лұқа 21:25; Соф. 1:17). Иә, Құдай Патшалығының жаулары, патша не құл болсын, “не болар екен деп күтіп, есеңгіреп қалады”. Олар бас сауғалайтын жер іздейді, бірақ Патшамыздың қаһарынан қашып тығылатын жер таппайды (Лұқа 21:26; 23:30; Аян 6:15—17).

10. Иса қандай үкімді жариялайды, сонда Құдай Патшалығына адал адамдар не істейді? Ал оның жаулары ше?

10 Үкімнің жариялануы. Құдай Патшалығының жауларының бәрі бір оқиғаны өз көзімен көруге мәжбүр болады, әрі бұл олардың қасіретін күшейте түседі. Иса: “Олар Адам Ұлының ғаламат құдіретпен және салтанатты ұлылықпен бұлттарда келе жатқанын көреді”,— деген (Мар. 13:26). Исаның өз құдіретін осылай табиғаттан тыс түрде көрсетуі үкімін жария етуге келгенінің белгісі болмақ. Соңғы күндер туралы басқа бір пайғамбарлығында, атап айтқанда қойлар мен серкелер туралы астарлы әңгімесінде, Иса бұны толығырақ суреттеді (Матай 25:31—33, 46 оқыңыз). Осы әңгімеде айтылғандай, Құдай Патшалығына адал адамдар “қойлардың” қатарына жатқызылады. Олар “құтқарылуларының жақын” екенін біліп, “бастарын көтереді” (Лұқа 21:28). Ал Патшалықтың жаулары “серкелердің” қатарына жатқызылады, әрі “мәңгілікке жойылатындарын” біліп, “өздерін ұрғылап зар еңірейді” (Мат. 24:30; Аян 1:7).

11. Келешекте болатын оқиғаларды қарастыру барысында нені есте ұстаған жөн?

11 Иса “барлық халықтарға” шығарылған үкімді жариялаған соң, Армагеддонға дейін тағы да бірнеше елеулі оқиға орын алады (Мат. 25:32). Біз солардың екеуіне, атап айтқанда Гогтың шабуылы мен майланғандардың жиналуына, көңіл бөлейік. Бұл оқиғаларды қарастыру барысында олардың қай уақытта болатыны Құдай Сөзінде нақты айтылмағанын есте ұстаған жөн. Әйтсе де қандай да бір уақыт аралығында екі оқиға қатар орын алатынға ұқсайды.

12. Қалай Шайтан Патшалыққа қарсы шабуыл жасайды?

12 Құдай халқына шабуыл. Магог жеріндегі Гог майланғандардың тамтығы мен олардың серіктері басқа қойларға шабуыл жасайды (Езекиел 38:2, 11 оқыңыз). Көктен қуылғалы бері, Шайтан майланғандармен шайқасып келеді. Бұл шабуыл оның көкте орнаған Патшалыққа қарсы соңғы шабуылы болмақ (Аян 12:7—9, 17). Әсіресе Ехоба майланғандарды қалпына келтірілген қауымға жинай бастағаннан бері, Шайтан олардың рухани жұмағын құрту үшін барын салуда. Бірақ мұнысынан түк шықпай келеді (Мат. 13:30). Ал жалған діндердің бәрі құрып жоқ болғанда, Құдай халқы “қабырғамен қоршалмаған, ысырмалы қақпалары да жоқ” мекенде тұрып жатқандай көрінеді. Сонда Шайтан мұны шабуыл жасаудың ең оңтайлы кезі деп ұғады. Ол жержүзіндегі үкіметтерге ой салып, Құдай Патшалығын жақтайтындарға шабуыл жасауға түрткілейді.

13. Жердегі қызметшілерінің игілігі үшін Ехоба не істейді?

13 Сол кезде не болатынын Езекиел пайғамбар суреттеген. Оның пайғамбарлығында Гог жайында былай делінген: “Сен шетінен атқа мінген күллі халқыңмен — бүкіл әскеріңмен, жер қайыстырған қолмен — өз жеріңнен, солтүстіктің қиыр түкпірінен аттанасың. Халқым Исраилге қарсы жерді жауып қалатын бұлт сияқты келесің” (Езек. 38:15, 16). Ешкім тоқтата алмайтындай осы бір шабуылға қарсы Ехоба не істейді? Ол: “Қаһарым оттай лаулайды... [Мен] Гогтың басына семсер үйіремін”,— дейді (Езек. 38:18, 21; Зәкәрия 2:8 оқыңыз). Жердегі қызметшілері үшін ұрысқа Ехобаның өзі араласады. Армагеддон шайқасы — осы.

14, 15. Шайтан Құдай халқына шабуылдағаннан кейін не болады?

14 Ехобаның өз халқын Армагеддон шайқасында қалай қорғайтынын қарастырмас бұрын, елеулі оқиғаның екіншісіне көңіл бөлейікші. 11-абзацта айтылғандай, әңгіме майланғандардың тамтығын жинау жөнінде болып отыр. Бұл оқиға Шайтан Құдай халқына шабуылдап, бірақ әлі Армагеддон басталмай тұрған уақыт аралығында болады.

15 Майланғандарды жинау. Матай мен Марқаның жазбаларынан Исаның “таңдап алынғандарға”, яғни майланған мәсіхшілерге, қатысты айтқан сөздері Армагеддонның алдында болатын оқиғалардың біріне нұсқайтыны көрінеді (7-абзацты қараңыз). Иса өзін Патша ретінде сипаттай келе: “Ол періштелерін жіберіп, дүниенің төрт бұрышынан — аспан мен жердің о шеті мен бұ шетінен — өзінің таңдап алынғандарын жинап алады”,— деген (Мар. 13:27; Мат. 24:31). Мұнда қандай “жинап алу” жөнінде айтылып тұр? Бұл жерде зор алапат басталардың тап алдында майланғандарға қойылатын шешуші белгі жөнінде айтылып тұрған жоқ (Аян 7:1—3). Мұнда Иса зор алапат кезінде болатын оқиғаға нұсқаған. Олай болса, Шайтан Құдай халқына шабуыл жасағаннан кейін, әлі жерде жүрген майланғандар қандай да бір сәтте көкке жиналады.

16. Қайта тірілген майланғандар Армагеддон шайқасына қатыса ма?

16 Майланған тамтықты жинаудың одан кейінгі оқиғамен, яғни Армагеддонмен, қандай байланысы бар? Майланғандардың жинап алынатын уақытын ескерсек, олардың бәрі Армагеддон шайқасы басталмас бұрын көкте болады. Ал көкте оларға, яғни 144 000 патшаға, Исамен бірге “темір асатаяқпен” Патшалықтың барлық жауларын жоюға билік беріледі (Аян 2:26, 27). Сосын, қайта тірілген майланғандар құдіретті періштелермен бірге Жауынгер Патша Мәсіхтің соңынан еріп, Ехобаның халқын қоршауға алған “жер қайыстырған қолға” қарсы аттанады (Езек. 38:15). Осылай Армагеддон шайқасы басталады! (Аян 16:16).

Зор алапаттың аяқталуы

Армагеддон соғысы басталды!

17. Армагеддон шайқасында “серкелерге” не болады?

17 Үкімнің жүзеге асырылуы. Зор алапаттың соңы Армагеддон шайқасы болмақ. Осы шайқаста Иса “барлық халықтардың” Соттаушысы ғана емес, сол халықтарға, яғни кезінде өзі “серкелердің” қатарына жатқызғандарға, шығарылған үкімді Жүзеге асырушы да болады (Мат. 25:32, 33). Патшамыз халықтарды “өткір ұзын семсермен” шабады. Иә, серкеге теңелген адамдардың бәрі — патша да, құл да “мәңгілікке жойылады” (Аян 19:15, 18; Мат. 25:46).

18. а) “Қойлардың” қатарына жатқызылғандардың жағдайы қалай өзгереді? ә) Жеңіске жеткен Иса тағы не істейді?

18 Ал “қойлардың” қатарына жатқызылғандардың жағдайы лезде өзгереді! Оларды “серкелерден” құралған Шайтанның қалың әскері жаншып тастамайды. Қайта, еш қорғансыз болып көрінген “қойлардан” тұратын “ұлы жамағат” жау қолынан аман қалып, “зор алапаттан өтеді” (Аян 7:9, 14). Иса жеңіске жетіп, Құдай Патшалығына қарсы шыққандардың бәрінің көзін құртқан соң, Шайтан мен оның жын-перілерін түпсіз тұңғиыққа лақтырады. Сол жерде олар мың жыл бойы өлімге теңеуге болатын әрекетсіз күйде жатады (Аян 6:2; 20:1—3 оқыңыз).

Өзімізді дайындайық

19, 20. Ишая 26:20 мен 30:21-тармақтағы сөздердің бізге қандай қатысы бар?

19 Әлемді дүр сілкіндіретін сол оқиғаларға қалай дайындалуға болады? Бірнеше жыл бұрын “Күзет мұнарасы” журналында: “Аман қалуымыз тіл алуымызға байланысты”,— делінген еді. Не себепті? Бұл сұрақтың жауабын Бабылға айдалған яһудилерге Ехобаның айтқан сөздерінен табуға болады. Ехоба Бабылдың құлайтынын алдын ала айтқан. Бірақ Құдай халқы сол кезге дайын болу үшін не істеу керек еді? Ехоба былай деді: “Халқым, барып, ішкі бөлмелеріңе кіріңдер де, Есіктеріңді жауып алыңдар. Құдайдың қаһары басылғанша, Азғана уақыт жасырына тұрыңдар” (Ишая 26:20). Тармақта қолданылған “барыңдар”, “кіріңдер”, “жауып алыңдар”, “жасырыныңдар” деген етістіктердің бәрі бұйрық райда тұр. Осы нұсқауларға құлақ асқан яһудилер үйлерінен шықпай отырғандықтан шапқыншыларға тап болмаған. Демек, олар Ехобаның нұсқауларына құлақ асқандарының арқасында аман қалған b.

20 Бұл жайттың бізге қандай қатысы бар? Біздің жағдайымызда да аман қалу-қалмауымыз Ехобаның нұсқауларына мойынсұнғанымызға байланысты болады (Ишая 30:21). Әдетте мұндай нұсқаулар қауым арқылы беріледі. Сондықтан берілген нұсқауларға шын жүректен мойынсұнуды үйренгіміз келеді (Жох. 1-х. 5:3). Қазір солай етер болсақ, болашақта мойынсұну қиынға соқпайды. Сонда Әкеміз Ехоба мен Патшамыз Иса бізді қорғайды (Соф. 2:3). Осының арқасында Құдай Патшалығының өз жауларын түп-тамырымен жойғанын өз көзімізбен көреміз. Иә, бұл естен кетпес оқиға болмақ!

a “Ұлы Бабылды” жою — діндар адамдарды жаппай қыру емес, діни ұйымдарды жою деп түсінген қисынды болса керек. Демек, жалған дінді ұстанатындардың басым бөлігі жойылмайды. Зәкәрия 13:4—6 тармақтардан байқайтынымыздай, олар дінге қатысы жоқ адамдай сыңай танытатынға ұқсайды.

b Көбірек мәлімет алу үшін “Ишаяның пайғамбарлығы бүкіл адамзат үшін нұр” кітабының І-томының (ор.) 282, 283-беттерін қараңыз.