Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Басқарушы кеңестің хаты

Басқарушы кеңестің хаты

Қымбатты бауырлас!

МЫНАДАЙ жайтты елестетіп көріңізші: 1914 жылдың 2 қазаны, жұма. Сіз таңертең Бруклиндегі өзге бетелдіктермен бірге асханаға келіп, өз орныңызға жайғастыңыз. Бәрі Расселл бауырласты күтіп отыр. Бір кезде есік ашылды да, оның өзі де кіріп келді. Әдеті бойынша сәл кідірді де, жарқын дауыспен: “Қайырлы таң!”— деп барлығына сәлем берді. Бірақ үстелдің бас жағындағы орнына жайғаспай, бірнеше рет қол соқты да: “Басқа ұлттарға белгіленген уақыт аяқталды, патшаларының күні бітті!”— деді. Осы көңіл толқытарлық хабарландыруды естігенде, төбеңіз көкке жетіп қуандыңыз. Өйткені осы сәтті ұзақ күттіңіз ғой! Бүкіл Бетел отбасы бұл қуанышты хабарды ду қол шапалақпен қарсы алып, ұзақ қол соқты.

Сол хабарландыру айтылғаннан бері талай жылдар өтті. Осы уақыт аралығында Құдай Патшалығы қандай істер атқарды? Көптеген елеулі істер атқарды. 1914 жылы небәрі бірнеше мың, ал бүгінде сегіз миллионға жуық қызметшілерін Ехоба Патшалық арқылы тазартып, білім беріп келеді. Біз бұл білімнің жан-жақты пайдасын көріп жүрміз, солай емес пе?!

Бауырластар жиі: “Ехобаның көктегі арбасы бір орында тұрған жоқ”,— деп жатады. Бұған еш күмән жоқ. Бірақ Ехобаның ұйымының көктегі бөлігін бейнелейтін арба 1914 жылдан бері жай ғана жүріп емес, жүйткіп келеді. Қолыңыздағы кітапты мұқият оқысаңыз, осыны байқайсыз. Патшалық туралы ізгі хабарды жержүзіне тарату үшін бауырластар өз заманының алдыңғы қатарлы технологияларын қолданды. Мысалы: газеттер, ақпараттық шерулер, “Фотодрама”, куәлік беру парақшалары, фонограф пен патефондар, радио. Ал бүгінде интернетті қолдануда.

Ехоба батасын бергендіктен, бүгінгі таңда 670-тен аса тілде тамаша безендірілген әдебиеттер басып, дүниежүзі бойынша тегін таратуға мүмкіндігіміз бар. Жанқияр ерікті қызметшілер дамыған және дамушы елдерде Патшалық және Конгресс сарайларын, Бетел ғимараттарын салуда. Ал табиғи апат бола қалса, қамқор Куәгерлер жапа шеккен бауырластарына қол ұшын беруге асығады. Осылай “қиын шақта арқа сүйер” бауырлары екенін көрсетеді (Нақ. с. 17:17).

Кейде дінбасылар мен өзге қарсыластар заңды пайдаланып, бізді “пәлеге ұшыратуды ойлайды”. Бірақ олардың мұндай әрекеттері, керісінше, жиі “ізгі хабардың кең таралуына септігін тигізіп жатады”. Мұны көру сенімімізді нығайтады (Зәб. 94:20; Філіп. 1:12).

Сіздермен қызметтес болуды біз мәртебе санаймыз, себебі бәріміз де Патшамыз Исаның қызметшісіміз (Мат. 24:45). Біз сіздерді қатты жақсы көреміз. Сондықтан қолыңыздағы кітап рухани мұраларыңызды бұрынғыдан да бағалай түсуге көмектессе екен деп дұға етеміз!

Ізгі ниетпен,

Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі