Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

1-ТАРАУ

Құдайдан келген екі хабар

Құдайдан келген екі хабар

ЛҰҚА 1:5—33

  • ЖӘБІРЕЙІЛ ПЕРІШТЕ ЖАҚИЯНЫҢ ТУЫЛАТЫНЫН АЙТТЫ

  • ЖӘБІРЕЙІЛ МӘРИЯМҒА ИСАНЫҢ ТУЫЛАТЫНЫН ХАБАРЛАДЫ

Киелі кітапты түгелімен Құдайдың хабары деп қарастыруға болады. Бұл кітап арқылы көктегі Әкеміз бізге тәлім береді. Ендеше, 2000 жыл бұрын айтылған ерекше екі хабарға көңіл бөлейік. Оларды жеткізген “Құдай алдында қызмет етуші” Жәбірейіл періште болатын (Лұқа 1:19). Осы маңызды екі хабарды періште қандай жағдайда айтты?

Шамамен б. з. б. 3 жыл. Алғашқы хабарды Жәбірейіл қай жерде айтқанын көрейік. Яһудеяның таулы өңірінде, Иерусалимге жақын маңдағы бір қалада Ехоба Құдайдың Зәкәрия есімді діни қызметкері тұрып жатты. Әйелінің есімі — Елізабет. Қартайып қалған олар бала сүймеген болатын. Зәкәрия өз тобының кезегі келіп, Құдайдың ғибадатханасындағы діни қызметкерлік міндетін атқарып жатты. Ол ғибадатхананың ішінде болғанда, кенет түтету үстелінің қасынан оған Жәбірейіл періште көрінді.

Зәкәрия қатты қорқып кетті. Алайда періште оған: “Қорықпа, Зәкәрия, Құдай тілегіңді естіді. Әйелің Елізабет ұл тауып, оның атын Жақия деп қоясың”,— деді. Сосын Жәбірейіл Жақияның “Ехобаның көз алдында ұлы болатынын” және “Ехобаға даярланған халықты алып келетінін” хабарлады (Лұқа 1:13—17).

Зәкәрияға балалы болу мүмкін еместей көрінді. Өйткені өзі де, әйелі Елізабет те қартайып қалған. Жәбірейіл оған былай деді: “Белгіленген уақытта орындалатын менің сөздеріме сенбегенің үшін, бұлар жүзеге асатын күнге дейін сөйлей алмай, мылқау болып қаласың” (Лұқа 1:20).

Бұл кезде сыртта тұрған жұрт Зәкәрияның ұзақ кідіргеніне таңғалысты. Бір уақытта ол сыртқа шықты, бірақ сөйлей алмады. Ым-ишаратпен ғана белгілер берді. Сонда жұрт ғибадатхананың ішінде оның ерекше бірдеңе көргенін түсінді.

Ғибадатханадағы қызметі аяқталған соң, Зәкәрия үйіне қайтты. Көп ұзамай Елізабет бала көтерді. Жүктілігінің соңғы бес айында ол үйінен шықпай жүрді.

Кейінірек Жәбірейіл екінші хабарды айту үшін көрінді. Бұл жолы ол кімге көрінді? Ғалилея аймағының солтүстігіндегі Назарет қаласында тұрып жатқан Мәриям есімді жас қызға. Періште оған не айтты? “Құдай саған рақымын түсірді. Сенің бойыңа бала бітіп, ұл табасың, оның атын Иса деп қоясың,— деді. Сосын періште: —Ол аса ұлы болады, әрі Құдай Тағаланың Ұлы деп аталады... Жақыптың әулетіне мәңгілік бойы Патша ретінде билік етеді. Оның Патшалығының шегі болмайды”,— деп қосты (Лұқа 1:30—33).

Осы екі хабарды жеткізу Жәбірейіл періште үшін мәртебе болғаны сөзсіз. Келесі тараулардан Жақия мен Иса туралы көбірек білгенде, көктен келген бұл хабарлардың неліктен сонша маңызды болғанын түсінеміз.