Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

4-ТАРАУ

Тұрмысқа шықпаған Мәриям жүкті

Тұрмысқа шықпаған Мәриям жүкті

МАТАЙ 1:18—25 ЛҰҚА 1:56

  • ЖҮСІП МӘРИЯМНЫҢ ЖҮКТІ ЕКЕНІН БІЛДІ

  • МӘРИЯМ ЖҮСІПКЕ ТҰРМЫСҚА ШЫҚТЫ

Мәриямның бала көтергеніне төрт ай болды. Жүктілігінің алғашқы үш айы Яһудеяның солтүстігінде тұратын туысы Елізабеттің қасында өтті. Қазір ол Назареттегі өз үйінде. Көп ұзамай іші білініп, жұртқа масқара болғалы тұр. Оның қандай күй кешкенін ойлап көріңізші!

Оның үстіне, Мәриямның Жүсіппен сөз байласқаны да жағдайды ушықтырды. Өйткені Мұса Заңы бойынша, атастырылған қыз басқа біреумен жақындасса, оны таспен ұрып өлтіру керек болған (Мұсаның 5-жазбасы 22:23, 24). Мұны Мәриям жақсы біледі. Алайда азғындық жасамаса да, жүкті болғанын Жүсіпке қалай түсіндірмек? Ол мұны қалай қабылдар екен?

Жүсіп үш ай бойы жырақта жүрген Мәриямды қатты сағынса керек. Екеуі кездескенде, Мәриям оған Құдайдың киелі рухының құдіретімен жүкті болғанын түсіндіруге тырысты. Бірақ Жүсіпке мұны ұғыну да, бұған сену де өте қиын болғаны айтпаса да белгілі.

Жүсіп Мәриямның жұртқа сыйлы жақсы қыз екенін білетін әрі оны шын сүйетін. Бірақ Мәриям не айтса да, Жүсіп оны басқа біреуден жүкті болды деп ойлады. Сонда да оның өлім жазасына кесілгенін не ел-жұртқа масқара болғанын қаламады. Сондықтан онымен жасырын түрде, яғни ың-шыңсыз ажырасуды шешті. Сол заманда атастырылған қыз бен жігіт ерлі-зайыпты деп есептелетін, сондықтан уәдені бұзу үшін олар ажырасу керек болған.

Жүсіп осы жайттарды ойлап жатып, ұйықтап кетті. Түсінде оған Ехобаның періштесі көрініп: “Әйелің Мәриямды үйіңе алып келуге қорықпа! Өйткені ол киелі рухтың құдіретімен жүкті болды. Ол ұл табады, сен оның атын Иса деп қой. Себебі ол өз халқын күнәларынан құтқаратын болады”,— деді (Матай 1:20, 21).

Ұйқыдан оянған Жүсіптің күдігі сейіліп, мәселенің басы ашылғанда, оның риза болғаны сөзсіз! Содан ол кідірместен періштенің айтқанын орындап, Мәриямды үйіне алып келді. Қалыңдықты үйге алып келу некелесу рәсімі болып есептелгендіктен, Жүсіп пен Мәриям жұрт алдында ерлі-зайыпты болды. Бірақ Иса туылғанша Жүсіп Мәрияммен жақындасқан жоқ.

Бірнеше айдан кейін Жүсіп және босануға ай-күні жақындаған Мәриям Назареттен кетуге дайындалды. Мәриямның босанатын уақыты таяп қалғанда, олар неге жол жүрмекші?