Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

5-ТАРАУ

Иса қашан және қай жерде туылды?

Иса қашан және қай жерде туылды?

ЛҰҚА 2:1—20

  • ИСА БЕТЛЕХЕМДЕ ТУЫЛДЫ

  • ҚОЙШЫЛАР НӘРЕСТЕ ИСАНЫ КӨРУГЕ КЕЛДІ

Рим империясының билеушісі Август цезарь елдің бүкіл тұрғынын санақтан өткізу жайлы жарлық шығарды. Сондықтан Жүсіп пен Мәриямға туған қалалары Бетлехемге, Иерусалимнің оңтүстігіне қарай жол жүруге тура келді.

Бетлехемде адам ығы-жығы. Бәрі санақтан өту үшін келген. Жүсіп пен Мәриям қонақүйден түнейтін орын таба алмай, біреудің мал қорасына тоқтады. Сол жерде Иса туылды. Мәриям нәрестесін құндақтап, малға жем беретін ақырға жатқызды.

Август цезарьдің санақтан өткізу жайлы жарлық беруіне Құдай септігін тигізді. Неге? Өйткені осы жарлықтың арқасында Иса Бетлехемде, оның арғы атасы Дәуіт патшаның қаласында, дүниеге келді. Жазбаларда уәде етілген Билеушінің сол қалада туылатыны ұзақ уақыт бұрын айтылған еді (Миха 5:2).

Қандай маңызды түн десеңізші! Далада бір топ қойшы малдарын күзетіп жүрген. Кенет айнала жарқырап кетті. Бұл — Ехобаның салтанатты нұры! Сосын пайда болған періштелердің бірі қойшыларға былай деді: “Қорықпаңдар! Мен жұрттың бәріне зор қуаныш әкелетін ізгі хабарды жариялауға келдім. Бүгін Дәуіттің қаласында құтқарушыларың Мәсіх Ие дүниеге келді. Сендер бұл нәрестені ақырда құндақтаулы жатқанынан танып-білесіңдер”. Кейін періштелердің қалың қолы пайда болды да: “Заңғар көктегі Құдай мадақталсын! Жер бетіндегі оның ықыласына ие болғандардың арасында тыныштық орнасын!”— деді (Лұқа 2:10—14).

Періштелер көзден ғайып болғанда, қойшылар бір-біріне: “Жүріңдер, дереу Бетлехемге барайық! Ехобаның бізге айтқанына сай, не болғанын көрейік”,— десті (Лұқа 2:15). Олар періште айтқан жерге тездетіп барып, жаңа туылған Исаны тапты. Сөйтіп, періштенің айтқандарын баяндап бергенде, естіп тұрғандардың бәрі қайран қалды. Мәриям болса бұл сөздердің барлығын есіне сақтап, көңіліне түйіп алды.

Бүгінде көп адам Иса 25-інші желтоқсанда туылды деп сенеді. Бірақ желтоқсанда Бетлехем өңірі суық әрі жаңбырлы, кейде тіпті қар да жауады. Мұндай маусымда қойшылардың отармен далада түнеуі мүмкін емес еді. Оның үстіне, Рим империясының көтеріліске дайын тұрған халықты санақтан өткізу үшін қыс ортасында жылы орнынан қозғауы да екіталай. Иса шамамен қазан айында, ауа райы жылы кезде туылған.