Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

9-ТАРАУ

Иса Назаретте ержетті

Иса Назаретте ержетті

МАТАЙ 13:55, 56 МАРҚА 6:3

  • ЖҮСІП ПЕН МӘРИЯМНЫҢ ҮЛКЕН ОТБАСЫ

  • ИСАНЫҢ КӘСІПТІ МЕҢГЕРУІ

Иса шағын да қарапайым Назарет қаласында ержетіп келеді. Бұл қала Яһудеяның солтүстігіндегі Ғалилеяның қыратты аймағында, Ғалилея деген үлкен көлдің батыс жағында орналасқан.

Жүсіп пен Мәриям Мысырдан көшіп келгенде, Иса шамамен екі жаста еді. Сол кезде ол отбасында жалғыз бала болатын. Кейін Мәриям мен Жүсіптің Жақып, Жүсіп, Шимон және Яһуда деген ұлдары және бірнеше қызы дүниеге келді. Осылайша Исаның бір анадан туған кем дегенде алты іні-қарындасы болды.

Исаның басқа да туыстары бар. Алдыңғы тараулардан елдің оңтүстігіндегі Яһудея өлкесінде тұратын Елізабет пен оның ұлы Жақия жайлы білген едік. Ал жақын маңда, Ғалилеяның өзінде Исаның нағашы апасы Салома мен оның күйеуі Зебедей тұрады. Мәриям мен Салома апалы-сіңлілі болса керек. Саломаның ұлдары Жақып пен Жохан Исаның бөлелері. Иса балалық шағында олармен қаншалықты араласқаны белгісіз. Бірақ есейгенде екеуі Исаға серік болып, елшілері ретінде қызмет етті.

Жүсіп үлкейіп жатқан отбасын асырау үшін, ағаш ұстасы ретінде тынбай еңбек етті. Ол Исаны өз ұлындай тәрбиелегендіктен, жұрт оны “ағаш ұстасының ұлы” деп білді (Матай 13:55). Жүсіп Исаға өз кәсібін де үйретті. Оны жақсы меңгергендіктен, Исаны да жұрт кейін “ағаш ұстасы” деп атады (Марқа 6:3).

Жүсіптің отбасында Ехобаға ғибадат ету басты орында тұрды. Жүсіп пен Мәриям Құдай Заңын ұстанып, балаларына “үйде отырғанда да, жол жүргенде де, жатқанда да, тұрғанда да” рухани тәлім-тәрбие берді (Мұсаның 5-жазбасы 6:6—9). Жүсіп отбасымен Назареттегі мәжілісханаға жүйелі түрде барып тұрғаны анық. Өйткені Жазбаларда Иса жайлы: “Ол әдетінше Демалыс күні мәжілісханаға барды”,— деп айтылған (Лұқа 4:16). Сондай-ақ бұл отбасы жыл сайын Иерусалимдегі Ехобаның ғибадатханасына сапар шегіп, зор қуанышқа бөленетін.