Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

18-ТАРАУ

Иса жоғарылады, ал Жақия төмендеді

Иса жоғарылады, ал Жақия төмендеді

МАТАЙ 4:12 МАРҚА 6:17—20 ЛҰҚА 3:19, 20 ЖОХАН 3:22—4:3

  • ИСАНЫҢ ШӘКІРТТЕРІ ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІН ЖАСАДЫ

  • ЖАҚИЯ ТҮРМЕГЕ ЖАБЫЛДЫ

Б. з. 30 жылының көктемі. Иса мен шәкірттері Құтқарылу мейрамын тойлағаннан кейін, Иерусалимнен кетті. Алайда олар бірден Ғалилеядағы үйлеріне оралмады. Яһудеяға барып, сол жерде көптеген адамды шомылдыру рәсімінен өткізді. Жақияның да осындай істі атқарып жүргеніне бір жылдай уақыт болды. Ол Иордан өзенінің аңғарында жүрсе керек. Кейбір шәкірттері әлі де оның қасында.

Исаның өзі ешкімді шомылдыру рәсімінен өткізген жоқ. Бұл рәсімді оның басшылығымен шәкірттері жасады. Осылайша қызметінің осы кезеңінде Иса да, Жақия да Құдай Заңының келісімін бұзғанына өкінген яһудилерге тәлім беріп жүрді (Елшілердің істері 19:4).

Алайда Жақияның шәкірттері қызғанып: “Сізге келген... адам [Иса] шомылдыру рәсімін жасап жүр”,— деп шағымданды (Жохан 3:26). Ал Жақия қызғанбады, қайта, Исаның жетістіктеріне қуанды. Ол шәкірттерінің де қуанғанын қалады. Сөйтіп, оларға: “Менің “Мәсіх емеспін, оның алдынан жіберілген адаммын” дегеніме өздерің куәсіңдер”,— деді. Осы жайтты түсіндіру үшін, мысал келтіріп: “Қалыңдығы бар кісі — күйеужігіт қой. Ал қасында тұрған досы оның даусын естіп, қатты қуанады. Менің де қуанышым қойныма сыймай тұр”,— деді (Жохан 3:28, 29).

Бірнеше ай бұрын Жақия шәкірттерін Исамен таныстырғанда, күйеужігіттің досы сияқты қуанған. Сол кезде Жақияның бірнеше шәкірті Исаның соңынан ерген болатын, әрі олар болашақта киелі рухпен майланбақ еді. Қазір ол қасындағы шәкірттерінің де Исаға ергенін қалайды. Өйткені Жақияның мақсаты Исаның қызметіне жол дайындау еді. Ол мұны түсіндіріп: “Ол жоғарылай, ал мен төмендей беруім керек”,— деді (Жохан 3:30).

Исаға ерген Жақияның шәкірті Жохан Исаның қайдан келгені мен адамзатты құтқаруда басты рөл атқаратыны жайлы кейіннен былай деп жазды: “Жоғарыдан келген ол бәрінен ұлы... Әкесі Ұлын сүйеді, әрі барлығын оның қолына тапсырды. Кім Ұлға сенсе, мәңгілік өмірді иеленеді, ал кім оған мойынсұнбаса, өмірге ие болмай, Құдайдың қаһарына ұшырайды” (Жохан 3:31, 35, 36). Бұл адамзат білу керек маңызды шындық емес пе?!

Жақия өзінің дәрежесінің төмендейтінін әрі қызметінің аяқталатынын айтқаннан кейін көп ұзамай түрмеге жабылды. Ол Ирод патшаның Иродияға үйленіп, азғындық жасағанын жұрт алдында әшкерелеген болатын. Иродия Иродтың бауыры Філіптің әйелі еді. Иса Жақияның тұтқындалғанын естігенде, шәкірттерімен бірге Ғалилеяға жол тартты (Матай 4:12; Марқа 1:14).