Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

19-ТАРАУ

Иса самариялық әйелге тәлім берді

Иса самариялық әйелге тәлім берді

ЖОХАН 4:3—43

  • ИСА САМАРИЯЛЫҚ ӘЙЕЛГЕ ЖӘНЕ БАСҚАЛАРҒА ТӘЛІМ БЕРДІ

  • ҚҰДАЙҒА ҰНАМДЫ ҒИБАДАТ

Яһудеядан Ғалилеяға бет алған Иса мен шәкірттері солтүстіктегі Самария өлкесінен өтті. Ұзақ жол жүргендіктен олар қатты шаршады. Содан түске қарай Сихар қаласына жақын бір құдықтың жанына келіп отырды. Бұл құдықты бірталай ғасыр бұрын Жақыптың өзі қазған не біреулерді жалдап қаздырған болуы мүмкін. Сол құдықты қазіргі Наблус қаласының маңынан көруге болады.

Шәкірттері тамақ сатып алу үшін қалаға кетті, ал Иса құдықтың жанында қалды. Бір уақытта құдықтан су алуға самариялық әйел келді. Иса оған: “Маған ішетін су берші”,— деді (Жохан 4:7).

Ғасырлар бойы қалыптасқан бұрыс көзқарастың кесірінен яһудилер мен самариялықтар бір-бірімен араласпайтын. Сондықтан әйел таңғалып: “Яһуди бола тұра, қалайша менен, самариялық әйелден, су сұрайсыз”,— деді. Сонда Иса: “Егер Құдайдың өзіңе беретін сыйын және “ішетін су берші” дегеннің кім екенін білсең, одан өзің сұрар едің, ал ол саған өмір суын берер еді”,— деп жауап берді. Әйел: “Мырза, су алатын шелегіңіз де жоқ, ал құдық терең. Онда сол өмір суын қайдан аласыз? Сіз бізге осы құдықты қалдырған және өзі де, балалары да, малы да одан су ішкен бабамыз Жақыптан да зорсыз ба?”— деді (Жохан 4:9—12).

Бұған Иса былай жауап қатты: “Мына судан ішкен адам тағы шөлдейді. Ал мен беретін судан ішкен адам ешқашан шөлдемейді. Бұл су оның ішінде мәңгілік өмір беретін бұрқылдап жатқан бұлаққа айналады” (Жохан 4:13, 14). Бұдан Исаның шаршағанына қарамастан, өмір сыйлайтын шындықты самариялық әйелмен бөлісуге дайын екенін көреміз.

Сонда әйел: “Мырза, бұдан былай шөлдеп, су алуға осында келе бермеуім үшін маған сол судан беріңізші”,— деді. Иса әңгіменің бетін бұрғысы келсе керек, әйелге: “Барып, күйеуіңді шақырып кел”,— деді. Ол: “Күйеуім жоқ”,— деп жауап берді. “Күйеуім жоқ” деп дұрыс айттың. Сенің бес күйеуің болған, ал қазір бірге тұрып жатқаның күйеуің емес”,— дегенде, әйел қатты таңғалған болуы мүмкін (Жохан 4:15—18).

Бұл сөздерінен әйел Исаның жай адам емес екенін түсініп: “Мырза, сіз пайғамбар екенсіз!”— деді. Сосын ол рухани нәрселерге қызығушылық танытып, былай деді: “Біздің ата-бабамыз [самариялықтар] мына тауда [Гаризимде] ғибадат еткен, ал сіздер [яһудилер] Құдайға ғибадат ететін орын Иерусалимде болуы тиіс дейсіздер”,— деді (Жохан 4:19, 20).

Алайда Иса маңыздысы ғибадат орны емес екенін түсіндіріп: “Адамдар Әкеге осы тауда да, Иерусалимде де ғибадат етпейтін уақыт келе жатыр”,— деді. Сосын: “Шынайы ғибадат етушілер Әкеге киелі рухқа және шындыққа сай ғибадат ететін уақыт келе жатыр, тіпті келіп те қойды. Құдай өзіне осылай ғибадат еткісі келетіндерді іздеуде”,— деп түсіндірді (Жохан 4:21, 23, 24).

Көктегі Әкеміз шындыққа сай ғибадат ететіндерді іздегенде, олардың қай жерде емес, қалай ғибадат ететініне мән береді. Бұл шындық әйелге қатты әсер етті. Сондықтан ол: “Мәсіх деп аталатын құтқарушының келетінін білемін. Ол келгенде, бізге бәрін ашық айтады”,— деді (Жохан 4:25).

Сосын Иса: “Сенімен сөйлесіп тұрған мен — соның өзімін”,— деп маңызды шындықты ашты (Жохан 4:26). Байқасаңыз, Иса су алуға келген қарапайым әйелге ерекше құрмет көрсетіп, өзінің Мәсіх екенін айтты. Бұған дейін Иса бұл шындықты ешкімге ашық айтпаған.

САМАРИЯЛЫҚТАР ИСАҒА СЕНДІ

Шәкірттер тамақ алып Сихардан қайтып келді. Иса Жақып құдығының жанында самариялық әйелмен сөйлесіп отыр еді. Шәкірттер Исаның қасына келгенде, әйел су құятын құмырасын қалдырып, қалаға бет алды.

Әйел Сихарға барып, адамдарға Исаның сөзін айтып берген соң: “Жүріңдер, менің істерімнің бәрін дәл айтып берген кісіні көріңдер!”— деп шақырды. Сосын, қызықтыру үшін болса керек, оларға: “Ол Мәсіх емес пе екен?”— деді (Жохан 4:29). Себебі Мәсіхке қатысты сұрақ адамдарды Мұса пайғамбардың заманынан бері қызықтырып келген (Мұсаның 5-жазбасы 18:18). Сондықтан қала тұрғындары барып, Исаны өз көздерімен көргісі келді.

Осы екі арада шәкірттер Исаға тамақ ұсынды. Бірақ Иса: “Менің сендер білмейтін тамағым бар”,— деді. Сонда олар бір-біріне: “Оған біреу тамақ әкеп берген бе?”— десті. Иса барлық ізбасары үшін маңызды бір жайтты түсіндіріп: “Менің тамағым — өзімді жіберген Құдайдың еркін орындау және оның тапсырған ісін аяқтау”,— деді (Жохан 4:32—34).

Иса қандай іс жайлы айтып тұр? Тура мағынадағы егін жинау ісін емес, себебі оған әлі төрт ай бар. Кейінгі сөздерінен көрінеді, ол рухани егін жинау ісі жайлы айтқаны: “Бастарыңды көтеріп, егіндікке көз салыңдар, ол пісіп, жинауға дайын тұр. Қазірдің өзінде егін орушылар жалақыларын алып, мәңгілік өмірге арналған өнімді жинап жатыр. Осылай егінді еккен де, жинаған да бірге қуанады” (Жохан 4:35, 36).

Иса көп ұзамай-ақ самариялық әйелмен әңгімелескенінің жемісін көрсе керек. Сихар қаласындағы самариялықтардың көбісі әлгі әйелдің “ол менің істерімнің бәрін дәл айтып берді” деген куәлігі арқылы Исаға сенді (Жохан 4:39). Сондықтан олар құдық басында отырған Исаға келіп, одан қалада қалып, көбірек тәлім беруін өтінді. Иса шақыруды қабыл алды да, Самарияда екі күн болды.

Исаның айтқандарын естіген соң, оған тағы да көп адам сенді. Сосын жұрт әлгі әйелге былай деді: “Біз енді тек сенің айтқаның бойынша сеніп қоймай, оны өзіміз тыңдап, оның шынымен де дүниенің құтқарушысы екенін білдік” (Жохан 4:42). Самариялық әйел Мәсіх туралы куәлік беруге қатысты керемет үлгі көрсетті. Ол тыңдаушыларының қызығушылығын оятып, көбірек білуге талпындырды.

Егін жинауға (бұл арпа болса керек) әлі төрт ай бар. Сол өңірде арпаны көктемде жинайды. Олай болса, қазір — қараша не желтоқсан айы. Демек, Иса мен оның шәкірттері б. з. 30 жылының Құтқарылу мейрамынан кейін Яһудеяға келіп, адамдарға тәлім беріп, шомылдыру рәсімінен өткізіп жүргеніне сегіз айдай болды. Қазір олар Ғалилеяға бара жатыр. Туған өлкелерінде оларды не күтіп тұр екен?