Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

24-ТАРАУ

Қызмет аясын Ғалилеяда кеңейтті

Қызмет аясын Ғалилеяда кеңейтті

МАТАЙ 4:23—25 МАРҚА 1:35—39 ЛҰҚА 4:42, 43

  • ИСА ТӨРТ ШӘКІРТІМЕН ҒАЛИЛЕЯДА УАҒЫЗДАДЫ

  • УАҒЫЗЫ МЕН КЕРЕМЕТТЕРІ ЖАЙЛЫ ХАБАР КЕҢ ТАРАДЫ

Қапарнаумда Иса мен шәкірттерінің қолы күні бойы босамады. Кешке жергілікті халық оған науқастарын алып келді. Сондықтан Исаның оңаша қалуға уақыты болмады.

Таңға жуық Иса тұрып, жалғыз өзі сыртқа шығып кетті. Ол Әкесіне дұға етіп алу үшін, оңаша бір жерге барды. Бірақ ұзақ жалғыз қала алмады. Себебі оның үйде жоқ екенін байқап, “Шимон мен қасындағылар оны іздеп шықты”. Иса Петірдің қонағы болғандықтан, топты сол бастаса керек (Марқа 1:36; Лұқа 4:38).

Исаны тауып алғанда, Петір: “Жұрттың бәрі сізді іздеп жүр”,— деді (Марқа 1:37). Қапарнаум тұрғындары оның кетпегенін қалады. Олар Исаның істеріне дән риза болып, одан “өздерін тастап кетпеуін өтінді” (Лұқа 4:42). Алайда Исаның жерге келгендегі негізі мақсаты адамдарды сауықтыру ма? Оның қызметі тек осы қаламен шектелмек пе? Бұл жайлы Исаның өзі не деді екен?

Иса шәкірттеріне былай деп жауап берді: “Басқа жерлерге, жақын маңайдағы елді мекендерге барайық. Сол жерлерде де уағыздайын, себебі мен сол үшін келдім”. Ал өздерімен бірге қалуды өтінген жұртқа ол: “Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды басқа қалаларда да жариялауым керек. Өйткені мен сол үшін жіберілдім”,— деді (Марқа 1:38; Лұқа 4:43).

Расында да, Исаның жерге келуінің басты себебі — Құдай Патшалығы туралы уағыздау. Өйткені бұл Патшалық болашақта Әкесінің есімін қасиетті етеді және адамзаттың бар қиындығын біржолата шешеді. Ал адамдарды керемет түрде сауықтыру арқылы Иса өзінің Құдай жіберген адам екенін дәлелдеді. Ғасырлар бұрын Мұса да таңғажайып істер жасап, Құдай жіберген пайғамбар екенін көрсеткен болатын (Мұсаның 2-жазбасы 4:1—9, 30, 31).

Содан Иса басқа қалаларда да уағыздау үшін Қапарнаумнан кетті. Төрт шәкірті оған еріп жүрді. Олар Петір мен оның бауыры Әндір, Жохан мен оның бауыры Жақып. Осыдан бір апта бұрын оларды Иса алғашқы сапарына серік болуға шақырған болатын.

Иса мен төрт шәкіртінің Ғалилеядағы уағыз сапары керемет жеміс берді! Иса туралы хабар шалғай аймақтарға дейін жетті. “Ол туралы хабар бүкіл Сирияға”, он қала өңірі Декаполиске және Иордан өзенінің арғы бетіндегі басқа жерлерге де тарады (Матай 4:24, 25). Осы аймақтардан және Яһудеядан келген қалың жұрт Иса мен оның шәкірттеріне ерді. Көп адам оған науқастарын алып келіп жатты. Иса ешкімнің көңілін қалдырмай, ауруларды сауықтырды, бойын жын билегендерді азат етті.