Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

27-ТАРАУ

Иса Матайды шақырды

Иса Матайды шақырды

МАТАЙ 9:9—13 МАРҚА 2:13—17 ЛҰҚА 5:27—32

  • ИСА САЛЫҚШЫ МАТАЙДЫ ШАҚЫРДЫ

  • МӘСІХ КҮНӘКАРЛАРҒА КӨМЕКТЕСУ ҮШІН ДАСТАРҚАНДАС БОЛДЫ

Сал кісіні сауықтырғаннан кейін, Иса Қапарнаумда тағы біраз бөгелді. Ғалилея теңізінің жағасында ол қасына жиналған жұртқа тәлім берді. Сол жерден кетіп бара жатып, салық кеңсесінде отырған Матайды көрді. Оны Леуі деп те атайтын. Иса оған керемет ұсыныс жасап: “Менің ізбасарым бол!”— деп шақырды (Матай 9:9).

Петір, Әндір, Жақып пен Жохан сияқты, Матай да бұған дейін Исаның тәлімі мен жасаған кереметтері жайлы естіген болса керек. Ол да солар сияқты шақыруды бірден қабыл алды. Матай Ізгі хабарында бұл жайлы: “Ол [Матай] орнынан тұрып, соңынан ерді”,— деп жазды (Матай 9:9). Содан Матай салық жинау қызметін тастап, Исаның шәкірті болды.

Көп ұзамай Матай өзінің шақырылғанына ризашылығының белгісі ретінде үлкен қонақасын берді. Ол Иса мен шәкірттерінен басқа тағы кімдерді шақырды? Өзінің бұрынғы әріптестерін. Олар жеккөрінішті Рим билеушілеріне қызмет етіп, кемелердің жағалауға тоқтағандары үшін, керуендердің үлкен жолмен өткендері үшін және адамдардың елге заттар алып кіргені үшін салық жинайтын. Яһудилер салықшыларға қалай қарады? Оларды жек көрді. Себебі олар арамдық жасап, салықты тиістісінен көп алатын. Сондай-ақ қонақасында оларды “күнәкарлар”, яғни жаманатты болған адамдар деп білді (Лұқа 7:37—39).

Исаның осындай адамдардың арасында отырғанын көргенде, әділсымақ парызшылдар шәкірттерге: “Неге ұстаздарың салықшылармен және күнәкарлармен бірге тамақтанады?”— деді (Матай 9:11). Мұны естіп қалған Иса оларға: “Дәрігер денсаулығы жақсы адамдарға емес, ауруларға қажет. Сондықтан “мен құрбандықты емес, мейірімділікті қалаймын” деген сөздердің мәнін ұғып алыңдар. Өйткені мен әділдерді емес, күнәкарларды өкінуге шақыру үшін келдім”,— деп жауап берді (Матай 9:12, 13; Ошия 6:6). Парызшылдар Исаны “ұстаз” деп шын жүректен атамады. Дегенмен, олардың дұрыс пен бұрысқа қатысты Исадан үйренетіндері көп.

Матай салықшылар мен күнәкарларды Исаны тыңдап, рухани сауығулары үшін шақырған болу керек. “Өйткені олардың көбісі оның соңынан еріп жүрген болатын” (Марқа 2:15). Иса оларға Құдаймен қарым-қатынастарын дұрыстауға көмектескісі келді. Менмен парызшылдар сияқты оларды жек көрмеді. Қайта, жаны ашып, мейірімділік танытты. Осылайша Иса рухани ауруларды емдеді.

Иса салықшылар мен күнәкарларға мейірімділік танытқанымен, олардың күнәларын құптаған жоқ. Ол сырқат адамды қалай аяса, оларды да солай аяды. Мысалы, Исаның алапес адамға жаны ашып: “Қалаймын, тазар!”— дегені есіңізде болар (Матай 8:3). Олай болса, біз де бойымызда осындай сезім мен көзқарас дамытып, мұқтаж адамдарға, әсіресе рухани жағынан мұқтаж жандарға, көмектесуіміз керек емес пе?!