Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

30-ТАРАУ

Исаның Әкесімен қарым-қатынасы

Исаның Әкесімен қарым-қатынасы

ЖОХАН 5:17—47

  • ҚҰДАЙ — ИСАНЫҢ ӘКЕСІ

  • ҚАЙТА ТІРІЛТУ БОЛАТЫНЫН УӘДЕ ЕТТІ

Яһудилер Исаны Демалыс күні адам сауықтырғаны үшін айыптағанда, Иса: “Әкем еңбек етуді доғарған жоқ, мен де еңбек етудемін”,— деді (Жохан 5:17).

Исаның бұл ісі Құдайдың Демалыс күніне қатысты заңына қайшы келмеді. Уағыздау және адамдарды сауықтыру арқылы ол жақсылық жасайтын Құдайға еліктеді. Сондықтан Иса күн сайын жақсылық жасауын доғармады. Алайда Исаның жауабына айыптаушылар одан бетер ашуланып, оны өлтіргісі келді. Соншалық ашулануға не себеп болды?

Адам сауықтыруымен Иса Демалыс күніне қатысты ережені бұзды деген қате пікірде болғандарымен қоймай, олар тағы Исаның Құдай ұлымын дегеніне қатты наразы болды. Иса Ехобаны Әке деуімен өзін онымен теңестіріп, Құдайды қорлап тұр деп есептеді. Соған қарамастан Иса Құдаймен ерекше қарым-қатынасы жайлы батыл жауап берді. “Әкесі Ұлын жақсы көреді,— деді ол,— әрі оған істерінің барлығын көрсетеді” (Жохан 5:20).

Көктегі Әке — Өмір беруші, ол мұны бұрынғы заманда қызметшілеріне адамды қайта тірілтуге құдірет беруімен көрсеткен. Иса сөзін жалғап: “Әкесі өлілерді тірілтіп, оларға өмір беретіні сияқты, Ұлы да қалаған адамына өмір береді”,— деді (Жохан 5:21). Болашаққа үміт сыйлайтын қандай керемет сөздер! Қазірдің өзінде Құдайдың Ұлы адамдарды рухани мағынада қайта тірілтуде. Сол себепті ол: “Менің сөзімді естіген әрі мені жібергенге сенген әркім мәңгілік өмірге ие. Ол сотталмайды, қайта, өлімнен өмірге өтті”,— деді (Жохан 5:24).

Исаның осыған дейін өлген адамды өмірге қайтарғаны жайлы ештеңе айтылмаған. Алайда ол айыптаушыларына болашақта тура мағынада қайта тірілудің болатыны жайлы: “Қабірдегілердің бәрі оның даусын еститін уақыт келе жатыр”,— деді (Жохан 5:28, 29).

Иса ерекше билігі болса да, Құдайға бағынышты екенін анық етіп: “Мен өз бетімше ештеңе істей алмаймын... Өзімнің емес, мені жібергеннің еркін орындауды қалаймын”,— деді (Жохан 5:30). Сондай-ақ Иса Құдайдың ниетіндегі маңызды рөлін түсіндірді. Бұл жайлы ол бұрын-соңды көпшіліктің алдында ашық айтпаған еді. Алайда айыптаушыларға Исаның сөздерінен басқа да куәлік берілген болатын. Соны естеріне салып, Иса: “Сендер Жақияға адамдарыңды жібердіңдер, ол мен туралы шынайы куәлік берді”,— деді (Жохан 5:33).

Исаның айыптаушылары шамамен екі жыл бұрын Жақияның яһуди дінбасыларына өзінен кейін келе жатқан адам жайлы — “пайғамбар” және “Мәсіх” жайлы — айтқанын естіген болу керек (Жохан 1:20—25). Қазір түрмеде жатқан Жақияны олар бір кездері қадірлегенін естеріне салып, Иса: “Сендер оның жарығында аз уақыт қана шаттанғыларың келді”,— деді (Жохан 5:35). Алайда Исаның берген куәлігі Жақиянікінен әлдеқайда зор.

“Өзім істеп жатқан істер [әлгінде ғана жасаған сауықтыру ісі де] мені Әкемнің жібергеніне куәлік етеді”,— деді Иса. Сосын: “Мені жіберген Әкем де мен туралы куәлік еткен”,— деп қосты (Жохан 5:36, 37). Мысалы, Иса шомылдыру рәсімінен өткенде, Құдай көктен дауыстап куәлік еткен болатын (Матай 3:17).

Расында да, айыптаушылардың Исаны мойындамағанын ақтауға болмайды. Олар мұқият зерттейміз деп жүрген Жазбаларда Иса жайлы куәлік етілген. Сондықтан Иса: “Егер Мұсаға сенсеңдер, маған да сенер едіңдер. Өйткені ол мен туралы жазған. Ал оның жазғандарына сенбесеңдер, онда менің айтқандарыма қалай сенесіңдер?” — деп сөзін аяқтады (Жохан 5:46, 47).