Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

36-ТАРАУ

Жүзбасы зор сенім танытты

Жүзбасы зор сенім танытты

МАТАЙ 8:5—13 ЛҰҚА 7:1—10

  • ИСА ЖҮЗБАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТШІСІН САУЫҚТЫРДЫ

  • СЕНІМІ БАРЛАР ЖАРЫЛҚАНАДЫ

Таудағы уағызынан кейін Иса Қапарнаум қаласына кетті. Сол жақта оған яһуди ақсақалдары бір өтінішпен келді. Оларды Рим әскерінде жүзбасы қызметін атқаратын басқа ұлтты кісі жіберген еді.

Жүзбасының жақсы көретін бір қызметшісі қатты сырқаттанып, өлім аузында еді. Жүзбасы яһуди болмаса да, Исадан көмек сұрау үшін араға кісілер салды. Яһуди ақсақалдары Исаға келіп, “үйде сал болып жатқан қызметшінің қатты қиналып” жатқанын айтты (Матай 8:6). Сосын олар жүзбасының жәрдем беруге тұратын кісі екенін түсіндіріп: “Ол халқымызды жақсы көреді, бізге тіпті мәжілісхана салып берді”,— деді (Лұқа 7:4, 5).

Көп кідірмей Иса ақсақалдармен бірге жүзбасының үйіне бет алды. Үйге жақындап қалған Исаның алдынан жүзбасының достары шығып: “Мырза, келіп әуре болмаңыз, сізді үйіме кіргізуге лайықсызбын. Сондықтан да сізге өзім барған жоқ едім”,— деген сөзін жеткізді (Лұқа 7:6, 7). Бұйрық беруге әдеттенген адамның бұлай деуі неткен кішіпейілділік десеңізші! Бұдан құлдарына қатыгездік көрсететін римдіктерге оның мүлдем ұқсамайтынын көреміз (Матай 8:9).

Яһудилер басқа ұлттың адамдарымен араласпайтынын жүзбасының білгені сөзсіз (Елшілердің істері 10:28). Сондықтан болса керек, ол Исаға достары арқылы: “Тек бірауыз сөз айтсаңыз болғаны, қызметшім сауығып кетеді”,— деді (Лұқа 7:7).

Мұны естіген Иса таңғалып: “Сендерге мынаны айтамын: тіпті Исраилде ешкімнен мұндай зор сенім көрген емеспін”,— деді (Лұқа 7:9). Жүзбасының достары үйге қайтып келгенде, хал үстінде жатқан қызметшісінің сауығып кеткенін көрді.

Керемет жасаған осы жағдайды қолданып, Иса Құдайға сенімі бар басқа ұлт адамдарына да оның ықыласы түсетінін түсіндіріп: “Көк Патшалығында Ыбырайым, Ысқақ және Жақыппен бірге шығыс пен батыстан келген көп адам дастарқан басына жантаятын болады”,— деді. Ал Исаға сенбейтін яһудилер жайлы не деуге болады? Иса олардың “сырттағы қара түнекке тасталатынын” және “сол жерде олар зар еңіреп, қинала тістенетінін” айтты (Матай 8:11, 12).

Демек, Исамен бірге Патшалықтың алғашқы мүшесі болу мүмкіндігін қабыл алмаған яһуди халқынан Ехоба бас тартады. Ал басқа ұлт адамдары дастарқан басында, яғни “Көк Патшалығында”, Исамен бірге жантаятын болады.