Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

39-ТАРАУ

Ықылассыз ұрпақ қасіретке қалады

Ықылассыз ұрпақ қасіретке қалады

МАТАЙ 11:16—30 ЛҰҚА 7:31—35

  • ИСА БІРНЕШЕ ҚАЛАНЫ АЙЫПТАДЫ

  • ЖЕҢІЛДІК ӘКЕЛЕТІН, ЖАНДЫ СЕРГІТЕТІН ЖОЛДЫ КӨРСЕТТІ

Иса шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия туралы мақтау сөздер айтты. Ал жұрттың көпшілігі Жақияға қалай қарады? “Бұл ұрпақ,— деді Иса, — базар алаңдарында отырған балаларға ұқсайды. Олар жолдастарына айғайлап: — Біз сыбызғы тарттық, ал сендер билемедіңдер. Біз жоқтау айттық, бірақ сендер қайғырып, көкіректеріңді ұрмадыңдар,— дейді” (Матай 11:16, 17).

Мұнымен Иса не айтқысы келді? Өз сөзін былай түсіндірді: “Жақия өзгелердей ішіп-жемеді. Бірақ жұрт оны “бойында жын бар” деді. Ал Адам Ұлы өзгелердей ішіп-жейді, бірақ жұрт бәрібір “мынау тамақ жеп, шарап ішуді жақсы көреді, өзі салықшылар мен күнәкарлардың досы екен” дейді” (Матай 11:18, 19). Жақия назир антын берген адамға сай қарапайым, тіпті шарап ішпей өмір кешсе де, замандастары оны жын соққан деп айыптады (Мұсаның 4-жазбасы 6:2, 3; Лұқа 1:15). Ал Иса басқа адамдар сияқты өмір сүріп, орнымен ішіп-жеді, бірақ тым көп ішіп-жейді деп оны да айыптады. Жұрттың көңілінен шығу мүмкін емес сияқты.

Иса замандастарын басқа балалар сыбызғы тартқанда билемеген, жоқтау айтқанда қайғырмаған “базар алаңында отырған балаларға” теңеді. Сосын ол: “Даналық істерімен дәлелденеді”,— деді (Матай 11:16, 19). Расында да, Жақия мен Исаның “істері” оларға тағылған айыптардың жалған екенін дәлелдейді.

Иса өз кезіндегі ұрпақтың ықылассыздығын мысалмен түсіндірген соң, керемет істерін көрген Хоразин, Бетсайда және Қапарнаум қалаларын айыптады. Исаның айтуынша, құдіретті істер Финикияның Тир мен Сидон қалаларында жасалғанда, оның тұрғындары күнәларына өкінер еді. Тіпті біраз уақыт үйі болған Қапарнаумның өзінде тұрғындарының көбісі Исаны қабылдамады. Сондықтан Иса: “Сот күні Қапарнаумның жазасынан гөрі Содомның жазасы жеңілірек болады”,— деді (Матай 11:24).

Сосын Иса құнды рухани шындықтарды “данышпандар мен білімпаздардан жасырып, бала сияқты кішіпейіл адамдарға ашқан” көктегі Әкесін мадақтады (Матай 11:25). Осындай кішіпейіл адамдарға Иса керемет ұсыныс жасап: “Бейнет шеккендер мен еңселерін ауыр жүк басқандар, барлығың да маған келіңдер, мен жандарыңды сергітемін. Мойынтұрығымды алып, менен үйреніңдер, өйткені мен жұмсақ әрі кішіпейілмін. Сонда жандарың сергиді. Себебі мойынтұрығым ыңғайлы, жүгім жеңіл”,— деді (Матай 11:28—30).

Иса оларды қалай сергітпек? Діни жетекшілер түрлі салт-жоралармен — мысалы Демалыс күніне қатысты тым қатал ережелер орнатумен — халыққа ауыртпалық салды. Ал Иса оларға Құдай туралы шындықты ашып, салт-жоралардан таза тәлімді беру арқылы жандарын сергітті. Сондай-ақ қатал билеушілердің езгісінен қиналған және күнәнің ауыртпалығынан еңселері түскен адамдарға жеңілдік әкелетін жолды көрсетті. Шынымен де, Иса адамдарға күнәлары қалай кешірілетінін және Құдаймен қалай татуласа алатындықтарын түсіндірді.

Иса ұсынған ыңғайлы мойынтұрықты алғандардың бәрі өздерін Құдайға бағыштап, көктегі жанашыр да мейірімді Әкемізге қызмет ете алады. Ал мұның адамдарға ауыртпалығы жоқ, өйткені Құдайдың талаптарын орындау қиын емес (Жоханның 1-хаты 5:3).