Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

42-ТАРАУ

Иса парызшылдарға қатаң сөгіс айтты

Иса парызшылдарға қатаң сөгіс айтты

МАТАЙ 12:33—50 МАРҚА 3:31—35 ЛҰҚА 8:19—21

  • ИСА “ЖҮНІС ПАЙҒАМБАРДЫҢ БЕЛГІСІ” ЖАЙЛЫ АЙТТЫ

  • ШӘКІРТТЕР ОТБАСЫНАН ДА ЖАҚЫН БОЛДЫ

Дін мұғалімдері мен парызшылдар Исаның жындарды Құдай күшімен қуып шығаратынына күмән келтірді. Мұнысымен олар киелі рухты қорлауға шақ қалып тұр. Енді, олар кімнің жағына шықпақ — Құдайдың ба, әлде Шайтанның ба? Иса: “Жақсы ағаш болсаңдар, жемістерің де жақсы болады, ал нашар ағаш болсаңдар, жемістерің де нашар болады. Себебі ағаш жемісімен танылар”,— деді (Матай 12:33).

Иса Шайтанға қызмет еткендіктен жындарды қуып шығарып, жақсылық жасады деу ақымақтық. Өйткені Иса Таудағы уағызында жақсы жемісті жақсы ағаш қана беретінін анық айтқан еді. Олай болса, парызшылдардың жемісі, яғни Исаға ақылға қонымсыз айып тағуы, нені дәлелдейді? Олардың нашар жеміс болғанын дәлелдейді. Сондықтан Иса оларға: “Улы жыланның ұрпағы! Зұлым бола тұра, қалайша жақсы сөздер айта аласыңдар? Өйткені адамның жүрегі неге толы болса, аузы соны айтар”,— деді (Матай 7:16, 17; 12:34).

Иә, айтқан сөздерімізден жан дүниеміздің қандай екені көрінеді, әрі соған қарай сотталамыз. Сол себепті Иса былай деді: “Сендерге мынаны айтамын: адамдар айтқан әрбір бос сөзі үшін Сот күні жауап береді. Өйткені адам айтқан сөздеріне сай не әділ деп жарияланады, не айыпталады” (Матай 12:36, 37).

Иса қаншама құдіретті істер жасаса да, дін мұғалімдері мен парызшылдар бұларды азсынып: “Ұстаз, Құдайдан келгеніңді дәлелдейтін белгі көрсетуіңді қалаймыз”,— деді. Олардың құдіретті істер жасалған жерде болған-болмағаны белгісіз. Десе де оларды өз көздерімен көрген куәлар жетіп-артылатын. Сондықтан Иса яһуди жетекшілеріне: “Зұлым да азғын ұрпақ белгі іздеуін қоймайды, бірақ оған Жүніс пайғамбардың белгісінен басқа белгі көрсетілмейді”,— деп жауап берді (Матай 12:38, 39).

Иса не айтқысы келгенін оларға түсіндіріп: “Жүністің үш күн, үш түн алып балықтың ішінде болғанындай, Адам Ұлы да жер қойнында үш күн, үш түн болады”,— деді. Жүністі үлкен балық жұтып қойып, оны сыртқа шығарғанда, ол қайта тірілгендей болған. Иса өзінің де өліп, үш күннен кейін қайта тірілетінін алдын ала айтып отыр. Кейіннен осы жайт орындалғанда, яғни “Жүніс пайғамбардың белгісі” көрсетілгенде, яһуди жетекшілері оны мойындамады, күнәларына өкінбеді және өзгеріс жасамады (Матай 27:63—66; 28:12—15). Ал ниневиялықтар Жүністің уағызынан кейін күнәларына өкінген болатын. Осы ісімен олар бұл ұрпақты айыптайды. Сондай-ақ Исаның айтуынша, Шеба елінің патшайымы да өз үлгісімен бұларға айып тағады. Өйткені ол Сүлейменнің дана сөздерін тыңдап, қатты таңғалған. Ал бұл ұрпақтың алдында “Сүлейменнен де зор біреу” тұр (Матай 12:40—42).

Иса зұлым ұрпақтың жағдайын бойынан жыны қуылған адамның жағдайына теңеді (Матай 12:45). Адам жыннан босаған бойын жақсы нәрсемен толтырмағандықтан, жын өзінен де зұлым тағы жеті жынды ертіп келіп, оны билеп алады. Исраил халқы да кезінде жыннан арылған адам сияқты тазарып, түзелген болатын. Алайда олар Құдайдың пайғамбарларынан бас тартты, ең сорақысы Құдайдың рухымен әрекет еткен Исаның өзіне қарсы шықты. Бұдан халықтың жағдайы бастапқыдан әлдеқайда мүшкіл екенін көреміз.

Иса сөйлеп отырғанда, анасы мен бауырлары келіп, жиналған жұрттан шеткерірек тұрды. Исаның қасындағы біреу оған: “Сыртта анаңыз бен бауырларыңыз келіп, сізге жолыққысы келіп тұр”,— деді. Сонда Иса шәкірттерінің өзіне қаншалықты жақын екенін түсіндірді. Шәкірттеріне нұсқап: “Құдай сөзін естіп, орындайтындар менің анам және бауырларым”,— деді (Лұқа 8:20, 21). Осылайша ол туыстық байланыс қымбат болса да, өзінің шәкірттерімен қарым-қатынасы әлдеқайда бағалы екенін көрсетті. Рухани жағынан жақын бауырластардың болғаны қандай жақсы! Әсіресе адамдар адал ниетімізге шек келтіріп не игі ісіміз үшін жазғырып жатқанда, бұл көңілімізге қуат береді емес пе?!