Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

45-ТАРАУ

Адамның бойынан көп жынды қуды

Адамның бойынан көп жынды қуды

МАТАЙ 8:28—34 МАРҚА 5:1—20 ЛҰҚА 8:26—39

  • ИСА ЖЫНДАРДЫ ШОШҚАЛАРҒА ҚУДЫ

Шәкірттер үлкен қиындықты бастан кешіп, жағалауға жеткенде, бір сұмдық оқиғаның куәсі болды. Қабірлер жақтан бойын жын билеген екі кісі құтырына шыға келді де, Исаға қарай жүгірді! Бәрінің назары солардың біріне ауды. Өйткені оның ашуы күштірек болса керек және жындардың билігінде ұзағырақ болғанға ұқсайды.

Байғұс кісі жалаңаш күйі сол маңда жүретін. “Ол күні-түні қабірлер мен тауларда айғайлап, өз-өзін таспен тілгілейтін” (Марқа 5:5). Аса қауіпті болғандықтан, ешкімнің сол маңнан өтуге жүрегі дауламайтын. Адамдар оны талай рет байлап ұстауға тырысты. Бірақ ол шынжырды үзіп, кісенді сындырып тастай берді. Оны бағындыруға ешкімнің күші жетпеді.

Ол Исаның қасына келіп, аяғына жығылғанда, бойындағы жындар оны шыңғыртып: “Құдай Тағаланың Ұлы Иса, мұнда неге келдің? Мені жазаламаймын деп Құдай алдында ант бер!”— дегізді. Сонда Иса: “Жын, шық бұл кісіден!”— деп бұйырып, жындарға билігі бар екенін көрсетті (Марқа 5:7, 8).

Шын мәнінде бұл кісінің бойын көп жын билеген еді. Иса: “Атың кім?”— деп сұрағанда, ол: “Атым — Қалың қол [грекше “легион”], өйткені біз көппіз”,— деп жауап берді (Марқа 5:9). Рим әскерінің легионында мыңдаған сарбаздан құралған қалың қол болған. Соған қарағанда әлгі кісінің бойына көп жын жиналып, оны азаптаудан рақаттанған. Олар Исадан “тұңғиыққа түсірмеуін” өтінді. Демек, болашақта өздеріне де, басшылары Шайтанға да не болатыны оларға белгілі (Лұқа 8:31).

Сол маңда екі мыңдай шошқа жайылып жүрген. Шошқа Мұса Заңы бойынша арам болып саналатын әрі яһудилерге оны иеленуге болмайтын. Жындар: “Бізді шошқаларға жібере көр, соларға кірейік”,— деді (Марқа 5:12). Иса рұқсат бергенде, олар әлгі кісінің бойынан шығып, шошқаларға кірді. Сонда апыр-топыр болған шошқалар жардан секіріп, түгелімен теңізге батып, қырылып қалды.

Шошқалардың мерт болғанын көргенде, бақташылар дереу қала мен оның маңында тұратын адамдарға болған жайды жеткізді. Көп ұзамай сол жерге жұрт жиналды. Сонда олар бойынан жындар шыққан адамның ақыл-есі кіріп, үстіне киім киіп, Исаның аяқ жағында отырғанын көрді.

Болған оқиғаны естіген немесе көрген адамдардың бойын үрей биледі. Олар Исаның өздеріне қандай игілік әкелетінін ұқпай, оның сол аймақтан кетуін өтінді. Иса қайыққа отырып кеткелі жатқанда, жындардан арылған кісі еріп жүруге рұқсат сұрап жалынды. Алайда Иса оған: “Үйіңе барып, туған-туысқандарыңа Ехобаның өзіңе не істегенін және қалай қайырымдылық көрсеткенін айтып бер”,— деді (Марқа 5:19).

Иса сауықтырған адамдарға әдетте тіс жармауды бұйыратын. Өйткені елді дүр сілкіндірген хабардан өзі жайлы бұрыс тұжырым жасағанын қаламады. Ал мына жағдайда, жындардан арылған кісі Исада зор күш бар екеніне тірі айғақ болып тұр, әрі оның Иса бара алмайтын жерлерде куәлік беруге мүмкіндігі бар. Сондай-ақ ол шошқалардың өліміне қатысты кез келген жағымсыз сөзге қарсы куәлік бере алады. Содан ол барып, бүкіл Декаполис өңіріне Исаның өзіне не істегенін жариялады.