Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

48-ТАРАУ

Кереметтер жасаған Исаны тіпті Назаретте мойындамады

Кереметтер жасаған Исаны тіпті Назаретте мойындамады

МАТАЙ 9:27—34; 13:54—58 МАРҚА 6:1—6

  • ИСА ЗАҒИП ЖӘНЕ МЫЛҚАУ КІСІЛЕРДІ САУЫҚТЫРДЫ

  • НАЗАРЕТТІКТЕР ОНЫ МОЙЫНДАМАДЫ

Исаның күні тынымсыз қызмет етумен өтуде. Декаполис өлкесінен келгенде, ол қан кетіп ауырған әйелді сауықтырды және Жайырдың қызын тірілтті. Әлі кеш батқан жоқ. Ол Жайырдың үйінен кетіп бара жатқанда, соңынан екі зағип кісі ілесті. Олар: “Дәуіттің Ұлы, бізге рақым ете көріңіз!”— деп айғайлады (Матай 9:27).

Зағип кісілер Исаны “Дәуіттің Ұлы” деуімен оның Дәуіт тағының мұрагері әрі Мәсіх екеніне сенетіндерін көрсетті. Иса олардың табандылығын сынағысы келсе керек, естімеген сыңай танытты. Бірақ олар табанды болды. Иса үйге кіргенде, олар да ішке кірді. Иса: “Көздеріңді аша алатыныма сенесіңдер ме?”— деп сұрады. Олар: “Иә, Ием”,— деп сенімді жауап қатты. Сонда Иса олардың көздеріне қолын тигізіп: “Сенімдеріңе сай болсын!”— деді (Матай 9:28, 29).

Сол замат екеуінің де көздері көретін болды. Иса оларға да бұл жайлы ешкімге тіс жармауды бұйырды. Бірақ қуанғанынан олар болған оқиғаны көп ұзамай-ақ бәріне айта бастады.

Көздері ашылған бұл кісілер Исаның қасынан кеткен соң, адамдар бойын жын билеген мылқау кісіні ертіп әкелді. Иса оның бойынан жынды қуғанда, ол сөйлей бастады. Бұған қайран қалған жұрт: “Исраилде мұндай нәрсе ешқашан болған емес!”— десті. Сол жерде парызшылдар да тұр еді. Керемет жайттардың орын алғанын жоққа шығара алмаған соң, олар: “Ол жындарды жындардың әміршісінің күшімен қуып шығарады”,— деп Исаға бұрынғы айыпты тағы тақты (Матай 9:33, 34).

Осы оқиғадан кейін көп ұзамай Иса шәкірттерімен бірге Назареттегі үйіне оралды. Шамамен бір жыл бұрын ол қаладағы мәжілісханада тәлім берген. Алғашында таңғалып тыңдаған жұрт, кейіннен айтқандарына ашуланып, оны өлтірмек болған. Қазір Иса жерлестеріне тағы да көмектесіп көрмек.

Демалыс күні Иса мәжілісханаға келіп, тәлім бере бастады. Оны тыңдаған көп адам таңданып: “Оған бұндай даналық пен құдіретті істер жасайтын қабілет қайдан біткен?”— деп сұрады. Сосын бір-біріне: “Ол ағаш ұстасының ұлы емес пе? Анасының аты Мәриям, ал бауырлары Жақып, Жүсіп, Шимон мен Яһуда ғой? Қарындастары да арамызда тұрады емес пе? Онда мұның бәрі оған қайдан біткен?”— десті (Матай 13:54—56).

Жерлестері Исаны қарапайым адам деп есептеген шығар. “Көз алдарында өскен бала қалайша Мәсіх бола қалды”,— деп ойлаған да болар. Сондықтан Исаның зор даналығы мен құдіретті істерін көрсе де, оны мойындамады. Исаны жақсы білгендігі тіпті туыстарына да кедергі жасады. Сондықтан Иса: “Пайғамбарды өзге жерде қадірлесе де, өз ел-жұрты мен үй іші қадірлемес”,— деді (Матай 13:57).

Мұндағы адамдардың сенімнен жұрдай болғанына Иса қайран қалды. Сондықтан өскен жерінде “бірнеше науқасқа ғана қолын қойып емдегеннен” басқа ешқандай құдіретті істер жасамады (Марқа 6:5, 6).