Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

49-ТАРАУ

Ғалилеяда уағыздады және елшілерін үйретті

Ғалилеяда уағыздады және елшілерін үйретті

МАТАЙ 9:35—10:15 МАРҚА 6:6—11 ЛҰҚА 9:1—5

  • ҒАЛИЛЕЯҒА ТАҒЫ ДА УАҒЫЗДАУ САПАРЫМЕН БАРДЫ

  • ЕЛШІЛЕРІН УАҒЫЗДАУҒА ЖІБЕРДІ

Исаның белсене уағыздағанына екі жылдай болды. Енді қарқынын бәсеңдетіп, сәл босаңсуына болатын шығар. Алайда ол Ғалилеяның басқа жерлерінде де уағыздауға көп күш салды. “Барлық қалалар мен ауылдарды аралай жүріп, мәжілісханаларда тәлім берді, Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздады, түрлі ауру-сырқауларды сауықтырды” (Матай 9:35). Байқаған жайттардан уағыз ісінің кең көлемде атқарылу керектігін түсінді. Мұны ол қалай істемек?

Иса ел аралап жүріп, халықтың рухани көмекке және жұбанышқа мұқтаж екенін көрді. Олар бағушысы жоқ қойлардай азып-тозған, бейшара күйде еді. Иса оларды аяп кетіп, шәкірттеріне: “Жинайтын егін көп, бірақ жұмысшылар аз. Сондықтан егіннің Иесінен оны жинауға жұмысшылар жіберуін өтініңдер”,— деді (Матай 9:37, 38).

Иса халыққа қалай көмектесу керектігін біледі. Ол 12 елшісін шақырып алды да, оларды екі-екіден бөлді. Сосын осы алты топты уағыздауға жіберіп жатып: “Басқа ұлттардың жеріне бармаңдар, самариялықтардың ешбір қаласына кірмеңдер, тек Исраил үйінің жоғалған қойларына барыңдар. Жол-жөнекей “Көк Патшалығы таяп қалды!” деп уағыздаңдар”,— деген нұсқау берді (Матай 10:5—7).

Шәкірттер уағыздайтын Патшалық — Исаның үлгілі дұғасында айтқан Патшалығы. Ал “Көк Патшалығы таяп қалды!” деген сөз Құдай тағайындаған Патша Иса Мәсіх олардың арасында екенін білдіреді. Олай болса, шәкірттер осы үкіметтің өкілдері екендерін қалай дәлелдемек? Иса оларға ауруларды сауықтыратын, өлгендерді тірілтетін құдірет берді. Мұның бәрін олар тегін істеу керек. Бірақ елшілер күнделікті ас-су сияқты қажеттіліктерін қалай қамтамасыз етпек?

Иса шәкірттеріне уағыз сапарына үлкен дайындық жасаудың қажеті жоқ екенін айтты. Олар бел қалталарына алтын, күміс не мыс ақша салып алмауы керек. Тіпті жолға тамақ салған дорба, қосымша киім мен сандал да алмау керек. Неге? “Өйткені еңбек еткен адам ішіп-жеуге лайық”,— деді Иса (Матай 10:10). Шәкірттер әкелген хабарды ризашылықпен қабыл алған адамдар оларға қажеттіні береді. Сондықтан Иса: “Барған жерлеріңде қай үйге түссеңдер, қайта жолға шыққанша, сонда қалыңдар”,— деді (Марқа 6:10).

Иса Патшалық жайлы хабарды үй иелеріне қалай айту керектігіне де қатысты нұсқау беріп, былай деді: “Үйге кіргенде, ондағылармен амандасып, татулық тілеңдер. Егер сол үй лайық болса, оған тілегендерің орындалсын, ал лайық болмаса, өздеріңе қайтсын. Кім сендерді қабылдамаса не айтқандарыңды тыңдамаса, сол үйден немесе қаладан шығарда аяқтарыңдағы шаңды қағып тастаңдар” (Матай 10:12—14).

Бүкіл қаланың немесе ауылдың жұрты хабардан бас тартуы мүмкін. Мұндай жағдайда олармен не болмақ? Иса оларға қатаң үкім шығарылатынын түсіндіріп: “Сендерге шындығын айтамын, Сот күні сол қаланың жазасынан гөрі Содом мен Ғомора елінің жазасы жеңілірек болады”,— деді (Матай 10:15).