Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

53-ТАРАУ

Табиғаттың дүлей күшін бағындыра алатын билеуші

Табиғаттың дүлей күшін бағындыра алатын билеуші

МАТАЙ 14:22—36 МАРҚА 6:45—56 ЖОХАН 6:14—25

  • АДАМДАР ИСАНЫ ПАТША ЕТПЕК БОЛДЫ

  • ИСА СУ БЕТІМЕН ЖҮРДІ ЖӘНЕ ДАУЫЛДЫ БАСТЫ

Исаның мыңдаған адамды тамақтандыра алатын керемет қабілеті жұртты бейжай қалдырмады. Олар оны “дүниеге келуі керек пайғамбар”, яғни Мәсіх, деп есептеді және оның жақсы билік ететініне сенімді болды (Жохан 6:14; Мұсаның 5-жазбасы 18:18). Сондықтан Исаны ұстап алып, патша еткісі келді.

Алайда Иса олардың жоспарын біліп қойды. Ол жиналған жұртты таратып, шәкірттеріне қайықтарына отыруды бұйырды. Оларды қайда жіберді? Бетсайдаға, кейін Қапарнаумға. Өзі болса түні бойы оңашада дұға ету үшін, тауға көтерілді.

Таңға жуық айдың жарығынан Иса алыстан шәкірттерінің қайығын көрді. Қатты жел соғып, теңіз толқи бастады. Елшілер “ескекпен арпалысып жатты, себебі жел қарсы соғып тұрған еді” (Марқа 6:48). Иса таудан түсіп, су бетімен соларға қарай жүрді. Олар “бес-алты шақырымдай” жерге кетіп қалған болатын (Жохан 6:19). Иса шәкірттерінің жанынан өтіп кетпек болғандай сыңай танытқанда, олар оны “елес екен деп ойлап, бар дауыстарымен айқайлап жіберді” (Марқа 6:49).

Иса: “Батыл болыңдар, бұл менмін! Қорықпаңдар!”— деп шәкірттерін тыныштандырды. Петір оған: “Ием, егер бұл сіз болсаңыз, өзіңізге су бетімен келуге бұйыра көріңіз”,— дегенде, Иса: “Кел!”— деді. Сонда ол қайықтан шығып, су бетімен оған қарай жүрді. Бірақ дауылды көргенде, қорқып кетіп, суға бата бастады. Ол: “Ием, құтқара көріңіз!”— деп айқайлап жібергенде, Иса дереу қолын созып, оны ұстай алды. Сосын: “Сенімі аз-ау, неге күмәндандың?”— деді (Матай 14:27—31).

Петір мен Иса қайыққа мінгенде, дауыл басылды. Бұған шәкірттері таңғалды. Егер олар бірнеше сағат бұрын Исаның мыңдаған адамды тойдыру үшін нанмен жасаған кереметінің мәнін түсінгенде, қазір оның су бетімен жүріп, дауылды басқанына мұншама таңғалмас еді. Содан шәкірттері Исаға тағзым етіп: “Сіз шынымен де Құдайдың Ұлысыз!”— деді (Марқа 6:52; Матай 14:33).

Көп ұзамай олар Қапарнаумның оңтүстігіндегі шұрайлы әрі құнарлы Генесәрет жазығына келді. Жағалауға жақын жерге зәкір тастады. Төңіректегі халық Исаны бірден танып, ауру-сырқауларын әкеле бастады. Олар Исаның жамылғысының шашағына қолдарын тигізіп, құлантаза сауығып жатты.

Бұл кезде Исаның мыңдаған адамды тойдырған кереметіне куә болғандар ұстаздарының кетіп қалғанынан хабардар еді. Олар Тибериядан келген қайықтармен Исаны іздеп, Қапарнаумға беттеді. Исаны тапқанда, одан: “Ұстаз, бұл жерге қашан келдіңіз?”— деп сұрады (Жохан 6:25). Бірақ Иса оларды айыптады. Кейін көретініміздей, бұған келелі себебі болды.