Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

55-ТАРАУ

Исаның сөзі көпшілікке түрпідей тиеді

Исаның сөзі көпшілікке түрпідей тиеді

ЖОХАН 6:48—71

  • ИСАНЫҢ ТӘНІН ЖЕУ ЖӘНЕ ҚАНЫН ІШУ

  • ИСАНЫҢ СӨЗІН ТҮСІНБЕЙ, КӨП АДАМ ОҒАН ЕРМЕЙ ҚОЙДЫ

Иса Қапарнаумдағы мәжілісханада өзінің көктен түскен нан екенін айтып, тәлім беріп жатты. Оның келесі сөзі Ғалилея теңізінің шығыс жағалауында керемет түрде нан мен балық жеген адамдарға айтқандарының жалғасы болса керек.

Иса былай деді: “Ата-бабаларың шөл далада манна жесе де, бәрібір өлді. Ал көктен түскен шынайы нанды жейтін әркім өлмейді. Мен көктен түскен тірі нанмын. Оны жеген адам мәңгі өмір сүреді. Бұл нан — адамзат өмірге ие болсын деп беретін менің тәнім” (Жохан 6:48—51).

Б. з. 30 жылының көктемінде Иса Нікөдемге Құдайдың адамзатты қатты сүйетінін, сондықтан оларды құтқару үшін өз Ұлын жібергенін айтқан. Ал қазір Иса осы құрбандыққа сену арқылы адам оның тәнін жеу керектігіне баса назар аударды. Себебі бұл — мәңгілік өмірге ие болудың жалғыз жолы.

Алайда жұрт Исаның сөзін қабылдай алмай: “Мынау қалай бізге тәнін жеуге бермекші?”— десті (Жохан 6:52). Иса өзінің тура мағынада емес, бейнелеп сөйлегенін жұрттың ұққанын қалап, әрі қарай түсіндірді.

“Адам Ұлының тәнін жеп, қанын ішпесеңдер, өмірге ие болмайсыңдар. Кім менің тәнімді жеп, қанымды ішсе, мәңгілік өмірге ие болады... Өйткені менің тәнім — шынайы тағам, ал қаным — шынайы сусын. Кім менің тәнімді жеп, қанымды ішсе, менімен бірлікте болады”,— деді ол (Жохан 6:53—56).

Яһудилердің құлағына Исаның бұл сөздері жағымсыз естілген шығар. Өйткені олар Иса тура мағынада адамның тәнін жеп немесе қанын ішіп, Құдай Заңын бұзуға шақырып жатыр деп ойлады (Мұсаның 1-жазбасы 9:4; Мұсаның 3-жазбасы 17:10, 11). Алайда Иса тура мағынада тәнді жеу не қанды ішу керектігін айтқан жоқ. Адам мәңгі өмірге ие болу үшін, Исаның кемелді тәнін беріп, қанын төгу арқылы ұсынатын құрбандығына сену керек еді. Бірақ Исаның айтқандарын тіпті шәкірттерінің көбісі түсінбей: “Мынау не деген сұмдық! Мұны кім тыңдап тұра алады?”— десті (Жохан 6:60).

Иса кейбір шәкірттерінің күңкілдеп жатқанын біліп, былай деді: “Осы сөздер көңілдеріңе тиді ме? Онда Адам Ұлының келген жағына қайта көтерілгенін көргенде, не болмақ?.. Сендерге айтқан сөздерім киелі рухтан, әрі олар өмір береді. Бірақ араларыңда сенбейтіндер де бар”. Осыдан кейін көп шәкірті бұдан былай Исаға ермейтін болды (Жохан 6:61—64).

Сонда Иса 12 елшісінен: “Сендердің де кеткілерің келе ме?”— деп сұрады. Бұған Шимон Петір: “Ием, біз кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер сізде ғой. Біз сіздің Құдайдың Киелісі екендігіңізге сенеміз әрі мұны білеміз”,— деп жауап берді (Жохан 6:67—69). Исаның айтқандарын толық түсінбесе де, Петір мен басқа елшілер қандай адалдық танытты десеңізші!

Петірдің жауабына риза болса да, Иса: “Мен он екіңді таңдадым, солай ғой? Бірақ араларыңдағы біреуің жалақор”,— деді (Жохан 6:70). Иса мұнымен Яһуда Исқариотқа меңзеді. Өйткені осы кезде Яһуданың арам ниетке бой алдыра бастағанын байқаған болса керек.

Болған жайт Петір мен басқа елшілер үшін Исаның соңынан еріп, өмірлік маңызы бар іске қатысуға кедергі болмады. Бұған Исаның қатты қуанғаны сөзсіз.