Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

57-ТАРАУ

Иса қызды және саңырау кісіні сауықтырды

Иса қызды және саңырау кісіні сауықтырды

МАТАЙ 15:21—31 МАРҚА 7:24—37

  • ИСА ФИНИКИЯЛЫҚ ӘЙЕЛДІҢ ҚЫЗЫН САУЫҚТЫРДЫ

  • САҢЫРАУ ӘРІ ТІЛІ МҮКІС КІСІНІ АЙЫҚТЫРДЫ

Иса парызшылдарды дәстүрлер ойлап шығарғаны үшін айыптаған соң, шәкірттерімен сол жерден кетіп қалды. Ол солтүстік-батысқа қарай бірталай шақырым жердегі Финикияның Тир мен Сидон аймағына бет алды.

Иса бір үйге тоқтады, бірақ өзінің сонда екенін ешкімнің білгенін қаламады. Сөйтсе де Иса жасырын қала алмады. Жергілікті бір грек әйел оны тауып алып: “Ием, Дәуіттің Ұлы, рақым ете көріңіз! Қызымды жын буып, қатты қиналып жатыр!”— деп жалынды (Матай 15:22; Марқа 7:26).

Шамалы уақыттан кейін шәкірттері Исаға: “Оған кет деп айтыңызшы, әйтпесе соңымыздан қалмай айқайлап келеді”,— деп өтінді. Сонда Иса әйелді неге елемей жатқанын түсіндіріп: “Мен тек Исраил үйінің жоғалған қойларына ғана жіберілдім”,— деді. Бірақ әйел алған бетінен қайтпады. Ол Исаның қасына келіп, аяғына жығылды да: “Ием, көмектесе көріңіз!”— деп жалбарынды (Матай 15:23—25).

Әйелдің сенімін сынау үшін болу керек, Иса яһудилердің басқа ұлт адамдарына қатысты жағымсыз көзқарасына меңзеп: “Балалардың нанын алып, күшіктерге тастау дұрыс болмас”,— деді (Матай 15:26). Исаның басқа ұлт адамдарын “күшіктер” деп жұмсартып айтқанынан оларға мейіріммен қарайтыны сезілді. Бұл сезімі оның жылы шырайынан және жұмсақ дауысынан да байқалса керек.

Әйел яһудилердің адамды алалайтын көзқарасына дау айтпады, қайта, кішіпейілділікпен Исаға: “Рас айтасыз, Ием. Алайда күшіктер де қожайындарының дастарқанынан түскен қоқымды жейді ғой”,— деп жауап берді. Бұдан Иса оның қандай жан екенін байқап: “Сеніміңіз ғаламат зор екен! Тілегеніңіз болсын!”— деді (Матай 15:27, 28). Науқас қыз алыста болса да, Иса әйелдің тілегін орындады. Әйел үйіне келгенде, қызының “жыннан арылып”, төсекте сап-сау жатқанын көрді (Марқа 7:30).

Иса мен оның шәкірттері Финикия өлкесінен кетіп, Ғалилея теңізінің солтүстігіндегі Иордан өзені жаққа бет алды. Олар өзеннің арғы бетіне өтіп, Декаполиске келді. Тауға көтеріліп, сонда отырғанда, жұрт бұл жерден де оларды тауып алды. Сөйтіп, ақсақ, кемтар, соқыр, мылқауларды Исаның алдына әкеліп жатты. Иса болса олардың бәрін сауықтырды. Бұған қайран қалған жұрт Исраилдің Құдайын мадақтай бастады.

Иса сол жерде саңырау әрі тілі мүкіс бір адамға ерекше көңіл бөлді. Бейшараның көп адамның ішінде өзін қалай сезінгенін түсінуге болады. Иса оның қобалжып тұрғанын байқаса керек, жұрттан былайырақ алып шығып, оған не істегелі жатқанын білдірді. Саусақтарын оның құлағына тығып, түкірді де, қолын тіліне тигізді. Бұдан кейін көкке қарап тұрып “Еффата”, яғни “ашыл”, деді. Сол заматта әлгі кісінің құлағы ашылып, анық сөйлей бастады. Алайда Иса оған бұл жайтты көпшілікке айтпауды бұйырды. Өйткені әр адамның өз көзімен көріп, өз құлағымен естіп барып, сенгенін қалады (Марқа 7:32—36).

Исаның құдіретті істерін көрген адамдар қатты қайран қалды. Содан олар: “Оның істегендерінің бәрі де жақсы! Тіпті саңырауларды еститін, мылқауларды сөйлейтін етеді!”— десті (Марқа 7:37).