Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

58-ТАРАУ

Нанды көбейтті және ашытқыдан сақтандырды

Нанды көбейтті және ашытқыдан сақтандырды

МАТАЙ 15:32—16:12 МАРҚА 8:1—21

  • ИСА 4000 ЕР КІСІНІ ТАМАҚТАНДЫРДЫ

  • ПАРЫЗШЫЛДАРДЫҢ АШЫТҚЫСЫНАН САҚТАНДЫРДЫ

Ғалилея теңізінің шығыс бетіндегі Декаполис өңіріне Исаны тыңдау үшін және сауығу үшін қалың жұрт жиналды. Олар азық-ауқаттарын үлкен себеттерге салып ала келді.

Біраз уақыт өткен соң, Иса шәкірттеріне былай деді: “Халықты аяп тұрмын, қасымда жүргендеріне үш күн болды, ал жейтін ештеңелері жоқ. Оларды үйлеріне аш күйінде жіберсем, жолшыбай әлсіреп қалар. Кейбірі алыс жерден келген ғой”. Шәкірттері оған: “Осы елсіз жерде оларға жететін нан қайдан табылсын?!”— деп жауап берді (Марқа 8:2—4).

Иса: “Қанша нандарың бар?”— деп сұрағанда, шәкірттер: “Жеті нан, бірнеше кішкене балық”,— деп жауап берді (Матай 15:34). Сосын ол жұртқа жерге жайғасуды бұйырды да, қолына нандар мен балықтарды алды. Құдайға ризашылық білдірген соң, шәкірттеріне бере бастады. Ал олар жұртқа үлестірді. Бәрі тойғанша жеді. Кейін артылғанын жинап алғанда, үлкен жеті себет болды. Тамақтанғандардың саны, әйелдер мен балаларды қоспағанда, 4000 ер кісі еді!

Бұдан соң Иса халықты таратып жіберді. Өзі шәкірттерімен қайыққа отырып, Ғалилея теңізінің батысындағы Магадан аймағына жүзіп кетті. Сол жақта Исаға саддукейлер сектасының бірнеше мүшесімен парызшылдар келді. Олар оны сынамақ болып, көктен белгі көрсетуін талап етті.

Олардың арам ойын білген Иса былай деді: “Кеш түскенде әдетте сендер “күн ашық болады, өйткені аспан қып-қызыл” дейсіңдер, ал таңертең “бүгін күн суық әрі жаңбырлы болады, себебі аспан қып-қызыл болғанмен, бұлыңғыр екен” дейсіңдер. Сендер аспан құбылыстарын түсіндіре аласыңдар, бірақ бұл уақыттың белгілерін түсіндіре алмайсыңдар” (Матай 16:2, 3). Осы сөздерден кейін ол парызшылдар мен саддукейлерге Жүніс пайғамбардың белгісінен басқа белгі көрсетілмейтінін айтты.

Сосын Иса шәкірттерімен қайыққа отырып, теңіздің солтүтік-шығысындағы Бетсайдаға жүзіп кетті. Жолда шәкірттер нан алуды ұмытып кеткендерін, бір наннан басқа жейтін ештеңелері жоқ екенін байқады. Иса парызшылдар мен Иродты жақтайын саддукейлермен болған кездесуге меңзеп, шәкірттеріне: “Байқаңдар, парызшылдардың ашытқысы мен Иродтың ашытқысынан сақ болыңдар!”— деп ескертті. Сонда шәкірттер ашытқы жайлы әңгіме нан алуды ұмытқандықтан туындап отыр деп ойлады. Иса олардың түсінбегенін байқап: “Неменеге нанымыз жоқ деп айтысып жатырсыңдар?”— деп сұрады (Марқа 8:15—17).

Иса жақында ғана мыңдаған адамға тойғанша нан берген болатын. Сондықтан шәкірттер оның жейтін нанды уайымдап тұрмағанын түсіну керек еді. Иса: “Бес нанды 5000 ер кісіге сындырып бергенімде, артылғанынан қанша себет жинап едіңдер?”— деп сұрағанда, шәкірттер: “Он екі”,— деп жауап берді. Сосын: “Ал жеті нанды 4000 ер кісіге сындырып бергенімде, артылғанынан қанша үлкен себет толтырған едіңдер?”— деп сұрағанда, олар: “Жетеу”,— деп жауап берді (Марқа 8:18—20).

Сонда Иса: “Сендерге нан туралы айтпағанымды қалайша түсінбейсіңдер?”— деді. Артынша: “Парызшылдар мен саддукейлердің ашытқысынан сақ болыңдар”,— деп қосты (Матай 16:11).

Ақырында шәкірттер Исаның не айтқысы келгенін түсінді. Ашытқы қамырды көтеру үшін қосылады. Сондықтан Иса оның бұзатын қасиетін бейнелі мағынада қолданып, шәкірттерін “парызшылдар мен саддукейлердің ілімінен” сақтандырған еді (Матай 16:12).