Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

63-ТАРАУ

Сүріндіру мен күнәға қатысты ескерту берді

Сүріндіру мен күнәға қатысты ескерту берді

МАТАЙ 18:6—20 МАРҚА 9:38—50 ЛҰҚА 9:49, 50

  • СҮРІНДІРУГЕ ҚАТЫСТЫ ЕСКЕРТУ БЕРДІ

  • БАУЫРЛАСЫҢ КҮНӘ ЖАСАҒАНДА

Иса әлгінде ғана ізбасарларына кішкентай бала сияқты кішіпейіл болып, атақ-дәрежеге ұмтылмау керектігін мысалмен түсіндірген болатын. Шәкірттер Исаның атынан осындай кішкентай балалардың бірін қабылдаса, оның өзін де қабылдағаны (Матай 18:5).

Кім ұлы деген дауға қатысты айтылған Исаның сөзін елшілер сөгіс деп қабылдаған болуы мүмкін. Ал қазір елші Жохан тағы бір мәселені көтеріп, былай деді: “Ұстаз, сіздің атыңызбен жындарды қуып шығарып жүрген біреуді көрдік, бізбен бірге жүрмегендіктен, оған тыйым салуға тырыстық” (Лұқа 9:49).

Жохан адамдарды сауықтырып, жынды қуып шығару құқығы тек елшілерге берілген деп есептеді ме? Солай есептесе, әлгі яһуди зұлым рухтарды қалай қуып шығарып жүр? Жоханның ойынша, ол адам Иса мен елшілердің қасында жүрмегендіктен құдіретті істерді жасамау керек.

Иса былай деді: “Оған кедергі жасамаңдар, өйткені менің атымнан құдіретті істер жасаған адам артынша мені жамандай қоймас. Бізге қарсы болмаған адам бізге жақ. Мәсіхтің ізбасарлары болғандарың үшін кім сендерге бір тостаған су берсе, шын айтамын, ол алатын сыйынан құр қалмайды” (Марқа 9:39—41). Мұндай жауапты Жохан күтпесе керек.

Сол кездері Исаның жағында болу үшін оған еріп жүру қажет емес еді. Өйткені мәсіхшілер қауымы әлі құрылмаған болатын. Әлгі кісінің Исаға еріп жүрмегені қарсылас екенін не жалған дінді насихаттап жүргенін білдірмейді. Оның Исаға сенгені анық және Иса айтқандай, ол алатын сыйынан құр қалмайды.

Ал егер елшілер әлгі адамды сөздерімен не істерімен сүріндірген болса, жағдайлары қиын болар еді. Мұны Иса былай түсіндірді: “Кімде-кім маған сенетін осы кішілердің біреуін сенімнен тайдырса, оның мойнына диірмен тасы байланып, теңізге тасталғаны жақсырақ болар еді” (Марқа 9:42). Сосын Иса ізбасарларына қол, аяқ не көзге тең келетіндей бағалы нәрсе күнәға азғырса, немесе сүріндірсе, одан кесіп тастағандай бас тарту керектігін айтты. Өйткені сондай нәрселерге ие болып, жаһаннамға (Хенном аңғарына) түскеннен гөрі, олардан айырылып, Құдай Патшалығына кірген артық. Елшілер Иерусалимнің маңындағы қоқыс өртейтін бұл аңғарды көрген болу керек. Сондықтан Исаның жаһаннам деп біржолата жойылуды айтқанын түсінді.

Сондай-ақ Иса оларды ескертіп: “Байқаңдар, осы кішілердің бірде-біреуін менсінбей жүрмеңдер! Сендерге мынаны айтамын: олардың періштелері көктегі Әкемнің жүзін әрдайым көріп тұрады”,— деді. Көктегі Әке үшін осы “кішілер” қаншалықты бағалы? Мұны түсіндіру үшін, Иса жүз қойы бар адам туралы мысал келтірді. Қойшы бір қойын жоғалтып алғанда, тоқсан тоғызын тастап, соны іздеуге кетеді. Оны тапқанда, адаспаған тоқсан тоғызынан гөрі, тапқан бір қойына көбірек қуанады. “Сол сияқты,— деді Иса, — көктегі Әкем де осы кішілердің бірде-біреуінің құрып кеткенін қаламайды” (Матай 18:10, 14).

Иса елшілердің кім ең ұлы деген дауын ескерсе керек, оларға: “Бойларыңда тұз болсын, осылай өзара татулық сақтаңдар”,— деді (Марқа 9:50). Тұз тағамның дәмін келтіреді. Бейнелі тұз болса жағымды сөйлеп, татулық сақтауға көмектеседі. Дауласу, керісінше, бұған кедергі жасайды (Қолостықтарға 4:6).

Кейде ізбасарларының арасында күрделі мәселе туындауы мүмкін болғандықтан, Иса оны шешудің жолын көрсетті. “Бауырласың саған қарсы күнә жасаса,— деді ол, — бар да, бұны оңашада өзіне айт. Егер ол айтқаныңа құлақ асса, онда бауырласыңды дұрыс жолға қайтарғаның”. Ал ол құлақ аспаса ше? Онда: “Жаныңа бір-екі кісі ертіп, тағы бар”,— деп кеңес берді Иса. — Осылайша әрбір іс екі не үш куәгердің сөзімен дәлелденсін”. Іс сонда да шешілмесе, “қауымға”, яғни шешім қабылдайтын жауапты ақсақалдарға айту қажет. Егер күнә жасаған адам қауымды да тыңдамаса ше? Онда ол “басқа ұлт адамындай немесе салықшыдай” болу керек. Өйткені яһудилер мұндай адамдармен араласпайтын (Матай 18:15—17).

Қауым бақылаушылары Құдай Сөзін мықтап ұстанулары керек. Олар адамның күнә жасағанын біліп, оны түзету керек деп ұйғарар. Сонда бұл үкім “көкте байланып қойылған” болады. Ал егер адам кінәсіз екені анықталса, мәселе “көкте шешіліп қойылған” болады. Бұл мәсіхшілер қауымы құрылғанда қолданатын басшылық болмақ. Осы іспетті маңызды мәселені талқылауға қатысты Иса былай деді: “Менің атымнан екі не үш адам жиналса, мен де солардың араларында боламын” (Матай 18:18—20).