Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

66-ТАРАУ

Иерусалимдегі Күркелер мейрамында

Иерусалимдегі Күркелер мейрамында

ЖОХАН 7:11—32

  • ИСА ҒИБАДАТХАНАДА ТӘЛІМ БЕРДІ

Иса шомылдыру рәсімінен өткелі бері бірнеше жылдың ішінде көпке танымал болды. Мыңдаған яһуди оның кереметтерін көрді және істері жайлы хабар бүкіл елге тарады. Қазір Иерусалимде өтіп жатқан Күркелер мейрамында көп адам оны іздеп жүр.

Жұрттың Иса жайлы пікірі әртүрлі. Біреулері: “Ол жақсы адам”,— десе, өзгелері: “Жоқ, ол халықты адастырып жүр”,— деді (Жохан 7:12). Осындай сыбыр-күбір сөздер мейрамның алғашқы күндері көбейе түсті. Алайда Исаны жұрт алдында жақтап сөйлеуге ешкімнің батылы бармады. Өйткені көпшілік яһуди жетекшілерінің қаһарынан қорқатын.

Мейрамның жартысы өткенде, Иса ғибадатханаға келді. Сол жерде қалың жұрт оның тәлім беру қабілетіне таңғалды. Ол раввиндер мектебінде оқымағандықтан, яһудилер: “Арнайы діни тәлім алмаса да, ол Жазбаларды қалай жақсы біледі?”— десті (Жохан 7:15).

Иса былай деп түсіндірді: “Ілімім — менікі емес, мені жібергендікі. Оның еркін орындағысы келетін әркім осы ілім Құдайдан ба, әлде оны өз ойымнан айтып тұрмын ба, соны білетін болады” (Жохан 7:16, 17). Исаның тәлімі Құдай Заңына сай болғандықтан, ол өзіне даңқ іздемегені, қайта, Құдайды даңқтауды ойлағаны анық.

Кейін Иса: “Мұса сендерге Заң бермеп пе еді? Бірақ бірде-біреуің оған мойынсұнбайсың. Мені не үшін өлтірмексіңдер?”— деді. Жұрттың кейбірі, сырттан келгендер болса керек, Исаға қастандық ойлаушылардың бар екенінен бейхабар. Оларға біреудің мұндай ұстазды өлтіргісі келетіні ақылға қонымсыз болып көрінген шығар. Сондықтан олар Исаға бірдеңе болған деп есептеп: “Сенің бойыңда жын бар. Кім сені өлтірейін деп жатыр?”— деді (Жохан 7:19, 20).

Осыдан бір жарым жыл бұрын яһуди жетекшілері Демалыс күні адамды сауықтырғаны үшін Исаны өлтірмекші болған. Қазір Иса ой түзу арқылы сол көзқарастарының қисынсыз екенін көрсетпек. Заң бойынша, ұл бала сегізінші күні, тіпті Демалыс күні болса да, сүндеттелу керек. Осыған нұсқап Иса: “Мұса Заңы бұзылмасын деп Демалыс күні сүндеттесеңдер, онда Демалыс күні біреуді құлантаза айықтырғаным үшін маған неге сонша ашуланасыңдар? Адамға сырт көрінісіне қарап үкім айтуды қойыңдар, әділ үкім айтыңдар”,— деді (Жохан 7:23, 24).

Бар жағдайды білетін Иерусалимнің тұрғындары: “Олар өлтірейін деп жүрген кісі осы емес пе? Қараңдар, ол ел алдында ашық сөйлеп тұр, ал олар оған ештеңе демейді. Басшылардың оның Мәсіх екеніне шынымен көздері жеткен бе?”— десті. Онда адамдар Исаның Мәсіх екеніне неге сенбейді? Өйткені олар: “Біз бұл адамның қайдан келгенін білеміз ғой, бірақ Мәсіх келгенде, оның қайдан екенін ешкім білмейді”,— деп ойлады (Жохан 7:25—27).

Иса ғибадатхананың өзінде тұрып оларға былай деп жауап берді: “Сендер менің кім екенімді де, қайдан екенімді де білесіңдер. Мен өз бетіммен келген жоқпын. Мені жіберген шынымен бар, бірақ сендер оны білмейсіңдер. Ал мен оны білемін, өйткені соның атынан келдім” (Жохан 7:28, 29). Иса шындықты ашық айтқандықтан, яһуди дінбасылары оны түрмеге отырғызу үшін немесе өлтіру үшін ұстап алмақ болды. Бірақ жоспарлары жүзеге аспады, себебі Исаның уақыты әлі келмеген еді.

Алайда көп адам Исаға сенді, солай болу керек те. Өйткені ол су бетімен жүрді, дауылды басты, мыңдаған адамды бірнеше нан және балықпен тамақтандырды, түрлі ауруларды емдеді, ақсақтарды жүретін етті, соқырлардың көзін ашты, алапестерді тазартты, тіпті өлгендерді тірілтті. Сондықтан олардың: “Мәсіх келгенде, бұл кісіден де көп керемет жасайды деймісің?”— деп айтуларына негіз бар еді (Жохан 7:31).

Жұрттың аузында жүрген осындай әңгіме парызшылдардың да құлағына жетті. Сонда олар жоғарғы діни қызметкерлермен бірігіп, Исаны ұстап әкелу үшін сақшыларды жіберді.