Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

67-ТАРАУ

“Ешкім ол сияқты сөйлеген емес”

“Ешкім ол сияқты сөйлеген емес”

ЖОХАН 7:32—52

  • ИСАНЫ ҰСТАУҒА САҚШЫЛАР ЖІБЕРІЛДІ

  • НІКӨДЕМ ИСАНЫ ҚОРҒАП СӨЙЛЕДІ

Иса әлі де Иерусалимдегі Күркелер мейрамында. “Жұрттың көбі оған сенді”. Бұған Иса қуанғанымен, дінбасылары ашуланды. Сондықтан олар өздеріне қызмет ететін сақшыларды оны тұтқындауға жіберді (Жохан 7:31, 32). Алайда Иса олардан жасырынбады.

Иса Иерусалимде көпшілікке тәлім беріп, былай деді: “Араларыңда тағы шамалы уақыт боламын, сосын өзімді жібергенге қайта ораламын. Сендер мені іздейсіңдер, бірақ таппайсыңдар, мен баратын жерге бара алмайсыңдар” (Жохан 7:33, 34). Бұл сөздерді яһудилер түсінбей, бір-біріне: “Біз оны таба алмайтындай, ол қайда бармақшы? Гректердің арасына тарап кеткен яһудилерге барып, гректерге де тәлім бермекші ме? “Сендер мені іздейсіңдер, бірақ таппайсыңдар, мен баратын жерге бара алмайсыңдар” деуімен ол не айтпақшы?”— десті (Жохан 7:35, 36). Иса болса өзінің өлетінін және көкке қайта тірілетінін айтып тұр. Ал ол жаққа жаулары бара алмайтын.

Мейрамның жетінші күні келіп жетті. Діни қызметкер мейрамның әр күні таңертең Силоғам хауызынан су алып, құрбандық ошағының түбіне ағатындай етіп төгетін. Иса осы рәсімді ескерсе керек, былай деп дауыстады: “Кім шөлдесе, маған келіп, су ішсін. Кім маған сенсе, Жазбада айтылғандай, “соның жүрегінен өмір суы тасқындап ағады” (Жохан 7:37, 38).

Иса мұнымен шәкірттеріне киелі рух қонып, көктегі өмірге шақырылатынына нұсқады. Бұл жайт Иса өлгеннен кейін орындалмақ. Келесі жылдың Елуінші күн мейрамында киелі рухпен майланған шәкірттер адамдарға шындықты айтқан кезден бастап өмір беретін су тасқындап ағатын болады.

Исаның тәлімін тыңдағандардың кейбірі: “Мынау — шынымен пайғамбар екен!”— деді. Мұнымен олар Мұсадан үлкен пайғамбарды айтса керек. Басқа біреулері: “Бұл — Мәсіх”,— деп жатты. Алайда кейбіреулер келіспей: “Мәсіх Ғалилеядан келуші ме еді? Жазбаларда Мәсіхтің Дәуіт әулетінен және Дәуіт тұрған Бетлехем ауылынан шығатыны айтылған емес пе?”— деді (Жохан 7:40—42).

Осылайша жұрт екіге бөлінді. Кейбіреулер оның тұтқындалғанын қалағанымен, сақшылар оны ұстап алмады. Тапсырмасын орындамай келген сақшылардан жоғарғы діни қызметкерлер мен парызшылдар: “Оны неге әкелмедіңдер?”— деп сұрады. Олар болса: “Ешкім ол сияқты сөйлеген емес!”— деп жауап берді. Бұған ашуланған дінбасылары: “Сендер де алданып қалғансыңдар ма? Жоқ әлде басшылардың не парызшылдардың біреуі оған сеніп пе еді? Ал Мұса Заңын білмейтін мына халықты қарғыс атқан”,— деп ұрысты (Жохан 7:45—49).

Олардың арасында парызшыл әрі Жоғарғы кеңестің мүшесі Нікөдем бар. Шамамен екі жарым жыл бұрын ол түн жамылып Исамен кездескенде, оған сенетінін көрсеткен. Қазір Исаны жақтап сөйлеп: “Заңымыз бойынша, алдымен адамды тыңдап, не істеп жүргенін біліп алмай, үкім айтуға бола ма?”— деді. Өздерін қорғау үшін әлгілер: “Сен де Ғалилеядан шығарсың? Жазбаларды зертте, сонда Ғалилеядан ешқандай пайғамбар шықпайтынын көресің”,— деп жауап берді (Жохан 7:51, 52).

Жазбаларда Ғалилеядан пайғамбар шығатыны тікелей айтылмаған. Алайда Мәсіхтің сол жақтан келетініне нұсқайтын сөздер бар. Мысалы, “басқа ұлттар мекендейтін Ғалилеяның” “ғаламат нұрды” көретіні жайлы пайғамбарлық (Ишая 9:1, 2; Матай 4:13—17). Сондай-ақ уәде етілгендей, Иса Бетлехемде туылған және ол Дәуіттің ұрпағы болған. Парызшылдар мұны жақсы біле тұра, халыққа Иса туралы жалған мәлімет таратқан болса керек.