Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

68-ТАРАУ

Құдай Ұлы — “дүние үшін жарық”

Құдай Ұлы — “дүние үшін жарық”

ЖОХАН 8:12—36

  • ИСА ҰЛДЫҢ КІМ ЕКЕНІН ТҮСІНДІРДІ

  • ЯҺУДИЛЕР ҚАЙ МАҒЫНАДА ҚҰЛ БОЛДЫ?

Күркелер мейрамының жетінші, яғни соңғы күні. Иса ғибадатханадағы “садақа салатын ыдыстар тұратын маңда” (әйелдерге арналған аулада болса керек) тәлім беріп жатты (Жохан 8:20; Лұқа 21:1).

Мейрам кезінде түнгі уақыттары ғибадатхананың осы бөлігі ерекше жарық. Өйткені онда май құйылған төрт табақшалы үлкен төрт шамдал тұрды. Шырақтардың күшті болғаны сонша, жарығы алысқа жетеді. Исаның келесі сөздері тыңдаушылардың есіне осы шырақтарды түсірсе керек. “Мен осы дүние үшін жарықпын. Маған ерген адам ешқашан түнекте жүрмейді, қайта, өмір беретін жарыққа ие болады”,— деді ол (Жохан 8:12).

Парызшылдар Исаның сөздеріне қарсылық білдіріп: “Сен өзің туралы өзің куәлік етесің, біз сенің куәлігіңе сене алмаймыз”,— деді. Бұған Иса: “Мен өзім туралы куәлік етсем де, менің куәлігім шынайы. Себебі мен қайдан келгенімді және қайда баратынымды білемін. Ал сендер менің қайдан келгенімді де, қайда баратынымды да білмейсіңдер”,— деді. Сосын ол былай деп қосты: “Өздерің ұстанатын Мұса Заңында “екі адам куәлік етсе, істің шынайы болғаны” деп жазылған. Мен өзім туралы куәлік етемін, мені жіберген Әкем де мен туралы куәлік етеді” (Жохан 8:13—18).

Мұнымен келіспеген парызшылдар: “Әкең қайда?”— деп сұрады. Сонда Иса: “Сендер мені де, Әкемді де білмейсіңдер. Егер мені білсеңдер, Әкемді де білер едіңдер”,— деп тіке айтты (Жохан 8:19). Сонда парызшылдар Исаны тұтқындағысы келді, бірақ ешкім оны ұстап алмады.

Иса бұрын айтқан сөздерін тағы қайталап: “Мен кетемін. Сендер мені іздейсіңдер, бірақ бәрібір күнәкар күйлеріңде өлесіңдер. Мен баратын жерге сендер бара алмайсыңдар”,— деді. Бұл сөздерді мүлдем түсінбеген яһудилер: “Ол өз-өзін өлтірмекші ме? “Мен баратын жерге бара алмайсыңдар” дегені несі?”— десті. Исаның қайдан келгенін білмегендіктен, олар бұл сөздердің мәнін ұқпады. Сонда ол: “Сендер төменненсіңдер, ал мен жоғарыданмын. Сендер осы дүниеденсіңдер, ал мен бұл дүниелік емеспін”,— деді (Жохан 8:21—23).

Бұл сөздермен Иса жерге келмей тұрғандағы көктегі өміріне және өзінің уәде етілген әрі мойындаулары керек Мәсіх екеніне нұсқап тұр. Бірақ дінбасылары Исаны менсінбей одан: “Сен кімсің?”— деп сұрады (Жохан 8:25).

Өзінен бас тартып, қарсылық білдіріп тұрғандарын байқаған Иса: “Сендермен несіне сөйлесіп тұрмын?”— деді. Әйтсе де ол Әкесіне назар аударып әрі яһудилердің Ұлды тыңдау керектігін түсіндіріп: “Мені жіберген — хақ, әрі мен содан естігендерімді осы дүниеге айтып жүрмін”,— деді (Жохан 8:25, 26).

Иса Әкесіне сенім артатынын білдіріп: “Адам Ұлын бағанаға көтеріп қойғандарыңда, сендер менің сол екенімді және ештеңені өздігімнен істемей, қайта, Әкем не үйретсе, соны айтатынымды білесіңдер. Мені жіберген өзіммен бірге. Ол мені жалғыз қалдырған жоқ, өйткені мен әрқашан оған ұнайтынды істеймін”,— деді. Мұндай сенім яһуди халқында жоқ еді (Жохан 8:28, 29).

Алайда кейбір яһудилер Исаға сенді. Сондықтан Иса оларға: “Егер менің сөзімді ұстансаңдар, шынымен менің шәкіртімсіңдер, әрі шындықты біле түсесіңдер, ал шындық сендерді азат етеді”,— деді (Жохан 8:31, 32).

Бірақ бұл сөздер кейбіреулердің қитығына тигендіктен, олар былай деді: “Біз Ыбырайымның ұрпағымыз. Ешқашан біреудің құлы болған емеспіз. Қалайша бізге “азат етілесіңдер” дейсің?” Яһудилер кей уақыттары өзге халыққа бағынышты болғанымен, құл деген атауды өздеріне жолатпайтын. Алайда Иса олардың шын мәнінде құл екенін көрсетіп: “Сендерге нағыз шындықты айтамын, күнә жасайтын адам — күнәнің құлы”,— деді (Жохан 8:33, 34).

Күнәнің құлы екенін мойындамаған яһудилер қауіпті жағдайда. “Құл қожайынының үйінде мәңгіге қалмайды, ал ұлы мәңгіге қалады”,— деді Иса (Жохан 8:35). Құл мұрагер бола алмайды, әрі кез келген уақытта қуылуы мүмкін еді. Үйде тек қожайынның туған немесе асырап алған ұлы ғана “мәңгіге”, яғни өмір бойы, қалатын.

Ұл туралы шындық өлімге апаратын күнәдан азат етеді. “Сондықтан Ұл сендерді азат етсе, шынымен азат боласыңдар”,— деді Иса (Жохан 8:36).