Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

72-ТАРАУ

Иса 70 шәкіртін уағыздауға жіберді

Иса 70 шәкіртін уағыздауға жіберді

ЛҰҚА 10:1—24

  • ИСА ТАҢДАП АЛҒАН 70 ШӘКІРТІН УАҒЫЗҒА ЖІБЕРДІ

Б. з. 32 жылының күзі. Исаның шомылдыру рәсімнен өткеніне үш жылдай уақыт өтті. Ол шәкірттерімен жақында ғана Иерусалимге барып, Күркелер мейрамын тойлаған. Қазір олар Иерусалимнің төңірегінде жүрсе керек (Лұқа 10:38; Жохан 11:1). Иса қызметінің соңғы алты айын көбінесе Яһудеяда және Иорданның арғы бетіндегі Переяда өткізді. Бұл аймақтарда да уағыздау керек болды.

Бұрынырақта, б. з. 30 жылының Құтқарылу мейрамынан кейін, Иса Яһудеяда бірнеше ай уағыздаған және Самария арқылы жол жүрген. Ал б. з. 31 жылы Иерусалимде Құтқарылу мейрамы кезінде оны яһудилер өлтірмек болған. Содан кейін Иса бір жарым жыл бойы көбіне Ғалилеяда уағыздады. Сол уақыт аралығында ізбасарларының қатарына көп адам қосылды. Ғалилеяда жүргенде, Иса елшілерін дайындап, уағыздауға жіберген. Сонда оларға: “Көк Патшалығы таяп қалды!”— деп уағыздауға нұсқау берген (Матай 10:5—7). Қазір ол Яһудеяда дәл осындай уағыздау науқанын ұйымдастыруда.

Иса шәкірттерінің арасынан 70-ін таңдап алып, екі-екіден бөлді. Сөйтіп, 35 жұпты “жинайтын егін көп, бірақ жұмысшылар аз” аймаққа Патшалық хабарын уағыздауға жіберді (Лұқа 10:2). 70 шәкірт Иса баратын жерлерге алдын ала барып, ауруларды сауықтыруы және Иса жариялап жүрген хабарды таратуы керек еді.

Шәкірттердің басты назары мәжілісханада тәлім беру болмау керек. Иса оларға үйме-үй жүруге нұсқау беріп: “Бір үйге кіргенде әуелі: — Осы үйде татулық болсын!— деп тілеңдер. Егер сол жерде татулықты сүйетін адам бар болса, оған тілегендерің орындалады”,— деді. Шәкірттер қандай хабарды айтулары керек? Иса оларға “Құдай Патшалығы таяп қалды!” деуді тапсырды (Лұқа 10:5—9).

Иса 70 шәкіртіне шамамен бір жыл бұрын 12 елшісіне берген нұсқауларды қайталады. Оларға адамның бәрі бірдей хабарды жылы шыраймен қабылдамайтынын ескертті. Бірақ шәкірттердің уағызы бекер болмайды, өйткені ізгі ниетті адамдарды Исаның өзін тыңдауға дайындады. Көп ұзамай сол аймақтарға Исаның өзі баратын болғандықтан, көбі “егіннің Иесінен” тәлім алуды асыға күтетін болады.

Көп ұзамай-ақ Патшалық жайлы уағыздаған 35 жұп Исаға қайтып оралды. Олар қуана: “Ием, сіздің атыңыздан бұйырғанда, тіпті жындар да бағынды”,— десті. Мұндай хабарға Исаның риза болғаны сөзсіз. Сондықтан ол: “Шайтанның көктен найзағайша құлап түскенін көрдім. Міне, мен сендерге жыландар мен шаяндарды таптайтын... билік бердім”,— деді (Лұқа 10:17—19).

Исаның бұл сөздері шәкірттеріне зиян тигізетін нәрселерге үстемдік ете алатынына, бейнелі мағынада жыландар мен шаяндарды таптайтынына сенімділік берді. Бұған қоса, олар Шайтанның болашақта көктен қуылатынын білді. Сосын Иса 70 шәкіртіне ненің шын мәнінде маңызды екенін көрсетіп: “Бірақ жындардың өздеріңе бағынғанына емес, есімдеріңнің көкте жазылғанына қуаныңдар”,— деді (Лұқа 10:20).

Қатты қуанған Иса қарапайым қызметшілері арқылы құдіретті істер жасағаны үшін Әкесін мадақтады. Сосын шәкірттеріне бұрылып: “Сендер көріп жүрген нәрселерді көргендер бақытты. Сендерге мынаны айтамын: көптеген пайғамбарлар мен патшалар сендер көріп жатқандарды көргісі келген, бірақ көрген жоқ. Сендер естіп жатқандарды естігісі келген, бірақ естіген жоқ”,— деді (Лұқа 10:23, 24).