Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

80-ТАРАУ

Ізгі бағушы және қой қора

Ізгі бағушы және қой қора

ЖОХАН 10:1—21

  • ИСА ІЗГІ БАҒУШЫ МЕН ҚОЙ ҚОРА ЖАЙЛЫ МЫСАЛ АЙТТЫ

Иса Яһудеяда тәлім беріп жүр. Ол тыңдаушыларына таныс тақырыпты қозғап, қой және қой қора жайлы мысал айтты. Яһудилер бұл мысалды естігенде, Дәуіттің: “Ехоба — менің Бағушым, Мен ештеңеден тарықпаймын. Ол мені жасыл жайлауда тынықтырады”,— деген сөздерін еске түсірсе керек (Зәбүр 23:1, 2). Сондай-ақ Дәуіттің өзге бір зәбүр жырында халыққа: “Жаратушымыз Ехобаның алдында тізе бүгейік. Өйткені ол — біздің Құдайымыз, Ал біз оның жайылымындағы халықпыз”,— деген үндеуін де еске салса керек (Зәбүр 95:6, 7). Иә, Мұса Заңына бағынатын исраилдіктер ұзақ уақыт Құдайдың отары болып келген.

Яһудилер Мұса заңының келісіміне бағынышты болып туылғандықтан, “қой қорадағы қойлар” іспетті еді. Заң оларды қораның қоршауы іспетті айналадағы бөтен халықтардың жаман ықпалынан қорғады. Алайда кейбір исраилдіктер Құдайдың отарына зиян келтірді. Осыған қатысты Иса былай деді: “Сендерге нағыз шындықты айтамын, кім қой қораға есіктен емес, басқа жерден кірсе, сол — ұры әрі тонаушы. Ал кім есіктен кірсе, қойдың бағушысы — сол” (Жохан 10:1, 2).

Бұл сөздер олардың есіне Мәсіхтің атын жамылып келген адамдарды түсірсе керек. Олар ұры не тонаушы сияқты әрекет етеді. Жұрт ондайларға емес, Иса айтқан “қойдың бағушысына” еру керек.

Иса былай деді: “Қарауыл оған есік ашады, ал қойлар оның даусына құлақ салады. Бағушы өз қойларын атын атап шақырып, сыртқа шығарады. Барлық қойын шығарған соң, олардың алдында жүріп отырады. Қойлары болса артынан ереді, өйткені оның даусын таниды. Ал бөтен адамға ермей, одан қашады, себебі бөтендердің даусын танымайды” (Жохан 10:3—5).

Бұрынырақта Жақия қарауыл сияқты әрекет етіп, Мұса Заңына бағынатын бейнелі қойларға Исаны таныстырған болатын. Сонда Ғалилеядағы және Яһудеядағы кейбір қойлар Исаның даусын таныған. Ол отарды не үшін “сыртқа шығарады”? Оған ергендерді не күтіп тұр? Осы мысалды тыңдап тұрғандардың кейбірі “айтқандардың мәнін түсінбей” таңғалса керек (Жохан 10:6).

“Сендерге нағыз шындықты айтамын, мен қойлар кіретін есікпін,— деп түсіндірді Иса. — Менің атымды жамылып келгендердің бәрі — ұры әрі тонаушы. Алайда қойлар оларға құлақ асқан жоқ. Мен есікпін. Мен арқылы кірген әркім құтқарылады, ол кіріп-шығады, әрі жайылым табады” (Жохан 10:7—9).

Мұнымен Иса жаңа бір ой айтқысы келгені анық. Ғасырлар бойы күшінде болған Заң келісімінің есігі Иса емес екені тыңдаушыларға мәлім. Осыған қарағанда, Иса қойларды басқа қораға кіргізу үшін “сыртқа шығаратынын” айтып тұр. Олардың болашағы қандай?

Иса өзінің қандай қызмет атқаратынын аша түсіп, былай деді: “Мен олар өмірге, мәңгілік өмірге, ие болсын деп келдім. Мен ізгі бағушымын. Ізгі бағушы қойлары үшін жанын қияды” (Жохан 10:10, 11). Бұрынырақта Иса шәкірттерін жігерлендіріп, былай деген: “Қорықпа, кішкене отар, себебі Әкелерің сендерге Патшалықты беруді ұйғарды” (Лұқа 12:32). Демек, “кішкене отарды” құрайтындарды Иса жаңа қораға алып кіреді, сонда олар “мәңгілік өмірге” ие болады. Осы отардың ішінде болу зор мәртебе!

Алайда әңгіме бұнымен біткен жоқ. Иса сөзін жалғап: “Менің бұл қорадағыдан басқа да қойларым бар. Соларды да алып келуім керек, олар менің даусыма құлақ салады. Сонда бәрі бір бағушысы бар бір отар болады”,— деді (Жохан 10:16). “Басқа қойлар” “бұл қораға” кірмейді. Олар кіретін қора Патшалықты иемденетін “кішкене отардікінен” бөлек. Осы екі қорадағы отардың болашағы екі түрлі. Десе де екеуі де Исаның қызметінің игілігін көреді. Осыған қатысты Иса: “Әкем мені жақсы көреді, себебі мен жанымды қиямын”,— деді (Жохан 10:17).

Исаны тыңдап тұрған көп адам: “Оның бойында жын бар, есі дұрыс емес”,— деді. Ал өзгелер оны мұқият тыңдағандарын және Ізгі бағушының соңынан ергісі келетіндерін көрсетіп: “Бұл — бойында жын бар адамның сөзі емес. Жын соқырлардың көзін аша ала ма?”— деді (Жохан 10:20, 21). Мұнымен олар Исаның жақында ғана зағипты сауықтырғанына нұсқаса керек.