Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

81-ТАРАУ

Иса Әкесімен бірлікте, бірақ ол Құдай емес

Иса Әкесімен бірлікте, бірақ ол Құдай емес

ЖОХАН 10:22—42

  • “ӘКЕМ ЕКЕУМІЗ БІРЛІКТЕМІЗ”

  • ИСА ӨЗІН ЕШҚАШАН ҚҰДАЙҒА ТЕҢЕГЕН ЕМЕС

Иса Иерусалимге Бағыштау мейрамына (немесе Ханукка) келді. Бұл мейрам ғибадатхананы қайта бағыштау құрметіне өткізілетін. Ғасырдан аса уақыт бұрын Сирияның патшасы IV Антиох Епифан Иерусалимді жаулап алып, Құдайдың ғибадатханасындағы құрбандық орнының үстіне басқа құрбандық орнын салған болатын. Кейіннен яһудилердің діни қызметкерлер ұрпағы Иерусалимді азат етіп, ғибадатхананы Ехобаға қайта бағыштаған. Содан бері яһудилер мұны жыл сайын кислевтің 25-де атап өтетін. Бұл ай қазіргі қарашаның екінші жартысы мен желтоқсанның бірінші жартысына тура келеді.

Қыс мезгілі, күн суытқан кез. Иса ғибадатхананың Сүлеймен бағаналары деген жерінде жүр. Сол жерде яһудилер оны қоршап алып: “Неге өзіңнің кім екеніңді айтпайсың? Мәсіх болсаң, ашығын айт!”— деп талап етті (Жохан 10:22—24). Бұған Иса қалай жауап берді? Ол: “Мен айттым, бірақ сендер сенбейсіңдер”,— деді. Иса оларға Мәсіх екенін самариялық әйелге айтқандай нақты айтқан емес (Жохан 4:25, 26). Дегенмен: “Сендерге нағыз шындықты айтамын, Ыбырайым туылмай тұрып, мен бар болғанмын”,— деуімен өзінің кім екенін білдірген болатын (Жохан 8:58).

Иса өзінің Мәсіх екеніне адамдардың өздері көз жеткізгенін, яғни Мәсіхке қатысты айтылған пайғамбарлықтар мен оның жасап жүрген істерін салыстырғандарын, қалайды. Сол себепті де Иса кезінде шәкірттеріне Мәсіх екені жайлы ешкімге тіс жармауды бұйырған еді. Ал қазір қасарысқан яһудилерге: “Әкемнің атынан жасап жүрген істерім мен жайлы куәлік етеді. Бірақ сендер сенбейсіңдер”,— деп тіке айтты (Жохан 10:25, 26).

Олар Исаның Мәсіх екеніне неге сенбейді? “Өйткені менің қойларым емессіңдер — деді Иса. — Қойларым даусыма құлақ салады. Мен оларды білемін, олар соңымнан ереді. Қойларыма мәңгілік өмір беремін. Олар ешқашан құрымайды, сондай-ақ оларды менің қолымнан ешкім тартып алмайды. Әкемнің маған берген қойлары бәрінен де бағалы”. Сосын ол Әкесімен қаншалықты жақын екенін көрсетіп: “Әкем екеуміз бірліктеміз”,— деді (Жохан 10:26—30). Иса жерде, ал Әкесі көкте болса да, олардың мақсаттары бір және екеуі бірігіп әрекет етеді.

Қатты ашуланған яһудилер тас алып, тағы да Исаны өлтірмек болды. Бірақ Иса қорыққан жоқ. Ол: “Көз алдарыңда Әкем тапсырған көптеген игі істер жасадым. Солардың қайсысы үшін мені таспен ұрмақсыңдар?”— деді. Олар болса: “Біз сені игі ісің үшін емес, Құдайды қорлағаның үшін таспен ұрмақпыз... өзіңді құдай етіп тұрсың”,— деп жауап берді (Жохан 10:31—33). Алайда Иса ешқашан өзін Құдаймын деген емес. Онда неге оған осындай айып тағылды?

Себебі Иса адам қолынан келмейтін құдіретті істер жасауға күші бар екеніне меңзейтін сөздер айтқан. Мысалы, “қойларыма мәңгілік өмір беремін” деген болатын (Жохан 10:28). Яһудилер болса құдіретті күш Құдайда ғана бар деп есептейді. Алайда Исаның өзі кезінде құдіретті істер жасауға билікті Әкесінен алғанын ашық айтқанын ескермей тұр.

Иса олардың жалған айыбын жоққа шығарып, былай деді: “Заңдарыңда [Зәбүр 82:6-да] Құдайдың өзі “сендер құдайсыңдар” деген емес пе? Егер Құдай өзі айыптағандарды “құдайлар” деп атаса, онда Әкемнің өзі қасиетті еткен әрі осы дүниеге жіберген мені “Құдай Ұлымын” дегенім үшін қалайша “оны қорлап жатырсың” дейсіңдер?” (Жохан 10:34—36).

Иә, Жазбаларда тіпті әділетсіз билер “құдайлар” деп аталған. Олай болса, яһудилердің Исаны “Құдай Ұлымын” дегені үшін айыптағаны орынсыз ғой. Иса оларға тағы қисынды уәж келтіріп: “Егер Әкемнің істерін істеп жатпасам, маған сенбей-ақ қойыңдар. Ал істеп жатсам, өзіме сенбесеңдер де, істеген істерім арқылы сеніңдер. Сонда Әкем менімен, мен Әкеммен бірлікте екенімді білесіңдер, әрі ұға түсесіңдер”,— деді (Жохан 10:37, 38).

Сонда яһудилер Исаны ұстап алмақ болды. Бірақ ол тағы да құтылып кетті. Ол Иерусалимнен кетіп, Иордан өзенінің арғы бетіндегі өлкеге барды. Сол жақта Жақия шамамен төрт жыл бұрын шомылдыру рәсімін жасауды бастаған еді. Бұл Ғалилея теңізінің оңтүстік жағалауына жақын жер болса керек.

Исаның алдына қалың жұрт жиналды. Олар өзара: “Жақия ешқандай керемет жасамаса да, мына кісі туралы айтқандарының бәрі рас екен”,— десті (Жохан 10:41). Осылайша Исаға бірталай адам сенді.