Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

84-ТАРАУ

Шәкірт болу шешімінің маңыздылығы

Шәкірт болу шешімінің маңыздылығы

ЛҰҚА 14:25—35

  • ШӘКІРТ ЖОЛЫНЫҢ ҚҰНЫ

Иса парызшылдардың бір басшысының үйінде қонақта болып, сондағы жұртқа маңызды жайттарды түсіндірді. Қазір ол Иерусалимге бара жатыр. Оған көп адам ілесіп келеді. Бәрі шынымен Исаның ізбасары болғысы келе ме? Бұл үшін кез келген қиындыққа дайын ба?

Иса жолда келе жатып, қасындағыларға былай деді: “Кім маған келіп, бірақ әкесі мен шешесін, әйелі мен балаларын, аға-інісі мен әпке-қарындасын, тіпті өз жанын менен артық көрсе, менің шәкіртім бола алмайды” (Лұқа 14:26). Мұнымен ол не айтқысы келді?

Иса өзіне ерген адамдар туыстарын жақсы көрмеу керек дегенге меңзеген жоқ. Олардың туыстарына деген сүйіспеншілігі Исаға деген сүйіспеншілігінен асып түспеуі керектігін айтқысы келді. Әйтпесе қонақасы жайлы мысалдағы кісілер сияқты, шәкірттері маңызды шақыруды қабылдамай қоюлары мүмкін еді (Лұқа 14:20).

Сондай-ақ Иса өзіне ерген адамдарды өмірлерін бағаламауға шақырған жоқ. Шынайы шәкірт Исаны қатты жақсы көріп, тіпті ол үшін жанын қиюға дайын болуы керек. Демек, Мәсіхтің шәкірті болу адамға үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұған жеңіл-желпі қарауға болмайды.

Исаның шәкірті болған адам қиындықтарға, қудалауға ұшырауы мүмкін. Сондықтан Иса: “Кім азап бағанасын алып, соңымнан еріп жүрмесе, менің шәкіртім бола алмайды”,— деді (Лұқа 14:27). Исаны жұрт күлкі-мазақ етті. Тіпті ол жауларының қолынан өледі. Шынайы шәкірт те осындай жағдайларға дайын болуы керек.

Олай болса, Исаға еріп келе жатқан жұрт Мәсіхтің шәкірті болу нені білдіретінін жақсылап ұғып алуы керек. Мұны ол былай түсіндірді: “Араларыңдағы біреу мұнара салғысы келсе, құрылысын аяқтауға қаражаты жетер-жетпесін білу үшін, алдымен шығынын есептеп алмай ма? Әйтпесе іргетасын қалағаннан кейін, құрылысын бітіре алмай қалады” (Лұқа 14:28, 29). Демек, Исаға еріп Иерусалимге келе жатқандар шәкірт жолының бар жауапкершілігін алуға алдын ала бекінулері керек. Осы ойға ерекше көңіл бөлу үшін, Иса тағы бір мысал келтірді.

“Өзге бір патшаға қарсы жорыққа шыққан патша келе жатқан қарсыласының 20 000 әскеріне өзінің 10 000 әскерімен төтеп бере алар-алмасын алдымен ақылдасып алмай ма? Егер күші жетпейтінін көрсе, қарсыласы әлі алыста келе жатқанда, оған өкілдерін жіберіп, бітімге келуді сұрайды”,— деді Иса. Сосын: “Сол сияқты, бар дүниесінен бас тартпаса, ешкім де менің шәкіртім бола алмайды”,— деп тоқетерін айтты (Лұқа 14:31—33).

Әрине, бұл сөздерді Иса қасында келе жатқан жұртқа ғана айтқан жоқ. Айтылған жайттар Мәсіх жайлы білетіндердің барлығына қатысты. Олар өзінде бардың бәрін — мал-мүлкін, тіпті өмірін — құрбан етуге дайын болулары керек. Демек, шәкірт болу — ойланып, дұға ете отырып қабылдайтын шешім.

Иса таудағы уағызында көтерген тақырыпты тағы да қозғады. Ол шәкірттеріне “жердің тұзысыңдар” деген болатын (Матай 5:13). Мұнымен ол тұздың сақтағыш қасиетіне меңзеп, шәкірттерінің де адамдарға рухани және құлықтылық жағынан сақтайтын әсерін айтса керек. Ал енді, қызметі соңына таяп қалған кезде, ол былай деді: “Тұз, әрине, жақсы нәрсе. Бірақ ол күшінен айырылса, оның қасиетін қалай қалпына келтіруге болады?” (Лұқа 14:34). Сол уақытта кейбір тұз топырақ аралас келетіндіктен, таза емес болған. Исаның тыңдаушылары мұндай тұздың жарамсыз екенін білетін.

Демек, бұл теңеуді Иса шәкірт болғанына ұзақ уақыт өтсе де, алған беттен қайтпау керектігін түсіндіру үшін қолданды. Олай болмаған жағдайда шәкірттер күшін жоғалтқан тұз сияқты жарамсыз болып, осы дүниенің күлкісіне қалар еді. Одан да сорақысы, Құдай алдындағы жақсатынан айырылып, тіпті оның есіміне кір келтіруі мүмкін. Мұндайға жол бермеу маңызды екеніне баса назар аударып, Иса: “Құлағы барлар тыңдап алсын!”— деді (Лұқа 14:35).