Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

90-ТАРАУ

“Қайта тірілу және өмір”

“Қайта тірілу және өмір”

ЖОХАН 11:17—37

  • ИСА ЕЛАЗАР ӨЛГЕННЕН КЕЙІН КЕЛДІ

  • “ҚАЙТА ТІРІЛУ ЖӘНЕ ӨМІР”

Переядан қайтқан Иса Иерусалимнен шығысқа үш шақырымдай жердегі Бетания ауылына жақындап қалды. Мәриям мен Марта інісі Елазарды жоқтап отыр. Үй іші көңіл айтуға келген жұртқа толы.

Біреу Мартаға Исаның ауылға жақындап қалғанын айтып келді. Сонда ол асыға Исаның алдынан шықты. Төрт күн бойы сіңлісі екеуі қандай ойда жүргендерін білдіріп, Исаға: “Ием, осында болғаныңызда, бауырым өлмес еді”,— деді. Мұны ол еш үміт болмағандықтан айтқан жоқ. Себебі артынша: “Бірақ Құдайдан не сұрасаңыз да, беретініне әлі де сенемін”,— деді (Жохан 11:21, 22). Ол Исаның әлі де інісіне көмектесуі мүмкін екенін сезді.

Иса оған: “Бауырың қайта тіріледі”,— деді. Сонда Марта болашақта жер бетінде орын алатын қайта тірілуді айтып тұр деген тұжырымға келді. Кезінде Ыбырайым мен Құдайдың басқа қызметшілері де бұған сенген еді. Сондықтан Марта бұл уәдеге сенетінін білдіріп: “Оның ақырғы күні болатын қайта тірілу кезінде тірілетінін білемін”,— деді (Жохан 11:23, 24).

Дегенмен Иса Елазарды өлімнен дәл қазір босата ала ма екен? Құдай өлімнен босататын билік бергенін Мартаның есіне салып, Иса: “Маған сенген адам өлсе де, қайта өмір сүреді. Ал тірі жүрген әрі маған сенетін адам ешқашан өлмейді”,— деді (Жохан 11:25, 26).

Иса көзі тірі шәкірттерінің ешқашан өлмейтінін айтып тұрған жоқ. Себебі ол өзінің де өлетінін біледі, әрі мұны елшілеріне талай рет айтқан болатын (Матай 16:21; 17:22, 23). Иса бұл сөздермен өзіне сенген адамның мәңгі өмір сүре алатынына баса назар аударғысы келді. Мәңгі өмірге көп адам қайта тірілу арқылы жетсе, заманның ақырында өмір сүретін адал жандар өлмей-ақ жетуі мүмкін. Демек, Исаға сенген әркім мәңгілікке өліп кетпейтініне сенімді бола алады.

Әлгінде ғана “қайта тірілу және өмір — менмін” деген Иса өлгеніне бірнеше күн болған Елазарды тірілте ала ма? Мартадан: “Бұған сенесің бе?”— деп сұрағанда, ол Исаға: “Иә, Ием. Сіздің дүниеге келуі керек Мәсіх, Құдай Ұлы, екеніңізге сенемін”,— деп жауап қайырды. Сол күні Исаның бір керемет жасайтынына сенген Марта асығыс үйіне барып, сіңлісіне: “Ұстаз осында, сені шақырып жатыр”,— деді (Жохан 11:25—28). Бұл хабарды ести сала Мәриям үйден тездетіп шығып кетті. Елазардың қабіріне бара жатыр деп ойлаған жұрт Мәриямның артынан ілесті.

Мәриям қабірге емес, Иса тұрған жерге келді. Оны көре сала, жылап аяғына жығылды. Әпкесінің сөзін қайталап, бұл да: “Ием, осында болғаныңызда, бауырым өлмес еді”,— деді. Мәриямның және оған ерген жұрттың жылап тұрғанын көргенде, Иса іштей күңіреніп, толқып кетті, тіпті көзіне жас алды. Мұны көрген кейбіреулер жылы лебіз білдірсе, басқалары: “Соқырдың көзін ашқан ол оны өлімнен арашалап қала алмағаны ма?”— десті (Жохан 11:32, 37).