Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

92-ТАРАУ

Сауыққан онның біреуі ғана ризашылық білдірді

Сауыққан онның біреуі ғана ризашылық білдірді

ЛҰҚА 17:11—19

  • ИСА ОН АЛАПЕСТІ САУЫҚТЫРДЫ

Иса Жоғарғы кеңестің жоспарын бұзып, Иерусалимнен солтүстік-шығысқа, Ефрем қаласына кетіп қалды. Сол жақта ол шәкірттерімен бірге біраз уақыт болды (Жохан 11:54). Б. з. 33 жылының Құтқарылу мейрамы жақындағандықтан, Иса тағы да жолға шықты. Ол Иерусалимге солтүстіктегі Самария мен Ғалилея арқылы жүрді. Бұл оның осы өңірге соңғы рет келуі.

Сапарының басында Иса ауыл-ауылды аралап жүріп, үстерін алапес басқан он кісіні кездестірді. Бұл жұқпалы ауру, әрі оның кейбір түрінен адамның құлақтары, саусақтары мен башпайлары шіріп түсіп қалатын (Мұсаның 4-жазбасы 12:10—12). Мұса Заңының талабы бойынша, алапес жұқтырған адам алыстан: “Таза емеспін! Таза емеспін!”— деп айғайлап жүретін және оқшау жерде өмір сүретін (Мұсаның 3-жазбасы 13:45, 46).

Содан он кісі Исаға жоламай, алысырақ жерден: “Иса, Ұстаз, бізге рақымыңызды түсіре көріңіз!”— деп айғайлады. Иса оларды көргенде: “Барып, өздеріңді діни қызметкерлерге көрсетіңдер”,— деп нұсқау берді (Лұқа 17:13, 14). Осылайша Иса Мұса Заңын құрметтейтінін көрсетті. Ал Заң бойынша діни қызметкер сауыққан адамды қарап шығып, таза деп жариялайтын. Содан кейін ғана ол жұрттың арасына келіп тұра алатын (Мұсаның 3-жазбасы 13:9—17).

Алапес он кісі Исаның керемет жасауға құдіреті жететініне сенімді болды. Сондықтан сауықпай жатып-ақ діни қызметкерге көрінбек болып кетті. Жолда олардың Исаға деген сенімдері ақталып, денелері алапестен тазарды. Олар құлантаза сауығып кетті!

Алапестен сауыққан тоғыз кісі әрі қарай кете берді. Ал самариялық кісі кері қайтты. Неге? Себебі ол Исаның істегеніне терең ризашылық сезінді. Бұл кереметтің шын мәнінде Құдайдың құдіретімен жасалғанын түсінген ол бар даусымен Құдайға мадақ айтты (Лұқа 17:15). Исаны тапқанда, оның аяғына жығылып, ризашылық білдірді.

Сонда Иса айналасында тұрғандарға қарап: “Сауыққандар он кісі емес пе еді, тоғызы қайда? Құдайды мадақтауға басқа ұлттық мына кісіден басқа ешкім қайтып келмеді ме?”— деп сұрады. Сосын самариялық кісіге: “Тұр да, қайта бер. Сеніміңнің арқасында айықтың!”— деді (Лұқа 17:17—19).

Иса алапес он кісіні сауықтыруымен өзін Ехоба Құдай қолдайтынын көрсетті. Он кісінің біреуі Иса арқылы сауығып қана қойған жоқ, ол өмір жолына аяқ басқанға ұқсайды. Қазіргі күнде Құдай Иса арқылы мұндай кереметтерді жасамайды. Дегенмен Исаға сену арқылы біз өмір жолына — мәңгілік өмірге — аяқ баса аламыз. Самариялық кісі сияқты біз де ризашылық білдіріп жүрміз бе?