Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

93-ТАРАУ

Адам Ұлының Патшалықта билік етуі

Адам Ұлының Патшалықта билік етуі

ЛҰҚА 17:20—37

  • ПАТШАЛЫҚ ОЛАРДЫҢ АРАСЫНДА

  • ИСАНЫҢ ПАТШАЛЫҚТА БИЛІК ЕТКЕН КЕЗІ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

Иса әлі де Самарияда не Ғалилеяда болса керек. Парызшылдар одан Құдай Патшалығының қашан келетінін сұрады. Олардың ойынша, Патшалық салтанатты әрі әсерлі түрде келеді. Алайда Иса: “Құдай Патшалығы бәріне байқатып келмейді. Сондай-ақ жұрт “Міне, ол мұнда!” немесе “Ол анда!” демейді. Себебі Құдай Патшалығы сендердің араларыңда”,— деп жауап берді (Лұқа 17:20, 21).

Иса бұл сөздермен Патшалық Құдай қызметшілерінің жүрегінде дегісі келді ме? Жоқ. Өйткені бұл сөздерді ол парызшылдарға айтты. Ал сол адамдардың жүрегінде Патшалықтың болуы мүмкін емес. Бұл үкіметтің Құдай таңдаған Патшасы жұрттың арасында жүргендіктен, Патшалық та солардың арасында болды (Матай 21:5).

Парызшылдар кеткеннен кейін, Иса шәкірттеріне Патшалықтың келуі жайлы басқа да жайттарды айтты. Ол өзінің Патшалық билікте отыратын кезіне қатысты бір нәрсені ескертіп: “Адам Ұлының бір күнін болса да көруді аңсайтын кездерің келеді, бірақ көрмейсіңдер”,— деді (Лұқа 17:22). Мұнымен Иса Адам Ұлының Патшалықта билік етуі болашақта болатын оқиға екенін көрсетті. Сол кезге дейін кейбір шәкірттер оны аңсайтын болады. Бірақ Құдай белгілеген уақыт келмейінше, олар күте берулері керек.

Иса сөзін жалғап: “Жұрт сендерге “Міне, ол анда!” немесе “Ол мұнда!” дейді. Ол жерге бармаңдар, оларға ермеңдер! Себебі найзағайдың жарқ етіп, аспанды о шетінен бұ шетіне дейін жарқыратып жіберетініндей, Адам Ұлының күнінде де сондай болады”,— деді (Лұқа 17:23, 24). Шәкірттер жалған мәсіхтер соңынан ілесіп кетуден қалай сақ бола алады? Иса шынайы Мәсіхтің келгені шартарапқа көрінетін найзағайдың жарқылына теңеді. Оның Патшалықта билік етіп отырғанының дәлелі мұқият қарағандардың бәріне анық көрінетін болады.

Сосын Иса болашақтағы сол кезеңде адамдардың көзқарасы қандай болатынын көрсету үшін, ежелгі оқиғаларды мысалға келтірді: “Нұх пайғамбардың заманында жағдай қандай болған болса, Адам Ұлының күндерінде де сондай болады... Лұттың заманында да адамдар ішіп-жеп, сауда-саттық жасап, егін егіп, үй салып өмір кешуде еді. Бірақ Лұт Содомнан шыққан күні көктен от пен күкірт жауып, бәрін де жойып жіберді. Адам Ұлы көрінетін күні де солай болады” (Лұқа 17:26—30).

Иса Нұх пен Лұттың күндеріндегі адамдар ішіп-жеу, сауда-саттық жасау, егін егу не үй салу сияқты күнделікті істермен айналысқаны үшін жойылып кетті дегісі келген жоқ. Себебі Нұх пен Лұттың отбасы да осындай істердің кейбірімен айналысқан. Алайда басқалар өз істерімен айналыса жүріп Құдайдың еркіне назар аудармаған және қай уақытта өмір сүріп жатқандарына мән бермеген. Сондықтан Иса шәкірттерін Құдайдың еркіне ден қоюға және оны орындауда белсенді болуға шақырды. Осылайша болашақтағы Құдай соты кезінде аман қалудың жолын көрсетті.

Шәкірттер айналасындағы дүниеге, яғни “тастап кеткен затына”, алаңдамаулары керек. Иса оларға: “Сол күні кім үй төбесінде болса, мүлкін алу үшін үйіне кірмесін, ал кім танапта жүрсе, тастап кеткен затына қайтып оралмасын. Лұттың әйелін есте ұстаңдар!”— деді (Лұқа 17:31, 32). Ол тұз бағанаға айналып кеткен болатын.

Адам Ұлы Патша ретінде билік ететін кездегі жайттарды әрі қарай суреттеп, Иса былай деді: “Сол түні төсекте жатқан екі кісінің бірі алынып, екіншісі қалдырылады” (Лұқа 17:34). Демек, кейбір адамдар құтқарылса, басқалары қалдырылады, яғни өмірлерінен айырылады.

Шәкірттер: “Ием, бұл қайда болады?”— дегенде, Иса: “Өлексе қайда болса, бүркіттер де сонда жиналады”,— деп жауап берді (Лұқа 17:37). Демек, “алынатын” шәкірттер қырағы бүркіт сияқты болады. Олар шынайы Мәсіхке, яғни Адам Ұлына жиналады. Сол кезеңде ол шәкірттеріне өмір беретін шындықты ашады.