Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

97-ТАРАУ

Жүзімдіктегі жұмысшылар туралы астарлы әңгіме

Жүзімдіктегі жұмысшылар туралы астарлы әңгіме

МАТАЙ 20:1—16

  • ЖҮЗІМДІКТЕГІ “СОҢҒЫ” ЖҰМЫСШЫЛАР “БІРІНШІ” БОЛДЫ

Переяда жүрген Иса: “Көптеген біріншілер соңғы, ал соңғылар бірінші болады”,— деген болатын (Матай 19:30). Осы ойға баса назар аудару үшін, ол жүзімдіктегі жұмысшылар жайлы астарлы әңгіме айтып берді.

“Көк Патшалығы таң сәріде жұмысшылар жалдау үшін шыққан жүзімдік иесіне ұқсайды. Ол жұмысшылармен күніне бір динар төлейтін болып келісіп, оларды жүзімдігіне жібереді. Үшінші сағатта ол тағы шығып, базар алаңында жұмыссыз тұрған басқа да адамдарды көреді де, оларға: — Сендер де жүзімдігіме барыңдар. Тиісті ақыларыңды төлеймін,— дейді. Олар сонда барады. Ол алтыншы сағат және тоғызыншы сағат шамасында да солай етеді. Он бірінші сағат шамасында тағы барып, жұмыссыз тұрған басқаларды көреді де: — Неге күні бойы бос тұрсыңдар?— деп сұрайды. Олар: — Бізді ешкім жалдаған жоқ,— дейді. Сонда ол: — Сендер де жүзімдігіме барыңдар,— дейді” (Матай 20:1—7).

Исаның тыңдаушылары “Көк Патшалығы” және “жүзімдіктің иесі” деген сөздерді естігенде, Ехоба Құдай жайлы ойласа керек. Себебі Киелі жазбаларда Ехобаның жүзімдікке теңелген Исраил халқына қожайын екені айтылған (Зәбүр 80:8, 9; Ишая 5:3, 4). Заң келісімі бойынша өмір сүретін халық жүзімдіктегі жұмысшыларға ұқсайды. Алайда Иса тарихты емес, сол кездегі жағдайды түсіндірмек болды.

Исаны сынамақ болып, ажырасуға қатысты сұрақ қойған парызшылдар сияқты дінбасылары Құдайға үздіксіз қызмет ететіндер деп есептелді. Олар жүзімдікте күні бойы еңбектеніп, күндік жалақыны, яғни бір динарды, алған жұмысшыларға ұқсады.

Діни қызметкерлер мен сол топтың адамдарының ойынша, қарапайым яһудилер Құдайға азырақ қызмет етеді, яғни Құдайдың жүзімдігінде жартылай жұмыс істейді. Бұлар — астарлы әңгімедегі “үшінші сағатта” (9:00) не кейінірек “алтыншы, тоғызыншы сағатта”, тіпті “он бірінші сағатта” (17:00) жұмысқа кіріскен адамдар.

Исаның соңынан ерген адамдар қарғыс атқан халық деп есептелді (Жохан 7:49). Өйткені олар көбінесе балық аулаумен не басқа шаруамен айналысатын. Ал б. з. 29 жылы “жүзімдіктің иесі” Құдай Исаны жіберіп, қарапайым халықты Исаның шәкірті болып, өзіне қызмет етуге шақырды. Олар жүзімдікке он бірінші сағатта келген “соңғылар” еді.

Иса астарлы әңгімесін жұмыс күннің соңында болған жайтпен бітірді. “Кеш түскенде жүзімдік иесі іс басқарушысына: — Жұмысшыларды шақырып, жалақыларын бер. Соңғыларынан бастап, біріншілерімен аяқта,— деп тапсырды. Содан он бірінші сағаттан бастап жалданғандар келіп, әрқайсысы бір-бір динардан алады. Сондықтан бірінші болып жалданғандар көбірек алармыз деп ойлайды, бірақ оларға да бір динардан беріледі. Ақыларын алған соң, олар жүзімдік иесіне күңкілдеп: — Мына соңғылар бір-ақ сағат жұмыс істеді, сөйтсе де сіз оларды күні бойы аптап ыстықта ауыр еңбек еткен бізбен тең қойдыңыз,— дейді. Бірақ ол біреуіне: — Достым, саған әділетсіздік жасаған жоқпын ғой. Біз бір динарға келіспеп пе едік? Ендеше, ақыңды ал да, кете бер. Мен саған қанша төлесем, соңғы жалданғандарға да сонша бергім келіп тұр. Әлде ақшамды өз қалауымша жұмсауға қақым жоқ па? Жоқ әлде менің жомарттығымды көре алмайсың ба?— деді. Осылайша соңғылар бірінші, ал біріншілер соңғы болады” (Матай 20:8—16).

Шәкірттерді астарлы әңгіменің соңғы бөлігі қызықтырса керек. Өздерін “біріншіміз” деп есептейтін яһудилердің діни жетекшілері қалай “соңғы” болмақ? Ал Исаның шәкірттері қалай “бірінші” болады?

Парызшылдар мен олардың жақтастарының ойынша “соңғы” болған Исаның шәкірттері толық ақы алу үшін “бірінші” болуға лайық еді. Иса өлген соң Ехоба жердегі Иерусалимнен бас тартып, жаңа халықты, яғни “Құдайдың Исраилін” таңдайды (Ғалаттықтарға 6:16; Матай 23:38). Құдай бұл халықты киелі рухқа шомылдыратынын кезінде Жақия айтып кеткен еді. “Соңғы” болған олар, енді, киелі рухқа шомылатындардың және Иса жайлы “жердің қиыр шетіне дейін” куәлік ету мәртебесіне ие болатындардың “біріншісі” болмақ (Елшілердің істері 1:5, 8; Матай 3:11). Шәкірттер Исаның үлкен өзгеріске нұсқап тұрғанын түсініп, “соңғы” болатын дінбасыларының тарапынан зор қудалауға кезігетіндерін сезсе керек.