Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

100-ТАРАУ

Он мина жайлы мысал

Он мина жайлы мысал

ЛҰҚА 19:11—28

  • ИСАНЫҢ ОН МИНА ЖАЙЛЫ МЫСАЛЫ

Исаның беталысы Иерусалим. Ол шәкірттерімен бірге жол-жөнекей кірген Зақайдың үйінде отырса керек. Шәкірттер жуырда Құдай Патшалығы орнап, Иса оның Патшасы болады деген жаңсақ ойда (Лұқа 19:11). Олар Исаның өлуге тиіс екенін әлі де түсінбейді. Сондықтан Иса мысал келтіріп, Патшалықтың орнауына әлі ұзақ уақыт бар екенін түсіндірмек.

“Патша болып оралу үшін, бір ақсүйек алыс елге аттанғалы жатыр екен”,— деді Иса (Лұқа 19:12). Әдетте мұндай сапар ұзаққа созылады. Көкті білдіретін “алыс елге” барып, Әкесінен патша ретінде билік алатын “ақсүйектің” Иса екені анық.

Мысалдағы ақсүйек жолға шықпас бұрын, он құлын шақырып алады да, әрқайсысына бір мина күмістен беріп: “Мен келгенше, мыналарды айналымға жіберіңдер”,— деп тапсырады (Лұқа 19:13). Күміс мина ірі ақша болған. Бұл — егіндіктегі жұмысшының шамамен үш айлық жалақысы.

Шәкірттер Исаның “он құл” деп тұрғаны өздері екенін түсінген болу керек. Өйткені бұған дейін де Иса оларды егіндіктегі жұмысшыларға теңеген болатын (Матай 9:35—38). Иса шәкірттерін тура мағынада егін жинауға шақырмағаны анық. Оларға Құдай Патшалығына кіретін басқа шәкірттерді табуды тапсырып тұр. Патшалықтың мұрагерлерін көбірек тауып әкелу үшін, шәкірттер қолдарына берілген “қаржыны” пайдалану керек.

Иса мысалдың көмегімен тағы басқа жайттарды ашып, былай деді: “Жерлестері оны жек көретін, сондықтан артынан өкілдерін жіберіп: — Бұл адамның бізге патша болғанын қаламаймыз,— деп айтқызады” (Лұқа 19:14). Шәкірттер яһудилердің Исаны мойындамайтынын, тіпті кейбірі оны өлтіргісі келіп жүргенін жақсы білетін. Иса өліп, көкке кеткен соң, яһудилердің көбісі шәкірттерін қудалауымен Исаға деген ниеттерін, яғни оның Патша болғанын қаламайтынын ашық көрсетеді (Жохан 19:15, 16; Елшілердің істері 4:13—18; 5:40).

Ақсүйек алыс елге кетіп, патша болып оралғанша, он құлы күміс минаны қалай қолданды? Бұл жайлы Иса былай деді: “Ақырында, патша болып қайта оралған әлгі кісі күміс берген құлдарының қанша табыс тапқанын білу үшін өзіне шақыртады. Біріншісі келіп: — Мырза, мен үстінен он мина күміс пайда түсірдім,— дейді. Патша оған: — Жарайсың, жақсы құл! Кішкене істе сенімді екеніңді көрсеттің, енді он қаланың үстінен билік ет,— дейді. Артынан екіншісі келіп: — Мырза, сіздікінің үстінен тағы бес мина күміс пайда түсірдім,— дегенде, патша оған: — Сен бес қаланы басқар,— дейді” (Лұқа 19:15—19).

Шәкірттер қаржыны айналымға жіберген құлдар сияқты қолдарына берілгенді барынша пайдаланса, Исаға ұнамды болады. Аянбай еңбек етсе, олар міндетті түрде сыйын алады. Әрине, шәкірттерінің жағдайлары мен қабілеттері әртүрлі. Дегенмен патша болатын Иса шәкірт дайындау ісіндегі олардың шын ықыласын көріп, молынан батасын береді (Матай 28:19, 20).

Мысалын жалғастырып, Иса былай деді: “Сосын басқа біреуі келіп: — Мырза, мінеки, сіздің бір мина күмісіңіз. Мен оны шүберекке орап сақтап қойдым. Сізден қорықтым, өйткені қатал адамсыз: өзіңіз салымға бермеген қаржыны иемденіп, екпеген жерден орасыз,— дейді. Сонда патша: — Зұлым құл, сені өз аузыңнан шыққан сөздеріңмен айыптаймын! Менің салымға бермеген қаржыны иемденіп, екпеген жерден оратын қатал адам екенімді білдің емес пе? Онда неге күмісімді айналымға жібермедің? Сонда қайтып келгенімде, өсіммен қайтарып алар едім ғой,— дейді. Сөйтті де қасындағыларға: — Одан бір мина күмісті алып, он мина күмісі барға беріңдер,— деп бұйырады” (Лұқа 19:20—24).

Құл еңбек етіп, қожайынынның байлығын көбейтпегендіктен, құралақан қалды. Елшілер Исаның Құдай Патшалығында билік ететін кезін күтіп жүрген. Сондықтан олар соңғы құл жайлы айтылған сөздің мәнін түсінген болу керек. Демек, кейбір шәкірттер тапсырылған істі ынта-ықыласпен атқармаса, Патшалықтан орын алмайды.

Соңында Иса: “Сендерге мынаны айтамын: кімде бар болса, соған тағы беріледі. Кімде жоқ болса, өзінде бары да алынып қойылады”,— деді. Бұл сөздер адал шәкірттерді тапсырылған істе көбірек күш салуға талпындыру керек. Сосын Иса өзінің патша болғанын қаламайтын жауларының жойылатынын айтты. Сөзін аяқтаған соң, ол Иерусалимге кетті (Лұқа 19:26—28).