Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

102-ТАРАУ

Патша Иерусалимге тайқарға мініп кірді

Патша Иерусалимге тайқарға мініп кірді

МАТАЙ 21:1—11, 14—17 МАРҚА 11:1—11 ЛҰҚА 19:29—44 ЖОХАН 12:12—19

  • ИСА ИЕРУСАЛИМГЕ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ КІРДІ

  • ИЕРУСАЛИМНІҢ ҚИРАЙТЫНЫН АЛДЫН АЛА АЙТТЫ

Жексенбі, 9 нисан күні Иса шәкірттерімен Бетаниядан шығып, Иерусалимге бет алды. Зәйтүн тауындағы Бетфагеге келгенде, ол екі шәкіртіне тапсырма берді.

“Алдарыңда жатқан ауылға барыңдар. Оған кірген бойда байлаулы тұрған есек пен тайқарды көресіңдер. Екеуін де шешіп, маған әкеліңдер. Егер біреу бірдеңе десе, “бұлар Иемізге қажет” деңдер. Сонда ол бірден рұқсат етеді”,— деді ол (Матай 21:2, 3).

Шәкірттер Исаның бұл нұсқауының Киелі кітап пайғамбарылығына қатысы барын байқамады. Бірақ кейіннен олар Зәкәрияның пайғамбарлығы, яғни Құдай уәде еткен Патшаның Иерусалимге қалай кіретіні туралы сөздер орындалғанын түсінді. Пайғамбарлықта: “Кішіпейіл ол есекке отырып келеді, Тайқарға, есектің қодығына, мініп келеді”, — делінген болатын (Зәкәрия 9:9).

Шәкірттер Бетфагеге келіп, тайқар мен есекті шешіп жатқанда, сол жерде тұрған адамдар: “Тайқарды шешіп не істемексіңдер?”— деп сұрады (Марқа 11:5). Бұлар Исаға керек екенін білгенде, шәкірттерді жөніне жіберді. Олар есек пен тайқардың үстіне жамылғыларын жапты. Бірақ Иса тайқарға мінді.

Иса қалаға жақындағанда, қарсы алуға шыққан адамдар көбейді. Кейбіреулер жолға жамылғыларын жайса, өзгелері ағаштардан кесіп алған жапырақты бұталарды төсеп жатты. Жұрт: “Осы кісіні құтқара көр! Ехобаның атынан келе жатқан ол жарылқанған! Арғы атамыз Дәуіттің орнағалы жатқан Патшалығы жарылқанған!”— деп дауыстады (Марқа 11:8—10). Мұны естігенде, парызшылдар наразы болып, Исаға: “Ұстаз, шәкірттеріңізге тыйым салыңыз!”— деді. Иса оларға былай деп жауап қайырды: “Сендерге мынаны айтамын: егер олар үндемесе, тастар айғайлар еді” (Лұқа 19:39, 40).

Иса Иерусалимге сыртынан қарап тұрып, көзіне жас алды. “Саған ненің татулық әкелетінін бүгін ұқсаң ғой... Алайда қазір бұлар сен үшін жасырын”,— деді ол. Қыңырлық көрсетіп, мойынсұнбаған Иерусалимнің жазасы ауыр. Иса былай деп пайғамбарлық айтты: “Жауларың айналдыра үшкір бөренелер орнатып, сені қоршауға алып, жан-жағыңнан қыспақтайтын күндер басыңа туады. Сені жермен-жексен етіп, ішіңдегі балаларыңды да қырып тастайды. Бірде-бір тасыңды қалдырмай күл-талқаныңды шығарады” (Лұқа 19:42—44). Б. з. 70 жылы Иерусалим қиратылып, Исаның осы сөздері орындалды.

Иса қалаға кіргенде, бүкіл қала толқып: “Бұл кім?”— десті. Бұған жұрт: “Бұл — Ғалилеядағы Назареттен шыққан Иса пайғамбар!”— деп жатты (Матай 21:10, 11). Исаның Елазарды тірілткенін көргендер бұл кереметті басқаларға да айтып жатты. Халыққа тосқауыл жасай алмай, шарасыздықтан ашуланған парызшылдар бір-біріне: “Бүкіл әлем оның соңынан еріп кетті!”— десті (Жохан 12:18, 19).

Иерусалимге келгендегі әдеті бойынша Иса ғибадатханаға барып, тәлім берді. Сол жерде соқырлар мен ақсақтарды сауықтырды. Жоғарғы діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері оның кереметтерін және балалардың: “Дәуіттің Ұлын құтқара көр!”— деп айқайлап жатқанын көріп, қатты ашуланды. Содан олар Исаға: “Мыналардың не деп жатқанын естіп тұрсың ба?”— деді. Бұған Иса: “Иә. Сендер “балалар мен сәбилердің аузымен өзіңді дәріптеттің” деген сөздерді ешқашан оқымап па едіңдер?”— деп жауап берді (Матай 21:15, 16).

Сосын Иса ғибадатханаға кіріп, оны айнала қарап шықты. Кеш болып қалғандықтан, ол елшілерімен қаладан шығып кетті. 10 нисан басталмай жатып, олар Бетанияға оралып, жексенбінің түнін сол жерде өткізді.