Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

107-ТАРАУ

Патша қонақтарын тойға шақырды

Патша қонақтарын тойға шақырды

МАТАЙ 22:1—14

  • ҮЙЛЕНУ ТОЙЫ ЖАЙЛЫ МЫСАЛ АЙТТЫ

Исаның қызмет мерзімі аяқталып қалды. Ол дін мұғалімдері мен жоғарғы діни қызметкерлерді мысалдардың көмегімен әрі қарай әшкереледі. Сол себепті олар Исаны өлтіргісі келді (Лұқа 20:19). Бірақ Иса олардан сескенбестен, тағы бір мысал айтты.

“Көк Патшалығы ұлына үйлену тойын жасамақ болған патшаға ұқсайды. Ол қонақтарды шақыруға құлдарын жібереді, бірақ тойға шақырылғандар келгілері келмейді”,— деді ол (Матай 22:2, 3). Иса мысалын “Көк Патшалығы” деген сөзден бастады. Демек, “патша” деп Ехоба Құдайды айтқаны анық. Мысалдағы патшаның ұлы мен тойға шақырылған қонақтар кімдерді білдіреді? Бұны да түсіну қиын емес: патшаның ұлы — Ехоба Құдайдың Ұлы, ал қонақтар — көктегі Патшалықта Ұлымен бірге болуға шақырылған адамдар.

Тойға алғашқы шақырылған қонақтар кімдер? Есімізге түсірейікші, Иса мен елшілер Патшалық туралы кімге уағыздады? Яһуди халқына (Матай 10:6, 7; 15:24). Бұл халықпен б. з. б. 1513 жылы Заң келісімі жасалған. Сондықтан олар “діни қызметкерлер патшалығына” кіретіндердің алғашқылары болмақ (Мұсаның 2-жазбасы 19:5—8). Олар “үйлену тойына” қашан шақырылды? Б. з. 29 жылы Иса Көк Патшалығы жайлы уағыздауды бастағанда деп тұжырымдау қисынды.

Исраилдіктер шақыруды қабыл алды ма? “Тойға шақырылғандар келгілері келмейді”,— деді Иса. Дінбасылары мен халықтың басым көпшілігі Исаны Мәсіх және Құдай тағайындаған Патша ретінде қабылдамады.

Десе де яһудилерге тағы да бір мүмкіндік берілгенін көрсетіп, Иса былай деді: “Патша тағы басқа құлдарын жіберіп, шақырылғандарға: — Міне, қонақасын әзірлеп қойдым. Бұқалар мен бордақыланған мал сойылып, бәрі дайын тұр. Тойға келе беріңдер,— деуді тапсырады. Бірақ олар шақыруды елемей, бірі егіндігіне, екіншісі саудасына кетіп қалады. Ал қалғандары құлдарды ұстап алып, қорлап, өлтіріп тастайды” (Матай 22:4—6). Бұл жайт мәсіхшілер қауымы пайда болған кезге нұсқады. Сол уақытта яһудилердің Патшалыққа кіруге әлі де мүмкіндігі болады. Алайда олар сол жолы да шақыруды қабыл алмайды, тіпті патшаның құлдарына қиянат жасайды (Елшілердің істері 4:13—18; 7:54, 58).

Осындай әрекеті үшін халықтың жазасы қандай болады? “Патша қаһарланып, әскерін жібереді де, кісі өлтірушілердің көзін құртады, қалаларын болса өртеп жібереді”,— деді Иса (Матай 22:7). Б. з. 70 жылы римдіктер яһудилердің “қаласы” — Иерусалимді қиратты. Осылай олар жазаға тартылды.

Яһудилерден кейін Патшалыққа басқа адамдар шақырыла ма? Шақырылады деуге болады. Себебі Иса мысалын жалғастырып былай деді: “Сосын құлдарына: — Үйлену тойы дайын, бірақ шақырылғандар лайықсыз болып шықты. Сондықтан қаладан шығатын жолдарға барып, кездескендердің бәрін тойға шақырыңдар,— дейді. Құлдары көшелерге шығып, жақсылы-жаманды кісілердің бәрін жинап әкеледі. Той өтетін жер дастарқан басына жантайған адамдарға толады” (Матай 22:8—10).

Айта кетерлік бір жайт, кейін елші Петір яһуди еместерге, яғни ұлты мен діні басқа адамдарға Мәсіхтің ізбасары болуға көмектесуге кіріседі. Солардың алғашқысы — Корнел есімді жүзбасы. Ол отбасымен б. з. 36 жылы Құдайдың рухына кенеліп, Иса айтқан Көк Патшалығына кіру мүмкіндігіне ие болды (Елшілердің істері 10:1, 34—48).

Тойға келгендердің бәрі бірдей “патшаға” ұнамды болмайтынына нұсқап, Иса былай деді: “Патша қонақтарды көруге келгенде, той киімін кимеген бір кісіні байқап, оған: — Достым, той киімінсіз мұнда қалай кірдің?— дейді. Ол үндемейді. Сонда патша қызметшілеріне: — Оның қол-аяғын байлап, сырттағы қара түнекке тастаңдар. Сол жерде ол зар еңіреп, қинала тістенетін болады,— дейді. Сонымен, шақырылғандар көп, ал таңдап алынғандар аз” (Матай 22:11—14).

Дінбасылары Иса айтқан сөздердің астарындағы ойды толық түсінген-түсінбегені белгісіз. Қандай болған күнде де, олар оның сөзін жақтырмады. Тіпті өздерін осыншама масқара еткен Исаның көзін құртуды одан бетер қалады.