Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

108-ТАРАУ

Иса қарсыластарының бетін қайтарды

Иса қарсыластарының бетін қайтарды

МАТАЙ 22:15—40 МАРҚА 12:13—34 ЛҰҚА 20:20—40

  • ПАТШАНІКІН ПАТШАҒА БЕРУ

  • ҚАЙТА ТІРІЛГЕНДЕР ҮЙЛЕНЕ МЕ?

  • ЕҢ БАСТЫ ЗАҢ ҚАНДАЙ?

Исаның діни қарсыластары ашулы. Әлгінде ғана Иса олардың залымдығын әшкерелейтін мысалдар айтқан. Енді, парызшылдар қулық жасамақ. Рим әміршісінің қолына тапсыру үшін, оған қарсы сөз айтқызудың амалын қарастыруда. Сөйтіп, олар Исаны сөзден ұстау үшін өз адамдарын жасырын жалдады (Лұқа 6:7).

Әлгілер: “Ұстаз, біз сіздің сөзіңіздің де, тәліміңіздің де дұрыс екенін, ешкімді алаламайтыныңызды және шынымен Құдай жолына үйрететініңізді білеміз. Айтыңызшы, патшаға алым-салық төлеу заңды ма, жоқ па?”— деп сұрады (Лұқа 20:21, 22). Олардың жағымпазданып айтқан сөзіне Иса алданып қалған жоқ, арам ойларын біліп тұр. Егер “салық төлеу заңсыз” десе, оған Римге қарсы бүлік шығардың деген айып тағылар еді. Ал “салық төлеу заңды” деп айтса, Рим бодандығынан азып-тозған халық наразы болып, өзіне қарсы шығар еді. Иса қалай жауап берер екен?

“Мені неге сынайсыңдар, екіжүзділер? Маған салыққа төлейтін тиынды көрсетіңдерші”,— деді Иса. Олар динар әкеліп бергенде, ол: “Мына сурет пен жазу кімдікі?”— деп сұрады. Олар: “Патшанікі”,— деп жауап берді. Сонда Иса: “Ендеше, патшанікін патшаға, ал Құдайдікін Құдайға беріңдер!”— деген нұсқау берді (Матай 22:18—21).

Олар Исаның тапқырлықпен әрі еш дау тудырмайтындай етіп берген жауабына қайран қалды. Айтатын сөз таппаған соң, жөндеріне кетті. Осылай парызшылдардың ойы іске аспай қалды. Сосын Исаның қасына саддукейлер деген діни ағымның жетекшілері келді. Олар да Исаны сөзден ұстамақ.

Саддукейлер қайта тірілуге сенбейтін. Сонда да, Исаға осыған қатысы бар сұрақ қойды. Олар былай деді: “Ұстаз, Мұса пайғамбар “егер біреу бала көрмей өліп кетсе, бауыры оның жесіріне үйленіп, марқұмның ұрпағын жалғастыру керек” деген ғой. Арамызда жеті ағайынды бар еді. Солардың үлкені үйленіп, артында ұрпақ қалдырмай көз жұмды. Ал оның әйеліне бауыры үйленді. Бірақ бұнысымен де, үшіншісімен де, тіпті жетеуінің бәрімен де дәл осылай болды. Соңында әйел де дүние салды. Олай болса, өлгендер қайта тірілгенде, ол қайсысының әйелі болады? Жетеуі де оған үйленген еді ғой” (Матай 22:24—28).

Иса саддукейлер мойындайтын Мұса пайғамбардың жазбаларына сүйеніп, былай жауап берді: “Сендер Жазбаларды да, Құдайдың құдіретін де білмегендіктен қателесіп тұрсыңдар, солай емес пе? Өйткені олар қайта тірілгенде, үйленбейді де, күйеуге де шықпайды. Олар көктегі періштелер іспетті болады. Ал өлгендердің қайта тірілетіні жөнінде Мұсаның кітабындағы тікенді бұта туралы әңгімеден Құдайдың оған “мен Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын” деген сөздерін оқымап па едіңдер? Ол — өлгендердің емес, тірілердің Құдайы. Сендер қатты қателесесіңдер!” (Марқа 12:24—27; Мұсаның 2-жазбасы 3:1—6). Исаның мұндай жауабын естіген жұрт қатты таңғалды.

Иса саддукейлерді де, парызшылдарды да жым қылды. Діни қарсыластар оны қайтадан сынамақ болды. Араларындағы бір дін мұғалімі Исадан: “Ұстаз, Мұса Заңындағы ең басты заң қайсысы?”— деп сұрады (Матай 22:36).

Бұған Иса былай деп жауап берді: “Ең басты заң мынау: “Тыңда, уа, Исраил, біздің Құдайымыз Ехоба — жалғыз Ехоба. Құдайың Ехобаны бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен және бар күш-қуатыңмен сүй”. Ал екіншісі мынадай: “Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй”. Бұлардан маңызды заң жоқ” (Марқа 12:29—31).

Мұндай жауапты естіген дін мұғалімі: “Ұстаз, шындығын айттыңыз. “Құдай жалғыз, әрі одан басқа шынайы Құдай жоқ”. Оны бар жүрегіңмен, бар түсінігіңмен және бар күш-қуатыңмен сүю әрі өзге адамды өзіңді сүйгендей сүю түгелдей өртелетін құрбандықтар мен басқа құрбандықтардың бәрінен де артық”,— деді. Иса дін мұғалімінің ақылмен жауап бергенін естіп: “Құдай Патшалығынан алыс емес екенсің”,— деді (Марқа 12:32—34).

Иса үш күн бойы (9, 10 және 11 нисан) ғибадатханада тәлім берді. Әлгі дін мұғалімі сияқты кейбір адамдар Исаның сөздеріне тәнті болса, дінбасылары оны жақтырмады. Бұдан кейін оған сұрақ қоюға ешкімнің де дәті бармады.