Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

110-ТАРАУ

Исаның ғибадатханадағы соңғы күні

Исаның ғибадатханадағы соңғы күні

МАТАЙ 23:25—24:2 МАРҚА 12:41—13:2 ЛҰҚА 21:1—6

  • ИСА ДІНБАСЫЛАРЫНА ТАҒЫ ДА СӨГІС АЙТТЫ

  • ҒИБАДАТХАНА ҚИРАЙДЫ

  • ЖЕСІР ӘЙЕЛ ЕКІ ТИЫН САЛДЫ

Исаның ғибадатханадағы соңғы күні. Ол дін мұғалімдері мен парызшылдарды екіжүзді деп айыптап, әрі қарай әшкерелеуде. Ол бейнелі сөзбен былай деді: “Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екіжүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Себебі ыдыс-аяқтың сыртын тазалайсыңдар, бірақ олардың іші ашкөздік пен нәпсіқорлыққа толы. Соқыр парызшыл, ыдыс-аяқтың сырты таза болу үшін, алдымен ішін тазарт” (Матай 23:25, 26). Парызшылдар діни тұрғыдан таза болуға және сырт көрініске қатысты нәрселерде өте ұқыпты болғанымен, ішкі дүниелеріне үңіліп, бейнелі жүректерін таза сақтауға келгенде, ұқыпсыз еді.

Олардың екіжүзділігі пайғамбарларға қабір жасап, оны әдемілегенінен де көрінетін. Иса айтқандай, олар — “пайғамбарларды өлтіргендердің үрім-бұтағы” (Матай 23:31). Мұнысын Исаны өлтіруге әркеттенуімен дәлелдеуде (Жохан 5:18; 7:1, 25).

Дінбасылары ісіне өкінбейтін болса, олардың ақыры қандай болатынына нұсқап: “Жыландар, улы жыланның ұрпағы! Сендер сотталып, жаһаннамға түсуден қалай құтылмақсыңдар?”— деді Иса (Матай 23:33, түсіндірмедегі “Жаһаннам” сөзін қараңыз). Қалаға жақын маңдағы Хенном аңғарында қоқыс өртелетін. Бұл залым дін мұғалімдері мен парызшылдардың біржола жойылуының әсерлі бейнесі болды.

Иса шәкірттерін “пайғамбарлар, дана адамдар мен тәлімгерлер” ретінде жібермек. Бірақ яһудилер оларды қалай қабылдайды? Иса яһудилердің дінбасыларына былай деді: “Сендер олардың [менің шәкірттерімнің] кейбірін өлтіріп, бағанаға ілесіңдер, кейбірін мәжілісханаларыңда сабап, қаладан қалаға қудалайсыңдар. Сол үшін жер бетінде төгілген күллі әділдердің қаны — әділ болған Әбілден бастап... Зәкәрияға дейінгілердің қаны — сендердің мойындарыңда болады”. Сосын оларға ескертіп: “Сендерге шындығын айтамын, мұның барлығы осы ұрпақтың мойнына жүктеледі!”— деді (Матай 23:34—36). Б. з. 70 жылы Рим әскері Иерусалимді қиратып, яһудилерді қырғынға ұшыратты. Осылай олар жауапқа тартылды.

Жантүршігерлік осы оқиғаны көз алдына елестетіп, Иса қатты қайғырды. Сосын: “Иерусалим, пайғамбарлардың көзін құртып, өзіне жіберілгендерді тас лақтырып өлтіретін Иерусалим-ай! Балапандарын қанатының астына жинайтын тауық сияқты, мен де сенің балаларыңды қанша рет жинамақшы болдым! Бірақ сендер мұны қаламадыңдар. Міне, Құдай үйлеріңді тастап кетеді”,— деп мұңайды (Матай 23:37, 38). Тыңдап тұрған жұрт әңгіме қандай “үй” жайлы деп ойлаған шығар. Бұл Құдайдың өзі қорғап тұр деп есептейтін салтанатты ғибадатханалары болуы мүмкін бе?

Иса: “Сендерге мынаны айтамын: “Ехобаның атынан келе жатқан ол жарылқанған!” демегендеріңше, мені көрмейсіңдер”,— деді (Матай 23:39). Бұл Зәбүр 118:26-дағы: “Ехобаның атынан келе жатқан жарылқансын, Біз оған Ехобаның үйінен бата береміз”,— деген пайғамбарлықтан келтірілген үзінді еді. Демек, күндердің күнінде ғибадатхана жойылып, Ехобаның атынан оған ешкім келмейтін болады.

Сосын Иса ғибадатхананың садақа ыдыстары тұрған жеріне келіп, бақылап тұрды. Ыдыстарға бай яһудилер садақаны молынан салып жатты. Бір кезде кедей жесір әйел келіп, “құны өте төмен екі тиын” салды (Марқа 12:41, 42). Оның бұл тартуына Құдайдың дән риза болғанын Иса жақсы біледі.

Иса шәкірттерін қасына шақырып алып, оларға былай деді: “Сендерге шындығын айтамын, мына кедей жесір әйел ақша салып жатқандардың бәрінен де көп салды”. Неліктен? “Барлығы өздерінен артылғанын салса, бұл әйел кедей бола тұра, бар ақшасын, күнелтетін нәрсесінің бәрін салды”,— деп түсіндірді (Марқа 12:43, 44). Бұл әйелдің көзқарасы мен іс-әрекеті дінбасыларынікінен мүлдем өзгеше еді.

Әлі де 11 нисан. Иса ғибадатханадан шығып бара жатқанда, бір шәкірті: “Ұстаз, қараңызшы, қандай керемет тастар! Қандай керемет ғимараттар!”— деді (Марқа 13:1). Шынында да, ғибадатхана қабырғасына қаланған кейбір тастар өте үлкен еді. Ірілігі сонша, мызғымастай әсер беріп тұрды. Сол себепті Исаның: “Мына зәулім ғимараттарды көріп тұрсың ба? Бұлардың бірде-бір тасы қалмай күл-талқан болып қирайды!”— деген сөзі оларға қисынсыз болып көрінгені анық (Марқа 13:2).

Бұдан соң Иса елшілерімен Қидрон аңғарынан өтіп, Зәйтүн тауына көтерілді. Кейін ол Петір, Әндір, Жақып және Жоханмен бірге қалды. Сөйтіп, олар зәулім ғибадатхананы жоғарыдан тамашалай алды.