Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

111-ТАРАУ

Елшілер белгінің қандай болатынын сұрады

Елшілер белгінің қандай болатынын сұрады

МАТАЙ 24:3—51 МАРҚА 13:3—37 ЛҰҚА 21:7—38

  • ТӨРТ ЕЛШІ БЕЛГІНІҢ ҚАНДАЙ БОЛАТЫНЫН БІЛГІСІ КЕЛДІ

  • ПАЙҒАМБАРЛЫҚ І ҒАСЫРДА ДА, КЕЙІН ДЕ ОРЫНДАЛДЫ

  • СЕРГЕК БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК

11 нисан, сейсенбінің түстен кейінгі мезгілі. Иса төрт елшісі — Петір, Әндір, Жақып және Жоханмен Зәйтүн тауында отыр. Бірнеше күннен бері Иса күндіз ғибадатханада тәлім беріп, ал кешке қала сыртына шығып, Зәйтүн тауында түнеп жүр. Таң ата барша жұрт оны тыңдау үшін ғибадатханаға келетін (Лұқа 21:37, 38). Оның жердегі соңғы күндері қарбалас өтіп, аяқталуға жақын.

Төрт елші оңашада Исаның қасына келді. Оларды әлгінде ғана бірде-бір тасы қалмай қирайтыны айтылған ғибадатхананың жайы мазалап тұр. Сонымен қатар басқа да нәрселерді ойласа керек. Өйткені бұрынырақта Иса: “Сендер де дайын болыңдар, өйткені Адам Ұлы өздерің ойламаған сағатта келеді”,— деген еді (Лұқа 12:40). Сондай-ақ ол Адам Ұлы өзін паш ететін күн жайлы айтқан болатын (Лұқа 17:30). Оның бұл сөздерінің ғибадатхана жайлы айтқандарына қандай да бір қатысы бар ма? Осыны қатты білгісі келгендіктен, елшілер: “Айтыңызшы, бұл қашан болады? Сіздің осында болуыңыз бен осы заманның аяқталып қалғанын қандай белгі білдірмек?”— деп сұрады (Матай 24:3).

Сонымен, елшілерді көз алдарында тұрған ғибадатхананың жойылуы мазалады. Сондай-ақ Адам Ұлының “осында болатын” кезі жайлы білгісі келді. Себебі “Патша болып оралу үшін, алыс елге аттанатын” ақсүйек туралы Исаның мысалы олардың естеріне түссе керек (Лұқа 19:11, 12). Бұған қоса, елшілерді “осы заманның аяқталып қалған” кезі қызықтырды.

Иса яһудилердің дәурені, яғни заманы, ғибадатханасымен қоса жойылатын кезді анықтауға көмектесетін белгіні егжей-тегжейлі түсіндірді. Ол бұдан басқа да жайттарды айтты. Белгі болашақта мәсіхшілерге Исаның “осында болатын” кезінде өмір сүріп жатқандарын және адамзаттың зұлым заманы аяқталып қалғанын білуге көмектеспек еді.

Жылдар өте келе, елшілер Исаның пайғамбарлығы орындалып жатқанына куә болды. Расында да, айтылғандардың көбісі солардың тұсында орындала бастады. Содан рухани сергек мәсіхшілер 37 жылдан кейін, б. з. 70 жылы Яһуди жүйесі ғибадатханасымен қоса жойылатын кездің келгенін байқады. Бірақ сол уақыт аралығында Иса айтқан сөздердің бәрі орындалған жоқ еді. Олай болса, Исаның Патшалық билікте отырғаны неден көріну керек? Мұны Исаның елшілеріне айтқан жауабынан білуге болады.

Исаның пайғамбарлығына сай, “соғыстар туралы” хабар естіледі және “ұлт ұлтқа, мемлекет мемлекетке қарсы аттанады” (Матай 24:6, 7). “Қатты жер сілкіністері, түрлі жерлерде ашаршылық пен індеттер болады” (Лұқа 21:11). Жұрт шәкірттерді “тұтқындайды, қудалайды” (Лұқа 21:12). Жалған пайғамбарлар шығып, көп адамды адастырады. Заңсыздық көбейіп, көпшілікте сүйіспеншілік суып кетеді. Сондай-ақ “Патшалық жайлы ізгі хабар барлық халықтар есту үшін бүкіл жер бетінде уағыздалады. Содан кейін осы заманның соңы келеді” (Матай 24:14).

Бұл пайғамбарлықтың кейбір тұстары римдіктер Иерусалимді қиратқанға дейін әрі қиратқан кезде орындалғанымен, Иса оның болашақта үлкен көлемде орындалатынына нұсқаған. Бүгінде біз Исаның осы маңызды пайғамбарлығының кең көлемде орындалып жатқанының дәлелдерін көріп жүрген жоқпыз ба?!

Исаның “осында болуының” белгісіне кіретін тағы бір жайт — “қаңыратып бос қалдыратын жеркенішті нәрсенің” көрінуі (Матай 24:15). Бұл жеркенішті нәрсе б. з. 66 жылы пұттарының бейнесі бар туды көтерген Рим әскері болып шықты. Олар Иерусалим қаласын қоршап, қалаға кіру үшін қабырғаларының астын қазды (Лұқа 21:20). Осылайша “жеркенішті нәрсе” тұрмау керек жерде, яғни яһудилер “қасиетті” деп есептейтін жерде, тұрды.

Иса әрі қарай: “Сол уақытта дүние жаратылғаннан бері осы уақытқа дейін болмаған және қайтып қайталанбайтын зор алапат болады”,— деп пайғамбарлық етті. Б. з. 70 жылы Рим Иерусалим қаласының күл-талқанын шығарды. Яһудилердің “қасиетті қаласы” мен ғибадатханасының осылай қиратылып, сан мыңдаған адамның қырғынға ұшырауы — зор алапат болды (Матай 4:5; 24:21). Яһудилер бұрын-соңды мұндай апатты көрген емес еді. Олардың ғасырлар бойы ұстанып келген ғибадат ету жүйесі күйреді. Олай болса, Исаның бұл пайғамбарлығының болашақта үлкен көлемде орындалуы бұдан да қорқынышты болатыны анық.

ЗАМАННЫҢ АҚЫРЫНДА СЕНІМДІЛІК БЕРЕТІН ЖАЙТ

Иса Патшалық билікте отырғанын және осы заманның ақырын білдіретін белгі жайлы сөзін аяқтаған жоқ. Ол енді шәкірттерін “жалған мәсіхтер мен жалған пайғамбарлардан” сақтандырды. Олар “Құдай таңдап алғандарды адастыруға” тырысады (Матай 24:24). Бірақ таңдап алынғандар оларға алданып қалмайды. Жалған мәсіхтер адамдардың арасында көзге көрініп жүрсе, Исаның “осында болғаны” көзге көрінбейді.

Осы зұлым заманның аяғында орын алатын ауыр азап кезеңіне нұсқап, Иса былай деді: “Күнді қараңғылық басады, ай да жарқырамайды, жұлдыздар аспаннан құлап, аспан күштері шайқалады” (Матай 24:29). Қорқынышты сөздерді естіген елшілер нақты қандай жайттардың орын алатынын білмесе де, оның жантүршігерлік болатынын анық түсінді.

Бұл жайттар адамзатқа қалай әсер етеді? “Аспан күштері шайқалатындықтан, адамдар жер бетінде не болар екен деп күтіп, әрі бойларын үрей билеп есеңгіреп қалады”,— деді Иса (Лұқа 21:26). Шынында да, бұл адам баласының тарихында қараңғы түнекке теңелген ең қайғылы кезең болмақ.

Бір қуантатыны, “Адам Ұлының құдіретпен және салтанатты ұлылықпен келгенін” көргендердің бәрі бірдей зар еңіремейді (Матай 24:30). Иса осының алдында ғана “таңдап алынғандар үшін” Құдайдың өзі іске араласатынын айтқан болатын (Матай 24:22). Олай болса, жантүршіктіретін жайттар орын алғанда, адал шәкірттер не істеулері керек? “Бұл жайттар орын ала бастағанда, сендер еңселеріңді түзеп, бастарыңды көтеріңдер, өйткені құтқарылуларың жақын”,— деп, Иса оларды жігерлендірді (Лұқа 21:28).

Иса айтқан осы кезеңде өмір сүретін шәкірттер зұлым заманның жойылуы жақын екенін қалай біле алады? Інжір ағашын мысалға келтіріп, Иса былай деді: “Оның жас бұтақтары жұмсарып, жапырақтары шыға бастағанда, жаздың жақындап қалғанын білесіңдер. Сол сияқты, сендер де осылардың бәрін көргенде, Адам Ұлының жақын, есік алдында, екенін біліңдер. Сендерге шындығын айтамын, осы ұрпақ өлмей тұрып-ақ, бұлардың бәрі орындалады” (Матай 24:32—34).

Демек, шәкірттер белгінің құрамына кіретін түрлі жайттардың орындалып жатқанын көргенде, заманның жойылуы жақындағанын түсінулері керек. Сол маңызды кезеңде өмір сүретін шәкірттеріне Иса бір ескерту айтты.

“Сол күн мен сағатты ешкім — көктегі періштелер де, Ұл да — білмейді, тек Әкем ғана біледі. Нұх пайғамбардың заманында жағдай қандай болған болса, Адам Ұлы осында болған кезде де сондай болады. Топан судан бұрын, Нұх кемеге кірген күнге дейін, адамдар ішіп-жеп, әйел алып, қыз ұзатып өмір кешіп жатты. Топан су басып, бәрін алып кеткенше, олар еш ойланбады. Адам Ұлы осында болған кезде де солай болады”,— деді ол (Матай 24:36—39). Теңеу ретінде келтірген тарихи оқиға — Нұх пайғамбардың тұсындағы Топан су — дүниежүзін қамтыған болатын.

Зәйтүн тауында Исаны тыңдап отырған елшілердің сергек болу қажеттігін түсінгені сөзсіз. Иса оларға былай деді: “Өздеріңе сақ болыңдар! Мешкейлік, ішімдікке салыну және күнделікті тұрмыс уайымы жүректеріңді жаулап алып, сол күн сендерге қапылыста келіп, тор сияқты болмасын. Өйткені бұл күн бүкіл жер бетінің тұрғындарының басына туады. Сондықтан алда болатын осы жайттардың бәрінен қашып құтыла алу үшін және Адам Ұлының алдында тұра алу үшін ұдайы жалбарынып, сергек болыңдар!” (Лұқа 21:34—36).

Иса тағы да пайғамбарлықтардың кең көлемде орындалатынына меңзеді. Ол бірнеше онжылдықта орындалатын және тек Иерусалим қаласына не яһуди халқына ғана қатысты жайтарды айтып тұрған жоқ. Оның пайғамбарлықтары “бүкіл жер бетінің тұрғындарының басына туатын” оқиғалар еді.

Шәкірттерге сергек, қырағы және дайын болу керек. Бұған баса назар аударып, Иса тағы бір мысал келтірді: “Мынаны біліп алыңдар: егер үй иесі ұрының түннің қай мезгілінде келетінін білсе, сергек болып, үйіне ұры түсуіне жол бермес еді. Сондықтан сендер де дайын болыңдар, өйткені Адам Ұлы өздерің ойламаған сағатта келеді” (Матай 24:43, 44).

Бұдан соң Иса шәкірттерінің еңселерін көтеретін жайтқа назар аударды. Ол пайғамбарлықтар орындалып жатқанда, сергек әрі тапсырылған істі атқарып жүретін “құлдың” болатынын айтты. Мұны көрнекі мысалмен түсіндіріп: “Қожайыны үйіндегі басқа құлдарға ас-суын уақтылы беріп тұруға тағайындаған адал да ақылды құл кім? Қожайыны келгенде, оның солай істеп жүргенін көрсе, сол құл бақытты! Сендерге шындығын айтамын, ол оны бүкіл меншігіне қараушы етіп тағайындайды”,— деді. Ал егер “құлдың” ниеті бұзылып, басқаларға қиянат жасайтын болса, қожайын “оны аяусыз жазалайды” (Матай 24:45—51; Лұқа 12:45, 46 салыстырыңыз).

Бұл сөздермен Иса кейбір ізбасарлары болашақта зұлым болып кетеді дегісі келді ме? Жоқ. Онда, ол шәкірттеріне нені ұғындырғысы келді? Иса олардың сергек әрі белсенді болып қалғандарын қалады. Бұған баса назар аудару үшін ол тағы бір астарлы мағынасы бар мысал айтып берді.