Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

112-ТАРАУ

Ақылды қыздар қырағылық танытты

Ақылды қыздар қырағылық танытты

МАТАЙ 25:1—13

  • ИСА ОН ҚЫЗ ТУРАЛЫ АСТАРЛЫ ӘҢГІМЕ АЙТТЫ

Иса әлі де өзінің осында болуы мен заманның ақыры жақындап қалғанының белгісі жайлы сұраққа жауап беруде. Содан ол елшілеріне қажетті кеңес беру үшін, астарлы әңгіме айтып берді. Оның астарындағы жайттар Исаның “осында болу” кезіне қатысты.

Иса әңгімесін бастап: “Көк Патшалығы қолдарына шам алып, күйеужігітті қарсы алуға шыққан он қызға ұқсайды. Олардың бесеуі ақылсыз, бесеуі ақылды болыпты”,— деді (Матай 25:1, 2).

Иса мұнымен көктегі Патшалықты мұра ететін шәкірттердің жартысы ақылды, ал жартысы ақылсыз болады дегісі келген жоқ. Ол Патшалыққа қатысы бар ой айтқысы келді. Атап айтқанда, маңызды жайттарды назарда ұстап, қырағылық таныту немесе маңызсыз нәрселерге алаңдап, бейқамдық таныту әрбір шәкірттің өзіне байланысты. Бірақ Иса қызметшілерінің адалдық сақтай алатынына және Әкесінің батасын алатынына күмәнданған жоқ.

Әңгімеде он қыз күйеужігітті қарсы алып, үйлену тойының шеруіне қосылу үшін шығады. Күйеужігіт келгенде, олар шамдарын жағып, жолға жарық түсірулері керек. Осылай арнайы дайындалған үйге қалыңдығын әкеле жатқан күйеужігітке құрмет көрсетер еді. Бәрі ойдағыдай болды ма?

Иса былай деді: “Ақылсыз қыздар шамдарын алғанымен, құятын артық май алмайды, ал ақылдылары шамдарымен қоса, май құйылған құтыларын да ала шығады. Күйеужігіт кешігіп жатқандықтан, барлығы қалғып, ұйқыға кетеді” (Матай 25:3—5). Күйеужігіт күткен мерзімде келе қоймайды. Біраз уақыт өтсе керек, сол аралықта қыздар қалғып, ұйықтап кетеді. Елшілер бұл жайтты естігенде, алыс елге кетіп, “ақырында, патша болып қайта оралған” ақсүйек туралы Исаның әңгімесін еске алған болар (Лұқа 19:11—15).

Иса он қыз туралы әңгімесін жалғап, күйеужігіт келгенде не болғанын түсіндірді. “Түннің дәл ортасында “Күйеужігіт келе жатыр! Оны қарсы алуға шығыңдар!” деген қатты дауыс естіледі”,— деді ол (Матай 25:6). Бұл кезде қыздардың дайындықтары мен күйлері қандай еді?

Иса былай деді: “Қыздардың бәрі орындарынан тұрып, шамдарын дайындайды. Ақылсыз қыздар ақылдыларына: — Майларыңнан біраз беріңдерші, шамдарымыз сөнейін деп жатыр,— дейді. Ақылдылары болса: — Бізге де, сендерге де жетпей қалуы мүмкін. Одан да сатушыларға барып, сатып алыңдар,— деп жауап береді” (Матай 25:7—9).

Ақылсыз бес қыз шамдарындағы май таусылған соң, май табудың қамына кірісіп кетті. Осылай олардың назары басқа нәрсеге ауып, күйеужігітті қарсы алуға дайын болмай қалды. “Олар май сатып алуға кеткенде, күйеужігіт келіп қалады. Дайын тұрған қыздар онымен бірге той болатын үйге кіреді де, арттарынан есік жабылады. Кейіннен қалған бесеуі келіп: — Мырза, мырза! Есікті аша көріңіз!— деп өтінеді. Ал күйеужігіт: — Шын айтамын, мен сендерді танымаймын!— деп жауап береді” (Матай 25:10—12). Маңызды оқиғаға бар назарын салмаған әрі дайын тұрмаған қыздар қатты опық жеді!

Елшілер әңгімедегі күйеужігіттің Исаға нұсқап тұрғанын түсінді. Өйткені ол бұрынырақта өзін күйеужігітке теңеген болатын (Лұқа 5:34, 35). Ал ақылды қыздар кімдер? Бірде Иса Патшалыққа кіретін “кішкене отар” жайлы сөзінде: “Белдерің буулы, шамдарың жағулы болсын”,— деген (Лұқа 12:32, 35). Сонымен елшілер астарлы әңгімедегі қыздардың өздері сияқты Исаның қызметшілері екенін түсінді. Алайда Иса бұл әңгімені қандай мақсатпен айтты?

Астарлы әңгімені не үшін айтқанын Исаның өзі анық етіп түсіндіріп, әңгімесінің соңында: “Сондықтан сергек болыңдар! Өйткені сендер сол күнді де, сағатты да білмейсіңдер”,— деді (Матай 25:13).

Иса адал ізбасарларына “осында болатын” кезге қатысты ескерту айтып тұрғаны анық: олар рухани сергек болулары керек. Ол қайтып келетін кезінде, ізбасарлары ақылды бес қызға ұқсап, дайын әрі қырағы болулары қажет. Сонда асыл үміттерін көзден таса қылмайды, әрі көптен күткен құнды сыйларын алады.