Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

113-ТАРАУ

Ынта-ықыластың маңыздылығы

Ынта-ықыластың маңыздылығы

МАТАЙ 25:14—30

  • ҚОЖАЙЫННЫҢ МЕНШІГІН КӨБЕЙТКЕН ҚҰЛДАР ТУРАЛЫ АСТАРЛЫ ӘҢГІМЕ АЙТТЫ

Иса төрт елшісімен әлі Зәйтүн тауында отыр. Бірнеше күн бұрын ол Иерихонда мина жайлы мысал айтып, Патшалықтың орнауына ұзақ уақыт барын көрсеткен болатын. Қазір соған ұқсас тұстары бар астарлы әңгіме айтып бермек. Бұл да Исаның “осында болуы” мен осы заманның ақыры жайлы сұраққа жауап ретінде айтылды. Сондай-ақ Иса осы әңгіме арқылы шәкірттері тапсырылған істерін ынта-ықыласпен атқару керектігіне баса назар аудармақ.

“Көк Патшалығы басқа елге сапарға шығарда құлдарын шақырып алып, өз мүлкін аманаттап тапсырған адамға ұқсайды”,— деп Иса әңгімесін бастады (Матай 25:14). Бұған дейін де ол өзін “патша болып оралу үшін” алыс елге аттанған ақсүйекке теңеген болатын. Сондықтан елшілер бұл әңгімедегі кісі Исаның өзі екенін бірден түсінді (Лұқа 19:12).

Әңгімедегі кісі басқа елге аттанбас бұрын, құнды мүлкін құлдарына аманаттап тапсырды. Иса болса үш жарым жыл бойы қызмет етіп, Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздауға және шәкірттерін осы іске баулуға көп күш салды. Енді, кеткелі жатқанда, ол шәкірттерінің бұл істі ойдағыдай атқаратынына сенімді (Матай 10:7; Лұқа 10:1, 8, 9 мен Жохан 4:38; 14:12 салыстырыңыз).

Мысалдағы кісі “меншігін” қалай бөлді? “Ол әрқайсысына қабілетіне қарай, біреуіне бес, екіншісіне екі, үшіншісіне бір талант күміс тиын беріп, сапарға аттанады”,— деді Иса (Матай 25:15). Құлдары сеніп тапсырылған талантты қалай жұмсар екен? Қожайындарының меншігін көбейту үшін, таланттарын дұрыс жұмсауда ынталы болар ма екен? Иса сөзін әрі қарай жалғады.

“Бес талант алғаны дереу барып, оны айналымға жіберіп, тағы бес талант табады. Екі талант алғаны да дәл осылай істеп, тағы екі талант табады. Ал бір ғана талант алғаны барып, қожайынының ақшасын жерге көміп тастайды” (Матай 25:16—18). Қожайын қайтып келгенде не істеді?

“Арада көп уақыт өткен соң қожайыны келіп, құлдарынан есеп беруді талап етеді” (Матай 25:19). Алғашқы екі құл “қабілеттеріне қарай” қолдарынан келгеннің бәрін істеді. Олар ынта-ықыласпен еңбек етіп, тер төкті, ақырында істері жемісті болды. Бес талант алғаны да, екі талант алғаны да ақшаны екі есе көбейтті. (Сол заманда 1 талант жұмысшының 19 жылдық еңбекақысына тең болған.) Қожайын екі құлдың әрқайсысын мақтап: “Жарайсың, жақсы да адал құл! Аз істе сенімді болғаның үшін, сені көп істің басына тағайындаймын. Қожайыныңның қуанышына ортақтас”,— деді (Матай 25:21).

Бір талант берілген құлдың әрекеті басқаша болды. “Қожайын, өзіңіз екпеген жерден орып, желпімеген жерден жинайтын қатал адам екеніңізді білетінмін. Сондықтан сізден қорықтым да, барып, талантыңызды жерге көміп тастадым. Мінеки, соныңыз”,— деді ол (Матай 25:24, 25). Қожайынына пайда түсіру үшін, ол тіпті ақшаны өсімге берген жоқ. Керісінше, қожайынының мүддесіне қайшы әрекет етті.

Сонда оны қожайын орынды түрде “зұлым да жалқау құл” деп атады. Оның қолындағы ақшаны алып қойып, істі ынтамен атқаратын құлына берді. Сосын ол: “Кімде бар болса, оған тағы да беріліп, сол адамда молынан болады. Кімде жоқ болса, тіпті өзінде бары да алынып қойылады”,— деген қағида бекітті (Матай 25:26, 29).

Осы астарлы әңгімені қоса алғанда, Исаның шәкірттерінде ой елегінен өткізетін жайттар көп еді. Олар өздеріне өте бағалы нәрсе — шәкірт дайындау мәртебесі — сеніп тапсырылғанын ұқты. Иса олардың мәртебелі осы істе ынталы болғанын қалайды. Бірақ ол шәкірттерінің бәрі уағыздау ісіне бірдей мөлшерде күш жұмсайды деп күтпейді. Астарлы әңгімедегідей, әрқайсысы “қабілеттеріне қарай” атсалысу керек. Ал егер біреуі жалқау болып, Қожайынның меншігін көбейтуде қолынан келетінді істемесе, Иса оған риза болмайтыны анық.

Исаның “кімде бар болса, оған тағы да беріледі” деген сөзі елшілерді жігерлендіріп тастаса керек.